Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Осыларды біліп қана қоймай, соған сай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар”

“Осыларды біліп қана қоймай, соған сай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар”

“Менің тамағым — өзімді жіберген Құдайдың еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау” (ЖОХАН 4:34).

ӘНДЕР: 80, 35

1. Осы әлемнің өзімшіл рухы бізге қандай кері әсерін тигізуі мүмкін?

КЕЙДЕ біз Құдай Сөзінен алған білімімізге сай әрекет етуге қиналып жатамыз. Неліктен? Мұның бір себебі — кішіпейілділіктің жетіспеушілігі. “Соңғы күндерде” өмір сүріп жатқандықтан, бізге кішіпейілділікті сақтап қалу қиын, өйткені адамдардың көпшілігі “тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар,.. ұстамсыз” болып кеткен (Тімөтеге 2-хат 3:1—3). Құдайға ғибадат ететіндіктен, біз бұлардың жаман мінез-құлық екенін білеміз. Әйткенмен осындай мінез-құлық танытатын адамдар, керісінше, табысқа жетіп жатқандай, өмірдің рақатын көріп жүргендей көрінетін шығар (Зәбүр 37:1; 73:3). Бізге тіпті мынандай ойлар келуі мүмкін: “Өзімді былай қойып, басқалардың қамын ойлағанның шынымен де пайдасы бар ма? Кішіпейіл болсам, басқалардың алдында қадірім түсіп қалмай ма?” (Лұқа 9:48). Осы әлемнің өзімшіл рухының өзімізге ықпал етуіне жол берсек, бауырластармен арақатынасымызға сызат түсіруіміз мүмкін, әрі осы дүниелік адамдардан мәсіхші ретінде айрықшаланбай қаламыз. Ал егер Құдайдың кішіпейіл қызметшілерінің көрсеткен үлгісін оқып-зерттеп, оларға еліктейтін болсақ, жақсы нәтижесін көреміз.

2. Құдайдың бұрынғы адал қызметшілерінен не үйрене аламыз?

2 Құдайдың ежелдегі адал қызметшілері ненің арқасында онымен дос бола алған? Олар неліктен Құдайдың ықыласына бөленді? Дұрыс әрекет ету үшін қажетті күшті қайдан алды? Олар жайлы Киелі кітаптан оқып, ой жүгіртсек, сеніміміз қатая түседі.

СЕНІМІМІЗДІ БЕРІК САҚТАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУІМІЗ КЕРЕК?

3, 4. а) Ехоба бізге қалай тәлім береді? ә) Сенімімізді берік сақтау үшін, білім алудан бөлек, тағы не істеуіміз керек?

3 Сенімімізді берік сақтауға не керек болса, Ехоба соның бәрін беріп жатыр. Біз Киелі кітап, басылымдар, jw.org сайты, JW Broadcasting, қауым кездесулері мен конгрестер арқылы ақыл-кеңес пен тәлім алып отырамыз. Бірақ Иса білім алумен ғана шектелмеу керектігін айтқан. Ол: “Менің тамағым — өзімді жіберген Құдайдың еркін орындау және оның тапсырған ісін аяқтау”,— деді (Жохан 4:34).

4 Құдай еркін орындау Исаға тамақ жеумен тең болған. Пайдалы тамақ бойымызға қуат бітіріп, денемізге нәр болатынындай, Құдай еркін орындағанымыз бізге қанағат сыйлап, сенімімізді нығайта түседі. Мысалы, шаршасаңыз да уағыздауға арналған кездесуге барып, қызметке шыққан соң, үйге мәз болып, сергіп қайтқан кезіңіз болған шығар?!

5. Дана болудың қандай пайдасы бар?

5 Ехобаның айтқанын істесек, бұл даналыққа жатады (Жақып 3:13). Даналыққа ие болсақ, мұның көп пайдасын көреміз. Киелі кітапта даналық жайында: “Құмартқан еш нәрсең оған тең келмес... Ие болғандарға ол — өмір ағашы, Оны берік ұстанғандар бақытты саналады”,— делінген (Нақыл сөздер 3:13—18). Иса: “Осыларды біліп қана қоймай, соған сай әрекет етсеңдер, бақыттысыңдар”,— деген (Жохан 13:17). Исаның шәкірттері оның айтқандарына сай әрекет ете берсе ғана бақытты болмақ еді. Исаның тәлімін іс жүзінде орындап, оны үлгі тұту олардың өмір салттарына айналмақ еді.

6. Біз неге әрі қарай да білгендерімізге сай әрекет ете беруіміз керек?

6 Бүгінде біз де білгендерімізге сай әрекет ете беруіміз қажет. Көлік жөндейтін механикті мысалға алайық. Оның құрал-сайманы, қажетті материалдары мен білімі де бар делік. Бірақ ол бұларды қолданса ғана жақсы механик бола алады. Жұмыста жылдар бойы тәжірибе жинаса да, жақсы механик болып қалу үшін ол білімін іс жүзінде қолдануды доғармау керек. Сол сияқты, шындықты алғаш білгенде, біз қатты қуандық. Өйткені Киелі кітаптан алған білімімізді іс жүзінде қолдандық. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылу үшін, біз Ехобаның тәлімін әрі қарай да күн сайын ұстана беруіміз қажет.

7. Киелі кітапта жазылып кеткен кісілердің үлгісінен үйрену үшін не істеуіміз керек?

7 Кейбір жағдайларда бізге кішіпейілділік сақтау қиын болады. Бұл мақалада біз Құдайдың кейбір адал қызметшілері қалай кішіпейіл болып қалғандарын қарастырамыз. Сол арқылы кішіпейілділік танытудың төрт жолын білеміз. Бірақ бұл мәліметті біліп қана қоймай, сол жайлы ой жүгіртіп, өмірде қолдануымыз керек.

ӨЗГЕЛЕРДІ ӨЗІҢІЗДЕН КЕМ САНАМАҢЫЗ

8, 9. Елшілердің істері 14:8—15 тармақтардан Пауылдың кішіпейілділігі қалай көрінеді? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

8 Құдай “әртүрлі адамдардың құтқарылғанын және шындық жайлы тура білім алғанын қалайды” (Тімөтеге 1-хат 2:4). Әзірге шындықты білмейтін адамдарға сіз қалай қарайсыз? Елші Пауыл уағыздаған яһудилер Ехоба туралы біршама білетін. Бірақ ол уағыздаған адамдардың ішінде жалған тәңірлерге табынатындар да болған. Сол кезде оның кішіпейілділігі сыналды. Қалайша?

9 Пауыл бірінші миссионерлік сапарында Барнабамен бірге Листра қаласына барды. Сол жерде тұратын ликаондықтар Пауыл мен Барнабаны тылсым күші бар құдайдай көріп, екеуін Зевс пен Гермес деген жалған құдайларының атымен атады. Бұған Пауыл мен Барнаба паңданып кетті ме? Осыған дейінгі екі қалада қуғын көріп келген олар “мынау бір керемет болды ғой” деп ойлады ма? Жұрттың өздеріне осыншалықты назар аударғаны көбірек адамның ізгі хабарды естуіне жол ашады деп пайымдады ма? Жоқ, олар бұлай ойламады. Олар қапа болып, қатты дауыспен: “Бұларыңыз не? Біз де сіздер сияқты пендеміз ғой”,— деді (Елшілердің істері 14:8—15).

10. Пауыл мен Барнаба неге өздерін ликаондықтардан артық санамады?

10 “Біз де сіздер сияқты пендеміз ғой”,— деуімен Пауыл мен Барнаба өздерінің де кемелсіз екенін айтқысы келді. Әрине, олар ликаондықтар сияқты жалған құдайларға табынбайтын. Құдай оларды миссионер ретінде арнайы тапсырмамен жіберген болатын (Елшілердің істері 13:2). Пауыл мен Барнаба киелі рухпен майланған әрі тамаша үмітке ие еді. Бірақ бұл басқалардан үстем болып кетуге негіз емес еді. Олар сияқты, ликаондықтар да ізгі хабарды қабылдаса, көкте өмір сүру үмітіне ие бола алатын. Пауыл мен Барнаба осыны түсінген.

11. Адамдарға уағыздағанда, Пауылдың кішіпейілділігіне қалай еліктей аламыз?

11 Осы оқиғадан Пауыл сияқты кішіпейіл болудың бір жолын білеміз. Ехобаның бізге уағыз ісін тапсырғаны үшін немесе оның көмегімен атқарып жүрген басқа да істер үшін өзімізді өзгелерден артық санамаймыз. Біз өзімізді былай деп тексерсек болады: “Учаскемдегі адамдарға қалай қараймын? Кейбір адамдарға алалаушылық танытып жүрген жоқпын ба?” Дүниежүзі бойынша Ехоба куәгерлері ізгі хабарға құлақ асатын адамдарды іздейді. Ал кейбір бауырластар тіпті көпшілік менсінбей қарайтын ұлттардың тілін және мәдениетін үйренуге күш салуда. Бірақ олар ешқашан өздері уағыздап жүрген адамдардан артықпыз деп ойламайды. Қайта, Патшалық туралы ізгі хабарды мүмкіндігінше көп адамға қабылдауға көмектесу үшін, олар әрбір адамға жеке тұлға ретінде қарап, жағдайын түсінуге тырысады.

ӨЗГЕЛЕРДІҢ ЕСІМДЕРІН АТАП ДҰҒА АЙТЫҢЫЗ

12. Епафрас шын пейілмен өзгелердің қамын ойлайтынын қалай көрсетті?

12 Кішіпейілділік танытудың тағы бір жолы — “біздікіндей аса құнды сенімге ие болғандар” үшін, яғни бауырластар үшін дұға айту (Петірдің 2-хаты 1:1). Осы орайда Епафрас жақсы үлгі қалдырған. Ол Киелі кітапта үш-ақ рет аталып өткен. Пауыл Римде үй қамауында отырғанда, Қолостағы мәсіхшілерге Епафрас туралы былай деп жазған: “Ол [сендер] үшін үнемі жанын салып дұға етуде” (Қолостықтарға 4:12). Епафрас бауырластардың жағдайын жақсы білген және шын көңілден олардың қамдарын ойлаған. Пауыл ол жайлы “менімен қамауда отыр” дегеніне қарағанда, Епафрастың өзі де қиын жағдайда болған (Філімонға 23). Бірақ соған қарамай, ол өзгелердің қамын ойлап, қолынан келгенше көмектесуге тырысты. Ол бауырластар үшін дұға етті. Біз де солай етіп, тіпті олардың есімін атап дұға етсек болады. Мұндай дұғалардың күші зор (Қорынттықтарға 2-хат 1:11; Жақып 5:16).

13. Дұға еткенде Епафрасқа қалай еліктей аласыз?

13 Сіз дұғаңызда кімдердің атын атасаңыз болады? Бәлкім, қауымдағы достарыңыз немесе қиындыққа кезігіп жүрген отбасылар үшін дұға ете аларсыз. Мүмкін, оларға қандай да бір шешім қабылдау қиын болып жатқан шығар немесе қандай да бір азғырулармен күресіп жүрген болар. Сондай-ақ сіз орыс тіліндегі jw.org сайтындағы “Страны, где Свидетели Иеговы находятся в заключении за веру” деген мақалада есімі аталған бауырластар үшін дұға етсеңіз болады (Сайттағы НОВОСТИ > ЮРИДИЧЕСКАЯ СИТУАЦИЯ деген жерде). Сондай-ақ жақындары қайтыс болғандар, табиғи апатты немесе соғысты бастан өткізгендер, қаржы жағынан таршылық көріп жүргендер үшін дұға етсеңіз болады. Байқағанымыздай, біздің дұғамызға мұқтаж бауырластар өте көп. Солар туралы дұға еткенде, біз өз мүддемізді ғана емес, өзгелердің де мүддесін ойлайтынымызды көрсетеміз (Філіпіліктерге 2:4). Ехоба сондай дұғаларды естиді.

“ТЫҢДАУҒА ЖҮЙРІК” БОЛЫҢЫЗ

14. Ехоба тыңдау жағынан қалай үлгі көрсетеді?

14 Кішіпейілділік танытудың келесі жолы — адамдарды мұқият тыңдау. Жақып 1:19-да “тыңдауға жүйрік” болуымыз керектігі айтылған. Ехоба тыңдау жағынан ең керемет үлгі көрсетеді (Мұсаның 1-жазбасы 18:32; Ешуа 10:14). Мысалы, Мұсаның 2-жазбасы 32:11—14 (оқыңыз) тармақтарда жазылған оқиғаны алсақ болады. Ехобаға мұның қажеті болмаса да, ол Мұсаға өз ойын айтуға мұрсат берді. Сіз бұрында қателік жасаған адамды шыдамдылықпен тыңдап, кейін оның сөзіне құлақ асар ма едіңіз? Ал Ехоба өзіне сеніммен дұға еткен әрбір адамды шыдамдылықпен тыңдайды.

15. Басқаларды құрметтеу жағынан Ехобаға қалай еліктей аламыз?

15 Өзіңізден былай деп сұрап көріңіз: “Ехоба Ыбырайым, Рахила, Мұса, Ешуа, Манұх, Ілияс және Езекия сияқты қарапайым пенделерді кішіпейілділікпен тыңдаса, мен де солай етуім керек емес пе? Бауырластарымның ұсыныстарын тыңдап, мүмкін болғанда оларды қабылдау арқылы көбірек құрмет таныта аламын ба? Қауымда немесе отбасымда кімге көбірек көңіл бөлсем болады? Бұл үшін не істесем екен?” (Мұсаның 1-жазбасы 30:6; Билер 13:9; Патшалар 1-жазба 17:22; Шежірелер 2-жазба 30:20).

“БӘЛКІМ, ЕХОБА КӨРГЕН ҚОРЛЫҒЫМА НАЗАР АУДАРАР”

Дәуіт: “Оған тимеңдер”,— деді. Ал сіз не істер едіңіз? (16, 17-абзацтарды қараңыз)

16. Шимей қарсы шыққанда, Дәуіт патша қалай әрекет етті?

16 Кішіпейілділік өзгелер бізге жамандық жасағанда ұстамды болуға көмектеседі (Ефестіктерге 4:2). Осының керемет үлгісін Самуилдің 2-жазбасы 16:5—13 (оқыңыз) тармақтардан оқимыз. Саул патшаның туысы Шимей Дәуіт пен оның қызметшілерін қарғап-сілеп, оларға тас лақтырған. Сол кезде Дәуіт Шимейді тоқтата алар еді, бірақ ол оның сөздерін шыдамдылықпен көтерді. Қалайша Дәуіт осындай жағдайда ұстамдылық таныта алды? Бұның жауабын Зәбүр жырының 3-тарауынан таба аламыз.

17. Ненің арқасында Дәуіт ұстамды болды және біз одан қандай сабақ аламыз?

17 Дәуіт бұл Зәбүр жырын өз ұлы Абессалом оны өлтірмек болып жүргенде жазған. Сол кездері Шимей оған қарсы шықты. Дәуіт сонда да сабырлық сақтады. Оған не көмектесті? Зәбүр 3:4-те ол: “Ехобаны дауыстап шақырамын, Сонда ол киелі тауынан жауап береді”,— деген. Өзгелер бізге қарсы әрекет етіп, жамандық жасағанда, біз де Дәуіт сияқты дұға етуіміз керек. Сонда Ехоба бізге төтеп беруге көмектесу үшін киелі рухын береді. Біреу сізге жамандық жасағанда әдеттегіден ұстамдырақ болып, анағұрлым кешірімді бола аласыз ба? Сіздің қиыншылықтарыңызға Ехоба бейжай қарамайтынына, әрі сізге көмектесіп, жарылқайтынына нық сенімдісіз бе?

“ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ — ДАНАЛЫҚ”

18. Ехобаның айтқандарына сай әрекет етудің қандай пайдасы бар?

18 Қандай әрекеттің дұрыс болатынын біліп, соған сай әрекет етсек, дана боламыз, әрі Ехобаның батасына кенелеміз. Нақыл сөздер 4:7-де: “Ең маңыздысы — даналық”,— делінген. Даналық білімге негізделетіні рас, бірақ ол білгенімізді түсінумен ғана шектелмейді. Даналық біздің қандай шешім қабылдап, қалай әрекет ететінімізден көрінеді. Тіпті құмырсқаның өзі қысқа азық жинап, даналық танытады (Нақыл сөздер 30:24, 25). Киелі кітапта “Құдайдың даналығы” деп аталған Мәсіх әрқашан да Әкесіне ұнамдыны істейді (Қорынттықтарға 1-хат 1:24; Жохан 8:29). Біз де Құдайдың көз алдында дұрыс нәрсені таңдап, соған сай әрекет ету арқылы кішіпейілділік пен даналық таныта берсек, Құдай бізді жарылқайды (Матай 7:21—23 оқыңыз). Ендеше, бойыңызда нағыз кішіпейілділік дамытуға күш салыңыз. Сонда сіз қауымдағыларды да Ехобаға кішіпейілділікпен қызмет етуге талпындырасыз. Әрине, білгендерімізді өмірде қолдану үшін біраз уақыт пен табандылық қажет болады. Солай етсек, кішіпейіл екенімізді көрсетеміз. Кішіпейілділік болса бізді қазір де, болашақта да бақытқа бөлейді!