Батыл болып, іске кірісейік!
“Батыл да, берік болып іске кіріс! Еш қорықпа да, үрейленбе де, өйткені Ехоба... саған жар” (ШЕЖІРЕЛЕР 1-ЖАЗБА 28:20).
ӘНДЕР: 60, 29
1, 2. а) Сүлеймен қандай маңызды тапсырма алды? ә) Неге Дәуіт Сүлейменді ойлап уайымдады?
СҮЛЕЙМЕНГЕ ерекше іс тапсырылды. Ехоба оған Иерусалимде тұрғызылатын ғибадатхананың құрылысын басқаруды тапсырды. Бұл тарихтағы аса маңызды құрылыс жобаларының бірі еді! Ғибадатхана “барынша сәулетті” әрі әсемдігімен танымал болмақ-тын. Бұдан да маңыздысы, бұл “шынайы Құдай Ехобаның үйі” болу керек еді (Шежірелер 1-жазба 22:1, 5, 9—11).
2 Дәуіт патша Құдайдың Сүлейменді қолдап-демейтініне сенімді болды. Бірақ Сүлеймен “жас әрі тәжірибесіз” еді. Ендеше, ғибадатхана соғу тапсырмасын қолға алуға оның батылы жете ме? Жоқ әлде жастығы мен тәжірибесіздігі тосқауыл бола ма? Бұл істе жетістікке жету үшін Сүлейменге батыл болып, іске кірісу қажет еді.
3. Сүлеймен әкесінің батылдығынан не үйренген болуы мүмкін?
3 Сүлеймен әкесі Дәуіттің батылдығынан көп нәрсеге үйренсе керек. Жап-жас кезінде Дәуіт өз әкесінің қойларына шапқан жабайы аңдарды сұлатып салған (Самуилдің 1-жазбасы 17:34, 35). Бұған қоса, ол күшті де қаһарлы сарбаз болған алып Ғолиятпен шайқасып, зор батылдық танытты. Иә, Құдайдың көмегімен және қолындағы жұмыр таспен ол Ғолиятты жеңіп шықты (Самуилдің 1-жазбасы 17:45, 49, 50).
4. Неге Сүлейменге батылдық қажет болды?
4 Иә, Сүлейменді батыл болып, ғибадатхананы соғуға талпындырған адамның Дәуіт болғаны өте орынды еді (Шежірелер 1-жазба 28:20 оқыңыз). Егер Сүлеймен батылдық танытпағанда, бойын қорқыныш билеп, ол істі бастамас та еді. Бұнысы құрылыс ісінде сәтсіздікке ұшырағаннан да жаман болар еді.
5. Неге бізге батылдық қажет?
5 Сүлеймен сияқты батыл болып, тапсырылған істі атқару үшін біз де Ехобаның көмегін қажет етеміз. Олай болса, бұрындары батылдық танытқан кейбір адамдардың мысалын қарастырайық. Сосын біз де қалайша батыл болып, іске кірісе алатынымыз жөнінде ойланамыз.
БАТЫЛДЫҚТЫҢ ҮЛГІЛЕРІ
6. Жүсіптің батылдығы сізді несімен таңғалдырады?
6 Потифардың әйелі өнегесіз жыныстық қатынасқа азғырғанда, Жүсіп батылдық танытты. Ол бұдан бас тартар болса, өміріне қауіп төнуі мүмкін екенін түсінсе керек. Бірақ сонда да ол Потифардың әйеліне көнбеді, қайта, батыл болып, бірден бас тартты (Мұсаның 1-жазбасы 39:10, 12).
7. Рахаб қалай батылдық танытты? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)
7 Батылдықтың тағы бір үлгісі — Рахаб. Оның Иерихондағы үйіне исраилдік тыңшылар келгенде, ол қорқынышқа бой алдырып, көмектеспей қоюына болар еді. Бірақ Ехобаға сенім артқандықтан, ол әлгі екі кісіні жасырып, кейіннен аман-есен қашып кетуге көмектесті (Ешуа 2:4, 5, 9, 12—16). Рахаб Ехобаның шынайы Құдай екеніне сенді және сол жерді қалай болғанда да исраилдіктердің иелігіне беретініне кәміл сенімді болды. Ол басқа адамдардан, тіпті Иерихон патшасы мен оның адамдарынан да қорықпады. Ол әрекетсіз отыра бермей, батылдық танытып, өзін және отбасын аман алып қалды (Ешуа 6:22, 23).
8. Исаның батылдығы елшілерге қалай әсер етті?
8 Исаның адал елшілері де зор батылдық танытқан. Олар Исаның батылдығының куәсі болған, соның арқасында өздері де батыл бола алды (Матай 8:28—32; Жохан 2:13—17; 18:3—5). Саддукейлер оларға Иса жайлы тәлім беруге тыйым салса да, елшілер бұл бұйрыққа мойынсұнбады (Елшілердің істері 5:17, 18, 27—29).
9. Тімөтеге 2-хат 1:7-ге сай, батылдық қайдан келеді?
9 Жүсіп, Рахаб, Иса мен елшілер дұрыс нәрсені істеуге нық бекінген болатын. Олар өз қабілеттеріне сенімді болғандықтан емес, Ехобаға арқа сүйегендіктен батыл болды. Кейде біз де батылдық танытуымыз керек жағдайға кезігіп жатамыз, сондайда өзімізге емес, Ехобаға арқа сүйеуіміз керек (Тімөтеге 2-хат 1:7 оқыңыз). Қазір өміріміздің екі саласында, отбасымызда және қауымда, қалай батыл бола алатынымызды қарастырайық.
БАТЫЛДЫҚ ТАНЫТУ КЕРЕК ЖАҒДАЙЛАР
10. Неге жас мәсіхшілерге батылдық қажет?
10 Жас мәсіхшілер Ехобаға деген қызметтерінде батылдықты талап ететін көптеген жағдайларға кезігіп жатады. Олар батылдық танытқан Сүлейменнен үйреніп, соның үлгісіне еліктей алады. Ол ғибадатхана құрылысын аяқтау үшін дана шешімдер қабылдауымен батыл болды. Әрине, жастар үшін ата-анасы бағыт-бағдар береді және беруі керек те. Бірақ кейбір маңызды шешімдерді жастардың өздері қабылдауы тиіс (Нақыл сөздер 27:11). Мысалы, дос таңдау, көңіл көтеру, өнегелік тазалық сақтау, шомылдыру рәсімінен өту сияқты мәселелерде дана шешімдер қабылдау үшін батылдық қажет. Расында да, жастарға батылдық қажет, өйткені олар Құдай мен оның талаптарына тіл тигізген Шайтанның еркіне қарсы шыққалы тұр.
11, 12. а) Мұса қалай батылдық танытты? ә) Жастар Мұсаға қалай еліктей алады?
11 Жастардың қабылдауы қажет маңызды шешімдерінің бірі — алдарына қандай мақсат қоятындары. Кей елдерде жастар жоғары білім алып, көп ақы төленетін жұмысқа ұмтылу керек деген қысымға ұшырайды. Ал экономикалық жағдайы қиын елдердегі жастар өз отбасыма көмектесу үшін бар күшімді жұмысқа арнауым керек деп ойлайды. Сенің жағдайың қандай болмасын, Мұсаның мысалы жайлы ойланып көрші. Ол перғауынның қызының қолында өсті, сондықтан байлық жинауды не атақ-дәрежені көздей алар еді. Мұса мысырлық отбасының, мұғалімдері мен кеңесшілерінің тарапынан қатты қысымға ұшыраған шығар. Бірақ ол батыл болып, Ехобаның халқымен бірге болуды таңдады. Мысыр мен ондағы байлықты тастаған соң, ол Ехобаға толық арқа сүйеді (Еврейлерге 11:24—26). Нәтижесінде Ехоба оны молынан жарылқады, ал болашақта жаудыратын батасы одан да көп болмақ.
12 Жастар да рухани мақсаттарға батылдықпен ұмтылса әрі Патшалықтың мүддесін бірінші орынға қойса, мол батаға кенеледі. Құдай оларға өз жанұясын қамтамасыз етуге көмектеседі. Бірінші ғасырда жас Тімөте өмірін Құдайға қызмет етуге арнаған, сен де солай ете аласың! * (Філіпіліктерге 2:19—22 оқыңыз).
13. Бір жас қыз бауырласымызға өз мақсаттарына қол жеткізуге батылдық қалай көмектесті?
13 АҚШ-тың Алабама штатында тұратын бір қыз бауырласқа рухани мақсаттар қойып, оларға ұмтылу үшін батылдық қажет болды. Ол былай деп жазды: “Мен жастайымнан қатты ұялшақ болдым. Бөтен адамдардың үйіне барып, есіктерін тоқылдатпақ түгілі, Патшалық сарайында адамдармен сөйлесудің өзіне қиналатынмын”. Ата-анасының және бауырластардың демеуімен бұл жас бауырлас тұрақты ізашар боламын деген мақсатына қол жеткізді. “Шайтанның әлемі жоғары білім алуды, атақты болуды, ақша мен дүние-мүлік жинауды қоюға тұрарлық мақсат деп насихаттайды”,— дейді ол. Бірақ ол көпшіліктің
мұндай мақсат-мұратына жете алмай, түбінде күйзеліске ұшырап, бақытсыз күй кешетінін байқаған. Сөзін жалғап ол былай дейді: “Ал Ехобаға қызмет еткенім маған қуаныш сыйлайды әрі жетістікке қол жеткізгенімді сезінемін”.14. Мәсіхші ата-аналарға қай кезде батылдық қажет?
14 Мәсіхші ата-аналарға да батылдық қажет. Мысалы, жұмыста бастығыңыз үнемі сізден қосымша жұмыс істеуді сұрайтын шығар. Ал ол күндері сіз отбасылық ғибадатты, уағыз қызметін не қауым кездесулерін жоспарлап қойғансыз. Осындай кезде балаларыңызға жақсы үлгі көрсетіп, бастығыңыздың өтінішінен бас тарту үшін сізге батылдық қажет. Тағы бір жағдай: сіз балаларыңызға кейбір нәрселерді рұқсат етпейсіз, бірақ қауымдағы кейбір ата-аналар өз балаларына рұқсат ете беретін шығар. Егер сол ата-аналар сізден неге бұлай ететініңізді сұрағанда, батыл болып, себебін ілтипаттылықпен түсіндіріп бере аласыз ба?
15. Ата-аналарға Зәбүр 37:25 және Еврейлерге 13:5 қалай көмектесе алады?
15 Балаларымызға рухани мақсаттар қойып, соған қол жеткізулеріне көмектесу үшін де батылдық керек. Мәселен, кейбір ата-аналар балаларын ізашарлық қызметті өмірлік ісі етуге, мұқтаждық бар жерде қызмет етуге, Бетелдік қызметке, я болмаса Патшалық сарайлары мен Конгресс сарайларының құрылысына қатысуға талпындырайын десе, қорқақтауы мүмкін. Бәлкім, олар қартайған шақтарында өздеріне қарайтын адам болмай қалады деп қорқатын шығар. Бірақ дана ата-аналар батылдық танытып, Ехобаның өз уәделеріне Зәбүр 37:25; Еврейлерге 13:5 оқыңыз). Осылай ететін ата-аналар өз балаларын да батыл болып, Ехобаға арқа сүйеуге талпындырады (Самуилдің 1-жазбасы 1:27, 28; Тімөтеге 2-хат 3:14, 15).
берік екеніне сенеді (16. Кейбір ата-аналар балаларына рухани мақсаттар қоюға қалай көмектескен және балалары мұның қандай пайдасын көруде?
16 Құрама Штаттарда тұратын бір ерлі-зайыпты балаларына Ехобаға қызмет етуді басты орынға қоюға көмектескен. Әкелері былай дейді: “Балаларымыз әлі тәй-тәй баспай, тілі шықпай тұрғанда-ақ, біз оларға ізашарлық қызметтің және қауымға қызмет етудің қандай қуаныш сыйлайтынын айтып отыратынбыз. Қазір олар осыған ұмтылуда”. Балалары осындай мақсаттар қойып, оларға қол жеткізгендерінің арқасында Шайтанның дүниесіндегі азғыруларға қарсы тұрып, Ехобаға қызмет етуді басты мақсат ете алған. Екі баласы бар өзге бір ер бауырлас болса былай деді: “Көп ата-ана балаларының спорт, білім және ойын-сауық сияқты салаларда жетістікке жетулері үшін күші мен қаражатын аямайды. Бірақ сол күш пен қаражатты балаларымызға рухани мақсаттарға жетуге көмектесу үшін жұмсағанымыз анағұрлым ақылға жатады. Соның арқасында олар Ехобаның алдында жақсатты болады. Балаларымыздың рухани мақсаттарға қол жеткізгенін көріп қана қоймай, осыған өз үлесімізді де қоса алғанымыз үшін зор қанағат сезінеміз”. Балаларына рухани мақсаттар қойып, оларға қол жеткізуге көмектесетін ата-аналар Құдайдың ықыласына ие екені сөзсіз.
ҚАУЫМДА ТАНЫТЫЛАТЫН БАТЫЛДЫҚ
17. Қауымда батылдық таныту керек жағдайларды атап өтіңіз.
17 Біз қауымда да батылдық танытуымыз керек. Мысалы, ауыр күнә жасап қойған әлдекімнің мәселесін шешкенде немесе жедел медициналық жәрдемді қажет етіп, өмірі қыл үстінде тұрған бауырласқа көмектескенде, ақсақалдарға батылдық қажет. Кей ақсақалдар түрмелерге барып, қызығушылық білдірген адамдармен зерттеу сабақтарын өткізеді я болмаса қауым кездесулерін жүргізеді. Ал тұрмыс құрмаған қыз бауырластар жайлы не деуге болады? Оларда батылдықпен Ехобаға қызмет етудің мүмкіндіктері көп. Ізашар болып қызмет ете алады, мұқтаждық көбірек жерлерге көше алады, Жергілікті жобалау және құрылыс бағдарламасына қатыса алады және Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте оқуға өтініш жаза алады. Тіпті кейбірі Ғалақат мектебіне шақырылып жатады.
18. Үлкен жастағы әйел бауырластар қалай батылдық көрсетеді?
18 Біз қауымда үлкен жастағы әйел бауырластардың барына қуанамыз әрі оларды қатты жақсы көреміз! Олар Құдайға қызмет етуде бұрынғыдай көп іс атқара алмайтын шығар, бірақ олар әлі де батыл болып, іске кірісе алады (Титке 2:3—5 оқыңыз). Мысалы, ақсақалдар үлкен жастағы әйел бауырластан жастау қыз бауырласпен қарапайым киіну жайлы сөйлесіп көруді өтінсе, оған батылдық қажет болады. Ол жас бауырласты киімі үшін ұрыспайды, қайта мейірімділікпен оның сырт көрінісі басқаларға қалай әсер етуі мүмкін екені жайлы ойлануға талпындырады (Тімөтеге 1-хат 2:9, 10). Үлкен жастағы бауырластар осындай сүйіспеншіліктерімен қауымды нығайта алады.
19. а) Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластар қалай батыл бола алады? ә) Ер бауырластарға Філіпіліктерге 2:13 пен 4:13 батыл болуға қалай көмектеседі?
19 Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырластарға батыл болып, іске кірісу қажет. Егер олар қызмет көмекшісі және ақсақал болып қызмет етуге дайын болса, қауымға зор пайдасын тигізеді (Тімөтеге 1-хат 3:1). Бірақ кейбір бауырластар бұлай етуден тартыншақтауы мүмкін. Бәлкім, бұрындары қателіктер жасаған болар, сондықтан қазір өзін қызмет көмекшісі я ақсақал болуға лайықсызбын деп ойлайтын шығар. Ал басқа біреуі бұл қызметке қажетті қабілетім жоқ деуі мүмкін. Егер осындай ойда болсаңыз, Ехоба сізге батыл болуға көмектесе алады (Філіпіліктерге 2:13; 4:13 оқыңыз). Мұсаның мысалын есте ұстаңыз. Ол Ехобаның тапсырмасын орындау қолымнан келмейді деп ойлады (Мұсаның 2-жазбасы 3:11). Бірақ Ехоба оған батыл болуға және қажетті істі атқаруға көмектесті. Шомылдыру рәсімінен өткен ер бауырлас осындай батылдыққа қалай ие бола алады? Бұл үшін Ехобаның көмегін сұрап дұға айтқаны және Киелі кітапты күніге оқығаны жөн. Батылдық танытқан Киелі кітап кейіпкерлерінің мысалы жайлы ой жүгірткені де пайдалы. Сондай-ақ кішіпейілділікпен ақсақалдардан өзін үйретуді сұрап, қауымдағы кез келген істе өз көмегін ұсына алады. Біз шомылдыру рәсімінен өткен барлық ер бауырластарды батыл болып, қауымның ісінде аянбай тер төгуге шақырамыз!
“ЕХОБА... САҒАН ЖАР”
20, 21. а) Дәуіт Сүлейменге нені есте ұстауды айтты? ә) Бізде қандай сенімділік бар?
20 Дәуіт патша Сүлейменге ғибадатхана құрылысының соңына дейін Ехоба оған жар болатынын есіне салды (Шежірелер 1-жазба 28:20). Сүлеймен осы сөздер жайлы ойланып-толғанғаны сөзсіз. Оған жастығы мен тәжірибесіздігі іске кірісуге кедергі етпеді. Қайта, зор батылдық танытқанының және Ехобаның көмегінің арқасында ол сәулетті ғибадатхананы жеті жарым жылдың ішінде соғып бітті.
21 Ехоба Сүлейменге көмектескеніндей, бізге де батыл болуға және отбасымыз бен қауымымыздағы істерді атқаруға көмектесе алады (Ишая 41:10, 13). Ехобаға деген қызметімізде батылдық танытсақ, қазір де, болашақта да оның батасына кенелетінімізге сенімді бола аламыз. Олай болса, “батыл болып, іске кірісейік”!
^ 12-абзац Қызметте қандай мақсаттар қоюға болатынына қатысты кейбір кеңестерді “Күзет мұнарасындағы” (ор.) “Жаратушыңды дәріптеу үшін рухани мақсаттарға ұмтыл” деп аталатын мақаладан таба аласың: 15 шілде, 2004 жыл.