Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Исаның інісінен үйренеріміз

Исаның інісінен үйренеріміз

“Құдайдың әрі Иеміз Иса Мәсіхтің құлы Жақып” (ЖАҚ. 1:1).

88-ӘН Ақ жолыңнан таймайын

АҢДАТПА *

1. Жақып қандай отбасында өсті?

 ИСАНЫҢ бауыры Жақып рухани мықты отбасында өсті. Оның ата-анасы Жүсіп пен Мәриям Ехобаны қатты жақсы көретін және оған жан-тәндерімен қызмет ететін. Жақып үшін бата болған тағы бір нәрсе — оның ағасы уәде етілген Мәсіх болды! Мұндай отбасында өсу неткен мәртебе!

Жақып ағасы Исаны өте жақсы танып өсті (2-абзацты қараңыз)

2. Жақыптың Исаны үлгі тұтуына қандай себептер болды?

2 Жақыптың Исаға тамсанып, оны үлгі тұтуына себептер жетіп артылатын (Мат. 13:55). Мысалы, Иса Жазбаларды жақсы білгені сонша — 12 жасында-ақ Иерусалимдегі ең білімді деген ұстаздардың өзін таңғалдырған (Лұқа 2:46, 47). Сондай-ақ Жақып ағасымен бірге ұстаханада жұмыс істесе керек. Нейтан Норр бауырлас: “Адаммен бірге еңбектенсең, оны жақсы танисың”,— деп жиі айтатын *. Сол сияқты Жақып та ағасын жұмыста тани түссе керек. “Исаның өсіп, даналығы да, Құдай мен адамдарға ұнамдылығы да арта бергенін” ол да байқаған болар (Лұқа 2:52). Осының бәрін көріп-естіп жүргеннен кейін, Жақыпты Исаның алғашқы шәкірттерінің бірі болған шығар деп ойлармыз. Бірақ бұлай болмады.

3. Иса жерде қызмет еткенде, Жақып оның шәкірті болды ма?

3 Иса жерде қызмет еткен кезде, Жақып оның шәкірті болып ермеді (Жох. 7:3—5). Қайта, туысқандары Исаны “ақылынан адасыпты” деп айыптағанда, солардың арасында Жақып та болса керек (Мар. 3:21). Бұған қоса, Иса бағанаға шегеленіп өлтірілгенде, қасында Жақыптың болғаны жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмайды (Жох. 19:25—27).

4. Бұл мақалада Жақыптан не үйренеміз?

4 Қуанышқа орай, кейін Жақып Исаға сеніп, оның шәкірті болды. Ол I ғасырдағы мәсіхшілердің арасында құрметті ақсақал болды. Біз осы мақалада Жақыптан екі нәрсеге үйренеміз: кішіпейілділікке және жақсы тәлімгер болуға.

ЖАҚЫП СИЯҚТЫ КІШІПЕЙІЛ БОЛЫҢЫЗ

Қайта тірілген Иса көрінген кезден бастап Жақып кішірейіп, соңына дейін адал шәкірті болып қызмет етті (5—7 абзацтарды қараңыз)

5. Қайта тірілген ағасының көрінгені Жақыпқа қалай әсер етті?

5 Қашан Жақып Исаның шәкірті болды? Қайта тірілген Иса “Жақыпқа, сосын елшілердің бәріне көрінгенде” (Қор. 1-х. 15:7). Осы жүздесуден кейін Жақыптың өмірі түбегейлі өзгерді. Ол басқа елшілермен бірге Иерусалимде Иса уәде еткен киелі рухтың қонуын күтті (Ел. іс. 1:13, 14). Ол тіпті кейін Басқарушы кеңестің мүшесі болып қуана қызмет етті (Ел. іс. 15:6, 13—22; Ғал. 2:9). Ал б. з. 62 жылына таман киелі рухтың жетелеуімен майланған мәсіхшілерге арнап хат жазды. Бұл хаттың пайдасын бүгінде майланғандар ғана емес, барлық мәсіхшілер көріп жүр (Жақ. 1:1). I ғасырдың тарихшысы Иосиф Флавийдың айтуынша, Жақып бас діни қызметкер Ананидың ұлы Аннастың бұйрығымен өлімге кесілген. Жақып жердегі өмірін аяқтағанша Ехобаға адал болып қалды.

6. Жақыптың діни жетекшілерден қандай айырмашылығы болды?

6 Жақып кішіпейіл болған. Оны сол замандағы діни жетекшілермен салыстырып көрейікші. Жақып Исаның Құдай Ұлы екендігінің бұлтартпас дәлелін көргенде, кішірейіп, Исаны қабылдады. Ал Иерусалимдегі жоғарғы діни қызметкерлер бұлай етпеді. Мысалы, Исаның Елазарды тірілткеніне көздері жетіп тұрса да, оны Құдай жібергенін мойындамай қойды. Тіпті Исаның да, Елазардың да көзін құртқылары келді (Жох. 11:53; 12:9—11). Кейін Иса қайта тірілген кезде де олар бұл айғақты адамдардан жасыруға тырысып-бақты (Мат. 28:11—15). Жоғарғы діни қызметкерлердің Исаны Мәсіх ретінде қабылдауға көкіректері жібермеді.

7. Көкіректік несімен қауіпті?

7 Алар сабақ: көкірек болмай, Ехобадан үйренуге дайын болыңыз. Кейбір аурулар жүрек қантамырларын тарылтып, қатайтып, жүректің соғысын қиындатып тастайды. Сол сияқты көкіректік те бейнелі жүрегімізді қатайтып, Ехобаның басшылығын қабылдауға кедергі жасайды. Парызшылдармен солай болды. Олар Исада Құдайдың рухы бар екенін және оның Құдай Ұлы екенін көріп-біліп тұрса да, оны мойындамай қойды (Жох. 12:37—40). Көкіректік олардың бейнелі жүректерін қатайтып, мәңгілік өмірден айырды (Мат. 23:13, 33). Олай болса, Құдайдың Сөзі мен рухының жетелеуіне еріп, қалыптаса бергеніміз өте маңызды! Олардың ойымыз бен шешімдерімізге әсер етуіне мүмкіндік берейік (Жақ. 3:17). Исаның бауыры Жақып кішіпейіл болғандықтан, Ехобадан үйренуге дайын болды. Осы кішіпейілділігінің арқасында ол жақсы тәлімгер де бола алды. Қазір сол туралы білейік.

ЖАҚЫП СИЯҚТЫ ЖАҚСЫ ТӘЛІМГЕР БОЛЫҢЫЗ

8. Бізге жақсы тәлімгер болуға не көмектеседі?

8 Жақыптың осы дүниелік жоғары білімі болмады. Діни жетекшілер оған Петір мен Жоханға қарағандай, “білімі жоқ, қарапайым адам” деп қарағанында сөз жоқ (Ел. іс. 4:13). Бірақ Киелі кітаптан Жақыптың хатын оқысақ, оның жақсы тәлімгер болуды үйренгенін білеміз. Біздің де осы дүниелік біліміміз аз шығар. Десе де Ехобаның киелі рухының және оның ұйымы беріп жатқан сабақтардың көмегімен біз де жақсы тәлімгер бола аламыз. Қазір Жақып қалай тәлім бергенін және одан не үйренетінімізді қарастырамыз.

9. Жақып қалай тәлім берген?

9 Жақып күрделі тіркестерді қолданбай, ойды қарапайым жеткізген. Нәтижесінде, тыңдаушылары не істеу керектігін және оны қалай істеу керектігін бірден ұғып алған. Мысалы, Жақып мәсіхшілер әділетсіздікке ыза-кексіз төзу керектігін қалай түсіндіргеніне көңіл бұрайықшы. Ол былай деп жазған: “Біз қиындықтарға төзгендерді бақытты деп айтамыз. Сендер Әйүптің төзімділігі жайлы естігенсіңдер, соңында Ехобаның оған қалай батасын бергенін де білесіңдер. Бұдан Ехобаның өте жанашыр әрі мейірімді екенін көрдіңдер” (Жақ. 5:11). Байқасаңыз, Жақып сөздерін Жазбаларға негіздеген. Ол Әйүп сияқты адал болып қалғандарға Құдай міндетті түрде сый беретінін Жазбалардан түсіндіріп берді. Жақып осы ойды қарапайым сөзбен әрі қарапайым қисынмен жеткізді. Осылай ол өзіне емес, Ехобаға назар аударды.

10. Жақып сияқты тәлім берудің бір жолы қандай?

10 Алар сабақ: ойды қарапайым етіп жеткізіңіз және Құдай Сөзінен үйретіңіз. Біздің мақсатымыз — адамды мол білімімізбен таңғалдыру емес. Қайта, Ехобаның даналығына және зерттеушінің қамын қаншалықты ойлайтынына назар аудару (Рим. 11:33). Бұл үшін айтып жатқан сөзімізді үнемі Жазбаларға негіздеуіміз керек. Мысалы, зерттеушіге “сенің орныңда осылай істер едім” деудің орнына, оның өзіне Киелі кітаптағы мысалдардың үстінен ой жүгіртуге және Ехобаның сол мәселеге қатысты не ойлап, не сезінетінін түсінуге көмектесейік. Сонда зерттеуші біздің көңілімізден шығуға емес, Ехобаға ұнамды болуға тырысады.

11. Жақыптың кезіндегі кейбір мәсіхшілерде қандай қиындық болды және Жақып оларға қандай кеңес берді? (Жақып 5:13—15)

11 Жақып проблеманы байқай білген және әрекет еткен. Жақыптың хатынан байқайтынымыз, ол бауырластарының немен күресіп жүргенін жақсы білген және оларға көмек болатын нақты кеңестер берген. Мысалы, кейбір мәсіхшілер өзгеруге күш салмаған (Жақ. 1:22). Ал басқалары байларға жағымпазданған (Жақ. 2:1—3). Өзгелері болса тілдеріне ие болмаған (Жақ. 3:8—10). Бұл мәсіхшілердің үлкен кемшіліктері болса да, Жақып олардан күдерін үзбеді. Ол мейірімділікпен әрі тіке кеңес берді және рухани әлсіреп қалғандарды ақсақалдардан көмек сұрауға талпындырды (Жақып 5:13—15 оқыңыз).

12. Неліктен біз зерттеушінің өзгере алатынынан үміт үзбейміз?

12 Алар сабақ: зерттеушінің проблемасын көре біліңіз, бірақ күдер үзбеңіз. Көп зерттеушіге Киелі кітаптың кеңесін қолдану қиын болып жатады (Жақ. 4:1—4). Оларға жаман әдеттерінен арылып, мәсіхшілерге тән қасиеттерді дамыту үшін біраз уақыт керек. Осындайда біз Жақыпқа еліктеп, зерттеушілерімізге жөнделу керек тұстарын батыл айтуымыз керек. Сондай-ақ біз олардың жақсы жаққа өзгере алатындарынан күдер үзбегеніміз жөн. Себебі Ехоба өзіне кішіпейіл жандарды жақындатып тартады және оларға өзгеруге күш береді (Жақ. 4:10).

13. Жақып 3:2-ден көретініміздей, Жақып нені мойындаған?

13 Жақып өзін басқалардан жоғары қоймаған. Ол Иса Мәсіхтің бауырымын деп, я болмаса өте маңызды қызметтер атқарамын деп өзін басқа мәсіхшілерден жоғары санамаған. Қайта, оларды “сүйікті бауырластарым” деп атаған (Жақ. 1:16, 19; 2:5). Сондай-ақ Жақып өзін бойында бір міні жоқ адамдай көрсетпеген. Ол “бәріміз де көп сүрінеміз” деп, өзінің де басқалар сияқты қателесетінін мойындаған (Жақып 3:2 оқыңыз).

14. Қателік жасайтынымызды мойындай білгеніміз неге маңызды?

14 Алар сабақ: бәріміздің де күнәкар екенімізді ұмытпаңыз. Біз зерттеушілерден өзімізді жоғары санамағанымыз жөн. Өйткені өзімізді ешқандай қателік жібермейтіндей етіп көрсетсек, олар “мен ешқашан да Құдайдың ондай қызметшісі бола алмаймын” деп ойлауы мүмкін. Ал егер Киелі кітап принциптерімен өмір сүру өзімізге де оңай болмағанын ашық мойындасақ және өзгеруімізге Ехобаның қалай көмектескенін айтып берсек, олар да Ехобаға қызмет ете алатындарын түсінеді.

Жақыптың мысалдары қарапайым, анық әрі ұтымды болған (15, 16-абзацтарды қараңыз) *

15. Жақыптың келтірген мысалдары қандай болған? (Жақып 3:2—6, 10—12)

15 Жақыптың мысалдары бірден жүрекке жеткен. Оған жақсы тәлім беруге, әрине, киелі рух көмектескен. Бұдан бөлек, ағасы Исаның тәлім бергенде қолданған мысалдарын зерттегені де оған көмектессе керек. Жақыптың хатын оқығанда байқайтынымыз, оның мысалдары өте қарапайым әрі іс жүзінде қалай қолдану керектігі де ап-анық (Жақып 3:2—6, 10—12 оқыңыз).

16. Біз неліктен ұтымды мысалдар келтіруіміз керек?

16 Алар сабақ: ұтымды мысалдар келтіріңіз. Сіздің келтірген мысалыңыз ұтымды болса, адам берген тәліміңізді құлақпен естіп қана қоймай, көз алдына елестете алады. Осылай елестетудің арқасында Киелі кітаптағы негізгі шындықтар оның санасында жатталып қалады. Жақып керемет мысалдардың қайнары Исадан үлгі алған. Қазір біз Жақыптың бір мысалын алып, оның несімен ұтымды болғанын талдап көрейік.

17. Жақып 1:22—25 тармақтардағы мысал неліктен ұтымды болды?

17 Жақып 1:22—25 оқыңыз. Жақып тыңдаушыларына мына бір маңызды ойды жеткізгісі келді: Құдай Сөзін құр оқығаннан пайда жоқ, оны іс жүзінде орындау керек. Бұл үшін ол адамдарға өте таныс жағдайды мысалға келтірді. Мысалы, адам айнаға қарап, бетіндегі кірді көрсе де, сүртпей жүре берсе, бұнысы ақымақтық болар еді. Сол сияқты, Құдай Сөзін оқыған адам өзінің кемшіліктерін байқап, бірақ өзгермей жүре берсе, оның оқығаны — бекершілік. Расында да, Жақыптың мысалы оның үйретпек ойын жақсы жеткізді әрі тиімді жақтары көп болды.

18. Мысал келтіргенде қандай үш қағиданы ұстанғанымыз жөн?

18 Жақып сияқты ұтымды мысалдар келтіруге мына үш қағида көмектеседі: 1) үйретпек тәліміңізді аша түсетін мысал таңдаңыз, 2) адамға таныс және түсінікті нәрсені мысалға келтіріңіз, 3) мысалыңыздан қандай сабақ алу керектігі анық болсын. Жақсы мысалдарды қайдан табамын десеңіз, “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткішін” (ор.) қарасаңыз болады. Ол жердегі “Мысалдар” (“Наглядные примеры”) деген тақырыпшаның астында өте көп мысалдар бар. Алайда ескеретін бір жайт — мысалдар микрофон сияқты. Олар кез келген ойды айрықшалап, жаңғыртып жібереді. Сондықтан оларды тек негізгі ойларға келтіріңіз. Сондай-ақ мынаны ұмытпағаныңыз маңызды: біздің жақсы тәлімгер болуға ұмтылатын себебіміз — жұртты шеберлігімізбен таңғалдыру емес, мүмкіндігінше көбірек адамға Ехобаның бақытты халқына қосылуға көмектесу.

19. Рухани отбасыңызды бағалайтыныңызды қалай көрсетсеңіз болады?

19 Біздің Жақыптікіндей кемелді ағамыз болмаса да, Ехобаға иық тіресе қызмет ететін өте үлкен рухани отбасымыз бар. Біз оларды жақсы көріп, бағалағандықтан, олармен араласамыз, олардан үйренеміз, уағыздау мен тәлім беру ісінде бірге адал еңбектенеміз. Бұған қоса, Жақыптың көзқарасын, жүріс-тұрысын, тәлім беру әдісін үлгі тұтсақ, Ехобаны мадақтаймыз және ақжүрек жандарға мейірімді Әкемізге жақындауға көмектесеміз.

114-ӘН Шыдамды болайық

^ Жақып Исамен бір үйде өскен, сондықтан ол Құдайдың кемелді Ұлын басқаларға қарағанда жақсы білген. Кейін Жақып I ғасырдағы мәсіхшілер қауымының тірегі болды. Біз бұл мақалада Жақыптың өмірі мен тәлімдерінен не үйренетінімізді қарастырамыз.

^ Нейтан Норр бауырлас Басқарушы кеңестің мүшесі болған. Оның жердегі өмірі 1977 жылы аяқталды.

^ СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Жақып тілді кішкене отқа теңеп, үлкен қауіп төндіре алатынын көрсетті. Сонда жұрт тілге ие болмаудың кесірін бірден түсінді.