“Сағат қанша болды?”
ӘДЕТТЕ сіз сағаттың қанша болғанын білгіңіз келсе, не істейсіз? Бәлкім, сіз қабырғадағы немесе қолыңыздағы сағатқа қарарсыз. Қарасаңыз, сағат түскі бір жарым болыпты. Сол кезде досыңыз сізден: “Сағат қанша болды?”— деп сұраса, оған не деп жауап бересіз?
Бұл сіздің қай жерде тұратыныңызға байланысты. Мысалы, бір жерде “1:30” деп айтса, басқа жерде “13:30” деуі мүмкін. Ал тағы бір жерлерде “екіге 30 минут қалды” деп жауап береді.
Ал ертеде адамдар уақытты қалай білген? Ол кезде де уақытты айтудың бірнеше жолы болған. Еврей жазбаларында “таң ата”, “таңертең”, “түс”, “тал түсте”, “кешке” деген сөздер қолданылған (Мұсаның 1-жазбасы 8:11; 19:27; Мұсаның 5-жазбасы 28:29; Патшалар 1-жазба 18:26). Бірақ Киелі кітапта уақыттың нақтырақ айтылған жерлері бар.
Ежелгі Исраилде, әсіресе түнгі уақытта, қалаға күзетші қою кәдімгі жайт болған. Исраилдіктер түнгі уақытты үш бөлікке бөлген. Осы бөліктер “түнгі күзеттер” деп аталған (Зәбүр 119:148). Ал Иса дүниеге келген уақытта яһудилер түнгі уақытты гректер мен римдіктер сияқты төрт күзетке бөлетін болған.
Бұл күзеттер туралы Ізгі хабарларда көп рет айтылған. Мысалы, “түннің төртінші күзетінде” Иса шәкірттері отырған кемеге қарай теңіз бетімен жүрген (Матай 14:25). Ал Иса бір мысалында былай деген: “Қожайыны келгенде, сергек жүрген құлдар бақытты!.. Қожайыны екінші күзетте, тіпті үшінші күзетте келіп, құлдардың сергек жүргенін көрсе, олар бақытты!” (Лұқа 12:37, 38).
Иса шәкірттерін сергек болуды ескерткенде, осы төрт күзетті түгел атап өткен. Ол: “Себебі үй иесі кешке, түн ортасында, әтеш шақырғанда, әлде таң сәріде келе ме — білмейсіңдер”,— деген (Марқа 13:35). Бірінші күзет, яғни “кеш”, күн батқан кезден кешкі сағат тоғызға дейін созылған. Екінші күзет, яғни “түн ортасы”, кешкі сағат тоғыздан түнгі сағат он екіге дейінгі аралықты қамтыған. Ал “әтеш шақырғанда” деп сипатталған үшінші күзет түн ортасынан таңғы сағат үшке дейін созылған. Бәлкім, Иса тұтқында болған түні осы күзеттің кезінде әтеш шақырған болса керек (Марқа 14:72). Төртінші күзет, яғни “таң сәрі”, таңғы сағат үштен күн шыққанға дейінгі уақытты қамтыған.
Сонымен, ежелдегі адамдарда біздікіндей сағат болмаса да, оларда уақытты айтудың тәсілдері болған.