Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Бақытты Құдайға” қызмет ететіндер бақытты

“Бақытты Құдайға” қызмет ететіндер бақытты

“Қай халықтың Құдайы Ехоба болса, сол халық бақытты!” (ЗӘБҮР 144:15).

ӘНДЕР: 44, 125

1. Ехоба куәгерлерінің бақытты болуының себебі неде? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІ — бақытты жандар. Олар қауымда да, конгресте де, бас қосқан кез келген жерде әңгіме-дүкен құрып, мәз-мейрам болып жүреді. Бұның сыры неде? Мұның басты себебі — олар “бақытты Құдай” Ехобаны біледі. Сондай-ақ олар оған қызмет етеді әрі еліктеуге тырысады (Тімөтеге 1-хат 1:11; Зәбүр 16:11). Ехоба — бақыт пен қуаныштың Қайнары. Ол біздің де бақытты болғанымызды қалайды. Бұл үшін ол бізге көп нәрсе беріп отыр (Мұсаның 5-жазбасы 12:7; Уағыздаушы 3:12, 13).

2, 3. а) Бақытты болу нені білдіреді? ә) Бүгінде неге бақытты болу қиынға соғуы мүмкін?

2 Ал сіз ше? Сіз бақыттысыз ба? Бақытты болу деп өзімізді жақсы сезінуді, өмірімізге риза болуды немесе қатты қуануды айтамыз. Киелі кітапта Құдайдың батасына кенелген адамдар нағыз бақытқа қол жеткізе алатыны айтылған. Бірақ мына дүниеде адамның бақытты болуы қиын соғуы мүмкін. Неліктен?

3 Келесідей қиын жағдайларға кезіккенде, бізге бақытты болу қиынға соғуы мүмкін. Мысалы, жақын адамымыз қайтыс болғанда немесе қауымнан шығарылғанда, отбасымыз ойран болғанда, я болмаса жұмысымыздан айырылып қалғанда. Сонымен қатар бітпейтін ұрыс-керістің кесірінен отбасының шырқы бұзылғанда, әріптестеріміз не сыныптастарымыз бізді келеке-мазақ еткенде немесе Ехобаға қызмет еткеніміз үшін қудаланғанда я түрмеге жабылғанда өзімізді бақытты сезіну қиын. Я болмаса денсаулығымыз нашарлауы, созылмалы ауруға я депрессияға шалдығуымыз мүмкін. Алайда мынаны ұмытпайық: “бақытты да жалғыз Билеушіміз” Иса Мәсіх адамдарды жұбатып, оларға қуаныш сыйлауды жақсы көрген (Тімөтеге 1-хат 6:15; Матай 11:28—30). Таудағы уағызында ол бақытты болуымызға көмектесетін кейбір қасиеттерді айтып кеткен. Шайтанның дүниесінде кезігетін көптеген қиындықтарға қарамастан, біз осы қасиеттердің арқасында бақытты бола аламыз.

ЕХОБАСЫЗ БАҚЫТТЫ БОЛА АЛМАЙМЫЗ

4, 5. Бақытқа қол жеткізіп, оны сақтап қалу үшін не істей аламыз?

4 Таудағы уағызында Исаның айтқан алғашқы сөздері өте маңызды. Ол: “Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты, өйткені Көк Патшалығы соларға тиесілі”,— деген (Матай 5:3, сілтеме). Құдайды танып-білгіміз келетінін, оның көмегі мен басшылығына мұқтаж екенімізді қалай көрсетеміз? Киелі кітапты зерттеу, Құдайға мойынсұну және оған деген ғибадатымызға өміріміздің төрінен орын беру арқылы. Осыларды орындайтын болсақ, бақытқа қол жеткізе аламыз. Сондай-ақ жуырда Құдайдың уәделерінің іске асатынына деген сеніміміз арта түседі. Бұған қоса, Киелі кітапта жазылған “керемет үмітіміз” бізге қанат бітіреді (Титке 2:13).

5 Өмірімізде қандай жағдай орын алмасын, бақытты болып қалғымыз келсе, Ехобамен достығымызды бекемдей беруіміз қажет. Елші Пауыл: “Әрдайым Иемізге қуаныңдар! Тағы да айтамын, қуаныңдар!”— деп жазған (Філіпіліктерге 4:4). Ехобаның жақын досы болу үшін көктен келген даналық қажет. Киелі жазбаларда: “Қандай бақытты даналықты тапқан адам, Парықтылыққа үйренген жан! Ие болғандарға ол — өмір ағашы, Оны берік ұстанғандар бақытты саналады”,— делінген (Нақыл сөздер 3:13, 18).

Бақытты болып қала беру үшін бізге Киелі кітаптан оқып-білгендерімізді әрі қарай да қолдана беру керек

6. Бақытты болып қала беру үшін тағы не істеуіміз қажет?

6 Бақытты болып қала беру үшін Киелі кітаптан оқып-білгендерімізді әрі қарай да іс жүзінде қолдана беруіміз керек. Мұның маңыздылығын Иса мына сөздерімен жеткізді: “Осыларды біліп қана қоймай, соған сай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар” (Жохан 13:17; Жақып 1:25 оқыңыз). Бұлай еткеніміз рухани мұқтаждығымызды қанағаттандыру және бақытымызды сақтап қалу үшін өте маңызды. Бірақ бақытымыздан айыратын жағдайлар көбейіп кетсе, қалайша бақытты бола аламыз? Исаның таудағы уағызында айтқан келесі сөздеріне назар аударайық.

БІЗДІ БАҚЫТТЫ ЕТЕТІН ҚАСИЕТТЕР

7. Қайғырып жүргендер қалайша бақытты бола алады?

7 “Қайғырғандар бақытты, өйткені олар жұбаныш табады” (Матай 5:4). “Қайғырып жүрген адам қалайша бақытты бола алады!?” деп таңғалатын шығарсыз. Иса бұл жерде барлық қайғырып жүрген адамдар жайлы айтпаған. Қазіргі таңда көптеген зұлым адамдар да қайғыруда, себебі олар “соңғы күндер” деп аталатын “ерекше қиын” уақытта өмір сүруде (Тімөтеге 2-хат 3:1). Бірақ олар Құдай жайлы емес, тек өз қара бастарын ғана ойлайды. Ехобамен достық қарым-қатынасты дамытпайтындықтан, олар бақытсыз. Иса қайғырғандар деп өздерінің рухани мұқтаждығын мойындайтын адамдар жайлы айтқан болатын. Олар көпшіліктің Құдайдан бас тартып жатқандарын және Құдайдың еркіне сай өмір сүрмейтіндерін көріп қайғырады. Олар өздерінің күнәкар екенін мойындайды, сондай-ақ дүниедегі қорқынышты жағдайларды көріп қайғырады. Ехоба осылай шынымен қайғырып жүргендерді байқап, оларды өзінің Сөзі арқылы жұбатады, әрі оларға бақыт пен мәңгілік өмір сыйлайды (Езекиел 5:11; 9:4 оқыңыз).

8. Момын болғаныңыз сізге бақытты болуға қалай көмектеседі?

8 “Момындар бақытты, өйткені олар жерді мұра етеді” (Матай 5:5). Момын болғаныңыз сізге бақытты болуға қалай көмектеседі? Көп адам қазір дөрекі және ашушаң. Бұның кесірінен көптеген қиындықтар туындап жатады. Бірақ шындықты білгенде, мұндай адамдар өзгеріп, “жаңа болмысқа” ие болады. Сосын олар “жанашырлық, мейірімділік, кішіпейілділік, жұмсақтық, шыдамдылық сияқты қасиеттерді” танытады (Қолостықтарға 3:9—12). Нәтижесінде олар жантыныштығына ие болады, өзгелермен қарым-қатынасы жақсарады әрі өздерін бақытты сезінеді. Оған қоса, Құдайдың Сөзінде уәде етілгендей, бұл адамдар “жерді мұра етеді” (Зәбүр 37:8—10, 29).

9. а) Исаның момындар “жерді мұра етеді” деген сөздері нені білдіреді? ә) Неге “әділдікті аңсағандар бақытты” бола алады?

9 Исаның момындар “жерді мұра етеді” деген сөздері нені білдіреді? Мысалы, майланғандар көкте патша әрі діни қызметкер ретінде билік еткенде, “жерді мұра ететін” болады (Аян 20:6). Ал майланғандарға жатпайтын миллиондаған өзге адамдар жерде мәңгі өмір сүру үмітіне ие болып, олар да “жерді мұра ететін” болады. Олар кемелді болып, татулық пен бақытқа қол жеткізеді. Иса осы адамдар туралы тағы былай деген: “Әділдікті аңсағандар бақытты” (Матай 5:6). Ехоба барлық зұлымдықты жойғанда, әділдікті аңсағандардың қалауы қанағаттандырылады (Петірдің 2-хаты 3:13). Жаңа дүниеде әділдер бұдан былай зұлым адамдардың кесірінен қайғырмайтын болады. Олар мәңгі бақи бақытты болады (Зәбүр 37:17).

10. Мейірімді болу деген нені білдіреді?

10 “Мейірімділер бақытты, өйткені оларға мейірім көрсетіледі” (Матай 5:7). Мейірімді болу өзгеге жылы шырай танытуды, қамқор болуды, қиналып жүргендерге жанашыр болуды білдіреді. Бірақ мейірімділік мұндай сезімдермен ғана шектелмейді. Киелі кітапқа сай, мейірімді болу өзгеге көмектесу үшін әрекет етуді де білдіреді.

11. Қайырымды самариялық туралы мысалдан не үйренеміз?

11 Лұқа 10:30—37 оқыңыз. Исаның қайырымды самариялық туралы айтқан мысалында мейірімді адамның қандай болу керектігі анық көрсетілген. Самариялық қиналып жатқан адамды көргенде оған жаны ашып, аяп кеткен. Бұл оны әлгі адамға көмектесуге талпындырды. Осы мысалды айтып біткен соң, Иса: “Ендеше, бар да, сен де солай істе”,— деді. Сондықтан біз өзіміз жайлы былай деп ойланып көрсек болады: “Мен де солай істеймін бе? Қайырымды самариялық сияқты әрекет етіп жүрмін бе? Қиналып жүргендерге көмектесу үшін не істей аламын? Мысалы, қауымдағы қарт бауырластарға, жесірлерге немесе ата-анасы Ехобаға қызмет етпейтін балаларға қалай көмектесе аламын? “Жаны күйзеліп жүргендерді жұбату” үшін не істей аламын?” (Салоникалықтарға 1-хат 5:14; Жақып 1:27).

Өзгелерге бірінші болып көмектесіңіз, сонда өзіңіз де қуанасыз, өзгелерді де қуантасыз (12-абзацты қараңыз)

12. Неге мейірімділік танытқанымыз бізді бақытты етеді?

12 Неге мейірімділік танытқанымыз бізді бақытты етеді? Өйткені өзгелерге мейірімді болғанда, Иса айтқандай, біз беруден келетін бақытты сезінеміз. Сондай-ақ Ехобаның көңілінен шығып жатқанымызды біліп қуанамыз (Елшілердің істері 20:35; Еврейлерге 13:16 оқыңыз). Дәуіт патша мейірімділік танытатын адам туралы былай деген: “Ехоба оны қорғап, аман сақтайды. Ол бақытты адам деп жарияланады” (Зәбүр 41:1, 2). Егер біз басқаларға мейірімді де жанашыр болсақ, Ехобаның мейіріміне ие боламыз әрі мәңгілік бойы бақытты бола аламыз (Жақып 2:13).

АҚЖҮРЕКТІЛЕР БАҚЫТТЫ

13, 14. Неліктен “ақжүректі” болғанымыз маңызды?

13 Иса: “Ақжүректілер бақытты, өйткені олар Құдайды көреді”,— деген (Матай 5:8). Ақжүректі адам болу үшін біздің ойларымыз бен қалауларымыз пәк таза болу керек. Ғибадатымыз Ехобаға ұнамды болғанын қаласақ, осыны ескергеніміз аса маңызды (Қорынттықтарға 2-хат 4:2 оқыңыз; Тімөтеге 1-хат 1:5).

14 Жүрегі ақ адамдар Ехобамен дос бола алады. Ехоба: “Шапандарын жуатындар... бақытты”,— деп айтқан (Аян 22:14). Олар қай мағынада “шапандарын жуады”? Бұл майланған мәсіхшілердің Ехобаның көз алдында кіршіксіз таза екендерін, оларға өлмес өмір берілетінін және мәңгілік бақытқа кенелетіндерін білдіреді. Ал жерде өмір сүруге үміті бар ұлы жамағат үшін бұл Ехобаның көз алдында әділ деп саналып, онымен дос болуға жол ашылғанын білдіреді. Киелі кітапта “олар шапандарын Тоқтының қанына жуып ағартқаны” айтылған (Аян 7:9, 13, 14).

15, 16. Қалайша ақжүректі адамдар “Құдайды көреді”?

15 Ехоба: “Мені... көрген адам тірі қалмайды”,— деген (Мұсаның 2-жазбасы 33:20). Онда қалайша ақжүректі адамдар “Құдайды көреді”? Гректің “көру” деп аударылған сөзі “елестету”, “түсіну”, “білу” деген мағынаны да береді. Демек, “Құдайды көру” дегеніміз оның қандай Тұлға екенін түсінуді және оның қасиеттеріне тәнті болуды білдіреді (Ефестіктерге 1:18). Иса Құдайдың қасиеттеріне кемелді түрде еліктегендіктен, былай деп айта алған: “Мені көрген адамның Әкені де көргені” (Жохан 14:7—9).

16 Сондай-ақ біз күнделікті өмірімізде Құдайдың көмегін сезінгенде оны “көре” аламыз (Әйүп 42:5). Сонымен қатар біз Ехобаның ақжүректі әрі адал қызметшілеріне уәде еткен баталарын “көре” аламыз, яғни соларға көз тігеміз. Бұған қоса, майланғандар қайта тіріліп, көкке көтерілгеннен кейін, Ехобаны тура мағынада көретін болады (Жоханның 1-хаты 3:2).

ҚИЫНДЫҚТАРҒА ҚАРАМАСТАН БАҚЫТТЫ БОЛА АЛАМЫЗ

17. Неге татулыққа ұмтылатындар бақытты?

17 Иса: “Татуластырушылар бақытты”,— деп те айтқан (Матай 5:9). Татуластырушы, яғни татулыққа ұмтылатын адам болсақ, бақытты бола аламыз. Шәкірт Жақып былай деп жазған: “Әділдіктің жемісін әкелетін тұқым татуластырушылар үшін татулық орнаған жерде себіледі” (Жақып 3:18). Егер қауымда не отбасында әлдекіммен тіл табыса алмай жүрсеңіз, Ехобадан онымен татуласуға көмектесуін сұрап жалбарыныңыз. Сонда Ехоба сізге киелі рухын береді, ал бұл рух сізге мәсіхшілерге тән қасиеттер танытуға әрі бақытты болуға көмектеседі. Иса татуласуға бірінші болып қадам жасаудың қаншалықты маңызды екенін айта келе: “Егер құрбандық ошағына сый-тартуыңды алып келгенде, бауырласыңның саған реніші бар екені сол жерде есіңе түссе, сыйыңды сонда қалдыр да, барып, алдымен онымен татулас. Содан кейін ғана қайтып келіп, сый-тартуыңды ұсын”,— деді (Матай 5:23, 24).

Ехобаның киелі рухы сізге мәсіхшілерге тән қасиеттер танытуға әрі бақытты болуға көмектеседі.

18, 19. Неге мәсіхшілер қуғындалғандарына қарамастан қуаныштарын сақтай алады?

18 Иса: “Маған бола жұрт сендерді қорлап, қудалап не түрлі жала жауып жамандаса, бақыттысыңдар”,— деді. Неге? Ол былай деп түсіндірді: “Қуанып, шаттаныңдар, өйткені көкте сендерді зор сый күтіп тұр. Жұрт сендерден бұрынғы пайғамбарларды да солай қудалаған” (Матай 5:11, 12). І ғасырда Жоғарғы кеңес дүре соғып, уағыздауға тыйым салғанына қарамастан елшілер ол жақтан қуанып шыққан. Әрине, олар дүре соғылғандары үшін емес, Исаның аты үшін “қорлық көруге лайық саналғандарына қуанған” (Елшілердің істері 5:41).

19 Бүгінгі күні де Құдай халқы Исаның аты үшін қудаланғанда, бұған қуанышпен төтеп береді (Жақып 1:2—4 оқыңыз). Елшілер сияқты, біз де қиналғанымызға не қудаланғанымызға қуанбаймыз. Бірақ Ехобаға адалдық сақтасақ, ол қиындыққа төзуіміз үшін бізге батылдық дарытады. Хенрик Дорник пен ағасының оқиғасын қарастырайық. 1944 жылдың тамыз айында олар концлагерьге жіберілген. Сонда қудалаушылар олар жайында: “Оларды еш нәрсеге көндіре алмайсың. Олар азапталғандарына қуанатын сияқты”,— депті. Хенрик былай дейді: “Әрине, мен азап шегуді қалаған жоқпын. Бірақ Ехобаға адалдық сақтауым үшін қиын жағдайда қайтпас қайсарлық танытқаныма қуандым”. Ол былай деп қосты: “Жалбарына дұға еткенім мені Ехобаға жақындата түсті. Ол өзінің адал Көмекші екенін дәлелдеді”.

20. “Бақытты Құдайға” қызмет еткеніміз неге бізді бақытты етеді?

20 Егер “бақытты Құдай” Ехобаның көңілінен шықсақ, біз тіпті қуғындалсақ та, отбасымыз шындыққа қарсы болса да, ауруға шалдықсақ та не қартайсақ та бақытты бола аламыз (Тімөтеге 1-хат 1:11). Сонымен қатар “өтірік айта алмайтын Құдайымыз” бізге көптеген керемет баталарды уәде еткені үшін де бақыттымыз (Титке 1:2). Ехоба өз уәделерін орындаған кезде, қазіргі қиындықтарымызды ешқашан еске алмаймыз. Расында да, біз жұмақтағы өмірдің қаншалықты керемет болатынын, сол кезде қаншалықты бақытты болатынымызды тіпті елестете де алмаймыз! Иә, біз жер бетінде “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенелетін” боламыз (Зәбүр 37:11).