Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

4-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Біз Еске алу кешіне не үшін барамыз?

Біз Еске алу кешіне не үшін барамыз?

“Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар” (ЛҰҚА 22:19).

20-ӘН Сен Ұлыңды қидың

АҢДАТПА *

1, 2. а) Қайтыс болған жақындарымызды әсіресе қай кезде еске аламыз? ә) Өлер алдындағы түні Иса қандай кешті енгізді?

 ЖАҚЫН адамымыздың дүниеден озып кеткеніне қанша жыл болмасын, олар біздің жүрегімізден өшпейді. Ол адамның қайтыс болған күні айналып келген сайын, онымен өткізген жылы сәттерді еске аламыз.

2 Жыл сайын дүние жүзі бойынша миллиондаған адам өздері үшін өте қымбат бір жанды еске алады. Ол — бізді күнә мен өлімнен азат ету үшін өмірін қиған Иса Мәсіх (Пет. 1-х. 1:8; Мат. 20:28). Исаның өзі де оның өлімін еске алғанымызды қалаған. Өлер алдындағы түні ол елшілерімен бірге ерекше бір кеш өткізіп: “Мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар”,— деп бұйырған (Лұқа 22:19).

3. Бұл мақала не жайында?

3 Мәсіхтің өлімін Еске алу кешіне қатысатындардың шағын тобы көкте өмір сүруге үміттенеді. Ал қалған миллиондаған адам жерде өмір сүруге үміттенеді. Қазір осы екі топтың адамдары да Еске алу кешіне не үшін қатысатынын және бұның оларға қандай пайдасы бар екенін білеміз. Алдымен, майланған мәсіхшілер Еске алу кешін не үшін асыға күтетінін көрейік.

МАЙЛАНҒАН МӘСІХШІЛЕР НЕ ҮШІН ҚАТЫСАДЫ?

4. Неге майланғандар ғана Еске алу кешінде нан мен шараптан дәм татады?

4 Жыл сайын Еске алу кешіне қатысқанда, майланған мәсіхшілер нан мен шараптан дәм татады. Неге олар ғана дәм татады? Бұның жауабын білу үшін, Иса өлер алдындағы түні өткізген кешке оралайық. Иса 11 адал шәкіртімен бірге Құтқарылу мейрамын атап өткен соң, “Иеміздің кешкі асы” деп аталатын кешті енгізді. Ол елшілеріне нан мен шарап беріп, содан ішіп-жеңдер деді. Сол кеште Иса оларға жаңа келісім мен Патшалық келісімі жайлы айтты * (Лұқа 22:19, 20, 28—30). Осы келісімнің арқасында елшілер мен саны шектеулі басқа да адамдар көкте патша әрі діни қызметкер болмақ еді (Аян 5:10; 14:1). Осы келісімдерді жасасқан майланған тамтық қана Еске алу кешінде нан мен шараптан дәм тата алады *.

5. Майланғандар нені жақсы түсінеді?

5 Майланғандардың Еске алу кешін асыға күтетіндерінің тағы бір себебі — сол күні олар керемет үміттері жайлы ойланып-толғанады. Ехоба оларға көкте еш құрымайтын денемен өлмес өмір сүру, қайта тірілген Исамен және майланғандармен бірге билік ету және өзінің қасында болу үмітін сыйлады! (Қор. 1-х. 15:51—53; Жох. 1-х. 3:2). Көкте осындай мәртебе күтіп тұрғанын майланғандар жақсы түсінеді. Бірақ оған ие болу үшін өмірлерінің соңына дейін адалдық сақтау керектігін де олар жақсы біледі (Тім. 2-х. 4:7, 8). Майланған мәсіхшілер көктегі үміттері жайлы ойланғанда, үлкен қуанышқа бөленеді (Тит. 2:13). Ал “басқа қойлар” жайлы не дейміз? (Жох. 10:16) Олар Еске алу кешіне не себепті қатысады?

БАСҚА ҚОЙЛАР НЕ ҮШІН ҚАТЫСАДЫ?

6. Басқа қойлар неліктен жыл сайын Еске алу кешіне барады?

6 Басқа қойлар Еске алу кешінде рәміздерден дәм татпағанмен, бұл кешке қуана-қуана қатысады. Олар үйлену тойына келіп, жұбайлардың некелесу рәсімін бақылап, қуаныштарына ортақ болатын қонақтарға ұқсайды. Жерде өмір сүруге үміттенетіндер 1938 жылы Еске алу кешіне бірінші рет арнайы шақыру алды. Сол жылдың 1 наурызында жарық көрген “Күзет мұнарасында” былай деп жазылды: “Басқа қойлардың осы кешке келіп, кештің өтуін бақылағандары өте дұрыс әрі орынды. Бұл — олар үшін де қуанышқа толы сәт”.

7. Басқа қойлар Еске алу кешінде айтылатын баяндаманы неліктен асыға күтеді?

7 Еске алу кешінде басқа қойлар да үміттері жайлы ой жүгіртеді. Өйткені сол кештегі баяндамада Мәсіх пен 144 000 майланған патша мыңжылдық билік кезінде адал адамдар үшін қандай игілік жасайтыны айтылады. Олардың билігінің тұсында жер беті жұмаққа айналып, адамдар кемелділікке жетеді. Дүниежүзі бойынша миллиондаған адам осы баяндама барысында Ишая 35:5, 6; 65:21—23, Аян 21:3, 4 сияқты пайғамбарлықтардың орындалуын елестетіп, ерекше қуанышқа кенеледі. Осының арқасында олардың үміттері жандана түседі және Ехобаға үзбей қызмет ете беруге мықтап бекінеді (Мат. 24:13; Ғал. 6:9).

8. Басқа қойлардың Еске алу кешіне қатысуларының тағы бір себебі қандай?

8 Басқа қойлардың Еске алу кешіне қатысуларының тағы бір себебі — олар майланғандарды жақсы көреді және қолдау көрсеткілері келеді. Майланғандар мен жерде өмір сүруге үміттенетіндердің арасында тығыз байланыс болатыны Киелі кітапта алдын ала айтылып кеткен. Қазір соның бірер мысалын көрейік.

9. Зәкәрия 8:23-те айтылғандай, басқа қойлар майланғандарға қалай қарайды?

9 Зәкәрия 8:23 оқыңыз. Бұл пайғамбарлықта басқа қойлар майланған бауырларына қаншалықты жақын екендігі жақсы суреттелген. Мұндағы “яһуди” және “сенің халқың” деген сөздердің екеуі де майланған тамтыққа нұсқайды (Рим. 2:28, 29). Ал “барлық халықтардан шыққан он адам” деген басқа қойларды білдіреді. Олар майланғандарға “жармасады”, яғни оларға қосылып, Ехобаға бірге таза ғибадат етіп, олардан еш ажырамайды. Осылай ерекше жақын болғандықтан да, басқа қойлар майланғандармен бірге Еске алу кешіне қатысады.

10. Езекиел 37:15—19, 24, 25 тармақтардағы пайғамбарлықты Ехоба қалай орындады?

10 Езекиел 37:15—19, 24, 25 оқыңыз. Бұл пайғамбарлықта екі таяқ жайлы айтылған. “Яһудаға” деген таяқ (Исраилдің патшалары осы рудан тағайындалатын) көкте өмір сүруге үміттенетіндерді білдірсе, ал “Ефремге” деген таяқ жерде өмір сүруге үміттенетіндерді білдіреді *. Ехоба осы екі топтың адамдарын бір-бірімен қосып, біртұтас еткені неге нұсқайды? Олардың бір патшаның, Иса Мәсіхтің, қол астында мызғымас бірлікте қызмет ететіндеріне нұсқайды. Майланғандар мен басқа қойлар жыл сайын Еске алу кешінде қатар отырған кезде де “бір бағушысы бар бір отар” екендерін көрсетеді (Жох. 10:16).

11. Матай 25:31—36, 40 тармақтарда айтылған “қойлар” Мәсіхтің бауырларын әсіресе қандай істе қолдайды?

11 Матай 25:31—36, 40 оқыңыз. Мұндағы Иса айтқан “қойлар” жерде өмір сүруге үміттенетін соңғы күндердегі адал мәсіхшілерді білдіреді. Бұл басқа қойлар Мәсіхтің жерде қалған майланған бауырларын адалдықпен қолдайды. Әсіресе қандай істе қолдайды? Олар майланғандарға жүктелген өте үлкен жауапкершілікті, яғни дүниежүзі бойынша уағыздау мен шәкірт дайындау ісін атқаруға көмектеседі (Мат. 24:14; 28:19, 20).

12, 13. Басқа қойлар Мәсіхтің бауырларын тағы қандай жолдармен қолдайды?

12 Басқа қойлар Мәсіхтің бауырларын тағы қалай қолдайды? Олар жыл сайын Еске алу кешінің қарсаңында осы кешке қызығушыларды шақыру науқанына жан сала қатысады (“ Еске алу кешіне алдын ала дайындалыңыз” деген қоршауды қараңыз). Сондай-ақ араларында рәміздерден дәм тататындар болмаса да, басқа қойлар әлем бойынша әрбір қауымда Еске алу кешінің өтуіне қам жасайды. Олар майланғандарды осылай қолдағандары Исаның өзін қолдау екенін жақсы түсінеді (Мат. 25:37—40).

13 Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік — барлығымыз да Еске алу кешіне тағы қандай себептермен қатысамыз?

БАРЛЫҚ МӘСІХШІЛЕР НЕ ҮШІН ҚАТЫСАДЫ?

14. Ехоба мен Иса бізге деген асқақ сүйіспеншіліктерін қалай көрсетті?

14 Ехоба мен Исаның сүйіспеншілігіне ризамыз. Ехоба бізге өте көп жақсылық жасады. Бірақ солардың біреуі бәрінен де асқақ тұрады. Ол өзінің аяулы Ұлын біз үшін азап шегіп, өлуге жіберді (Жох. 3:16). Иса да бізді қатты жақсы көргендіктен, жанын қиюға дайын болды (Жох. 15:13). Ехоба мен Исаның көрсеткен осы сүйіспеншілігін біз ешқашан да өтей алмаймыз. Десе де біз оларға деген ризашылығымызды әрбір күнімізбен көрсете аламыз (Қол. 3:15). Еске алу кешіне де келетін себебіміз — оларды жақсы көретінімізді көрсету және олардың жасаған жақсылығын ұмытпау.

15. Майланғандар мен басқа қойлар үшін төлем неліктен өте қымбат сый?

15 Төлем — біз үшін аса қымбат сый (Мат. 20:28). Майланғандар үшін бұл сый неге қымбат? Өйткені соның арқасында олар керемет үмітке ие болды. Мәсіхтің құрбандығына сенгендіктен, Ехоба оларды әділ деп жариялады әрі өзінің балалары етті (Рим. 5:1; 8:15—17, 23). Ал басқа қойлар төлемді не үшін бағалайды? Мәсіхтің төгілген қанына сенгенінің арқасында олар Ехобаның алдында таза бола алады, оған қасиетті қызмет атқара алады және “зор алапаттан аман өте алады” (Аян 7:13—15). Бұл екі топ та төлемді бағалайтындарын жыл сайын Еске алу кешіне келу арқылы паш етеді.

16. Еске алу кешіне тағы не себепті қатысамыз?

16 Исаның бұйрығына мойынсұнғымыз келеді. Үмітіміз қандай болмасын, Исаның “мені еске алу үшін осылай істеп тұрыңдар” деген сөздерін біз әрқайсысымызға жеке айтылған бұйрық деп қабылдаймыз (Қор. 1-х. 11:23, 24).

БАРЛЫҚ МӘСІХШІЛЕРГЕ ТИГІЗЕР ПАЙДАСЫ

17. Қалай Еске алу кеші бізді Ехобаға жақындата түседі?

17 Ехобаға жақындай түсеміз (Жақ. 4:8). Алдында айтып кеткеніміздей, Еске алу кешінде біз Ехобаның сыйлаған керемет үміті мен сарқылмас сүйіспеншілігі жайлы терең ойға батамыз (Ерм. 29:11; Жох. 1-х. 4:8—10). Осы екі нәрсе жайлы ой жүгірткенде, Ехобаны одан сайын жақсы көреміз әрі онымен достығымыз да бекем бола түседі (Рим. 8:38, 39).

18. Исаның үлгісі бізге қалай әсер етеді?

18 Исаға ұқсауға талпынамыз (Пет. 1-х. 2:21). Еске алу кешінің қарсаңында біз Исаның өлер алдындағы соңғы аптасында болған оқиғаларды, оның өлімі мен қайта тірілуі жайлы Киелі кітап тармақтарын оқимыз. Ал Еске алу кешінің баяндамасында Исаның танытқан зор сүйіспеншілігі жайлы айтылады (Ефес. 5:2; Жох. 1-х. 3:16). Исаның қандай жанқияр болғаны жайлы оқып, ой жүгірткенде, біз де “солай өмір сүруге” талпынып кетеміз (Жох. 1-х. 2:6).

19. Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмау үшін не істейміз?

19 Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмауға мықтап бекінеміз (Яһд. 20, 21). Ехобаның сүйіспеншілігінен айырылмау үшін біз барымызды салып оған мойынсұнамыз, есімін киелі тұтамыз және оның жүрегін қуантамыз (Нақ. с. 27:11; Мат. 6:9; Жох. 1-х. 5:3). Ал әсіресе Еске алу кешін атап өткенде, біз әрбір күнімізді “Ехоба, мен сенің сүйіспеншілігіңнен мәңгі айырылғым келмейді!” деген ұстаныммен өткізуге бекінеміз.

20. Еске алу кешіне қатысуға қандай салмақты себептер бар?

20 Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, Еске алу кешіне қатысуға бізде келелі себептер өте көп. Біз жыл сайын бұл кешке біз үшін жанын қиған Иса Мәсіхті еске алу үшін барамыз. Ал ең бастысы, біздің құнымызды өтеу үшін өз Ұлын қиған Ехоба Әкеміздің теңдессіз жақсылығы мен сүйіспеншілігін еске аламыз. Біз Ехоба мен Исаны қатты жақсы көреміз. Сондықтан да Еске алу кеші өтетін күн келгенде, біз үшін сол жерде болудан артық ештеңе жоқ! Ал 2022 жылы бұл кеш жұма күні, 15 сәуірде өткізіледі.

16-ӘН Ехобаны Патшалығы үшін мадақтаңдар!

^ Көкте не жерде өмір сүруге үміттенбейік, барлығымыз да Еске алу кешін асыға күтеміз. Осы мақалада Жазбалардан Еске алу кешін не үшін атап өтетінімізді және бұлай еткеніміздің қандай пайдасы бар екенін білеміз.

^ Жаңа келісім мен Патшалық келісімі жайлы толығырақ білу үшін, 2014 жылдың 15 қазанындағы “Күзет мұнарасының” “Сендер діни қызметкерлер патшалығы боласыңдар” (15—17 б.) деген мақаласын қараңыз.

^ СӨЗ МӘНІ: Майланған тамтық деген тіркес майланған мәсіхшілердің жер бетінде қалған тобын білдіреді.