Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдіреті шексіз, десе де сезімдерді ескеретін Құдай

Құдіреті шексіз, десе де сезімдерді ескеретін Құдай

“[Ехоба] біздің неден жаратылғанымызды жақсы біледі, Топырақ екеніміз оның есінде” (ЗӘБҮР 103:14).

ӘНДЕР: 30, 10

1, 2. а) Ехобаның адамдарға қалай қарайтыны осы дүниедегі билігі бар адамдардікінен несімен ерекшеленеді? ә) Осы мақалада нені талқылаймыз?

КӨПТЕГЕН билігі бар адамдар өзгелерді билеп-төстеп, тіпті оларды қанап жатады (Матай 20:25; Уағыздаушы 8:9). Ехоба ешқашан мұндайға бармайды! Ол Құдіреті шексіз, әлемдегі ең күшті Тұлға болса да, кемелсіз адамдардың сезімдерін ескереді. Ехоба сезімдеріміз бен қажеттіліктерімізді ойлап, бізге мейірімділік пен қамқорлық танытатын Құдай. Ол біздің мүмкіндігіміз шектеулі, кемелсіз жандар екенімізді біледі. Сондықтан ол біздің қолымыздан келмейтін нәрсені талап етпейді (Зәбүр 103:13, 14).

2 Киелі жазбалардан Ехобаның өз халқының қаншалықты қамын ойлайтынын білеміз. Қазір сондағы үш мысалды қарастырайық: біріншісі, Ехоба жас Самуилдің сезімін ескере отырып, бас діни қызметкер Елиге өзінің үкімін жеткізуге көмектескені жайлы; екіншісі, Мұса Исраил халқын Мысырдан бастап алып шығудан бас тартқанда, Ехобаның оған шыдамдылық танытқаны жайлы; үшіншісі, Ехобаның Мысырдан шыққан исраилдіктерді қамқорлағаны жайлы. Осы жағдайлардан Ехоба жайлы не білеміз және оған қалай еліктей аламыз?

ЕХОБАНЫҢ ЖАС САМУИЛДІҢ СЕЗІМІН ЕСКЕРУІ

3. Бір түні жас Самуилмен қандай жағдай орын алды және осыған қатысты бізде қандай сұрақ туындайды? (Мақаланың басындағы суретті қараңыз.)

3 Самуил киелі шатырдағы қызметін өте жас кезінде бастады (Самуилдің 1-жазбасы 3:1). Бір түні ол ұйықтап жатқанда ерекше бір жағдай орын алды * (Самуилдің 1-жазбасы 3:2—10 оқыңыз). Ол біреу өзінің атын атап шақырғанын естиді. Сонда ол қарт бас діни қызметкер Ели шақырды деп ойлап қалады. Самуил орнынан атып тұрып, Елиге жүгіріп барып: “Мені шақырдыңыз ба?”— дейді. Бірақ Ели: “Жоқ, шақырған жоқпын”,— деп жауап береді. Осы жағдай бірнеше рет қайталанғаннан кейін, Ели Самуилді Құдай шақырып жатқанын түсінеді. Сөйтіп, Ели оған келесіде қалай жауап беру керектігін айтып береді. Самуил Елидің сөздеріне құлақ асады. Ехоба Самуилді шақырып жатқан өзі екенін неге оған бірден айтпады? Киелі кітапта бұл жайында ештеңе айтылмаған. Бірақ Ехоба Самуилдің сезімдерін ескергендіктен, солай әрекет еткен болуы мүмкін.

4, 5. а) Самуилге Ехоба Елиге хабарын жеткізуді тапсырғанда ол не істеді? ә) Осы оқиғадан Ехоба жайлы не білеміз?

4 Самуилдің 1-жазбасы 3:11—18 оқыңыз. Құдай заңы бойынша, балалар қарт кісілерді, әсіресе басшыларды құрметтеуі тиіс еді (Мұсаның 2-жазбасы 22:28; Мұсаның 3-жазбасы 19:32). Сондықтан да жас Самуилдің таңертең Елиге барып, оған Құдайдың қатаң үкімін батылдықпен айтып жатқанын елестетудің өзі қиын. Киелі кітапта Самуил “алған аяны жайында Елиге айтуға қорықты” деп жазылған. Бірақ Құдай Елиге Самуилді өзі шақырып жатқанын анық көрсетті. Сондықтан Ели Самуилге Құдайдың бірде-бір сөзін жасырмай айтуын бұйырды. Ол Елиге мойынсұнып “бәрін айтып берді”.

5 Ехобаның айтқан хабары Ели үшін күтпеген жайт болған жоқ, өйткені ол бұған дейін “Құдайдың бір пайғамбарынан” осыған ұқсас хабарды естіген болатын (Самуилдің 1-жазбасы 2:27—36). Бұл оқиғадан Ехобаның сезімдерді ескеретін әрі өте дана Құдай екенін білеміз.

6. Құдайдың жас Самуилге көмектескенінен қандай сабақ аламыз?

6 Жастар, жас Самуилдің оқиғасы Ехоба сендердің қиындықтарың мен сезімдеріңді түсінетінін көрсетеді. Мүмкін сен жасы үлкен адамдарға уағыздауға ұялып, тартыншақтайтын шығарсың, я болмаса құрдастарыңнан ерекшеленгің келмейтін шығар. Ехобаның саған қол ұшын беруге дайын екенін естен шығарма. Сондықтан да Ехобаға дұға етіп, нақты не сезінетініңді ашық айтсаң болады (Зәбүр 62:8). Киелі кітаптағы Самуил сияқты жастардың мысалы жайлы терең ой жүгірт. Өзіңмен қатар немесе өзіңнен үлкен бауырластармен ақылдасып көр, бәлкім, олар сенікіне ұқсас қиындықтарды жеңген болар. Олар Ехобаның өздеріне тіпті күтпеген жолмен көмектескені жайлы айтып беруі мүмкін.

ЕХОБАНЫҢ МҰСАНЫҢ СЕЗІМІН ЕСКЕРУІ

7, 8. Ехоба Мұсаның сезімдерін елеп-ескеретінін қалай көрсетті?

7 Мұса 80 жасқа келгенде, Ехоба оған өте қиын тапсырма берді. Ол исраил халқын Мысырдың құлдығынан алып шығуы керек болды (Мұсаның 2-жазбасы 3:10). Бәлкім, Мұса бұндай тапсырмаға қатты таңғалған шығар. Өйткені ол Мадиян елінде 40 жыл бойы шопан болған. Ол Ехобаға: “Перғауынға барып, исраилдіктерді Мысырдан алып шығатындай мен кім едім?”— деді. Ехоба Мұсаны нығайтып: “Мен саған жар боламын”,— деді (Мұсаның 2-жазбасы 3:11, 12). Сондай-ақ Ехоба Исраил ақсақалдарының оған “сөзсіз құлақ асатынын” айтты. Мұса сонда да: “Ал егер олар... маған сенбей, айтқаныма құлақ аспаса ше?”— деді (Мұсаның 2-жазбасы 3:18; 4:1). Мұса осы сөздерімен “Ехоба, сен қателесіп жатсың!” дегендей болды. Бірақ Ехоба Мұсаға шыдамдылық танытты. Ол тіпті оған кереметтер жасауға күш берді. Киелі кітапта осындай күшке ие болғандардың ішінде Мұса бірінші болып аталған (Мұсаның 2-жазбасы 4:2—9, 21).

8 Осының барлығына қарамастан Мұса тапсырманы орындамауға тағы бір себеп келтірді. Мұса өзінің сөзге шорқақ екенін айтты. Сонда Құдай оған: “Мен аузыңа сөз салып, не айтуың керектігін үйретемін”,— деді. Осыдан кейін Мұса Ехобаға сенім артып, тапсырманы орындауға дайын болды ма? Жоқ, ол өзінің орнына басқа біреуді жіберуін өтінді. Сонда Ехобаның ашуы келді. Бірақ сонда да Ехоба оның сезімдерін ескеріп, Мұсаның атынан сөйлеу үшін Харонды тағайындады (Мұсаның 2-жазбасы 4:10—16).

9. Ехобаның шыдамдылық пен мейірімділік танытқаны Мұсаға жақсы басшы болуға қалай көмектесті?

9 Бұл оқиғадан Ехоба жайлы не білеміз? Ехоба Құдіреті шексіз Құдай болғандықтан, күш көрсетіп, Мұсаны тапсырмасын орындауға мәжбүрлей алар еді. Бірақ оның орнына, Ехоба оған шыдамдылық пен мейірімділік танытып, өзінің кішіпейіл әрі момын қызметшісін қолдайтынына сендірді. Ехобаның бұл әрекеті нәтиже әкелді ме? Иә, Мұса Құдай халқына керемет басшы болды. Ол тура Ехоба сияқты өзгелерге жұмсақтық танытуға және олардың сезімдерін ескеруге тырысты (Мұсаның 4-жазбасы 12:3).

Сіз өзгелерге Ехоба сияқты қарайсыз ба? (10-абзацты қараңыз)

10. Ехоба сияқты өзгелердің сезімдерін ескеретін болсақ, мұның қандай пайдасын көреміз?

10 Ал біз бұдан қандай сабақ алсақ болады? Егер сіз отағасы, ата-ана не қауымда ақсақал болсаңыз, бұл сізде біршама билік бар деген сөз. Сол себепті сіздің, Ехоба сияқты, өзгелердің сезімдерін ескеріп, әйеліңізге, балаларыңызға және қауымдағыларға мейірімділік пен шыдамдылық танытқаныңыз өте маңызды (Қолостықтарға 3:19—21; Петірдің 1-хаты 5:1—3). Егер Ехоба мен Исаға еліктесеңіз, өзгелердің сізге жолығып, сөйлесуі оңай болады. Осының арқасында олардың жандарын сергіте аласыз (Матай 11:28, 29). Сондай-ақ сіз оларға жақсы үлгі көрсетесіз (Еврейлерге 13:7).

ҚҰДІРЕТТІ, СӨЙТЕ ТҰРА ҚАМҚОР ҚҰТҚАРУШЫ

11, 12. Исраилдіктер өздерін қауіпсіз сезінулері үшін Ехоба не істеді?

11 Б. з.б. 1513 жылы Мысырдан шыққан исраилдіктердің саны 3 миллионнан асқан болуы мүмкін. Олардың арасында балалар, қарттар, ауру-сырқаулар мен мүгедектер де болса керек. Мұндай үлкен халыққа қамқор да түсінігі мол көшбасшы қажет еді. Мұсаның көмегімен Ехоба дәл осындай басшы болды. Нәтижесінде көздерін ашқаннан бері Мысырда өмір сүрген исраилдіктер сол жерді тастаса да, еш үрейленбеді (Зәбүр 78:52, 53).

12 Исраилдіктер өздерін қауіпсіз сезіну үшін Ехоба не істеді? Ол халқын Мысырдан “әскер жасағындай ұйымдасқан түрде” шығарды (Мұсаның 2-жазбасы 13:18). Осылай ұйымдасқандарынан олар Ехобаның жағдайды қадағалап тұрғанын анық көре алды. Сондай-ақ “күндіз бұлтты бағана”, ал “түнде отты бағана” арқылы Ехоба оларды жетелеп, қорғап жүргенін және көмектесіп жатқанын естеріне салды (Зәбүр 78:14). Олар осындай қамқорлыққа мұқтаж еді. Өйткені алда оларды бір ерекше оқиға күтіп тұрды.

Қызыл теңіздің маңында Ехоба исраилдіктерді қалай қамқорлады? (13-абзацты қараңыз)

13, 14. а) Қызыл теңіздің маңында Ехоба исраилдіктерді қалай қамқорлады? ә) Ехоба өзінің мысырлықтардан әлдеқайда құдіретті екенін қалай көрсетті?

13 Мұсаның 2-жазбасы 14:19—22 оқыңыз. Бір сәтке исраилдіктермен бірге сол жерде тұрғаныңызды елестетіп көріңізші. Артыңызда мысырлықтар болса, алдыңызда Қызыл теңіз. Қашарға жол жоқ. Сол сәтте Құдай іске кіріседі. Қостың алдындағы бұлтты бағана артқа қарай жылжып, сіздер мен мысырлықтардың арасына келіп тұрады. Мысырлықтардың жағы қара түнекке оранып, сіздің қосыңыз жап-жарық болып кетеді! Сосын Мұсаның теңізге қарай қол созғанын көресіз. Сонда шығыстан қатты жел тұрып, теңіздің арғы бетіне даңғыл жол ашылады. Сөйтіп, сіз ашылған даңғыл жолға, яғни теңіздің түбіне аяқ басасыз. Сіз ғана емес, қасыңызда мал айдаған отбасыңыз да, қалған жұрт та бар. Бәрі бір тәртіппен келе жатыр. Теңіздің түбі балшық я тайғанақ емес, қайта, құп-құрғақ әрі жүруге ыңғайлы екенін көріп таң-тамаша боласыз. Тіпті ең баяу жүргендердің өзі теңіздің арғы бетіне аман-есен өте алды.

14 Мұсаның 2-жазбасы 14:23, 26—30 оқыңыз. Сол уақытта өркөкірек те ақымақ перғауын сіздердің соңдарыңызға түседі. Сонда Мұса тағы да қолын теңізге қарай созғанда, қатып тұрған су қабырғалары құлап түсіп, перғауын мен оның күллі әскерін басып қалады. Олардың бірде-бірі аман қалмайды! (Мұсаның 2-жазбасы 15:8—10).

15. Осы оқиғадан Ехоба жайлы не білдіңіз?

15 Бұл оқиғадан Ехоба жайлы тағы не білуге болады? Ехоба — тәртіптің Құдайы. Оның осы қасиетінің арқасында біз өзімізді қауіп-қатерсіз сезінеміз (Қорынттықтарға 1-хат 14:33). Өзінің қойларын жақсы көретін, қамқорлайтын бағушы сияқты, Ехоба өз халқын тиімді жолмен қамқорлайды. Ол қызметшілерін жауларынан қорғайды. Ехобаның Бағушы екенін білгеніміз осы дүниенің соңы таяған уақытта жанымызға жай беріп, жұбаныш сыйлайды (Нақыл сөздер 1:33).

16. Ехобаның исраилдіктерді қалай құтқарғанын зерттегеніміздің қандай пайдасы бар?

16 Бүгінде Ехоба өз халқын топ ретінде қамқорлайды. Ехоба оларға өзімен жақсы қарым-қатынаста болуға көмектеседі және жауларынан қорғайды. Жуырда болатын зор алапат кезінде де ол осылай етуін доғармайды (Аян 7:9, 10). Сондықтан Құдай халқының жасы мен кәрісі де, сауы мен салы да зор алапат кезінде қорқынышқа бой алдырып, дүрбелеңге түспейді *. Қайта, олардың әрекеті мүлдем керісінше болады! Олар Исаның: “Сендер еңселеріңді түзеп, бастарыңды көтеріңдер, өйткені құтқарылуларың жақын”,— деген сөздерін есте ұстайды (Лұқа 21:28). Тіпті перғауыннан әлдеқайда күшті ұлттардың одағын білдіретін Гог шабуылдағанда да, Құдай халқы Ехобаның құтқаратынына нық сенімді болады (Езекиел 38:2, 14—16). Неге? Өйткені олар Ехобаның еш өзгермейтінін біледі. Сол кезде ол өз халқының сүюші әрі қамқор Құтқарушысы екенін тағы да дәлелдейді (Ишая 26:3, 20).

17. а) Ехоба өз халқын қамқорлағаны жайлы Киелі кітаптағы оқиғаларды зерттесек, мұның қандай пайдасын көреміз? ә) Келесі мақалада не қарастырамыз?

17 Біз осы мақалада бірнеше мысалдарды қарастыра келе, Ехоба өз қызметшілерін қамқорлағанда, жетелегенде және құтқарғанда қалай адам сезімін ескеретінін көрдік. Киелі кітаптағы осындай үзінділер туралы ой жүгірткенде, Ехоба жайлы бір жаңа нәрсе білуге тырысыңыз. Бұл үшін бұрын байқамаған жайттарға назар аударыңыз. Ехобаның тамаша қасиеттерін біле түскен сайын, оған деген сүйіспеншілігіңіз артып, сеніміңіз бекемдене түседі. Ал келесі мақалада адамдардың сезімін ескеретін Ехобаға отбасында, қауымда және қызметте қалай еліктей алатынымызды қарастырамыз.

^ 3-абзац Яһуди тарихшысы Иосиф Флавийдің айтуынша, Самуил сол кезде 12 жаста болған.

^ 16-абзац Армагеддоннан аман-есен өтетіндердің арасында сал не мүмкіндігі шектеулі адамдар да болады деп тұжырымдау қисынды. Иса жерде болғанда, “түрлі ауру-сырқауларды” сауықтырған. Оның бұл ісі Армагеддоннан аман өтетіндер үшін не істейтінін паш етеді (Матай 9:35). Ал қайта тірілетіндердің дені сау болады.