Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

1. Проблеманың алдын алуға көмектеседі

1. Проблеманың алдын алуға көмектеседі

Киелі кітаптағы ақыл-кеңестер “Құдай рухының жетелеуімен жазылған, әрі тәлім беруге, әшкерелеуге, түзетуге тиімді” (Тімөтеге 2-хат 3:16). Бұл сөздер қаншалықты рас? Қазір кейбір кісілердің мысалына тоқталайық. Олар Киелі кітаптың ақыл-кеңесін қолданып, проблемалары өршімей тұрғанда, олардың алдын алған.

ІШІМДІККЕ САЛЫНУ

Алдыңғы мақалада айтылған София өмірден түңіліп, ішімдікке құмарта бастаған. Киелі кітап бойынша, ішімдікті мөлшерін біліп ішуде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ онда: “Шарап ішкіштердің арасында болма”,— деген сөздер жазылған (Нақыл сөздер 23:20). Маскүнемдікке салынудың арты денсаулықтың қатты мұқалуына, жақын адамдармен қарым-қатынастың бұзылуына, тіпті өмірден айырылуға әкеп соғады. Осы зиянды әдеттің кесірінен жыл сайын миллиондаған жанның өмірі қиылып жатқаны белгілі. Киелі кітаптың ақылына құлақ асқанда, көп адам мұндай қайғылы жағдайларды айналып өтер еді.

София осылай етті. Ол былай дейді: “Мен ішімдік арқылы қасіретімді жеңілдете алмайтынымды түсіндім. Киелі кітаптағы: “Еш нәрсені уайымдамаңдар, барлық өтініштеріңді... жалбарынып Құдайға білдіріңдер”,— деген сөздерге құлақ астым (Філіпіліктерге 4:6, 7). Күн сайын кешке ойым сан саққа кетіп, уайымға батқанымда, Ехобаға жалбарынып дұға ететінмін. Оған бар сезімдерім — ашуым, ыңқыл-күрсінісім, күйреген рухым жайлы ашып айтып, оң көзқарас танытуға көмектесуін сұрайтынмын. Ал келесі күні сол сезімдеріме оралмауым үшін күш салатынмын. Осындай әдеттің арқасында қолымдағы жоққа емес, барға көз тігетін болдым. Ішімдікті енді ешқашан аузыма алмаймын деп шештім. Тапқан жантыныштығым маған қымбат болғандықтан, одан еш айырылып қалғым келмеді”.

НӘПСІҚҰМАРЛЫҚ

Нәпсіқұмарлыққа берілу бақытсыздық пен көп қайғы әкеледі. Бірақ Киелі кітаптағы қағидалар осы тәрізді қиындыққа бастап апаратын әдеттерден, мысалы, орынсыз қылымсу не қырындаудан, порнография көруден аулақ жүруге көмектеседі. Самуил деген бір жігіт былай дейді: “Мен үшін қырындау табиғи нәрсе болатын. Кейде маған ұнамайтын қыздың мені ұнататынын білсем, қызық болсын деп, оған қырындап тиісетінмін”. Қырындайын деген ойы болмаған кезде де, басқалар Самуилді қырындады деп кінәлай бергендіктен, ол әдейі қырындауға көшеді. Бірақ уақыт өте осындай қылығы үшін мазасы қаша бастайды. Ол былай дейді: “Бұл әдет отпен ойнаудың нақ өзі еді. Тоқтамасаң, қара басынан басқа ештеңе ойламайтын өзімшіл адамға айналасың”.

Самуил jw.org сайтына кіріп, жастарға арналған бір мақаланы оқыған. Ол Нақыл сөздер 20:11-дегі: “Тіпті баланың да ісіне қарап, жүріс-тұрысының таза да дұрыс екенін білерсің”,— деген сөздер жайлы ойланған. Бұдан Самуил қырындауды таза деп те, дұрыс деп те айтуға болмайтынын түсінді. Ол былай дейді: “Бойына жаман қылықтар сіңірген қырындағыш жігіт некеде жақсы күйеу бола алмайды. Болашақ әйелім менің өзге бір әйелге қырындап тұрғанымды көрсе, не сезінеді деп ойлана бастадым. Сол кезде бұл әдеттің жай ермек емес екенін түсіндім. Қырындауға деген бейімділігімнің болғаны — оған еруім керек деген сөз емес”. Осылай Самуил өмірін өзгертті. Қызға қырындауын тыю арқылы ол зина жасаудың алдын алды.

Ал Антонио деген жігіт одан да үлкен қауіптің алдында тұрды. Ол порнография көретін. Сүйіп қосылған жары болса да, ол осы құмарлығына бой алдыруын қоймаған. Антонио осы әдетін жеңуге Киелі кітаптағы мына сөздер көмектескенін айтты: “Қырағылық сақтаңдар, сергек болыңдар! Өйткені жауларың Ібіліс ақырған арыстандай айналаны шарлап, кімді жалмасам деп жүр” (Петірдің 1-хаты 5:8). Антонио былай дейді: “Мына әлемде қайда қарасаң да әдепсіз суреттер тұрады. Кейін олар санаңды айналшықтап кетпей қояды. Киелі кітаптағы әлгі тармақ маған бұл тұзақтың артында кім тұрғанын түсінуге көмектесті. Мен осы лас бейнелерді көргенде, олардың бәрі Ібілістен екенін бірден еске түсіруді үйрендім. Қазір маған “қырағылық сақтап, сергек болуға” тек Ехоба ғана көмектесе алады. Оның арқасында мен санама, жүрегіме, некеме жасалып жатқан шабуылдарға тойтарыс бере аламын”. Антонио өзіне көрсетілген көмекті қабыл алып, жаман әдетінен арылды. Осылайша порнографиядан туатын үлкен қауіптің алдын алды.

Көріп отырғанымыздай, Киелі кітапта ауыр проблемалардың алдын алуға көмектесетін пайдалы кеңестер көп. Ал проблемалар терең тамыр жайып, еш шешімі жоқтай көрінсе ше? Мұндайда не істеуге болатынын Құдай Сөзінен көрейік.

Киелі кітап кеңестері проблемалардың алдын алуға көмектеседі