Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

3-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Исаның көз жасынан алар сабағымыз

Исаның көз жасынан алар сабағымыз

“Иса көзіне жас алды” (ЖОХ. 11:35).

17-ӘН “Қалаймын”

АҢДАТПА *

1—3. Біз қандай кездерде көз жасын төгеміз?

 СІЗ соңғы рет қашан жыладыңыз? Кейде біз қуанғаннан көзімізге жас аламыз. Бірақ көбінесе біз қайғыдан жылаймыз. Мысалы, жақынымызды жоғалтқанда көз жасымыз көл болады. Құрама Штаттарда тұратын Лорали деген әйел бауырлас былай дейді: “Қызымнан айырылғаным жаныма батқаны соншалық, мені ештеңе жұбата алмайтындай көрінетін. Қан жылаған жүрегім тоқтап қалмай, қалай ғана соғып тұр екен деп таңғалатынмын” *.

2 Біз басқа да себептермен көз жасын төгеміз. Мысалы, Жапонияда тұратын Хироми деген ізашар былай дейді: “Уағызда адамдардың шындыққа құлақ аспайтынына көңілім қатты түседі. Кейде мен “ең болмағанда шындықты іздеген бір адамды кездестірейінші” деп Ехобаға жылап тұрып дұға айтамын”.

3 Жоғарыда айтылған бауырластардың сезімдері сізге таныс па? Иә, көбімізге таныс шығар (Пет. 1-х. 5:9). Біз “Ехобаға қуана қызмет еткіміз” келеді. Бірақ жақынымыздың өлімі, қайғы-мұң, адалдығымызды сынға алатын басқа да қиындықтар бізді жылатып, қуанышымызды ұрлайды (Зәб. 6:6; 100:2). Бойымызды осындай сезімдер кернегенде, не істесек болады?

4. Осы мақалада не қарастырамыз?

4 Осы орайда біз Исадан көп нәрсеге үйрене аламыз. Ол да кейбір қиын жағдайларда “көзіне жас алған” (Жох. 11:35; Лұқа 19:41; 22:44; Евр. 5:7). Қазір сол жағдайларды қарастырып, Исадан және Ехобадан не нәрсеге үйрене алатынымызды көрейік. Сондай-ақ бізді жылататын жағдайларда не істеуге болатынын қарастырайық.

ДОСТАРЫ ҮШІН КӨЗІНЕ ЖАС АЛДЫ

Иса сияқты, қайғырғандарға демеу болыңыз (5—9 абзацтарды қараңыз) *

5. Жохан 11:32—36 тармақтарда жазылған оқиғадан Иса жайлы не білеміз?

5 Б. з. 32 жылы қыс мезгілінде Исаның жақсы көретін досы Елазар науқастанып, қайтыс болады (Жох. 11:3, 14). Елазардың Марта және Мәриям деген әпкелері бар еді. Иса оларды да жақсы көретін. Марта мен Мәриям інілерінің қайтыс болғанына қатты қайғырады. Елазар өлгеннен кейін, Иса Марта мен Мәриям тұратын Бетанияға қарай жол тартады. Исаның келе жатқанын естігенде, Марта оның алдынан жүгіріп шығып: “Ием, осында болғаныңызда, бауырым өлмес еді”,— дейді (Жох. 11:21). Марта осы сөздерді қандай мұңмен айтқанын елестетіп көріңізші. Кейін Иса Мәриям мен өзгелердің жылап жатқанын көріп, ол да “көзіне жас алды” (Жохан 11:32—36 оқыңыз).

6. Елазар қайтыс болғанда, Иса не үшін жылады?

6 Иса не үшін көзіне жас алды? “Киелі жазбаларды түсіну” кітабында былай делінген: “Досы Елазардың қайтыс болғаны және оның әпкелерінің қатты қайғырғаны Исаның жылауына себеп болды” *. Иса Елазарды елестетіп, науқастанғанда оның қалай қиналғаны жайлы, өлейін деп жатқанын түсінгенде не сезінгені жайлы ойлаған шығар. Сондай-ақ Марта мен Мәриямның қайғырып жатқанын көргені де Исаны толқытып жіберді. Сіз де досыңыздан не жақын туысыңыздан айырылғанда, Исанікіндей күй кешкен шығарсыз. Қазір осы оқиғадан қандай үш нәрсе білуге болатынын көрейік.

7. Исаның жылағанынан Ехоба жайлы не білеміз?

7 Ехоба не сезінетінімізді түсінеді. Иса — Әкесінің “дәлме-дәл көрінісі” (Евр. 1:3). Исаның жылағанынан жақынымыздан айырылғанда Ехобаның не сезінетінін білеміз (Жох. 14:9). Жақынымыз қайтыс болғанда Ехоба біздің қайғырып жатқанымызды көріп қана қоймайды, ол біздің не сезініп жатқанымызды жақсы түсінеді әрі жаралы жүрегімізді сауықтырғысы келеді (Зәб. 34:18; 147:3).

8. Қайтыс болған жақынымызды Иса қайта тірілтетініне неге сенімді бола аламыз?

8 Иса қайтыс болған жақынымызды тірілтуді қалайды. Көзіне жас алмас бұрын, Иса Мартаға: “Бауырың қайта тіріледі”,— деген еді (Жох. 11:23—27). Ол Исаға сенді, өйткені ол ежелдегі Ілияс пен Еліше сияқты пайғамбарлардың адамдарды қайта тірілткені туралы естіген болатын (Пат. 1-ж. 17:17—24; Пат. 2-ж. 4:32—37). Сондай-ақ Исаның да адамдарды тірілткенін естісе керек (Лұқа 7:11—15; 8:41, 42, 49—56). Сіз де жақыныңыздың қайта тірілетініне сенімді болсаңыз болады. Исаның көзіне жас алғаны қайтыс болған адамдарды тірілтуді қатты қалайтынын көрсетеді!

9. Исаға еліктеп, қайғырғандарды қалай жұбатсаңыз болады? Мысал келтіріңіз.

9 Сіз қайғырып жүргендерді жұбата аласыз. Иса Марта және Мәрияммен бірге жылап қана қойған жоқ, сондай-ақ оларды тыңдады, жұбатты. Біз де қайғырып жүрген бауырластарды солай жұбата аламыз. Австралияда тұратын Дэн деген ақсақал былай дейді: “Әйелім қайтыс болғанда мен жұбанышқа мұқтаж болдым. Сол кездері бірнеше ерлі-зайыпты достарым күн демей, түн демей қасымнан табылып, мені тыңдайтын. Мен олардың алдында қысылмай жылай алдым. Шамам келмеген кездері олар менің көлігімді жуып беретін, азық-түлік әкеліп беретін, тамақ пісіріп беретін. Сондай-ақ менімен бірге жиі дұға ететін. Осылайша олар қиын шақта арқа сүйер нағыз дос екенін дәлелдеді” (Нақ. с. 17:17).

АДАМДАР ҮШІН ЖЫЛАДЫ

10. Лұқа 19:36—40 тармақтардағы жазылған оқиғаны сипаттап беріңіз.

10 Б. з. 33 жылы 9 нисан күні Иса Иерусалимге келеді. Иса келе жатқанда, жұрт жолға жамылғыларын жайып, оны патша деп мойындайды. Бұл бір қуанышты оқиға еді! (Лұқа 19:36—40 оқыңыз). Бірақ Исаның осыдан кейінгі әрекеті шәкірттерін таңғалдырса керек. “Иерусалимге жақындағанда, ол қалаға қарап, жылап жіберді де”, алда Иерусалимді қандай қорқынышты жайттар күтіп тұрғанын айтты (Лұқа 19:41—44).

11. Иса неге Иерусалим тұрғындары үшін жылады?

11 Жұрт Исаны жақсы қарсы алса да, оның жүрегі ауырды. Өйткені ол яһудилердің басым бөлігі ізгі хабарды қабылдамайтынын білді. Соның кесірінен Иерусалим жойылып, ал аман қалған яһудилер құл болмақ еді (Лұқа 21:20—24). Өкінішке қарай, Иса айтқандай-ақ, халықтың басым бөлігі одан бас тартты. Ал сіз тұратын жерде адамдар ізгі хабарға қалай қарайды? Аз ғана адам құлақ аса ма? Солай болса, Исаның жылағанынан қандай сабақ алсаңыз болады? Қазір үш жайтқа назар аударайық.

12. Исаның яһудилер үшін жылағанынан Ехоба жайлы не білеміз?

12 Ехоба адамдардың қамын ойлайды. Исаның жылағанынан Ехобаның адамдар үшін қаншалықты қам жейтінін білуге болады. “Ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды” (Пет. 2-х. 3:9). Бүгінде біз де адамдарға ізгі хабарды айту үшін барымызды салсақ, оларды жақсы көретінімізді көрсетеміз (Мат. 22:39).

Иса сияқты, әртүрлі уақытта уағыздауға дайын болыңыз (13, 14-абзацтарды қараңыз) *

13, 14. Иса адамдарға қалай жанашырлық танытқан? Ал біз қалай таныта аламыз?

13 Иса қызмет ету үшін көп күш салған. Адамдарды жақсы көргендіктен, ол әрбір мүмкіндікті пайдаланып, оларға тәлім беретін (Лұқа 19:47, 48). Бұлай етуге оны жанашырлық талпындырды. Көп адамдар Исаны тыңдағысы келгендіктен, кейде Исаның да, шәкірттерінің де “тіпті тамақтануға мұршалары болмайтын” (Мар. 3:20). Тыңдаушыларының біріне ыңғайлы болғандықтан, ол тіпті түнде де тәлім берген (Жох. 3:1, 2). Исаны тыңдаған көп адам оның соңынан еріп, шәкірті болған жоқ. Десе де олар түбегейлі куәлік алған еді. Бүгінде біз де әрбір мүмкіндікті мүлт жібермей, адамдарға уағыздағымыз келеді (Ел. іс. 10:42). Бұл үшін уағыздау тәсілдерімізді өзгертуге тура келуі мүмкін.

14 Өзгерістер жасауға дайын болыңыз. Егер біз уағыздайтын уақытымызды өзгертпесек, шындыққа ыңғай танытатын адамдарды кездестіре алмай қалуымыз мүмкін. Матильда деген ізашар былай дейді: “Күйеуім екеуіміз адамдарға әртүрлі уақытта уағыздауға тырысамыз. Мысалы, таңертең іскерлер аумағында уағыздаймыз. Ал түсте адамдар көшеде көп жүретін кезде, әдебиет арбасымен тұрамыз. Ал кешкісін үйме-үй уағыздаймыз, өйткені сол уақытта адамдардың көбісі үйлерінде болатынын байқадық”. Өзімізге ыңғайлы уақытта емес, адамдарды көп кездестіретін уақытта уағыздасақ, бұл Ехобаға ұнайды.

ӘКЕСІНІҢ ЕСІМІН ОЙЛАП ЖЫЛАДЫ

Иса сияқты, қатты қиналғанда Ехобаға жалбарынып дұға етіңіз (15—17 абзацтарды қараңыз) *

15. Лұқа 22:39—44 тармақтарда жазылғандай, жердегі өмірінің соңғы түні Иса не істеді?

15 Б. з. 33 жылы 14 нисанда күн батқан соң Иса Гетсимани бағына барады. Сол жерде ол көз жасын төгіп, қайта-қайта жалбарынады (Лұқа 22:39—44 оқыңыз). Өлер алдындағы түні Иса не туралы дұға айтты? Ол Ехобаға адал болып қалу үшін және оның еркін орындау үшін күш сұрап дұға етті (Евр. 5:7). Ехоба Ұлының жалбарына айтқан дұғасын тыңдап, оны нығайту үшін періштесін жіберді.

16. Иса Гетсимани бағында дұға еткенде не үшін жан азабына түсті?

16 Гетсимани бағында Иса не үшін жан азабына түсіп, жылады? Ол өзінің Құдайға тіл тигізуші ретінде өлімге кесілетінін ойлап жылағаны сөзсіз. Сондай-ақ ол өзіне үлкен жауапкершілік жүктелгенін, яғни Әкесінің есімін ақтау керектігін түсінді. Сіздің де адалдығыңыз сыналып жатса, Исаның жылағанынан не нәрсеге үйрене аласыз? Үш жайтты қарастырайық.

17. Ехоба Исаның жалбарына айтқан дұғасына жауап бергенінен не білеміз?

17 Ехоба жалбарына айтқан өтініштеріңізді тыңдайды. Ехоба Исаның жалына айтқан дұғасын тыңдады. Өйткені Исаның бар уайымы Ехобаға адал болып қалу мен оның есімін ақтау еді. Егер біз де Ехобаға адал болып қалу мен оның есімін ақтауды ойласақ, ол дұғамызға міндетті түрде жауап береді (Зәб. 145:18, 19).

18. Неліктен Исаны бізді жақсы түсінетін досқа теңеуге болады?

18 Иса сіздің сезімдеріңізді түсінеді. Көңіліміз құлазыған кезде бізді түсінетін, әсіресе біздікіндей қиындықты басынан өткерген досымыз бізді жұбатса, жанымыз жай тауып қалады. Иса да осындай дос сияқты. Ол өзімізді әлсіз сезінудің, көмекке мұқтаж болудың не екенін жақсы біледі. Ол біздің әлсіздіктерімізді түсінеді әрі “көмекке мұқтаж кезімізде” қасымыздан табылады (Евр. 4:15, 16). Исаның Гетсимани бағында періштенің көмегін қабыл алғаны сияқты, біз де Ехобаның беріп жатқан кез келген көмегін қабыл алуымыз керек. Бұл көмекті біз әдебиеттерден, видеолардан, баяндамалардан алуымыз мүмкін. Немесе мұндай көмекті ақсақал не толысқан досымыз беруі мүмкін.

19. Ехоба бізді қалай нығайтады? Мысал келтіріңіз.

19 Ехоба сізге жантыныштығын береді. Ехоба бізді қалай нығайтады? Дұға еткен кезде біз “Құдайдың адам ақылынан асқан тыныштығына” ие боламыз (Філіп. 4:6, 7). Құдайдың тыныштығы уайымымызды сейілтуге, дұрыс ойлануға көмектеседі. Бұны Луз есімді әйел бауырластың сөздері растайды. Ол былай дейді: “Мен жиі өзімді жалғыз сезінемін. Сондықтан кейде тіпті Ехоба мені жақсы көрмейді деп ойлаймын. Бірақ сондай ойлар келген кезде мен бірден Ехобаға не сезінетінімді айтамын. Осылайша дұғаның арқасында жағымсыз сезімдерімді тізгіндей аламын”. Осы мысалдан көретініміздей, дұғаның арқасында біз жантыныштығына кенеле аламыз.

20. Исаның көз жасын төккенінен не үйрендік?

20 Бұл мақалада Исаның көз жасын төккенінен біраз нәрсеге үйрендік. Біз қайғырып жүрген достарымызды жұбатуымыз керек. Жақынымыздан айырылғанда Ехоба мен Иса жанымыздан табылатынына сенімдіміз. Уағыздағанда Ехоба мен Исаға еліктеп, жанашырлық танытуды үйрендік. Сондай-ақ Ехоба мен Исаның біздің сезімдерімізді түсінетіні, жаны ашитыны, көмектескісі келетіні бізге зор жұбаныш берді. Ехоба “көзіміздегі әрбір жасты сүртіп тастағанша” осы үйренгендерімізді іске асыра берейік! (Аян 21:4).

120-ӘН Мәсіх сияқты жұмсақ болыңдар

^ Киелі кітаптан білетініміздей, Исаның көзіне жас алған кездері болған. Бұл мақалада сондай жағдайдың үшеуін қарастырып, олардан қандай сабақ алатынымызды білеміз.

^ Кейбір есімдер өзгертілген.

^ “Киелі жазбаларды түсіну” (ор.) кітабынан “Иисус Христос” деген тақырыптың “Глубокие чувства и теплота” деген тақырыпшасын қараңыз (2-абз.).

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса Мәриям мен Мартаны жұбатқандай, біз де жақынынан айырылғандарды жұбата аламыз.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса Нікөдемге тіпті түнде тәлім беруге дайын болған. Біз де зерттеушілермен Киелі кітапты оларға ыңғайлы уақытта зерттеуіміз керек.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Иса Әкесіне адал болып қалу үшін күш сұрап дұға еткен. Біз де сынақтар кезінде солай етеміз.