Адамдарды ажырата біліңіз
“Әділ мен зұлымның... арасындағы айырмашылықты көресіңдер” (МАЛАХИ 3:18).
ӘНДЕР: 61, 53
1, 2. Бүгінде Құдай қызметшілерінің өмірін не қиындатуы мүмкін? (Мақаланың басындағы суреттерді қараңыз.)
КӨП медицина қызметкері жұқпалы ауруға шалдыққан адамдардың арасында жұмыс істейді. Науқастарына көмектескісі келгендіктен оларға күтім жасайды. Алайда олар ауруды емдеймін деп жүріп, өздеріне жұқтырып алмас үшін қорғанулары қажет. Құдайдың қызметшілері ретінде біз де осыған ұқсас жағдайдамыз. Көбіміз Құдайдікінен мүлдем өзгеше көзқарасты және қасиеттерді жұқтырған адамдармен бірге тұрамыз не жұмыс істейміз. Бұл біз үшін қиын болуы мүмкін.
2 Осы соңғы күндері Құдайды сүймейтін адамдар оның жақсы мен жаманға қатысты нормаларын еш елемейді. Елші Пауыл Тімөтеге жазған хатында мұндай адамдардың бойындағы жағымсыз қасиеттерді атап өткен. Пауыл соңғы күндердің ақыры таяған сайын, жағымсыз мінез-құлықтың жайлаған үстіне жайлай түсетінін де жазған (Тімөтеге 2-хат 3:1—5, 13 оқыңыз). Осындай жаман қылықтарды естіп-көргенде төбе шашымыз тік тұратын шығар, десе де айналамыздағы адамдардың ой қалпын, сөздері мен әрекеттерін жұқтырып алуымыз ғажап емес (Нақыл сөздер 13:20). Осы мақалада бұл жаман қасиеттер мен Құдайдың қызметшілері танытатын қасиеттердің айырмашылығын көреміз. Сондай-ақ адамдарға Ехоба жайлы білуге көмектесе жүріп жаман қасиеттерді жұқтырып алмас үшін, қалай қорғануға болатынын білеміз.
3. Тімөтеге 2-хат 3:2—5 тармақтарда қандай адамдар сипатталған?
3 Пауыл соңғы күндері “ерекше қиын уақыт болатынын” айтқан. Артынан біздің күндерімізде белең алатын 19 жағымсыз қасиеттің тізімін келтірген. Бұл қасиеттер Пауыл Римдіктерге 1:29—31 атап өткен қасиеттерге ұқсайды. Бірақ Тімөтеге жазған хаттағы тізімде қолданылған кейбір сөздер Мәсіхшілердің грек жазбаларының басқа еш жерінде кездеспейді. Пауыл тізімді “адамдар” деген сөзбен бастап, олардың жағымсыз қасиеттерді танытатынын айтқан. Алайда Пауыл жазған жағымсыз қасиеттерді адамдардың барлығы бірдей танытпайды. Мәсіхшілердің танытатын қасиеттері мүлдем өзгеше (Малахи 3:18 оқыңыз).
ӨЗІМІЗГЕ ҚАТЫСТЫ ҚАНДАЙ КӨЗҚАРАСТАМЫЗ?
4. Өркөкірек адамды қалай сипаттар едіңіз?
4 Пауыл көп адамның тек қара басын ойлайтынын және ақшақұмар болатынын айтқаннан кейін, адамдардың мақтаншақ, тәкаппар әрі өркөкірек болатынын да айтты. Осындай мінез-құлық танытатындар сырт келбетіне, қабілетіне, дүние-мүлкіне және қоғамдағы беделіне бола өздерін басқалардан жоғары санайды. Олар бәрінен бұрын басқалардың өзіне таңдай қағып, тамсана қарағанын қалайды. Бір зерттеуші көкірек адам жүрегінде Құдайға емес, өзіне табынатынын жазған. Кейбір адамдардың айтуынша, көкіректіктің жеркеніштілігі сонша, тіпті тәкаппар адамның өзі осы қасиетті басқалардың бойында көргенде, мұны жақтырмайды.
5. Ехобаның кейбір адал қызметшілерінің өзі қалай тәкаппарланып кетті?
5 Ехоба көкіректікті не Киелі кітапта жазылғандай “менмен көзді”, жек көреді (Нақыл сөздер 6:16, 17). Шын мәнісінде, көкіректік адамды Құдайдан алшақтатады (Зәбүр 10:4). Ол — Ібіліске тән қасиет (Тімөтеге 1-хат 3:6). Өкінішке қарай, Ехобаның кейбір адал қызметшілерінің өзі менмендікті жұқтырып алған. Мысалға, Яһуданың патшасы Ұзияхты алайық. Ол жылдар бойы адалдық сақтап келген. Бірақ Киелі кітапта: “Әбден күшейіп алған соң, Ұзиях өз сорына тәкаппарланып кетті. Ол Құдайы Ехобаға қарсы опасыздық жасады”,— делінген. Ұзиях ғибадатханаға кіріп, хош иісті затты түтетіп, құқығы жоқ нәрсені істеді. Кейінірек адал Езекия патшаның да тәкаппарланып кеткен кезі болған (Шежірелер 2-жазба 26:16; 32:25, 26).
6. Дәуіт не себепті көкіректеніп кетуі мүмкін еді? Бірақ неге ол кішіпейіл болып қалған?
6 Кейбір адамдар сымбатты, танымал, музыкаға қабілеті бар, қара күшке не өзгелердің сый-құрметіне ие болғандықтан көкіректеніп кеткен. Мұның бәрі Дәуітте болған, десе де ол бар ғұмырында кішіпейіл болып қалған. Мысалы, Ғолиятты өлтіргеннен кейін, Саул патша оған қызын әйелдікке бермекші болады. Бірақ Дәуіт бұған: “Патшаның күйеубаласы болатындай мен кіммін, Исраилде туыстарым мен әкемнің үй іші кім?!”— деп жауап берді (Самуилдің 1-жазбасы 18:18). Дәуітке кішіпейіл болып қалуға не көмектесті? Ол өзінде бар қасиет, қабілет пен артықшылықтың бәріне Құдай кішіпейілділік танытып, оған назар аударғандықтан ие болғанын білген (Зәбүр 113:5—8). Ол өзіндегі бар жақсының Ехобадан келгенін түсінді (Қорынттықтарға 1-хат 4:7 салыстырыңыз).
Құдайдың қызметшілерінің кішіпейілділігі арқылы адамдар оған жақындауы мүмкін
7. Кішіпейіл болуымызға не көмектеседі?
7 Дәуітке ұқсап, бүгінде Құдайдың қызметшілері кішіпейіл болуға тырысады. Құдай Тағала болып табылатын Ехобаның өзі кішіпейіл екенін білгеніміз жанымызды тебірентеді (Зәбүр 18:35). Біз мына сөздерді өмірде қолданғымыз келеді: “Жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерге бөленіңдер” (Қолостықтарға 3:12). Сондай-ақ сүйіспеншілік “мақтанбайтынын, менменсінбейтінін” де білеміз (Қорынттықтарға 1-хат 13:4). Айналамыздағы адамдар кішіпейіл екенімізді көргенде, олар да Ехобаны танып-білгісі келуі мүмкін. Сенбейтін күйеуі мәсіхші әйелінің жақсы жүріс-тұрысы арқылы Құдайға жақындауы мүмкін екеніндей, адамдар да Құдайдың қызметшілерінің кішіпейілділігі арқылы оған жақындауы мүмкін (Петірдің 1-хаты 3:1).
БАСҚАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТЕМІЗ?
8. а) Бүгінде кейбір адамдар балалардың ата-анасына мойынсұнбауына қалай қарайды? ә) Киелі кітапта балалардың не істеу керектігі айтылған?
8 Пауыл соңғы күндері адамдардың бір-біріне қалай қарайтынын айтып өткен. Ол балалардың “ата-анасына мойынсұнбайтынын” жазған. Бүгінде көп кітаптар, фильмдер мен бағдарламаларда мұндай қылықты кәдімгі нәрсе және еш оғаштығы жоқ етіп көрсетеді. Бірақ шындығына келгенде, балалардың ата-анасына мойынсұнбауы отбасы шаңырағын шайқалтады, ал отбасы — қоғамның негізі болып табылады. Адамдар бұл шындықты бұрыннан біледі. Мысалы, ежелгі Грекияда ата-анасына қол көтерген адам азаматтық құқықтарынан айырылатын. Ал Рим заңы бойынша, әкесіне қол көтерген бала кісі өлтіруші ретінде жазалануы мүмкін болған. Еврей жазбаларында да, Грек жазбаларында да балаларға ата-анасына құрмет көрсету бұйырылған (Мұсаның 2-жазбасы 20:12; Ефестіктерге 6:1—3).
9. Балаларға ата-анасына мойынсұнуға не көмектеседі?
9 Айналасындағылар тілазарлық танытса да, балаларға ата-анасының тілін алуға не көмектеседі? Балалар ата-анасының өздері үшін жасаған бар жақсылығы жайлы ойласа, оларға деген ризашылықтары артып, мойынсұнуға ықыласты болады. Бұған қоса, жастар мынаны түсіну керек: барлығымыздың Әкеміз Құдай олардан ата-анасына мойынсұнады деп күтеді. Олар ата-анасының жақсы жақтары туралы айтып жүретін болса, достарын да өз ата-аналарын сыйлай түсуге талпындырады. Әрине, ата-анасы “бауырмалдықтан жұрдай” болса, оларға мойынсұну балалар үшін әлдеқайда қиын болуы мүмкін. Ал егер ата-анасы балаларын қатты жақсы көретінін көрсетсе, балалары қиын болса да олардың тілін алуға
тырысатын болады. Остин есімді бір жас бауырлас былай дейді: “Теріс қылық жасауға бейім болсам да, ата-анам ақылға қонымды ережелер орнататын әрі оларды не себепті орнатқанын түсіндіріп отыратын. Олар ашық сөйлесуге әрдайым дайын еді. Бұл оларға мойынсұнуыма көмектесті. Ата-анам қамымды ойлайтынын түсінгендіктен, олардың көңілінен шыққым келетін болды”.10, 11. а) Қандай жаман қасиеттер адамдардың бір-бірін жақсы көрмейтінін көрсетеді? ә) Шынайы мәсіхшілер өзге адамдарды қаншалықты жақсы көреді?
10 Пауыл адамдардың бір-бірін жақсы көрмейтінін көрсететін басқа да қасиеттерді атап өткен. Ол адамдардың “ата-анасына мойынсұнбайтынын” атап өткен соң, олардың алғысты білмейтінін айтты. Бұлардың бірінен кейін бірі аталғаны қисынды, себебі алғысты білмейтіндер өзгелердің жасаған жақсылығын бағаламайды. Бұған қоса, Пауыл жұрттың опасыз болатынын да айтты. Олар ымыраға келмейтін, яғни өзгелермен татуласқысы келмейтін болады. Адамдар балағатшыл әрі сатқын болып, өзге адамдарға, тіпті Құдайға тіл тигізіп, қорлық сөздер айтатын болады. Сондай-ақ олар жалақор болады *. Мұндайлар өзгелердің беделін түсіру үшін зиянды өтірікті таратады.
11 Ехобаның қызметшілері осы дүниедегі адамдардың басым бөлігінен ерекшеленеді, өйткені олар басқаларға шынайы сүйіспеншілік танытады. Бұл үнемі солай болған. Иса айтып кеткендей, Мұса Заңында өзге адамды сүю заңынан маңыздырақ болған Құдайды сүй деген заң ғана еді (Матай 22:38, 39). Бұған қоса, Иса шынайы мәсіхшілердің өзара сүйіспеншіліктерімен танымал болатынын айтқан (Жохан 13:34, 35 оқыңыз). Шынайы мәсіхшілер тіпті жауларын да жақсы көреді (Матай 5:43, 44).
12. Иса өзгелерге деген сүйіспеншілігін қалай көрсетті?
12 Иса адамдарды шын жақсы көретінін көрсетті. Ол қаладан-қалаға сапар шегіп, адамдарға Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды айтты. Соқырларды, ақсақтарды, алапестер мен саңырауларды айықтырды. Өлгендерді де қайта тірілтті (Лұқа 7:22). Оны жек көрген адамдар көп болса да, ол адамзатты құтқару үшін тіпті жанын құрбан етті. Иса Әкесінің сүйіспеншілігіне кемелді түрде еліктеді. Дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлері Исаны үлгі тұтып, өзгелерге сүйіспеншілік танытады.
13. Өзгелерге сүйіспеншілік танытқанымыз қалай оларды Ехобаны танып-білуге талпындыруы мүмкін?
13 Адамдар біздің оларды сүйетінімізді көргенде, көктегі Әкеміз жайлы білгісі келуі мүмкін. Мысалы, Таиландта тұратын бір ер кісі аймақтық конгреске барғанда, бауырластардың өзара сүйіспеншілігін көріп, қатты таңғалады. Үйіне барған соң, Ехоба куәгерлерінен өзімен аптасына екі рет Киелі кітапты зерттеу сабағын өткізуді сұрайды. Сосын ол бүкіл туған-туыстарына уағыздайды. Небәрі жарты жыл өткенде, бұл кісі Патшалық сарайында алғаш рет Киелі кітапты оқу тапсырмасымен шығады. Біз ше, өзгелерге сүйіспеншілік танытамыз ба? Мына сұрақтар жайлы ойланайық: “Отбасы мүшелеріне, қауымдағыларға, қызметтегі адамдарға
қол ұшын беру үшін барымды саламын ба? Өзгелерге Ехоба сияқты қарауға тырысамын ба?”ҚАСҚЫРЛАР МЕН ҚОЗЫЛАР
14, 15. Көп адамның бойында қандай жағымсыз қасиеттер бар? Кейбіреулер болмысын қалай өзгерткен?
14 Соңғы күндері адамдар басқа да жаман мінез-құлық танытады. Біз бұдан аулақ болуымыз керек. Мысалы, көп адам жақсылықты жек көреді. Олардың жақсы нәрсені суқаны сүймейді, тіпті оған қарсы шығады. Мұндай адамдар ұстамсыз да бұзақы. Кейбірі қиқар. Олар ойланбай әрекет етеді, істері өзгелерге қалай ықпал ететінін де еш ойламайды.
15 Кезінде өздерін жабайы аңдар іспетті ұстаған көп адам болмысын өзгерткен. Мұндай күрт өзгерістің болатыны Киелі кітапта пайғамбарлық етілген (Ишая 11:6, 7 оқыңыз). Бұл жазба орнында қасқыр мен арыстан іспетті жабайы аңдардың қозы мен бұзау сияқты үй жануарларымен тату-тәтті тұратыны айтылған. Бұның себебі неде? Аталмыш пайғамбарлықта әрі қарай: “Жер беті Ехоба туралы білімге толады”,— делінген (Ишая 11:9). Аңдар Ехоба жайлы білім ала алмайтындықтан, бейнелі мағынада бұл пайғамбарлық адамдардың болмысындағы өзгерістерге нұсқап тұр.
16. Киелі кітап адамдарға болмыстарын өзгертуге қалай көмектеседі?
Өзгерістер жасау оңай емес, бірақ Құдайдың рухы оған ұнамды болғысы келетіндерге көмектеседі
16 Бауырластарымыздың көпшілігі кезінде қасқыр сияқты бұзақы болған. Бірақ қазір олар жуас. Кейбірінің оқиғаларын jw.org сайтындағы “Киелі кітап адамның өмірін өзгертеді” санатынан оқи аласыз. Ехобаны танып, оған қызмет ететіндер құдайшыл болып көрінгенмен, бұны істерімен көрсетпейтін адамдар секілді емес. Мұндай адамдар Құдайға ғибадат ететіндей сыңай танытқанмен, істері мұны жоққа шығарады. Ал Ехобаның халқының арасында бұрын бұзақы болған көп адам “Құдайдың еркіне сай жаратылған әрі шынайы әділдік пен адалдыққа сай келетін жаңа болмысқа ие болған” (Ефестіктерге 4:23, 24). Адамдар Құдай жайлы білгенде, оның талаптарына сай өмір сүру керектігін түсінеді. Бұл олардың нанымдарын, ой қалпын және істерін өзгертуіне түрткі болады. Аталмыш өзгерістерді жасау оңай емес, бірақ Құдайдың рухы оған ұнамды болғысы келетіндерге көмектеседі.
“МҰНДАЙЛАРДАН АУЛАҚ ЖҮР”
17. Жаман қасиеттер танытатын адамдардың ықпалынан қалай аулақ бола аламыз?
17 Құдайға қызмет ететіндер мен қызмет етпейтіндердің арасындағы айырмашылық күннен-күнге айқын көрінуде. Құдайға қызмет етпейтіндердің жаман қасиеттері бізге жұғып кетпеуін мұқият қадағалауымыз қажет. Тімөтеге 2-хат 3:2—5 тармақтарда сипатталған адамдардан аулақ жүруге қатысты Ехобаның басшылығына құлақ асқанымыз жөн. Әрине, жаман қасиеті бар адамдардың бәрінен бірдей аулақ жүре алмаймыз. Олармен жұмыс істеуге, бір мектепте оқуға не бірге тұруға тура келетін шығар. Бірақ бұл олар сияқты ойланып не әрекет етуіміз керектігін білдірмейді. Бұл орайда бізге не көмектеседі? Киелі кітапты оқып-зерттеу және Ехобаны сүйетін адамдарды жақын достар ету арқылы Ехобамен достығымызды нығайтсақ болады.
18. Қалай біздің сөзіміз бен ісіміз өзгелердің Ехобаны танып-білуге деген ықыласын оятуы мүмкін?
18 Бұған қоса, басқа адамдарға Ехобаны танып-білуге көмектесуіміз керек. Куәлік берудің мүмкіндіктерін іздестіріп жүріңіз әрі дер кезінде керек сөзді айтуға Ехобадан көмек сұраңыз. Сондай-ақ өзгелерге Ехоба куәгері екенімізді айтқанымыз жөн. Сонда үлгілі жүріс-тұрысымыз өзімізге емес, Құдайға мадақ әкеледі. Ехоба “бізді оған ұнамсыз жүріс-тұрыстан және осы дүниелік құмарлықтардан бас тартуға, сондай-ақ осы заманда есті, әділ әрі оған шын беріліп өмір сүруге үйретеді” (Титке 2:11—14). Ехобаға еліктесек және оған ұнамды әрекет етсек, бұл өзгелердің назарынан тыс қалмайды. Кейбірі тіпті: “Біз сенімен барамыз, өйткені Құдай сенің халқыңмен бірге екенін естідік”,— деуі мүмкін (Зәкәрия 8:23).
^ 10-абзац Гректің “диаболос” деген сөзі “жалақор” не “жала жабушы” дегенді білдіреді. Киелі кітапта бұл сөз Құдайға жала жапқан зұлым Шайтанның лауазымы ретінде қолданылады.