Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды”

“Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды”

2022 ЖЫЛДЫҢ ТАРМАҒЫ: “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды” (ЗӘБ. 34:10).

4-ӘН “Ехоба — менің Бағушым”

АҢДАТПА *

Дәуіт қиын шақта да “ешбір игіліктен құр қалмағанын” айтты (1—3 абзацтарды қараңыз) *

1. Дәуіт қандай қиын жағдайға кезікті?

 ИСРАИЛДІҢ мықты патшасы Саул Дәуітті өлтірмекші. Дәуіт болса жанын аман сақтау үшін бассауғалап қашып жүр. Қарны ашқан ол Ноб қаласына келіп, сол жердегі діни қызметкерден бес күлше нан сұрады (Сам. 1-ж. 21:1, 3). Бұдан кейін ол қасындағы адамдармен барып үңгірге жасырынды (Сам. 1-ж. 22:1). Дәуіт бұндай жағдайға қалай тап болды?

2. Қалай Саул өз-өзіне ор қазды? (Самуилдің 1-жазбасы 23:16, 17)

2 Дәуіттің соғыстарда жеңіске жетіп, көпшіліктің көңілінен шығып жүргенін Саул патша көре алмай, қатты іші күйді. Саул мойынсұнбағаны үшін Ехоба одан бас тартқанын және орнына патша етіп Дәуітті таңдағанын да білді (Самуилдің 1-жазбасы 23:16, 17 оқыңыз). Бірақ ол әлі де тақта отырғандықтан, әскері де, қолдаушылары да көп болды. Сондықтан Дәуіттің одан бассауғалап қашудан басқа амалы қалмады. Сонда Саул не ойлады? Ехобаға Дәуітті патша еткізбеймін деп ойлады ма? (Ишая 55:11). Бұл жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмайды. Бірақ бір нәрсе анық: бұлай етуімен Саул өз-өзіне ор қазды. Ехобаға қарсы шығатын адам ешқашан жеңіске жетпейді!

3. Дәуіт қиын жағдайда жүрсе де, ой қалпы қандай болды?

3 Дәуіт қарапайым әрі кішіпейіл адам болған. Ол ешқандай билікті көксемеген. Оны патша етіп тағайындаған Ехобаның өзі еді (Сам. 1-ж. 16:1, 12, 13). Саул болса көре алмай, оны өлердей жек көріп кетті. Бірақ Дәуіт басына қатер төнгеніне Ехобаны кінәламады. Үй-күйсіз, тамаққа жарымай жүргеніне де күңкілдемеді. Керісінше үңгірден үңгірге қашып жүргенде болса керек, ол Ехобаны мадақтап, әдемі жыр жазды. Осы мақаланың “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды” деген негізгі тармағы сол жырдан алынған (Зәб. 34:10).

4. Қазір қандай сұрақтарды қарастырамыз және бұл неге маңызды?

4 Бүгінде де Ехобаның көптеген қызметшілері азық-түліктен не басқа да қажетті нәрселерден таршылық көріп жатады *. Әсіресе пандемия кезінде солай болды. Ал “зор алапат” жақындаған сайын, жағдайымыз одан сайын ушыға бермек (Мат. 24:21). Сондықтан мына төрт сұрақтың жауабын білгеніміз жақсы: Дәуіт қай мағынада “ешбір игіліктен құр қалмады”? Неліктен барға қанағат етіп үйренуіміз керек? Ехоба қамымызды жасайтынына неліктен сенімді бола аламыз? Болашаққа қазірден бастап қалай дайындалсақ болады?

“МЕН ЕШТЕҢЕДЕН ТАРЫҚПАЙМЫН”

5, 6. Зәбүр 23:1—6 тармақтар “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды” деген сөздердің мәнін қалай аша түседі?

5 Дәуіт “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды“деуімен не айтқысы келді? Бұны түсіну үшін Зәбүрдің 23-жырын қарастырайық, өйткені Дәуіт бұл жырда да соған ұқсас сөздерді айтқан (Зәбүр 23:1—6 оқыңыз). Бұл жыр “Ехоба — менің Бағушым, Мен ештеңеден тарықпаймын” деген сөздермен басталады. Әрі қарай Дәуіт өзі үшін шынымен бағалы нәрселер, яғни Ехобаны “Бағушым” деп қабылдайтын адамға төгілетін мол рухани баталар жайлы айтады: Ехоба Дәуітті “әділдік жолымен жетелеп жүреді” және өмірдің ыстық-суығында да қасынан табылып, дем береді. Бірақ Дәуіт Ехобаның “жасыл жайлауындағы” өмірі әрдайым тыныш әрі жайлы бола бермейтінін де түсінеді. Кейде оның “тас қараңғы шатқалда” жүргендей сезінетін кездері де болады. Жаулары да жоқ емес. Бірақ Бағушысы Ехоба барда ол ешқандай “қауіп-қатерден” қорықпайды.

6 Сонымен, Дәуіт қай мағынада “ешбір игіліктен құр қалмаған” екен? Ода Ехобаға жақын болып қалуға қажеттінің бәрі болды. Оның бақыты материалдық нәрселерге байланбады. Дәуіт Ехобаның бергенін қанағат тұтқан. Ол үшін ең маңызды нәрсе Құдайдың жарылқағаны мен қорғағаны еді.

7. Лұқа 21:20—24 тармақтарға сай, I ғасырдағы яһудеялық мәсіхшілер қандай жағдайға кезікті?

7 Дәуіттің сөздерінен дүние-мүлікке қатысты көзқарасымыз қандай болу керек екенін үйренеміз. Қолда бар дүние-мүліктің қызығын көргенде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ өмірдегі ең маңызды нәрсе сол болып кетпеу керек. Бұның қаншалықты маңызды екенін Яһудеяда тұрған I ғасырдағы мәсіхшілер жақсы түсінген (Лұқа 21:20—24 оқыңыз). Иса “Иерусалимді әскерлер қоршап алатын” уақыт келетінін айтып, оларды ескерткен болатын. Сол кезде олар жандарын аман сақтау үшін “тауларға қашу” керек еді. Бірақ бүкіл иеліктерін құрбан етуге тура келді. Осыдан біраз жыл бұрын “Күзет мұнарасында” мынадай ой жазылды: “Яһудеядағылар егіндіктерін, үйлерін тастап, тіпті заттарын жинамастан қашып кетті. Олар Ехобаның қолдап-қорғайтынына сенімді болғандықтан, ғибадатты барлық нәрседен маңызды санады”.

8. Бірінші ғасырда Яһудеядағы мәсіхшілермен болған жағдай сізді қай жағынан ойландыруы керек?

8 Бірінші ғасырда Яһудеяда өмір сүрген мәсіхшілермен болған бұл жағдай бізді де ойландыруы керек. Қай жағынан? Алдыңғы абзацта келтірілген “Күзет мұнарасында” былай делінген: “Алда біз үшін дүние-мүліктің қаншалықты қымбат екені сыналатын жағдайлар болуы мүмкін. Сол үшін өзімізді тексеріп көрейік: біз үшін ең маңыздысы дүние-мүлік пе, әлде Ехобаға адал болып, құтқарылғанымыз ба? Дүниенің соңы келгенде басымызға қиындықтар түсіп, көп нәрседен айырылып қалуымыз мүмкін. Сондықтан I ғасырдағы мәсіхшілер сияқты кез келген құрбандыққа баруға дайын болуымыз қажет” *.

9. Елші Пауылдың еврейлерге берген кеңесінен қандай жігер алдыңыз?

9 Яһудеялық мәсіхшілерге бар дүние-мүлкін тастап, бәрін жаңадан бастау қиын болған шығар. Оларға Ехоба ең қажетімен қамдайтынына сенім арту қажет болды. Бұлай етуге Пауылдың кеңесі көмектессе керек. Римдіктер Иерусалимді қоршауға алардан 5 жыл бұрын Пауыл еврейлерге мынадай өте құнды кеңес берген еді: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген. Сондықтан біз: “Ехоба — менің көмекшім. Мен ештеңеден қорықпаймын. Адам баласы маған не істей алады?”— деп батыл айта аламыз” (Евр. 13:5, 6). Осы сөздерге құлақ асқан I ғасырдағы мәсіхшілер жаңа жердегі қарапайым өмірге тез үйреніп кеткендері анық. Пауылдың осы сөздері Ехоба бізді де қажетімізбен қамдайтынына сенімділік береді.

“ҚАНАҒАТ ЕТЕЙІК”

10. Пауыл бізбен қандай “құпиямен” бөлісті?

10 Осыған қатысты Пауыл Тімөтеге де бір кеңес берген. Оның біз үшін де пайдасы зор. “Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік”,— деді ол (Тім. 1-х. 6:8). Әрине, бұл сөздер дәмді тағам жеп, әдемі үйде тұрып, арагідік жаңа киім-кешек алмауымыз керек дегенді білдірмейді. Пауылдың айтқысы келгені — қолымызда не бар, соған қанағат етуіміз керек. Оның Філіпіліктерге 4:12-де айтқан “құпиясы” осы болған. Бізде бар ең бағалы нәрсе ешқандай дүние де емес, зат та емес, Ехобамен достығымыз болуы қажет (Абқ. 3:17, 18).

Исраилдіктер 40 жыл бойы шөл далада жүргенде “ешбір игіліктен құр қалмады”. Біз де қазір қолымызда барға қанағат етеміз бе? (11-абзацты қараңыз) *

11. Мұсаның исраилдіктерге айтқан сөздерінен қандай сабақ аламыз?

11 Біз кейбір нәрселерге мұқтажбыз деп ойлағанымызбен, Ехобаның көзқарасы басқаша болуы мүмкін. Мысалы, исраилдіктер 40 жыл шөл даланы кезіп біткеннен кейін, Мұсаның оларға не дегеніне назар аударайықшы. Ол: “Ехоба Құдайларың сендерді барлық істеріңде жарылқап келеді. Ол осы ұлан-ғайыр шөлде басқан әрбір қадамдарыңды жақсы біледі. Ехоба Құдайларың 40 жыл бойы сендерге жар болып, еш нәрседен тарықпадыңдар”,— деді (Мұс. 5-ж. 2:7). Ехоба оларға 40 жыл бойы жейтін манна беріп отырды, Мысырдан шыққанда киген киімдері де сол күйі тозбады (Мұс. 5-ж. 8:3, 4). Кейбіреулер бұларды жеткіліксіз санаған шығар. Бірақ Мұса халықтың еш нәрседен тарықпағанын естеріне салды. Демек, біздің де қанағатшыл болуды үйренгеніміз Ехобаға ұнайды. Ол беріп отырған қарапайым нәрселерге риза болсақ және оның батасы деп санасақ, Ехоба қуанады.

ЕХОБА ҚАМЫҢЫЗДЫ ОЙЛАЙТЫНЫНА КҮМӘНДАНБАҢЫЗ

12. Дәуіт өзіне емес, Ехобаға сенім артқанын қайдан білеміз?

12 Дәуіт Ехобаның адал екенін және оны жақсы көретіндердің қамын ойлайтынын білген. Өміріне қауіп төніп тұрса да, ол “Ехобаның періштесі оны айналдыра қос тігіп тұрғанын” сенім көзімен көрген (Зәб. 34:7). Дәуіт бұл жерде періштені міз бақпай, қосты күзетіп тұрған мықты жауынгерге теңесе керек. Дәуіттің өзі де мықты жауынгер болған және Ехоба оны патша етемін деп уәде еткенін білген (Сам. 1-ж. 16:13; 24:12). Бірақ Дәуіт сақпанмен дәл ататынына, семсермен шебер сайысатынына сенген жоқ. Ол Ехобаға сенім артты, “Ехобадан қорқатындарды” оның періштесі құтқаратынына сенді. Әрине, Ехоба бүгінде де бізді ғажайып түрде қорғап қалады деп күтпейміз. Бірақ Ехобаға сенім артқандықтан, тіпті өліп кетсек те, ол бізге мәңгілік өмір сыйлайтынын білеміз.

Зор алапатта Магог жеріндегі Гогтың қарулы күштері үйімізге келіп шабуылдауы мүмкін. Бірақ Иса мен оның періштелері көріп тұрғандықтан және бізді қорғайтындықтан, біз қатты қорықпаймыз (13-абзацты қараңыз)

13. Магог жеріндегі Гогтың шабуылы кезінде неге біз әлсіз болып көрінеміз, бірақ біз неге қорықпаймыз? (Мұқабадағы суретті қараңыз.)

13 Жуырда Ехоба бізді құтқара алатынына қаншалықты сенетініміз сыналатын болады. Магог жеріндегі Гог, яғни одақтасқан халықтар Құдайдың қызметшілеріне шабуыл жасаған кезде бізді қырып-жойып жіберетіндей көрінетін шығар. Бірақ біз Ехобаның бізді құтқарып қалатынына сенімді болуымыз керек. Сол кезде біз олар үшін қорғансыз, бейшара қойлардай көрінеміз (Езек. 38:10—12). Өйткені қолымызда ешқандай қаруымыз жоқ, соғысуды да білмейміз. Олар бізді лезде-ақ жайратып саламыз деп ойлайды. Бірақ біз сенім көзімен Ехобаның періштелері бізді айналдыра қос тігіп, қорғауға дайын тұрғанын көреміз. Ал олар рухани соқыр болғандықтан, бұны көрмейді. Көктің әскері бізді қорғау үшін шайқасты бастағанда, олардың төбелерінен жай түскендей болады (Аян 19:11, 14, 15).

БОЛАШАҚТАҒЫ СЫНАҚТАРҒА ҚАЗІРДЕН ДАЙЫН БОЛЫҢЫЗ

14. Болашақтағы сынақтарға қазірден дайын болу үшін не істеуіміз керек?

14 Болашақтағы жағдайларға қалай қазірден дайындала аламыз? Біріншіден, дүние-мүлікті маңызды санап кетпеуімізді қадағалайық. Өйткені оның бәрінен айырылып қалатын күн келеді. Сондай-ақ қолда барды қанағат етіп, бәрінен бұрын Ехобамен достығымыздан қуаныш таба білейік. Бұған қоса, Магог жеріндегі Гог шабуылдағанда Ехоба құтқарып қалатынына деген сенімімізді арттыру үшін, Құдайымызды жақыннан танып біле берейік.

15. Ехоба әрқашан жар болатынына қандай жағдайлар Дәуіттің көзін жеткізді?

15 Дәуітке сынақтарға дайын болуға тағы не көмектескенін қарастырайықшы, өйткені бұл бізге де көмек болады. Дәуіт: “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер; Одан пана тапқандар бақытты”,— деген (Зәб. 34:8). Бұл сөздерден ол Ехобаның көмектесетініне не үшін сенімді болғанын көреміз. Дәуіт Ехобаға арқа сүйеген жағдайдың бәрінде ол сенімін ақтап, көмектесіп отырған. Мысалы, ол жас кезінде філістірлердің батыры алып Ғолиятпен жекпе-жекке шыққанда: “Бүгін Ехоба сені аяғыма жығып береді”,— деген (Сам. 1-ж. 17:46). Кейінірек Дәуіт Саул патшаға қызмет еткенде, ол оны бірнеше рет өлтірмекші болды. Бірақ сол кездері де Ехоба “Дәуітке жар болып жүрген еді” (Сам. 1-ж. 18:12). Дәуіт өмірде талай рет Ехобаның қолын көргендіктен, басқа сынақтарда да тастап кетпейтініне сенімді болды.

16. Қандай жағдайларда біз Ехобаның ізгілігінің дәмін тата аламыз?

16 Біз де қазірден бастап Ехобаның ақыл-кеңесіне арқа сүйеп үйренсек, болашақта да оның бізді құтқаратынына сеніміміз нық болады. Мысалы, конгреске қатысу үшін жұмыстан сұрануға немесе қауым кездесулерінен қалмау үшін, қызметке көбірек қатысу үшін жұмыс уақытын қысқартуды сұрауға да сенім керек. Сондай-ақ Ехобаға арқа сүйеуге асық болу керек. Ал егер бастығымыз өтінішімізді қабылдамай, жұмыстан айырылып қалсақ ше? (Евр. 13:5). Ехоба бізді ешқашан тастамайтынына және әрі қарай да қажетімізбен қамдай беретініне сенеміз бе? Ехоба — адал Құдай. Көптеген толық уақытты қызметшілер мұқтаж кездерінде Ехобаның қалай көмекке келгені жайында сізге неше түрлі оқиғаларын айтып бере алады.

17. 2022 жылға қай тармақ және не себепті таңдалды?

17 Ехоба біздің жағымызда тұрғанда, алдағы күндерден қорқуға еш негіз жоқ. Біздің өмірімізде ең маңыздысы Құдайдың еркін орындау болса, ол бізді ешқашан тастамайды. Алдағы қиын күндерге қазірден дайын жүруіміз үшін әрі Ехобаның көмексіз қалдырмайтынына сенімді болуымыз үшін, Басқарушы кеңес 2022 жылға Зәбүр 34:10-дағы “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды” деген сөздерді таңдады.

38-ӘН Құдай саған күш береді

^ 2022 жылдың тармағы Зәбүр 34:10-нан алынған: “Ехобаны іздейтіндер ешбір игіліктен құр қалмайды”. Алайда Ехобаның көптеген қызметшілерінің тұрмыстық жағдайы өте қарапайым. Сонда қай мағынада олар “ешбір игіліктен құр қалмайды”? Осы тармақтың мәнін түсінгеніміз бізді алдағы қиын уақытқа дайындайды. Қалай?

^ 2014 жылдың 15 қыркүйегінде шыққан “Күзет мұнарасындағы” “Оқырман сауалдарын” қараңыз.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Саулдан қашып, үңгірде жасырынып жүрсе де, Дәуіт Ехоба беріп жатқан нәрселерге риза болды.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Исраилдіктер Мысыр елінен шыққан соң, Ехоба оларға жеуге манна берді және үстеріндегі киімдерін тозудан сақтады.