Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сүйіспеншілігіңізбен өзгелерді нығайта беріңіз

Сүйіспеншілігіңізбен өзгелерді нығайта беріңіз

“Сүйіспеншілік рухани нығайтады” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 8:1).

ӘНДЕР: 109, 121

1. Иса шәкірттерімен болған соңғы кешінде қандай маңызды тақырыпты қозғады?

ИСА өлер алдындағы кеште шәкірттерімен сөйлесіп, сүйіспеншілік қасиетін шамамен 30 рет атап өтті. Ол шәкірттеріне “бір-бірін сүюді” өсиет етті (Жохан 15:12, 17). Олардың сүйіспеншіліктерінің ерекшеленетіні сонша — жұрттың көзіне түсіп, Мәсіхтің шынайы ізбасарлары ретінде танылмақ еді (Жохан 13:34, 35). Бірақ Иса сүйіспеншілік деуімен құр сезім туралы айтқан жоқ. Бұл — өзгелерге жанқиярлықпен танытылатын өте күшті қасиет. Иса былай деген: “Достары үшін жанын қиған адамның сүйіспеншілігінен артық сүйіспеншілік жоқ. Егер өсиет еткендерімді орындасаңдар, онда менің достарымсыңдар” (Жохан 15:13, 14).

2. а) Қазіргі таңда Құдай қызметшілері несімен танымал? ә) Осы мақалада біз қандай сұрақтардың жауабын табамыз?

2 Ехобаның қазіргі таңдағы қызметшілері шынайы да жанқияр сүйіспеншіліктерімен және мызғымас бірлігімен танымал (Жоханның 1-хаты 3:10, 11). Қай ұлттан не рудан шыққанына, қай тілде сөйлейтініне, қай жақтан келгеніне, қандай тәрбие алғанына қарамастан, дүниежүзіндегі Ехобаның қызметшілері бір-бірін шын жүректен жақсы көреді. Қазіргі күндері неге сүйіспеншілік қасиеті өте қажет? Ехоба мен Исаның сүйіспеншілігі бізді қалай нығайтады? Сондай-ақ қалайша біз шынайы сүйіспеншілік таныту арқылы өзгелерді жұбатып, нығайта аламыз? (Қорынттықтарға 1-хат 8:1).

ҚАЗІРГІ КЕЗДЕ СҮЙІСПЕНШІЛІК ҚАСИЕТІ НЕГЕ ӨТЕ ҚАЖЕТ?

3. Қазіргі “ерекше қиын” уақыт адамдарға қандай зардабын тигізуде?

3 Біз қазір “ерекше қиын” уақытта өмір сүрудеміз, сондықтан өміріміз “қайғы-қасіретке” толы (Тімөтеге 2-хат 3:1—5; Зәбүр 90:10). Көп адамның қайғы-мұңға бататыны сонша — өмірден күдер үзіп жатады. Жыл сайын 800 000-нан аса адам өз-өзіне қол жұмсайды, бұл 40 секунд сайын 1 адам өз өмірін қияды деген сөз. Өкінішке қарай, тіпті кейбір бауырластарымыз да осындай күйге душар болып, өмірлеріне қол жұмсаған.

4. Киелі кітаптың қай кейіпкерлері бір кездері өмір сүргісі келмеген?

4 Ежелде Құдайдың кейбір адал қызметшілерінің қайғы-мұңға батқаны сонша — өмір сүргісі келмеген. Мысалы, жанын қоярға жер таппаған Әйүп: “Өмірден жиренемін, бұдан әрі тірі жүргім келмейді”,— деген (Әйүп 7:16; 14:13). Ал Жүніс қатты түңіліп кетіп: “Уа, Ехоба, жанымды ала көр, енді тірі жүргенше, өлгенім артық”,— деді (Жүніс 4:3). Бар жақсылықтан күдер үзген Ілияс пайғамбар болса: “Уа, Ехоба, осы көргенім де жетер, енді жанымды ала көр!”— деп өзіне өлім тіледі (Патшалар 1-жазба 19:4). Бірақ Ехоба бұл адал қызметшілерін жақсы көрген, әрі олардың өмір сүргенін қалаған. Өздерін солай сезінгендері үшін Ехоба оларды жазғырған жоқ. Керісінше, олардың өмірге деген құштарлығын қайтадан жандандырып, әрі қарай да адал қызмет ете беруге көмектесті.

5. Неге қазір бауырластарымыз біздің сүйіспеншілігімізге әсіресе зәру?

5 Қазіргі уақытта да көптеген бауырластарымыз түрлі қиын жағдайларды бастан кешуде. Сондықтан олар біздің сүйіспеншілігімізге мұқтаж. Кейбірі келеке-мазаққа ұшырауда немесе қуғындалып жатыр. Өзгелеріне болса әріптестері тиісіп сөйлейді, я олар туралы өсек таратады. Ал кейбірі күні бойы жұмыс істеуге мәжбүр болғандықтан немесе жұмыста көп стреске ұшырайтындықтан күштері сарқылып, қажып жүр. Отбасында үлкен қиындықтары бар бауырластар да аз емес. Мысалы, Ехобаға ғибадат етпейтін жұбайы үнемі тырнақ астынан кір іздеп отыратын шығар. Осы секілді ауыртпалықтардың салдарынан көбісі бұдан әрі төзе алмайтындай сезініп, тіпті өздерін ешкімге керек емеспін деп ойлай бастауы мүмкін. Оларға кім көмектесе алады?

ЕХОБАНЫҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІ БІЗГЕ КҮШ БЕРЕДІ

6. Ехобаның сүйіспеншілігі қызметшілеріне қалай күш береді?

6 Ехоба өз қызметшілерін қазір және мәңгілік бойы сүйетінін уәде еткен. Ехоба Исраил халқына: “Сен маған қымбатсың, қадірлісің. Сондықтан мен сені жақсы көремін... Қорықпа, себебі мен қасыңдамын”,— дегенде, олардың қаншалықты рухтанып қалғанын елестетіп көріңізші! (Ишая 43:4, 5). Біз білетініміздей, Ехоба әрқайсысымызды қатты бағалайды *. Құдай Сөзінде мынадай уәде бар: “Құдіретті Құдай болғандықтан, сені құтқарады. Саған ол қатты шаттанады” (Софония 3:16, 17).

7. Қай жағынан Ехобаның сүйіспеншілігін сәбилі ананың махаббатына теңеуге болады? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

7 Қызметшілері қандай қиындыққа ұшыраса да, Ехоба оларға күш беріп, жұбатуға уәде береді. Киелі кітапта Ехоба туралы: “Ол сендерді емізіп, әлпештеп көтеріп жүреді, Тізесіне салып әлдилейді. Анасы баласын қалай жұбатса, Мен де сендерді солай жұбатамын”,— делінген (Ишая 66:12, 13). Анасының қолында жатқан немесе анасы ойнатып жатқан сәбидің еш алаңсыз күйін елестетіп көріңізші! Сол сияқты, Ехоба да сізді қатты жақсы көреді және уайым-қайғысыз жүргеніңізді қалайды. Ехоба үшін өзіңіздің өте қымбат жан екеніңізге ешқашан күмәнданбаңыз (Еремия 31:3).

8, 9. Исаның сүйіспеншілігі қалай бізге күш береді?

8 Ехобаның бізді жақсы көретінінің тағы бір дәлелі мына тармақта жазылған: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16). Өмірін құрбан етуімен Иса да бізді жақсы көретінін паш етті. Осы сүйіспеншілік бізге күш беріп, алға жетелейді. Киелі кітапта айтылғандай, ешқандай қиыншылық та, азап та бізді Мәсіхтің сүйіспеншілігінен айыра алмайды (Римдіктерге 8:35, 38, 39).

9 Кейде проблемаларымыздың кесірінен тәндік не эмоциялық жағынан қажуымыз не қызметімізді қуанышпен атқармауымыз мүмкін. Бірақ Мәсіхтің бізді қаншалықты жақсы көретінін есте ұстағанымыз бізге қиындықтарға төзуге күш береді (Қорынттықтарға 2-хат 5:14, 15 оқыңыз). Исаның сүйіспеншілігі біздің өмір сүруге, Ехобаға қызмет етуге деген қалауымызды жандандырады. Бұл тіпті табиғи апатқа ұшырасақ та, қудалансақ та, көңіліміз қалса да, үрейге берілсек те, еңсемізді түсірмеуге көмектеседі.

БАУЫРЛАСТАР БІЗДІҢ СҮЙІСПЕНШІЛІГІМІЗГЕ МҰҚТАЖ

Исаның үлгісін зерттесек, бұл бізді өзгелерді жігерлендіруге қозғау салады (10, 11-абзацтарды қараңыз)

10, 11. Ұнжырғасы түскен бауырластарды кімдер жігерлендіруі тиіс? Түсіндіріңіз.

10 Бізді нығайту үшін Ехоба өзінің сүйіспеншілігін қауым арқылы да танытады. Біз бауырластарға сүйіспеншілік таныту арқылы Ехобаны жақсы көретінімізді көрсетеміз. Бауырластар өздерінің бағалы екенін және Ехоба оларды жақсы көретінін сезіну үшін біз қолдан келгеннің бәрін істейміз (Жоханның 1-хаты 4:19—21). Елші Пауыл: “Бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер”,— деп жазған (Салоникалықтарға 1-хат 5:11). Бұлай ету ақсақалдардың ғана міндеті емес. Қауымдағы әрбіріміз Ехоба мен Исаға еліктеп, бауырластарды жігерлендіре аламыз (Римдіктерге 15:1, 2 оқыңыз).

11 Депрессияның ауыр түріне немесе үрей мен мазасыздық дертіне шалдыққан кейбір бауырластар кәсіби маманның көмегін қажет етуі мүмкін (Лұқа 5:31). Ақсақалдар мен қауымдағы өзге де бауырластардың медициналық білімі болмаса да, олардың көмегі мен жұбататын сөздері бауырластарға өте қажет. Қауымдағы кез келген бауырлас “жаны күйзеліп жүргендерді жұбатып, әлсіздерді қолдап, барлық адамдарға төзімді бола” алады (Салоникалықтарға 1-хат 5:14). Біз бауырластарымыздың сезімін түсінуге тырысуымыз керек. Ұнжырғасы түскен кезде оларға шыдамды болып, жігер болатын сөздерді айтуымыз қажет. Бауырластарды жұбатып, жігерлендіріп отырасыз ба? Осы жағынан көбірек күш салу үшін не істей аласыз?

12. Қауымның сүйіспеншілігінен жігер алған бауырластың мысалын айтып беріңіз.

12 Еуропада тұратын әйел бауырлас былай дейді: “Маған кейде өз-өзіме қол жұмсау туралы ойлар келеді. Бірақ сондайда маған тірек болатын жанашырларым бар. Қауымымдағы бауырластар менің өмірімді сақтап қалды. Олар әрқашан да сүйіспеншілігін аямай, жігерлендіріп отырады. Депрессиядан қиналатынымды білетіндері көп болмаса да, қауымдағылар қашан да жанымнан табылып, көмектесуге дайын. Бір ерлі-зайыпты бауырластар менің рухани ата-анам сияқты. Олар менің қамымды ойлап жүреді, күн демей, түн демей, көмекке келуге дайын”. Әрине, осыншалықты көмектесуге барлық бауырластардың шамасы келе бермейді. Десе де бауырластарымызға тірек боламыз десек, қолымыздан келері өте көп *.

СҮЙІСПЕНШІЛІКПЕН НЫҒАЙТУДЫҢ ЖОЛДАРЫ

13. Өзгелерді жұбату үшін не істеуіміз қажет?

13 Тыңдай біліңіз (Жақып 1:19). Еңсесі түскен бауырласты жанашырлықпен тыңдасақ, оны жақсы көретінімізді көрсетеміз. Оны жақсырақ түсіну үшін жұмсақтықпен сұрақтар қойсаңыз болады. Сіз түр-әлпетіңізбен де оған шынымен жаныңыз ашып тұрғанын көрсете аласыз. Оны тыңдап жатқанда шыдамды болып, сөзін бөлмеңіз. Адам ішіндегісін айтып алсын. Тыңдай білу арқылы оның жағдайын жақсырақ түсіне аласыз, әрі ол сізге сенім артатын болады. Сосын ол да сіздің сөзіңізді ден қойып тыңдап, көмегіңізді қабыл алуға дайын болады. Шын жүректен қамын ойлағаныңыз адамға зор жігер мен жұбаныш болады.

14. Неге біз сынап-мінеуден аулақ болуымыз керек?

14 Сынап-мінемеңіз. Жан күйзелісіне ұшыраған адамға біз оны сынап-мінеп жатқандай көрінсек, ол өзін одан бетер жаман сезінеді. Нәтижесінде ол біздің көмегімізді қабылдауы екіталай. Киелі жазбаларда: “Ойланбай сөйлеген семсердей жаралайды, ал дананың тілі сауықтырады”,— делінген (Нақыл сөздер 12:18). Жаны күйзелген адамды сөзімізбен әдейі жараламайтын шығармыз, алайда ойланбай сөйлегеніміздің өзі оған ауыр тиюі мүмкін. Біз адамның жағдайын түсінуге тырысып жатқанымызды анық көрсетуіміз қажет. Сонда ғана бауырласымызды жігерлендіре аламыз (Матай 7:12).

15. Бауырластарды жігерлендіруге көмектесетін баға жетпес құралымыз қандай?

15 Киелі жазбалардың көмегімен жұбатыңыз (Римдіктерге 15:4, 5 оқыңыз). Киелі кітап “табандылық пен жұбаныш беретін Құдайдан” келген. Сондықтан да ондағы сөздер зор жұбаныш береді. Сондай-ақ бізде “Күзет мұнарасы басылымдарының көрсеткіші” және “Ехоба куәгерлерінің ізденіс құралы” бар. Осы құралдар арқылы біз қажетті әдебиеттер мен тармақтарды тауып, кейін оларды бауырластарды нығайтып, жігер беру үшін қолдана аламыз.

16. Жан күйзелісіне ұшыраған адамды жігерлендіру үшін қандай қасиеттер қажет?

16 Мейірімді әрі жұмсақ болыңыз. Ехоба “қайырымы мол Әке және жұбаныш атаулының қайнар көзі”, сондай-ақ ол өзінің қызметшілеріне “зор жанашырлық” танытады (Қорынттықтарға 2-хат 1:3—6 оқыңыз; Лұқа 1:77, 78; Римдіктерге 15:13). Ехобаға еліктегендіктен, Пауыл осы жағынан жақсы үлгі қалдырған. Ол былай деп жазған: “Сендерді баласын емізіп, мәпелеген анадай аяладық. Өздеріңе аяулы сезіміміз болғандықтан, Құдайдың ізгі хабарын жеткізіп қана қоймай, жанымызды беруге дайын болдық, өйткені өздеріңді жақсы көріп кеттік” (Салоникалықтарға 1-хат 2:7, 8). Ехоба сияқты біз де мейірімді болсақ, бауырластар дұғада сұрап жүрген жұбанышты сыйлай аламыз.

17. Бауырластарды жігерлендіргіміз келсе, оларға деген көзқарасымыз қандай болу керек?

17 Бауырластардан мінсіздікті талап етпеңіз. Егер бауырластардан мінсіздікті талап ететін болсақ, көңіліміз қалары анық (Уағыздаушы 7:21, 22). Ехобаның бізден шамамыздан тыс нәрсені күтпейтінін есте ұстаңыз. Сондықтан да біз өзара шыдамды болуымыз қажет (Ефестіктерге 4:2, 32). Біз ешқашан да бауырластардың өздерін қызметте барынша күш салмай жүргендей сезінуіне түрткі болғымыз келмейді, әрі оларды басқалармен салыстырмаймыз. Қайта, оларға жігер беріп, мақтауға тұрарлық жақтарын айтып отырайық. Сонда олардың Ехобаға қуанышпен қызмет етуіне септігімізді тигіземіз (Ғалаттықтарға 6:4).

18. Неге біз өзгелерді сүйіспеншілікпен нығайтқымыз келеді?

18 Ехоба үшін әрбір қызметшісі қымбат. Иса да оларды қатты бағалайды (Ғалаттықтарға 2:20). Біз де бауырластарымызды қатты жақсы көреміз, сондықтан оларға жанашыр да жұмсақ болуымыз қажет. “Өзара тату болуға және бір-бірімізді нығайтуға ықпал ететіннің бәрін істейік” (Римдіктерге 14:19). Біз жұмақ орнап, ешкімнің де көңіліне қаяу түспейтін уақыттың келгенін қатты аңсаймыз! Сол кезде ешқандай ауру да, соғыс та болмайды. Адамдар Адам атадан мұра еткен күнәнің кесірінен өлмейтін болады, қуғын-сүргін, отбасылық қиындықтар не көңілдің қалуы деген атымен болмайды. Мыңжылдықтың соңында бүкіл адамзат кемелділікке жетеді. Ақырғы сынақта адал болып қалған жердегі қызметшілерін Ехоба балалары ретінде қабылдайды да, олар “Құдай балаларының салтанатты бостандығына жетеді” (Римдіктерге 8:21). Ендеше барлығымыз бір-бірімізді сүйіспеншілікпен нығайтып, Құдайдың уәде еткен жаңа дүниесіне жеткенше, бір-бірімізді алға жетелей берейік.

^ 12-абзац Өз өміріне қол жұмсағысы келетіндерге қалай көмектесе алатыныңызды білу үшін “Ояныңдар!” (ор.) журналында шыққан мына мақалаларды қарап көрсеңіз болады: “Неге өмір сүре беру керек? Күдер үзбеуге үш себеп” (сәуір, 2014 жыл. 7, 8, 9 беттер); “Өмір сүруге деген ықыласың жоғалғанда...” (қаңтар, 2012); “Өміріңізді қиюға асықпаңыз!” (22 қазан, 2001 жыл. 5—7 және 8—12 беттер).