Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Ол шаршағанға күш сыйлайды”

“Ол шаршағанға күш сыйлайды”

2018 жылдың тармағы: “Ехобаға үміт артатындар күш-қуатқа ие болады” (ИШАЯ 40:31).

ӘНДЕР: 152, 67

1. Біз қандай қиындықтарға төзіп жүрміз? Бірақ неге Ехоба адал қызметшілеріне разы? (Мақаланың басындағы суреттерді қараңыз.)

ОСЫ дүниеде өмір сүру оңай емес. Көптеген қымбатты бауырластарымыз ауыр дерттің азабын тартып жүр. Ал кейбірі егде жаста болса да, қартайған туыстарын қамқорлап жүр. Басқа бауырластар үшін отбасын асырау оңайға соқпайды. Ал көбіміз осы қиындықтардың бірін ғана емес, бірнешеуін көріп жүрміз. Бұған көп уақытымыз, күшіміз бен қаражатымыз кетеді. Десе де сіз Ехобаның көмектесетініне толық сенімдісіз. Жағдайдың оңалатынын да білесіз, өйткені Құдай соны уәде еткен. Сіздің сеніміңіз Ехобаға ұнамды екені сөзсіз!

2. Ишая 40:29-дағы сөздер бізді қалай жігерлендіреді? Қандай үлкен қателік жасап қоюымыз мүмкін?

2 Бірақ кейде қиындықтарыңызға төзу тым қиын болып көріне ме? Егер солай болса, сіз жалғыз емессіз. Құдайдың ежелдегі қызметшілерінің кейбірі дәл осындай күй кешкен (Патшалар 1-жазба 19:4; Әйүп 7:7). Оларға төзімділік танытуға не көмектесті? Ехобаның күш беретініне сенім артқандары. Киелі кітапта Құдай “шаршағанға күш сыйлайтыны” айтылған (Ишая 40:29). Өкінішке қарай, бүгінде Құдайдың кейбір қызметшілері қиындықтарға төтеп берудің ең дұрыс жолы — Ехобаға қызмет етуді шамалы уақытқа доғара тұру деп есептейді. Олар Ехобаға деген қызметті бата емес, ауыртпалық деп қарастырады. Содан Киелі кітапты оқуды, қауымға баруды және уағыздауды қояды. Шайтан болса олардан дәл осыны күтеді.

3. а) Шайтан бізді әлсіретпес үшін не істей аламыз? ә) Бұл мақалада не талқылаймыз?

3 Ібіліс біздің мықты болғанымызды қаламайды. Ехобаға деген қызметтен қолымыз босамаса, мықтырақ бола түсетінімізді ол жақсы біледі. Сондықтан тәндік және эмоциялық жағынан діңкеңіз құрып жүрсе, Ехобадан алыстап кетпеңіз. Қайта, оған жақындай түсіңіз. Киелі кітапта: “Құдайдың өзі... сендерді нығайтып, күшейтеді”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:10; Жақып 4:8). Біз бұл мақалада Ишая 40:26—31 тармақтарды қарастырып, Ехобаның бізді күшейте алатынын білеміз. Сосын Ехобаға деген қызметіміздің қарқынын бәсеңдетуі мүмкін екі жағдайды талқылаймыз, сондай-ақ Киелі кітап принциптері төзуге қалай көмектесетінін білеміз.

ЕХОБАҒА ҮМІТ АРТАТЫНДАР КҮШ-ҚУАТҚА ИЕ БОЛАДЫ

4. Ишая 40:26-дан не білеміз?

Ехоба сізге қиындықтарыңызға төзу үшін қажетті күш дарыта алады

4 Ишая 40:26 оқыңыз. Ешкім ғаламдағы барлық жұлдызды санай алмайды. Ғалымдар тек біздің галактикамыздың өзінде 400 миллиард жұлдыз бар деп есептейді. Жұлдыздар соншама көп болса да, Ехоба олардың әрбіріне ат берген. Бұдан Ехоба жайлы не білеміз? Егер ол жансыз жұлдыздардың әрқайсысына осылай жеке көңіл бөлсе, сізге ерекше көңіл бөледі емес пе?! Сіз оған еріксіз міндетті болғандықтан емес, оны жақсы көргендіктен қызмет етесіз ғой (Зәбүр 19:1, 3, 14). Көктегі Әкеміз сіз жайлы бәрін біледі. Киелі кітапта “басымыздағы шаштарымыздың саны да оған белгілі” екені айтылған (Матай 10:30). Ехоба “кінәратсыздардың өмір жолын білетінін” есте ұстағанымызды қалайды (Зәбүр 37:18). Иә, Ехоба сіздің барлық қиындығыңызды көріп тұр әрі солардың әрбіріне төзу үшін қажетті күш дарыта алады.

5. Ехобаның күш-қуат дарыта алатынына неге сенімді бола аламыз?

5 Ишая 40:28 оқыңыз. Ехоба — энергия атаулының Қайнары. Мысалға, оның Күнге берген қуат мөлшерін алайық. Дэвид Боданис есімді ғылыми жазушының айтуынша, Күннің әр секунд сайын өндіретін қуаты миллиардтаған атом бомбасының қуатына парапар екен. Басқа бір зерттеушінің есебі бойынша, Күн әр секунд сайын дүниедегі барлық адамзатқа 200 000 жылға жететін қуат шығарады екен! Әлбетте, Күнге қуат беріп отырған Ехоба бізге де қиындыққа төзуге қажетті күш-қуат бере алады.

6. Қай мағынада Исаның мойынтұрығы ыңғайлы және бұны білгеніңіз сізге қалай әсер етеді?

6 Ишая 40:29 оқыңыз. Ехобаға қызмет ету зор қуаныш сыйлайды. Иса шәкірттеріне: “Мойынтұрығымды алыңдар”,— деген. Артынан былай деп қосты: “Сонда жандарың сергиді. Себебі мойынтұрығым ыңғайлы, жүгім жеңіл” (Матай 11:28—30). Бұл шынында да солай! Кейде шаршағанымыз сонша, қауымға не уағызға үйден өзімізді сүйреп шығаратын шығармыз. Бірақ қайтып келе жатқанда қандай сезімде боламыз? Жанымыз сергіп, қиындығымызбен күресуге қажетті күш аламыз. Расында да, Исаның мойынтұрығы жанға жайлы.

7. Матай 11:28—30-дағы сөздердің растығын көрсететін оқиғаны келтіріңіз.

7 Бір әйел бауырласымыздың жағдайын қарастырайықшы. Ол созылмалы шаршау синдромы мен депрессияға шалдыққан, қала берсе, басы қатты ауырады. Сондықтан кейде ол үшін қауымға бару қиынның қиыны. Алайда бір күні бар күшін салып қауымға барғаннан кейін, ол былай деп жазды: “Сол күні қауымда айтылған баяндама жабырқау жайлы болды. Баяндамашы мәліметін жанашырлықпен жеткізгені сонша, көзіме еріксіз жас келді. Содан қауым кездесулеріне барудың маған қаншалықты қажет екенін түсіндім”. Қауымға баруға бар күшін салғанына ол қатты қуанды!

8, 9. Елші Пауылдың “әлсіз кезімде күштімін” деген сөздері нені білдіреді?

8 Ишая 40:30 оқыңыз. Біздің қолымыздан көп іс келетін шығар, бірақ күшіміз шектеулі. Мұны бәріміз де мойындауымыз қажет. Елші Пауыл көп іс атқаруға қабілетті болған, бірақ істегісі келгенінің бәрін істей алмаған. Содан Ехобаға осы ішкі сезімін білдіргенде, Ехоба оған былай деді: “Әлсіз кезіңде менің құдіретіме толық ие боласың”. Пауыл Ехобаның сөздерінің мәнін түсінді. Сол себепті ол: “Әлсіз кезімде күштімін”,— деді (Қорынттықтарға 2-хат 12:7—10). Мұнымен Пауыл не айтқысы келді?

9 Пауыл шамасы жететін нәрселердің шектеулі екенін түсінген. Сондықтан аса күшті біреудің көмегіне мұқтаж болды. Құдайдың киелі рухы Пауылға әлсіреп қалған кезде күш бере алды. Бұған қоса, киелі рухтың арқасында Пауыл тіпті өз күшімен атқара алмайтын істерді де атқара алды. Бізбен де солай бола алады. Ехоба киелі рухын берген кезде біз шынында да күшті боламыз!

10. Ехоба Дәуітке қиындыққа төзуге қалай көмектескен?

10 Зәбүр жыршысы Дәуіт Құдайдың киелі рухының күшін талай рет сезінген. Ол былай деп жырлаған: “Сенің көмегіңмен бір топ қарақшыға да қарсы тұрамын, Құдайымның күшімен дуалға да шығамын” (Зәбүр 18:29). Биік дуалға өрмелеп шығу мүмкін емес сияқты, кейде қиындықтарымыздың үлкен болатыны сонша, оларды өз күшімізбен шеше алмаймыз. Мұндай кезде Ехобаның көмегі қажет.

11. Киелі рух қиындықтарға төзуге қалай көмектеседі?

11 Ишая 40:31 оқыңыз. Қыран ауада қалықтағанда, өз күшін ғана қолданбайды. Қыранды жылы ауа ағынының күші аспанда ұстап тұрады. Осының арқасында олар ұзақ қашықтыққа ұшып бара алады әрі күш-қуатын үнемдейді. Сондықтан мазаңызды алатын қиындыққа кезіккенде, қырандар жайлы ойланып көріңіз. Ехобадан “көмекші” киелі рух арқылы көбірек күш беруін жалынып сұраңыз (Жохан 14:26). Біз киелі рухты Ехобадан кез келген уақытта, тәулігіне 24 сағат бойы, сұрай аламыз. Ехобаның көмегін қауымдағы бір бауырласпен келіспеушілік туындағанда аса қажет етуіміз мүмкін. Ал келіспеушіліктер не себепті туындайды?

12, 13. а) Неге кей кезде мәсіхшілердің арасында келіспеушіліктер туындайды? ә) Жүсіптің өмірінен Ехоба жайлы не білеміз?

12 Келіспеушіліктердің туындайтын себебі — бәріміз де кемелсізбіз. Кейде біреудің айтқан сөзі не істеген ісі қитығымызға тиюі мүмкін, я болмаса өзіміз де біреудің қитығына тиетін шығармыз. Бұл қиын сынақ болуы мүмкін. Бірақ соның арқасында Ехобаға адал екенімізді көрсете аламыз. Қалайша? Бауырластарымызбен бірлікте қызметтесуді үйрену арқылы. Ехоба оларды кемелсіздіктеріне қарамастан жақсы көреді, сондықтан біз де оларды жақсы көруге тиіспіз.

Ехоба Жүсіпті тастаған емес, сізді де еш тастамайды (13-абзацты қараңыз)

13 Ехоба өз қызметшілерінің сыналуына тосқауыл қоймайды. Бұған Жүсіптің өмірі дәлел. Ержеткен кезінде бауырлары оған іштарлық танытты. Олар оны құлдыққа сатып жіберді, содан Жүсіп Мысырға әкетілді (Мұсаның 1-жазбасы 37:28). Ехоба болып жатқан жағдайдың бәрін, өзінің досы әрі адал қызметшісі Жүсіпке адамдардың қаншалықты жаман қарағанын көріп тұрды. Әйтсе де ол бұған бөгет болған жоқ. Кейінірек Жүсіп Потифардың әйелін зорламақшы болды деген айыппен түрмеге тасталған кезде де, Ехоба Жүсіпті құтқарған жоқ. Бірақ Құдайдың Жүсіпті тастап кеткен кезі болды ма? Жоқ. Киелі кітапта: “Ехоба оған жар болды және Ехоба оның барлық ісін оңғарып отырды”,— делінген (Мұсаның 1-жазбасы 39:21—23).

14. Ашуланбаудың қандай пайдасы бар?

14 Дәуіттің де мысалын қарастырайық. Көп адам Дәуіт көрген қорлықты ешқашан көрмеген. Әйтсе де Құдайдың осы досы ашу-ызаның өзегін өртеуіне жол бермеді. Ол былай деп жазды: “Ашуланба, қаһарланба да, Зұлымдыққа бармас үшін, ызаға бой алдырма” (Зәбүр 37:8). Ашуланбаудың ең маңызды себебі — біз Ехобаға еліктегіміз келеді. Ол “бізді күнәларымызға қарап жазаламайды”, керісінше, кешіреді (Зәбүр 103:10). Ашуға берілмеудің басқа да пайдасы бар. Мысалы, ашудың кесірінен адамның қан қысымы көтерілуі не тыныс алуы қиындауы мүмкін. Бауыр мен ұйқы безінің күйі нашарлап, ас қорыту қиындықтары туындап жатады. Бұған қоса, ашуланып тұрғанда дұрыстап ойлана алмаймыз. Біреуді сөзімізбен я ісімізбен жаралап қоюымыз ғажап емес, ал бұның кесірінен өзіміз ұзақ уақыт бойы түңіліп жүруіміз мүмкін. Сондықтан сабырлық сақтағанымыз анағұрлым жақсы. Киелі кітапта: “Жүректегі тыныштық тәнге шипа болар”,— делінген (Нақыл сөздер 14:30). Ендеше, өзгелер біздің сезімімізді жараласа не істей аламыз және ренжіткен бауырласымызбен қалай татулық сақтауға болады? Мұндайда Киелі кітаптағы дана кеңесті қолданған жөн.

БАУЫРЛАСЫМЫЗ КӨҢІЛІМІЗДІ ҚАЛДЫРСА

15, 16. Әлдекім бізді ренжітіп қойса, не істеуіміз қажет?

15 Ефестіктерге 4:26 оқыңыз. Егер Ехобаға қызмет етпейтін адамдар көңілімізге тиетін әрекеттер жасаса, біз бұған таңғалмаймыз. Бірақ мәсіхші бауырласымыз я отбасымыздағы біреу ренжітетін сөз айтса не іс жасаса, қатты көңіліміз түсетін шығар. Осындай кезде болған жайтты еш ұмыта алмасақ ше? Сол ашу-ызадан арылмай, тіпті жылдар бойы сақтап жүреміз бе? Жоқ әлде мәселені тез арада шешуге шақыратын Киелі кітаптағы дана кеңеске құлақ асамыз ба? Ол адаммен сөйлесуді кейінге қалдыра берер болсақ, татуласу да қиындай береді.

16 Егер бауырласыңызға деген ренішіңізді еш ұмыта алмай, ол жайлы қайта-қайта ойлана берсеңіз ше? Татулық сақтау үшін не істей аласыз? Біріншіден, Ехобаға дұға ете аласыз. Бауырласыңызбен тіл табысып сөйлесу үшін, Құдайдан көмек сұрап жалбарыныңыз. Ол да Ехобаның досы екенін есте ұстаңыз (Зәбүр 25:14). Құдай оны жақсы көреді. Ехоба өз достарына мейірімділікпен қарайды, әрі осыны бізден де күтеді (Нақыл сөздер 15:23; Матай 7:12; Қолостықтарға 4:6). Екіншіден, бауырласыңызға не дейтініңізді жақсылап ойланып алыңыз. Ол әдейі көңіліңізге тигісі келді деп пайымдамаңыз. Бәлкім, ол қателескен болар, я болмаса сіз жағдайды бұрыс түсініп қалған боларсыз. Туындаған мәселеде сіздің де кінәңіз болуы мүмкін екенін мойындауға дайын болыңыз. Әңгімені шамамен былай деп бастасаңыз болады: “Бәлкім, мен тым сезімтал шығармын, бірақ кеше айтқан сөздерің маған...” Бұл әңгімеден ештеңе шықпаса да, татулық сақтауға ұмтыла беріңіз. Бауырласыңыз үшін дұға айтыңыз. Ехоба оған батасын берсін деп сұраңыз, оның жақсы қасиеттеріне баса көңіл бөлуге көмек сұраңыз. Құдайдың досы болып табылатын бауырласыңызбен татуласуға шын жүректен тырысып жатқаныңыз Ехобаға ұнайтынына сенімді болыңыз.

ӨТКЕНГЕ ДЕГЕН ӨКІНІШТЕН АРЫЛА АЛМАҒАНДА

17. Күнә жасағанда Ехоба бізге өзімен қарым-қатынасты түзетуге қалай көмектеседі және не себепті бұл көмекті қабылдауымыз керек?

17 Кейбір бауырластар ауыр күнә жасап қойғандықтан, өздерін Ехобаға қызмет етуге лайықсыз сезінеді. Кінәнің зілі жантыныштығынан, қуаныштан және күш-қуатымыздан айыруы мүмкін. Еңсесін кінәнің жүгі басқан Дәуіт патша былай деген: “Күнәмді айтпай үнсіз жүргенімде, күні бойы ыңқылдап, әбден діңкеледім. Себебі күні-түні сенің қолың зілдей боп үстімде жатты”. Қуанышқа орай, Ехобаның өз қызметшілеріне қойған талабына сай әрекет етуге Дәуіттің батылы жетті. “Ақырында мен күнәмді ашық мойындадым,— деп жазды ол.— Сонда сен қателігімді де, күнәларымды да кешірдің” (Зәбүр 32:3—5). Егер ауыр күнә жасап қойсаңыз, Ехоба сізді кешіруге дайын. Ол сізге өзімен қарым-қатынасыңызды түзетуге көмектескісі келеді. Бірақ бұл үшін оның ақсақалдар арқылы беретін көмегін қабыл алуыңыз қажет (Нақыл сөздер 24:16; Жақып 5:13—15). Сондықтан кешеуілдетпеңіз! Сіздің мәңгілік өміріңіз осыған байланысты. Бірақ күнәңіз кешірілгеннен кейін де өзіңізді кінәлі сезіне берсеңіз ше? Мұндайда не істеу керек?

18. Өзін Ехобаға қызмет етуге лайықсыз сезінетін адамға Пауылдың мысалы қалай көмектеседі?

18 Елші Пауыл бұрында жасаған күнәлары жайлы ойлап ұнжырғасы түскен. Ол былай деген: “Мен елшілердің ең кішісімін, елші деп аталуға да тұрмаймын, себебі Құдай қауымын қудаладым”. Бірақ артынан былай деп қосты: “Құдайдың рақымымен осындай дәрежеге ие болдым” (Қорынттықтарға 1-хат 15:9, 10). Ехоба Пауылдың кемелсіз екенін білген. Бірақ ол оны бұрынғы қателіктеріне қарамастан қабыл алды әрі осыған Пауылдың сенімді болғанын қалады. Егер жасаған күнәңізға шын өкініп, Ехобаға және қажет болса ақсақалдарға айтсаңыз, Ехоба сізді міндетті түрде кешіреді. Ехобаның кешіргеніне сеніңіз және соны мойындаңыз! (Ишая 55:6, 7).

19. 2018 жылдың тармағы қандай және ол неге қажетті тармақ?

19 Осы дүниенің соңына жақындаған сайын, қиындықтарымыз көбейе түседі. Бірақ “шаршағанға күш сыйлайтын, әлсірегенге мол қуат дарытатын” Ехоба Құдайдың сізге адалдықпен қызмет ете беру үшін керектінің бәрімен қамтамасыз ететінін ұмытпаңыз (Ишая 40:29; Зәбүр 55:22; 68:19). Патшалық сарайына кездесуге келіп, 2018 жылдың тармағын көрген сайын, біз осы маңызды шындықты жыл бойы есте тұтатын боламыз: “Ехобаға үміт артатындар күш-қуатқа ие болады” (Ишая 40:31).