Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Қолыңнан күш кетпесін”

“Қолыңнан күш кетпесін”

“Қолыңнан күш кетпесін” (СОФОНИЯ 3:16).

ӘНДЕР: 81, 32

1, 2. а) Бүгінде көбісі қандай қиындықтарды бастан өткеруде және бұл неге әкеп соғуда? ә) Ишая 41:10, 13-тегі қандай уәдеге сенім артсақ болады?

ӨЗІ тұрақты ізашар әрі күйеуі ақсақал болып қызмет ететін әйел бауырлас былай дейді: “Рухани мықты кестені ұстансам да, көп жыл бойы уайымнан арыла алмай, күресіп келемін. Бұл ұйқымды қашырып, денсаулығыма және өзгелермен қарым-қатынасыма әсер етеді. Кейде бәріне қолымды бір сілтеп, күресуді доғара салғым келеді”.

2 Осы бауырластың сезімі сізге таныс па? Шайтанның дүниесінде өмір сүріп жатқандықтан, біз орасан көп қысымға кезігеміз. Бұдан уайымға салынып, жігеріміз құм болуы мүмкін. Кеменің алға жылжуына мүмкіндік бермейтін зәкір іспетті, уайым да біздің еңсемізді басып тұрады (Нақыл сөздер 12:25). Адамды нендей нәрселер уайым-қайғыға батыруы мүмкін? Бәлкім, жақын адамыңызды жоғалтып, қабырғаңыз қайысып жүрген шығар. Я болмаса созылмалы дерттің азабын тартып, я қуғын-сүргін көріп жүрген боларсыз. Немесе қаржы тапшылығынан үй ішін асырай алмай қиналып жүрген шығарсыз. Осыларды уайымдап, күйзелгеннен уақыт өте келе қайратыңыз мүжіліп, тіпті қуаныштан айырылуыңыз мүмкін. Дегенмен Құдай сізге көмек қолын ұсынуға дайын екеніне сенімді болыңыз (Ишая 41:10, 13 оқыңыз).

3, 4. а) Киелі кітапта “қол” сөзі қандай мағынада қолданылған? ә) Қолымыздың әлсіреуіне не себеп болуы мүмкін?

3 Киелі кітапта адамның кейбір қасиеттерін не әрекеттерін сипаттау үшін жиі дене мүшелері қолданылады. Мәселен, онда “қол” сөзі жүздеген рет қолданылған. Біреудің “қолын нығайту” деген тіркес әлдебіреуді жігерлендіруді, қайраттандыруды не қандай да бір әрекетке талпындыруды білдіреді (Зәкәрия 8:9, 13; Самуилдің 1-жазбасы 23:16). Сонымен қатар бұл тіркес оң көзқарас танытып, болашаққа үмітпен қарауды да білдіреді.

4 Киелі кітапта “қолдан күш кету” не “қолдың әлсіреуі” деген тіркестер де кездеседі. Бұл тіркестер кейде жігері жасып, ұнжырғасы түскен не үмітінен айырылған адамды сипаттау үшін қолданылады (Еврейлерге 12:12; Шежірелер 2-жазба 15:7). Мұндай адам әдетте бәріне қол сілтеп, беріле салуға бейім. Егер сіз тәндік, эмоциялық жағынан қажытатын, тіпті рухани күштен айыратын жағдайға кезіксеңіз, қажетті қайрат-жігерді қайдан ала аласыз? Қиындыққа төтеп беруге әрі қуанышты сақтауға сізге не көмектеседі?

“ЕХОБАНЫҢ ҚОЛЫ ҚҰТҚАРА АЛМАЙТЫНДАЙ ҚЫСҚА ЕМЕС”

5. а) Қиындыққа кезіккенде не сезінуіміз мүмкін, бірақ нені есте ұстағанымыз абзал? ә) Бұл мақалада нені қарастырамыз?

5 Софония 3:16, 17 оқыңыз. Қиындыққа кезіккенде, бойымызды қорқыныш билеп, сағымыз сынып, былайша айтқанда, қолымыздан күш кетіп жүрмесін. Мұның орнына бар уайымымызды қамқор Әкеміз Ехобаға артқанымыз абзал (Петірдің 1-хаты 5:7). Кезінде Исраил халқының қамын ойлағанындай, Ехоба бізді де қалдырмайды. Ол исраилдіктерге өзінің қолы “құтқара алмайтындай қысқа емес” екендігін айтқан (Ишая 59:1). Иә, Құдай өзінің адал қызметшілерін құтқаруға әрдайым дайын. Осы мақалада Киелі кітаптағы үш керемет мысалды қарастырамыз. Бұл мысалдардан Ехобаның өте ауыр жағдайда да халқына өз еркін орындауға күш бере алатыны әрі соны қалайтыны көрінеді. Сондай-ақ осы үлгілер бізді қалай нығайтатынын көрейік.

6, 7. Исраилдіктердің амалектіктерді жеңгенінен не білеміз?

6 Исраилдіктер Мысыр құлдығынан керемет түрде азат етілгеннен кейін, іле-шала оларға амалектіктер шабуыл жасады. Мұса ержүрек Ешуаға исраилдіктерді шайқас алаңына бастап баруды тапсырды. Ал өзі Харон мен Хұрды ертіп, жақын маңдағы төбе басына шықты. Сол жерден майдан алаңы жақсы көрінетін. Сонда бұл үшеуінің қорыққаннан соғысқа қатыспай қашып кеткені ме? Мүлдем олай емес!

7 Мұса исраилдіктерді жеңіске жеткізген соғыс жоспарына сай әрекет етті. Ол қолына шынайы Құдайдың таяғын ұстап, көкке қарай көтеріп тұрды. Мұса таяқты көтеріп тұрғанда, Ехоба исраилдіктердің қолына күш дарытып, олар амалектіктерді жеңіп отырды. Ал Мұсаның қолы талып, төмен түсе бергенде, амалектіктер басым түсіп жатты. Сонда Харон мен Хұр тез тас әкеліп, Мұсаны отырғызды. Сөйтіп, екеуі “оның қолын екі жағынан сүйемелдеп, күн батқанша көтеріп тұрды”. Осылайша Құдайдың қуатты қолының арқасында исраилдіктер шайқаста жеңіп шықты (Мұсаның 2-жазбасы 17:8—13).

8. а) Эфиопиялықтар Яһудаға қауіп төндіргенде, Аса не істеді? ә) Біз Асаға қалай еліктей аламыз?

8 Аса патшаның тұсында да Ехоба қолының қысқа емес екенін дәлелдеді. Киелі кітапта көптеген соғыс әскерлері туралы сөз етілген. Бірақ солардың ішінде ең үлкені эфиопиялық Зарахтың әскері еді. Оның қол астында 1 000 000 майталман жауынгері болды. Бұл Асаның сарбаздарынан екі есе дерлік көп еді. Аса патша мұны уайымдап, үрейге бой алдырып, я болмаса жігерін жасытты ма? Оның қолынан күші кетті ме? Жоқ! Ол дереу Ехобаның көмегіне жүгінді. Әскери тұрғыдан қарағанда эфиопиялықтарды жеңу мүмкін еместей көрінген шығар, бірақ “Құдайдың қолынан бәрі келеді” (Матай 19:26). Құдай құдіретті күшін қолданып, “өмір бойы [өзіне] бар жүрегімен қызмет еткен” Асаның алдында эфиопиялықтарды тізе бүктірді (Шежірелер 2-жазба 14:8—13; Патшалар 1-жазба 15:14).

9. а) Нехемияның Иерусалим қабырғаларын қайта соғуына не нәрсе бөгет болған жоқ? ә) Құдай Нехемияның дұғасына қалай жауап берді?

9 Нехемия Иерусалимге келгенде, қандай сезімде болғанын елестетіп көрейікші. Қала қорғансыз жатыр, яһудилердің рухы күйреген. Айналадағы қарсыластардың қоқан-лоқысынан сескенген олар Иерусалимнің қабырғаларын қайта соғуды жайына қалдырған. Осы жағдайдан Нехемияның сағы сынып, қолы әлсіреді ме? Жоқ! Мұса, Аса және Ехобаның басқа да адал қызметшілері секілді, Нехемия да әрдайым Ехобаға арқа сүйеп үйренген болатын. Бұл жолы да ол әдетінше Ехобаға дұға етіп, көмек сұрады. Құдай оның дұғасына құлақ асып, өзінің “құдіретті күшімен” және “қуатты қолымен” исраилдіктердің әлсіреген қолын нығайтты (Нехемия 1:10; 2:17—20; 6:9 оқыңыз). Ехоба бүгінде де өз қызметшілерін қайраттандырып, нығайту үшін “құдіретті күші” мен “қуатты қолын” қолданатынына сенесіз бе?

ЕХОБА ҚОЛЫҢЫЗДЫ НЫҒАЙТАДЫ

10, 11. а) Шайтан біздің қолымызды қалай әлсіреткісі келеді? ә) Бізді қуаттандырып, нығайту үшін Ехоба нені қолданады? б) Ехоба беріп жатқан тәлімнің қандай пайдасын көрдіңіз?

10 Мәсіхшілік істерімізге тосқауыл қоюға тырысып бағатын Ібіліс өз қолын ешқашан әлсіретпейтіні анық. Ісімізді тоқтату үшін ол мемлекет тарапынан өтірік пен қоқан-лоқыны, сондай-ақ дінбасылар мен жолдан таюшыларды қолданады. Оның көздегені не? Ол Құдай Патшалығы жайлы ізгі хабарды уағыздау ісінде біздің қолымызды әлсіреткісі келеді. Алайда Ехоба бізге киелі рухы арқылы күш бере алады, әрі беруге дайын (Шежірелер 1-жазба 29:12). Олай болса, Шайтан мен оның зұлым дүниесіне қарсы күресе алуымыз үшін Құдай рухын сұрағанымыз өте маңызды (Зәбүр 18:39; Қорынттықтарға 1-хат 10:13). Біз сондай-ақ сол рухтың жетелеуімен жазылған Құдай Сөзіне де дән ризамыз. Ал ай сайын жарық көретін Киелі кітапқа негізделген әдебиеттерімізден қаншама рухани нәр аламыз десеңізші! Зәкәрия 8:9, 13-тегі (оқыңыз) сөздер Иерусалимде ғибадатхана қайта соғылып жатқан кезде жазылған болса да, біз үшін де ерекше мәнге ие.

Шайтан мен оның зұлым дүниесіне қарсы күресе алу үшін Құдай рухын сұрағанымыз өте маңызды

11 Ехобаның қауым кездесулері, конгрестер мен теократиялық мектептер арқылы беріп жатқан тәлімдері де бізді қуаттандырып, нығайтады. Мұндай білім Құдайға дұрыс ниетпен қызмет етуге, рухани мақсаттар қоюға және көптеген мәсіхшілік жауапкершіліктерімізді атқаруға көмектеседі (Зәбүр 119:32). Сіз Ехобаның тәлімінен күш-жігер алуға құштарсыз ба?

12. Рухани мықты болып қала беру үшін не істеуіміз керек?

12 Ехоба өз халқына амалектіктер мен эфиопиялықтарды жеңуге көмектесті. Ал Нехемия мен яһудилерге болса Иерусалимнің қабырғаларын соғып бітіру үшін күш-қайрат дарытты. Тап солай, Құдай бізге де көңілімізді меңдеген уайымға және адамдардың қарсылығы мен немқұрайдылығына қарамастан, уағыз ісін жалғастыруымыз үшін бойымызға күш-жігер құяды (Петірдің 1-хаты 5:10). Әрине, Ехоба қиындықтарымыздың бәрін керемет түрде алып тастайды деп күтпейміз. Біз өз тарапымыздан күш салуымыз керек. Бұл үшін Құдай Сөзін күн сайын үзбей оқып, қауым кездесулеріне дайындалып, оларға баруымыз қажет. Сонымен қатар жеке зерттеу мен отбасылық ғибадат кезінде ой-санамызды рухани нәрлендіргеніміз және дұға ете отырып Ехобаға арқа сүйегеніміз лазым. Олай болса, Ехобаның бізді нығайтып, жігерлендіруге бағытталған шараларынан күш алуға еш нәрсе бөгет болмасын. Осы шаралардың бірінде қолыңыздың әлсіреп қалғанын байқасаңыз, Құдайдан көмек сұраңыз. Сонда оның рухы қалай “бойыңызда ықылас оятып, күш беретінін” көресіз (Філіпіліктерге 2:13). Ал өзіңіз басқалардың қолын нығайту үшін не істей аласыз?

ӘЛСІРЕГЕН ҚОЛДАРДЫ НЫҒАЙТАЙЫҚ

13, 14. а) Әйелінің өлімінен кейін бір ер бауырлас қайдан күш алды? ә) Өзгелерді қалай нығайта аламыз?

13 Ехоба бізге қажет кезде медеу болатын дүниежүзілік бауырластықты сыйлады. Елші Пауыл мәсіхшілерге әлсіреген қолдар мен тізелерді нығайтуды айтқан (Еврейлерге 12:12, 13). Сол кездегі мәсіхшілердің көбісі бауырластарынан осындай рухани көмек көрген. Бұл бүгінгі таңда да солай. Бір мысалға тоқталып өтейік. Әйелінен айырылған әрі басқа да ауыр жағдайларды бастан кешірген бір ер бауырлас былай дейді: “Менің түсінгенім, біз өзімізге сынақтарды таңдай алмаймыз, олардың қашан және қаншалықты жиі болатынын да шеше алмаймыз. Дұға ету және жеке зерттеу мен үшін суға батудан сақтайтын құтқару кеудешесі іспетті болды. Рухани бауырластарым да жаныма жалау боп, мені жұбатып бақты. Менің тағы бір түсінгенім, Ехобамен тығыз қарым-қатынасты қиыншылықтар пайда болмай тұрып дамыту өте маңызды екен”.

Қауымның әрбір мүшесі өзгелерді нығайта алады (14-абзацты қараңыз)

14 Харон мен Хұр соғыс кезінде Мұсаның қолын тура мағынада демеп тұрды. Бүгінде біз де бауырластарға іс жүзінде қол ұшын берудің мүмкіндіктерін іздейміз. Олардың кейбірі кәріліктің салдарымен күрессе, тағы біреулерінің денсаулығы сыр беруде, отбасыларының тарапынан қуғын-сүргін көруде. Сондай-ақ жалғыздықпен күресіп я жақынын жоғалтып қайғырып жүргендер де бар. Жастар да біздің нығайтып, жігерлендіргенімізге мұқтаж. Осы дүние оларды бұрыс нәрсені жасауға немесе биік шыңдардан көрінуге итермелеуі мүмкін (Салоникалықтарға 1-хат 3:1—3; 5:11, 14). Ендеше, Патшалық сарайында болғанда, қызметте жүргенде, бірге тамақ ішкенде не телефонмен сөйлескенде, бауырластарға шынайы көңіл бөлудің жолын іздейік.

15. Жылы да жағымды сөздеріміз бауырластарға қалай әсер етеді?

15 Аса патша ұлы жеңіске жеткеннен кейін, Азариях пайғамбар оны және халықты жігерлендіріп: “Сендер батыл болыңдар, еш мойымаңдар, себебі істеріңнің жемісін көресіңдер”,— деді (Шежірелер 2-жазба 15:7). Бұл сөздер Асаны таза ғибадатты қалпына келтіру үшін көптеген өзгерістер жасауға талпындырды. Тура сол сияқты, сіздің жылы да жағымды сөздеріңіз өзгелерді нығайтып, Ехобаға әрі қарай да қызмет етуге күш береді (Нақыл сөздер 15:23). Қауым кездесулеріндегі жігерлендірерлік түсініктемелеріңіз де бауырластарды қайраттандыратынын әрдайым қаперде ұстаңыз.

16. а) Ақсақалдар қалай Нехемияға еліктей алады? ә) Бауырластар жеке өзіңізге қалай көмектескен?

16 Ехобаның қолдауымен Нехемия мен яһудилер қолдарын нығайтып, білек сыбана іске кірісті. Олар Иерусалимнің қабырғаларын небәрі 52 күннің ішінде соғып бітті! (Нехемия 2:18; 6:15, 16). Нехемия жұмыс барысын бақылап қана қоймай, құрылысқа өзі де тікелей атсалысты (Нехемия 5:16). Бүгінде ақсақалдар да Нехемияға еліктеп, теократиялық құрылыс істеріне және Патшалық сарайын тазалау не күтіп ұстау шараларына қатысады. Бұған қоса, олар “жүрегін уайым меңдеген” бауырластардың әлсіреген қолдарын нығайту үшін, бақташылық сапар жасайды және олармен қызметке шығады (Ишая 35:3, 4 оқыңыз).

“ҚОЛЫҢНАН КҮШ КЕТПЕСІН”

17, 18. Қиындыққа кезіккенде яки уайым меңдегенде, не нәрсеге сенімді бола аламыз?

17 Бауырластармен иық тіресе қызмет еткеніміз бірлігімізді нығайтады. Сонымен қатар арамызда мызғымас достық орнап, Құдай Патшалығы әкелетін баталарға деген сеніміміз берік бола түседі. Өзгелердің қолын нығайтсақ, оларға еңселерін езген жағдайлармен күресуге әрі болашаққа үміт көзімен қарауға жәрдемдесеміз. Оның үстіне, басқаларға қол ұшын бергенде, өзіміздің де қолымыз нығаяды әрі бұл бізге назарымызды келешекке тігуге көмектеседі.

18 Бұрын Ехоба өзінің адал қызметшілерін қалай қолдап-қорғағаны жайлы ойланғанда, оған деген сеніміміз қатая түседі. Ендеше, қиындыққа кезіккенде яки көңіліңізді уайым меңдегенде, “қолыңыздан күш кетпесін”! Дұғада Ехобадан көмек сұрасаңыз, ол сізді міндетті түрде құдіретті қолымен нығайтады және Патшалықтың баталарына жетелейді (Зәбүр 73:23, 24).