Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

5-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

“Уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар”

“Уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар”

“Қалай әрекет ететіндеріңе мұқият ден қойыңдар, ақылсыз емес, дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар” (ЕФЕС. 5:15, 16).

8-ӘН Ехоба — біздің қорғанымыз

АҢДАТПА *

1. Ехобамен бірге уақыт өткізу деген не?

 БІЗ жақын адамдарымызбен бірге уақыт өткізгенді ұнатамыз. Мысалы, ерлі-зайыптыларға кешкі уақытты бірге, оңашада өткізген ұнайды. Ал жастар достарымен бірге жиналып, араласқанды жақсы көреді. Сондай-ақ бәріміз де бауырластарымызбен бас қосатын сәттерді бағалаймыз. Десе де Ехобамен бірге өткізетін уақытымыз біз үшін бәрінен де қымбат. Біз оған дұға айтамыз, Сөзін оқып, оны тыңдаймыз, керемет қасиеттері мен ниеті жайлы ойланып-толғанамыз. Бұлар біз үшін өте бағалы сәттер! (Зәб. 139:17).

2. Бізге не нәрсе қиын?

2 Ехобамен бірге уақыт өткізуді жақсы көргенімізбен, бір қиындық бар. Өміріміз өте қарбалас болғандықтан, рухани істерге уақыт табу оңай емес. Жұмысымыз, отбасылық міндеттер және басқа да тірліктер бастан асатындықтан, дұға айтуға, Киелі кітапты зерттеуге және ой жүгіртуге қолымыз тимейтін шығар.

3. Уақытымызды тағы не алып қоюы мүмкін?

3 Уақытымызды білдіртпей сарқып алатын істер де бар. Бұл істердің жаман ештеңесі болмаса да, олар Ехобаға жақындау үшін жұмсайтын уақытымызды алып қоюы мүмкін. Мысалы, ара-тұра демалып, көңіл көтергеніміз жақсы, әрине. Бірақ ол пайдалы демалыс болғанымен, көп уақытымызды алса, рухани істерге аз ғана уақыт қалып қоюы мүмкін. Сондықтан демалыс пен көңіл көтерудің өмірде басты орынға шығып кетпеуін қадағалайық (Нақ. с. 25:27; Тім. 1-х. 4:8).

4. Бұл мақалада не қарастырамыз?

4 Бұл мақалада маңызды істерге неге басымдық беру керектігін қарастырамыз. Сондай-ақ Ехобамен бірге өткізетін уақытымыз барынша тиімді болу үшін не істей алатынымызды және бұның біз үшін қандай пайдасы бар екенін білеміз.

ДҰРЫС ТАҢДАУ ЖАСАҢЫЗ, ІСТІҢ МАҢЫЗДЫСЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРІҢІЗ

5. Жастарға дұрыс өмір жолын таңдауға Ефестіктерге 5:15—17 тармақтар қалай көмектеседі?

5 Ең жақсы өмір жолын таңдаңыз. Жастарға өмірлерін не нәрсеге арнайтындарын шешу оңай емес шығар. Олардың мұғалімдері мен Куәгер емес туыстары жоғары білім алып, мансап қууға талпындырып жатады. Бірақ бұлар көп уақытты талап етеді. Ал Куәгер ата-аналары мен қауымдағы достары болса жастарды Ехобаға көбірек қызмет етсе екен дейді. Осындайда Ехобаны сүйетін жастарға дұрыс таңдау жасауға не көмектеседі? Ефестіктерге 5:15—17 (оқыңыз) тармақтарды оқып, ой жүгірткендері. Жастар, осы тармақтарды оқығаннан кейін былай деп ойланып көріңдер: “Ехобаның еркі қандай? Ол не таңдағанымды қалайды? Қай өмір жолын таңдасам, мен уақытымды барынша тиімді пайдаланатын боламын?” “Қазіргі күндер зұлымдыққа толы” екенін және жуырда Шайтанның дүниесі жойылатынын ұмытпаңдар. Сондықтан дана болып, Ехобаны қуантатын өмір жолын таңдайық.

6. Мәриям қандай таңдау жасады және неге онікі дұрыс болды?

6 Маңызды істерге басымдық беріңіз. Уақытымызды барынша тиімді пайдалану үшін кейде дұрыс нәрселердің де дұрысын таңдау керек болады. Бұны жақсырақ түсіну үшін Марта және Мәрияммен болған жағдайды келтірсе болады. Иелері Исаның қонаққа келгеніне қатты қуанып, Марта түрлі тамақ дайындап, мол дастарқан жаймақшы болады. Ал сіңлісі Мәриям болса Исаның қасында отырып, одан тәлім алудың мүмкіндігін қалт жібермейді. Негізінде, Мартаның ниеті де, ісі де жақсы болды. Алайда Мәриям “ең жақсысын таңдады” (Лұқа 10:38—42 сілт.). Сол күні Мәриям қандай тамақ жегенін кейін ұмытып кеткен шығар, бірақ Исаның не айтқанын ол өмірінің соңына дейін есінде сақтады. Исамен бірге өткізген сол уақыт Мәриямға қаншалықты бағалы болса, бізге де Ехобамен бірге өткізетін уақытымыз соншалықты бағалы. Сол уақытты барынша тиімді пайдалануымыз үшін не істесек болады?

ЕХОБАҒА АРНАЙТЫН УАҚЫТЫҢЫЗ БАРЫНША САПАЛЫ ӨТСІН

7. Неге өмірімізде дұғаның, зерттеу мен ой жүгіртудің орны ерекше болуы керек?

7 Дұға, зерттеу мен ой жүгірту ғибадатқа жататынын ұмытпаңыз. Біз дұға еткенде, бізді қатты жақсы көретін көктегі Әкемізбен сөйлесеміз (Зәб. 5:7). Киелі кітапты зерттегенде, “даналықтың қайнары” — Құдай туралы білім аламыз (Нақ. с. 2:1—5). Ал ой жүгірткенде, Ехобаның тамаша қасиеттерін байқаймыз. Оның бүкіл жаратылысқа және бізге қатысты керемет ниетін еске түсіріп отырамыз. Уақытымызды барынша тиімді пайдаланудың осыдан асқан жолы жоқ шығар! Қазір Ехобаға арнайтын уақытымызды барынша сапалы өткізу үшін не істесек болатынын білейік.

Жеке зерттейтін тыныш жер таба аласыз ба? (8, 9-абзацтарды қараңыз)

8. Исаның шөл далада уақытын қалай өткізгенінен біз қандай сабақ аламыз?

8 Мүмкін болса, тыныш жерге барыңыз. Мысалы, Иса жердегі қызметін бастамас бұрын, 40 күн бойы шөл далада жүрген. Сол жерде ол оңашада дұға айтты, Әкесінің өзіне қатысты еркі жайлы ойланып-толғанды (Лұқа 4:1, 2). Осының арқасында Иса алдағы сынақтардан сүрінбей өтуге дайын болды. Осы жағынан сіз Исадан қандай үлгі аласыз? Мысалы, отбасыңыз өте үлкен болса, тыныш жер табу қиын шығар. Мұндайда сыртқа шықсаңыз болады. Джулия деген бауырлас дұға ететін кезде осылай істейді екен. Ол күйеуімен Францияда кішкентай пәтерде тұрғандықтан, оның оңаша қалып, дұға етуге мүмкіндігі жоқ. “Сондықтан мен күнде саябаққа барамын. Ол жерде ешкім кедергі жасамайды. Соның арқасында алаңдамай, Ехобамен сырласа аламын”,— дейді Джулия.

9. Уақыты тығыз болғанына қарамастан, Иса Ехобамен қарым-қатынасын бағалайтынын қалай көрсетті?

9 Иса жерде қызмет еткен кезінде уақыты өте тығыз болған. Қайда барса да жан-жағын жұрт қаумалап, оның көңіл бөлгенін қажет ететін. Бірде оны көру үшін тіпті “бүкіл қала есік алдына жиналған”. Осындай қарбалас қызметтің арасынан да Иса Әкесімен бағалы қарым-қатынасына уақыт тапты. Ол таң атпай, “оңаша бір жерге барып, дұға ете бастады” (Мар. 1:32—35).

10, 11. Матай 26:40, 41-де айтылғандай, Иса шәкірттеріне қандай уақытылы кеңес берді, бірақ олар не істеді?

10 Иса өлер алдындағы түні де дұға етіп, ой жүгіртетін тыныш жер іздеді. Мұндай жерді ол Гетсимани бағынан тапты (Мат. 26:36). Сол түні Иса шәкірттеріне дұғаға байланысты өте уақытылы кеңес айтты.

11 Олар Гетсимани бағына түннің бір уағында жетсе керек. Иса шәкірттеріне “сергек болыңдар” деді де, өзі әрірек барып, дұға етті (Мат. 26:37—39). Дұға етіп келсе, шәкірттері ұйықтап жатыр екен. Сонда Иса оларға “сергек болып, ұдайы дұға етуді” тағы да тапсырды (Матай 26:40, 41 оқыңыз). Иса шәкірттерінің қатты күйзеліп, шаршап-шалдыққандарын түсінгендіктен, оларға жаны ашыды. “Тән әлсіз” екенін де мойындады. Осыдан кейін Иса тағы екі рет дұға айтты және осы екі жағдайда да шәкірттері дұға етпей, ұйықтап жатты (Мат. 26:42—45).

Сергек кезде дұға ету үшін арнайы уақыт бөле аласыз ба? (12-абзацты қараңыз)

12. Қатты шаршағандықтан не күйзелгендіктен дұға айта алмағанда, не істесеңіз болады?

12 Дұрыс уақытты таңдаңыз. Көп стресс алғаннан немесе қатты шаршағаннан, кейде дұға етуге шамаңыз келмей жата ма? Мұндай жағдай көп бауырласта болып тұрады. Оларға не көмектескен? Мысалы, кейбіреулері тым кеш, дәл жатар алдында дұға етуге әдеттеніп қалған. Бірақ олар сәл ертерек әрі қатты шаршамай тұрғанда дұға етудің тиімді екенін байқаған. Басқалары орындықта немесе тізерлеп отырғанда, сергек дұға айтатындарын байқаған. Ал егер қатты күйзеліп не түңіліп тұрғандықтан, дұға айта алмаймын деп ойласаңыз ше? Мұндайда Ехобаға не сезініп тұрғаныңызды айтыңыз. Мейірімді Әкеміз сізге түсінікпен қарайтынына сенімді болыңыз (Зәб. 139:4).

Қауым кездесуі өтіп жатқанда электронды хаттарға алаңдамай отыра аласыз ба? (13, 14-абзацтарды қараңыз)

13. Электронды құрылғылар Ехобамен бірге уақыт өткізуімізге қалай кедергі жасауы мүмкін?

13 Алаңдамаңыз. Ехобамен достығымыз тек дұға еткенде ғана нығаймайды. Оның Сөзін зерттеп, қауым кездесулеріне қатысқанымыз да бізді оған жақындата түседі. Сіз Киелі кітапты зерттегендегі және қауым жиналыстарына қатысқандағы уақытты барынша тиімді пайдаланып жүрсіз бе? Әлде сізді алаңдататын нәрселер бар ма? Мысалы, смартфоныңызға не басқа да электронды құрылғыңызға келіп түскен қоңыраулар мен хаттарға алаңдайсыз ба? Бұндай құрылғылар бүгінде барлық адамда дерлік бар. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, смартфонның адамның көз алдында тұрғанының өзі оны алаңдатады екен. ”Адам алдындағы жұмысына зейін қоя алмай, ойы басқа жақта жүреді”,— дейді психологияның бір профессоры. Есімізде болса, конгрестегі хабарландыруларда электронды құрылғымызды өзгелерді алаңдатпайтын режимге қоюды сұрайды. Құрылғылар өзімізді де алаңдатпау үшін, яғни Ехобамен бірге өткізетін уақытымызға кедергі жасамау үшін біз де осылай ете аламыз ба?

14. Філіпіліктерге 4:6, 7-ге сай, Ехоба зейін қоюымызға қалай көмектеседі?

14 Зейін қою үшін Ехобадан көмек сұраңыз. Зерттеп жатқанда немесе қауым кездесуінде ойыңыз сан-саққа жүгіріп кетсе, дұға етіп Ехобадан көмек сұраңыз. Уайымдап, мазаңыз қашып тұрғанда, рухани нәрселерге зейін қою қиын шығар. Бірақ еш берілмеңіз. Дұғада жүрегіңізді де, ой-санаңызды да сақтайтын тыныштық сұраңыз (Філіпіліктерге 4:6, 7 оқыңыз).

ЕХОБАМЕН БІРГЕ УАҚЫТ ӨТКІЗГЕН ЖАРЫЛҚАНАР!

15. Ехобамен бірге уақыт өткізсек, қандай пайдасын көреміз?

15 Ехобамен сөйлесуге, оны тыңдауға, ол туралы ойлануға уақыт бөлсеңіз, молынан жарылқанасыз. Біріншіден, жақсы шешімдер қабылдайтын боласыз. Киелі кітапта: “Данамен жүрген дана болар”,— делінген (Нақ. с. 13:20). Демек, даналықтың қайнары — Ехобамен бірге уақыт өткізген сайын, сіз де дана боласыз. Сонда оған ұнамды болу үшін не істеу керектігін, ал жүрегін ауыртпау үшін не істемеу керектігін жақсырақ түсінесіз.

16. Қалайша Ехобамен бірге уақыт өткізгеніміз жақсы тәлімгер болуға көмектеседі?

16 Екіншіден, жақсы тәлімгер боласыз. Біреумен Киелі кітапты зерттегенде, біздің ең маңызды мақсаттарымыздың бірі — оған Ехобаға жақындауға көмектесу. Егер өзіміз көктегі Әкемізбен көбірек уақыт өткізсек, зерттеушіге де Құдайды сүюді жақсырақ үйрете аламыз. Иса осындай тәлімгер болған. Ол Әкесінің қандай Құдай екенін ерекше сүйіспеншілікпен, жылулықпен жеткізгендіктен, ізбасарлары да Ехобаны қатты жақсы көріп кетті (Жох. 17:25, 26).

17. Қалайша дұға мен жеке зерттеу сенімімізді өсіреді?

17 Үшіншіден, сеніміңіз өседі. Ехобадан ақыл-кеңес, жұбаныш, күш сұрап дұға еткен сайын, ол дұғаларыңызға жауап бергенде, не болатынын білесіз бе? Сеніміңіз өседі (Жох. 1-х. 5:15). Біздің сеніміміз жеке зерттегенде де нығаяды. Өйткені “сенім сөзді естуден туады” (Рим. 10:17). Десе де сеніміміз мықты болу үшін тек қана білім алғанымыз жеткіліксіз. Тағы не қажет екенін келесі абзацтан көрейік.

18. Ой жүгіртудің маңыздылығын айтып беріңіз.

18 Біз оқып-білгеніміз жайлы ой жүгіртуіміз керек. Зәбүрдің 77-нші жырын жазған адам осылай еткен. Ол өзі де, халқы да Ехобаның ықыласынан айырылып қалдық деп ойлап, қатты күйзелген еді. Осы ойлар маза бермегендіктен, ол түнімен кірпік қақпай шығатын (2—8 тармақтар). Сонда ол не істеді? Ол Ехобаға: “Сенің бар әрекеттерің жайлы ойланамын, Істерің жайлы толғанамын,”— деді (12-тармақ). Әрине, ол бұрында Құдайдың өз халқы үшін жасаған әрекеттерін білмеді емес, білді. Сонда да ол: “Құдайдың ықылас танытуды ұмытқаны ма? Әлде мейірімін қаһарының басып тастағаны ма?”— деп мазаланды (9-тармақ). Бірақ бұл Зәбүр жыршысы Ехобаның кезіндегі істері жайлы ой жүгіртті (11-тармақ). Халқына рақымдылық танытып, аяушылық көрсеткенін есіне алды (15-тармақ). Осындай толғаныстың нәтижесінде Ехоба өзінің халқын еш тастамайтынына сенімді болды. Сіз де Ехобаның өзінің халқы үшін және жеке сіз үшін жасаған істері жайлы ой жүгіртсеңіз, сеніміңіз қатая түседі.

19. Ехобамен бірге уақыт өткізудің тағы қандай пайдасы бар?

19 Төртіншіден әрі ең маңыздысы, Ехобаға деген сүйіспеншілігіңіз тереңдейді. Ехобаға мойынсұнуға, оны қуанту үшін құрбандықтарға баруға және кез келген сынаққа төтеп беруге басқа ешқандай қасиет осы сүйіспеншіліктей талпындыра алмайды (Мат. 22:37—39; Қор. 1-х. 13:4, 7; Жох. 1-х. 5:3). Бұл дүниеде біз үшін Ехобаны сүйіп, онымен жақын дос болудан асқан бақыт жоқ! (Зәб. 63:1—8).

20. Ехобамен бірге уақыт өткізу сіз үшін өте маңызды екенін қалай көрсете аласыз?

20 Дұға ету, зерттеу мен ой жүгіртудің ғибадат екенін ұмытпаңыз. Ехобамен бірге уақыт өткізу үшін Иса сияқты, тыныш жер табыңыз. Алаңдататын нәрселерден арылыңыз. Рухани істерді зейін салып атқару үшін, Ехобадан көмек сұраңыз. Қазірден уақытыңызды барынша тиімді пайдалансаңыз, Ехоба сізге жаңа дүниеде мәңгілік өмір сыйлайды (Мар. 4:24).

28-ӘН Ехобаның досы болайық

^ Біреуді жақсырақ тану үшін онымен уақыт өткізу қажет. Біздің ең жақын Досымыз Ехобамен де солай. Оны жақсырақ тани түсу үшін бізге уақыт бөлу қажет. Бірақ таң атқаннан кеш батқанша жүгіріс көп мына қарбалас заманда бұған қайдан уақыт табамыз? Ал уақыт таба білсек, бұның қандай пайдасын көреміз?