Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехобаның баталары үшін күресе берейік!

Ехобаның баталары үшін күресе берейік!

“Сен Құдаймен және адамдармен күресіп, жеңіп шықтың” (МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 32:28).

ӘНДЕР: 60, 38

1, 2. Ехобаның қызметшілері немен күреседі?

ҚҰДАЙДЫҢ Әбілден бастап бүгінгі күнге дейінгі адал қызметшілерінің бәрі күрес жүргізіп келеді. Елші Пауыл еврей мәсіхшілердің Ехобаның ықыласы мен батасына ие болу үшін “азап шеге жүріп аянбай күрескенін” айтқан (Еврейлерге 10:32—34). Пауыл мәсіхшілердің күресін жүгіру, күрес және бокс сияқты грек жарыстарындағы атлеттердің тырмысуымен салыстырған (Еврейлерге 12:1, 4). Бүгінде біз өмір жарысына қатысудамыз. Қарсыластарымыз бізді жолдан алаңдатқысы келеді, бізді итеріп құлатуға не ұрып жығуға бар. Олар сондай-ақ қуанышымыздан айыруды әрі болашақтағы сыйларымыздан құралақан қалдыруды көздейді.

2 Біз үшін ең ауыр күрес — Шайтан мен оның дүниесімен айқасу (Ефестіктерге 6:12). Бізге осы дүниенің “бекіністеріне”, мысалы, оның ілімдері мен пәлсапасына, сондай-ақ азғындық, темекі, ішімдік, есірткі сияқты зиянды істеріне қарсы тұру қажет. Бұған қоса, біз өзіміздің тәндік әлсіздігімізбен және ұнжырғамыздың түсуімен арпалысу керекпіз (Қорынттықтарға 2-хат 10:3—6; Қолостықтарға 3:5—9).

3. Жауларымызбен күресу үшін Ехоба бізді қалай жаттықтырады?

3 Осындай күшті қарсыластарды жеңіп шығу шынымен мүмкін бе? Әлбетте. Бірақ бұл оңайға соқпайды! Кезінде елші Пауыл: “Жұдырықтағанда, ауаны жұдырықтап жатқан жоқпын”,— дегенде, өзін боксшыға теңеген (Қорынттықтарға 1-хат 9:26). Боксшы қарсыласын соққылайтыны секілді, біз де жауларымызға соққы беруіміз керек. Бұл үшін Ехобаның өзі жәрдем беріп, бізді жаттықтырады. Ол мұны Киелі кітап арқылы істейді. Сонымен қатар бізге Киелі кітапқа негізделген басылымдар, қауым кездесулері мен конгрестер арқылы көмектеседі. Алып жатқан тәлімдеріңізді іс жүзінде қолданып жүрсіз бе? Егер олай етпесеңіз, онда жауға барынша қарсы тұрмай, “ауаны жұдырықтап жатқаныңыз”.

4. Жамандықтан жеңілмеу үшін не істеуіміз керек?

4 Біз әрдайым қырағы болу керекпіз. Өйткені жауларымыз өзіміз күтпеген шақта не әлсіреген кезімізде шабуылдауы мүмкін. Киелі кітапта әрі ескерту, әрі жігер болатын мынадай сөздер бар: “Жамандықтан жеңілмей, оны әрдайым жақсылықпен жеңіп шық!” (Римдіктерге 12:21). “Жамандықтан жеңілмей” деген сөздер жамандықты жеңу қолымыздан келетінін көрсетеді. Бұл үшін онымен күресуді еш тоқтатпауымыз қажет. Ал егер қырағылығымызды жоғалтып, шайқасуды доғарсақ, Шайтан мен оның зұлым дүниесі және тәндік әлсіздіктеріміз бізден басым түсіп, жеңіп кетеді. Сондықтан күресуден еш талмайық. Шайтанның қолымызды әлсіретіп, сағымызды сындыруына жол бермейік! (Петірдің 1-хаты 5:9).

5. а) Құдайдың ықыласы мен батасы үшін күресе беруімізге не көмектеседі? ә) Киелі кітаптан кімдердің үлгісін қарастырамыз?

5 Күресте жеңіп шығу үшін, не себепті айқасып жатқанымызды есте ұстауымыз қажет. Құдайдың ықыласы мен батасына ие болу үшін Еврейлерге 11:6-дағы сөздерге ден қоюымыз керек. Онда: “Құдайға жақындайтын әркім оның бар екеніне және өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретініне сену керек”,— делінген. Мұндағы Ехобаны “шын жүректен іздеу” деген сөз оның мақұлдауына ие болу үшін аянбай күш салу, жанталаса тырмысу дегенді білдіреді (Елшілердің істері 15:17). Жазбаларда осылай еткен ерлер мен әйелдердің тамаша мысалдары көптеп кездеседі. Мысалы, Жақып, Рахила, Жүсіп пен Пауылды алсақ, олар өздерін эмоциялық және тәндік жағынан қажытқан жағдайларға кезіккен. Әйткенмен олар қайсарлықтың арқасында мол батаға кенелді. Осы керемет төрт күрескердің үлгісіне қалай еліктеуге болады?

ҚАЙСАРЛЫҚ ТАНЫТСАҚ, БАТАҒА КЕНЕЛЕМІЗ

6. Жақыпқа қайсарлық танытуға не көмектесті және ол қалай жарылқанды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

6 Әулетбасы Жақып Ехобаны жақсы көргендіктен және рухани нәрселерді жоғары бағалағандықтан, талмай күресіп, қайсарлық танытты. Ол Ехобаның үрім-бұтағыңа батамды төгемін деген уәдесіне қалтқысыз сенді (Мұсаның 1-жазбасы 28:3, 4). Сондықтан 100-ге таяған шағында Жақып Құдайдың батасын алу үшін тіпті періштемен күресті (Мұсаның 1-жазбасы 32:24—28 оқыңыз). Бірақ ол құдіретті періштемен өз күшімен күресе алатындай мықты ма еді? Әрине, жоқ! Әйтсе де ол алған бетінен қайтпайтын күрескер екенін әрі қиындықтан еш қашпайтынын көрсетті! Ехоба Жақыпты қайтпас қайсарлығы үшін жарылқап, оған “Құдаймен күресуші (қайсар)” дегенді білдіретін Исраил деген ат берді. Осылай Жақып біздер де көздеп жүрген сыйға, яғни Ехобаның ықыласы мен батасына ие болды.

7. а) Рахила қандай ауыр жағдайға кезікті? ә) Рахила не істеді және ол ақырында қалай жарылқанды?

7 Жақыптың сүйікті жары Рахила да Ехоба күйеуіне берген уәдесін қалай орындайтынын асыға күтті. Алайда кесе-көлденең тұрған бір қиындық бар еді. Рахила бедеу болатын. Ол заманда әйел үшін бұдан асқан қасірет жоқ-тын. Рахила осындай ауыр жағдайға қарамастан, күресін қалай жалғастырды? Ол күдерін еш үзбеді. Ехобаға дұға еткен үстіне дұға етіп, күресе берді. Ехоба оның қайта-қайта айтқан жалбарынышына құлақ асты. Рахила ақырында жарылқанып, бала сүйді. Міне, сол себептен де ол: “Мен... аянбай күресіп, жеңіп шықтым”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 30:8, 20—24).

8. Жүсіп қандай қиын жағдайларға тап болды және ол бізге қай жағынан өнеге болып табылады?

8 Жақып пен Рахиланың қайсар үлгісі ұлдары Жүсіптің жүрегінде өшпес із қалдырып, сенімі сынға алынған шақтарда көп пайдасын тигізді. 17 жасында оның өмірі күрт өзгерді: бауырлары оны көре алмай, құлдыққа сатып жіберді. Кейіндеу Жүсіп еш айыбы болмаса да, көп жылын Мысырдағы түрмеде өткізді (Мұсаның 1-жазбасы 37:23—28; 39:7—9, 20, 21). Сонда да оның салы суға кетпеді, не күйінгеннен кек алуды көздемеді. Өйткені бар назары мен жүрегін Ехобамен құнды қарым-қатынасына бұрды (Мұсаның 3-жазбасы 19:18; Римдіктерге 12:17—21). Жүсіптің үлгісі — біз үшін өнеге. Мысалы, тіпті балалық шағымыз қиын болған болса да немесе қазіргі өміріміз жақсы жаққа еш өзгерместей көрінсе де, қажымай күресе беруіміз керек. Сонда Ехобаның бізді жарылқайтынына сенімді бола аламыз (Мұсаның 1-жазбасы 39:21—23 оқыңыз).

9. Жақып пен Рахилаға және Жүсіпке қалай еліктей аламыз?

9 Бүгінде біз де басымыздан небір қиындықты өткеріп жатқан болармыз. Бәлкім, әділетсіздіктен, алалаушылықтан не келеке-мазақтан жапа шегіп жүрген шығармыз. Я болмаса қызғаныштан әлдекім бізге жала жапқан болар. Мұндай кезде жүніміз жығылып, беріле салудың орнына, Жақып, Рахила мен Жүсіптің Ехобаға қуанышпен қызмет ете беруіне не көмектескенін жадымызда ұсталық. Құдаймен қарым-қатынастарын әрдайым аса жоғары бағалағандықтан, оларды Құдайдың өзі нығайтып, батасын берді. Олар талмай күресіп, өз дұғаларына сай әрекет етті. Осы зұлым дүниенің соңғы күндерінде өмір сүріп жатқандықтан, келешекке деген үмітіміздің мызғымастай берік болғаны өте маңызды! Ехобаның мейір-шапағатына ие болу үшін күресуге, яғни аянбай күш салуға асықсыз ба?

БАТА ҮШІН КҮРЕСУГЕ АСЫҚ БОЛАЙЫҚ

10, 11. а) Неге бізге бата үшін жанталасуға тура келеді? ә) Дұрыс шешімдер қабылдауымызға не көмектеседі?

10 Неге бізге бата үшін жанталасуға тура келеді? Мұның бір себебі — кемелсіз болғандықтан, қандай да бір тән әлсіздігін жеңу біз үшін нағыз күреске айналуы мүмкін. Кейбіреулерге қызметке деген оң көзқарас таныту қиын болса, өзгелері денсаулықтың нашарлауымен не жалғыздық сезімімен алысатын шығар. Өзін ренжіткен я өзіне қарсы күнә жасаған адамды кешіру үшін арпалысып жүргендер де бар. Ехобаға қанша жыл қызмет етпейік, оған ғибадат етуге кедергі жасайтын нәрселермен бәріміз де күресуге тиіспіз. Ал өзіне адал болғандарды Құдай жарылқаусыз қалдырмайды.

Құдайдың батасы үшін күресіп жүрсіз бе? (10, 11-абзацты қараңыз)

11 Жасыратыны жоқ, дұрыс шешімдер қабылдап, мәсіхшілік жолды ұстану әсіресе бұрыс қалаулармен күресіп жүргенде қиынға соғуы мүмкін. Өйткені алдамшы жүрегіміз кері бағытқа тартып тұрады (Еремия 17:9). Егер сіз де өзіңізді осылай сезінсеңіз, міндетті түрде киелі рух сұрап дұға етіңіз. Дұға мен киелі рух сізге дұрыс нәрсені істеуге күш береді, нәтижесінде Құдайдың батасын көресіз. Іс-әрекетіңіз дұғаңызға сай болсын. Киелі кітапты күн сайын оқуға және жеке зерттеу мен отбасылық ғибадатқа уақыт бөлуге тырысыңыз (Зәбүр 119:32 оқыңыз).

12, 13. Екі мәсіхшіге бұрыс қалауларын тізгіндеуге не көмектесті?

12 Құдайдың Сөзі мен киелі рухы және басылымдарымыз көптеген бауырластарға бұрыс қалауларын жеңуге көмектескен. Бір жасөспірім 2003 жылдың 8 желтоқсанындағы “Ояныңдар!” (ор.) журналынан “Күнәкар қалаулармен қалай күресуге болады?” деген мақаланы оқыған. Бұл өзіне қалай әсер еткені жөнінде ол былай деді: “Мен жаман ойлармен күресіп жүрмін. Мақаладан “көбісіне жаман құмарлықтармен күресу нағыз арпалыс” екенін оқығанда, мен бауырластықтың бір бөлігі екенімді әрі бұл күресте жалғыз емес екенімді түсіндім”. Бұл бозбала 2003 жылғы 8 қазандағы “Ояныңдар!” (ор.) журналындағы “Құдай дәстүрлі емес өмір салтын құптай ма?” деген мақаланың да игілігін көрген. Сол мақаладан ол кейбіреулердің күресі “тәнге қадалып тұратын тікендей” толассыз екенін байқаған (Қорынттықтарға 2-хат 12:7). Дегенмен олар таза жүріп-тұру үшін талмай күресе берсе, болашаққа үмітпен қарай алады. “Осыған қарап мен әр күн сайын адал бола аламын деп ойлаймын. Осы сұм дүниенің әр күнінен аман өтуге көмектесу үшін өз ұйымын қолданып жатқан Ехобаға шексіз ризамын”,— деді ол.

13 Енді Құрама Штаттардағы бір әйел бауырластың мысалын көрейік. Ол былай деп жазды: “Сіздер үнемі тура бізге керек нәрсені және дәл керек уақытында беріп отырғандарыңызға алғыс айтқым келеді. Жиі бұл мақалалар дәл мен үшін жазылғандай болады. Мен Ехоба жек көретін нәрсені қатты құмартып, сонымен жылдар бойы күресіп келемін. Кейде күдер үзіп, күресті доғара салғым келеді. Ехобаның рақымды да кешірімшіл екенін білемін. Бірақ менде осы бұрыс қалау әлі болғандықтан әрі жүрегімнің түкпірінде оны жек көрмейтіндіктен, оның көмегін қабыл алуға өзімді лайықсыз сезінемін. Осы үздіксіз күрес өмірімнің әрбір саласына ықпал етті... 2013 жылғы 15 наурыздағы “Күзет мұнарасынан” “Сенде Ехобаны “жақыннан танып біле алатын” жүрек бар ма?” деген мақаланы оқып, Ехоба маған шынымен көмектескісі келетініне көзім жетті”.

14. а) Пауыл өзінің күресі жайлы не айтқан? ә) Әлсіздіктерімізді қалай жеңе аламыз?

14 Римдіктерге 7:21—25 оқыңыз. Күнәкар тәннің қалауларымен және әлсіздіктерімен күресудің қаншалықты қиын екенін Пауыл өз басынан білген. Алайда ол дұға етіп, Ехобаға арқа сүйесе және Исаның төлем құрбандығына сенсе, осы ішкі күресте жеңіп шыға алатынына нық сенген. Ал біз ше? Өз әлсіздіктерімізді жеңе аламыз ба? Әлбетте! Бірақ бұл үшін Пауыл сияқты өз күшімізге емес, Ехобаға мүлтіксіз сенім артуымыз керек және төлемге сенім білдіруіміз қажет.

15. Ехоба бізге адал болып қалуға әрі сынақта табандылық танытуға қалай көмектеседі?

15 Кейде Құдай қандай да бір жағдайда бізді не нәрсе көбірек мазалайтынын көрсетуімізге мүмкіндік береді. Мысалы, жақын адамымыз я өзіміз ауыр дертке шалдықсақ немесе әділетсіздікке тап болсақ, не істейміз? Егер біз Ехобаға жалбарынып дұға етіп, адал болып қалу үшін және қуанышымыз бен рухани күйімізді жоғалтып алмау үшін күш сұрайтын болсақ, оған толықтай сенім артатынымызды көрсетеміз (Філіпіліктерге 4:13). Бұрынғы және бүгінгі мәсіхшілердің көптеген мысалдары дұғаның бізді нығайтатын және табанды болып қалуға батылдық беретін құдіреті бар екенін анық көрсетеді.

ЕХОБАНЫҢ БАТАСЫ ҮШІН КҮРЕСЕ БЕРЕЙІК!

16, 17. Сіз не істеуге бел байладыңыз?

16 Шайтан жігеріңіздің құм болып, күреспей беріле салғаныңызды қатты көргісі келеді. Сондықтан “жақсыны ғана берік ұстануға” бекем бел байлаңыз (Салоникалықтарға 1-хат 5:21). Шайтан мен оның зұлым дүниесіне және жаман құмарлықтарға қарсы күресте жеңіп шығу қолыңыздан келеді! Бұл үшін Құдайдың сізді қайраттандырып, қол ұшын беретініне кәміл сеніңіз (Қорынттықтарға 2-хат 4:7—9; Ғалаттықтарға 6:9).

17 Ендеше, күресе беріңіз! Арпалысуды доғармаңыз! Қайтпас қайсарлық танытыңыз! Сонда Ехоба “көл-көсір етіп батасын төгетініне” жүз пайыз сенімді бола аласыз! (Малахи 3:10).