Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

2. Туындаған проблемаларды шешуге көмектеседі

2. Туындаған проблемаларды шешуге көмектеседі

Өмірдегі кейбір проблемалар жылдар бойы шешілмей жатады. Мәселенің байыбына жеткенше, оның тамыры тереңге жайылып кетуі мүмкін. Киелі кітап осындай шиеленіскен проблемаларды шешуге көмектесе ала ма? Бірнеше оқиғаны қарастырайық.

САРЫУАЙЫМҒА САЛЫНУ

Роза деген қыз былай дейді: “Мен жиі санамдағы қорқынышты ойларға беріліп не жағдайдың қалай ушығып жатқанын елестетіп, уайымға батып кететінмін”. Ол Киелі кітаптағы мына сөздер жайлы ойланған: “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті” (Матай 6:34). Роза осы сөздер ертеңгі күнді ойлап уайымдамауға көмектескенін айтады. “Әлі болмаған, тіпті ешқашан болмауы мүмкін жағдайлар туралы уайымдаудан бөлек өз қиындықтарым да жетіп артылатын”,— дейді ол.

Ясмин де сарыуайымның бұғауында болған. Ол былай дейді: “Мен апта сайын бірнеше күн бойы жылап, түнімен көз ілмей шығатынмын. Жаман ойлар мені тірідей кеміріп жатқандай болатын”. Оған мына сөздер дем берді: “Бар уайымдарыңды [Құдайға] артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды” (Петірдің 1-хаты 5:7). Ясмин сөзін жалғастырып былай дейді: “Мен Ехобаға үзбей дұға ете бердім. Ол дұғаларымды жауапсыз қалдырмады. Сол кезде арқамнан зілдей жүк түскендей болды. Жаман ойлар ара-тұра оралып тұрады. Бірақ енді мен оларды қалай бағындыруды білемін”.

ІСТЕРДІ КЕЙІНГЕ ЫСЫРУ

Изабелла есімді жас қыз былай дейді: “Істерді кейінге ысыру әдеті тұқым қуалайтын сияқты, өйткені менің әкем де сондай. Маңызды істерді ысырып, мені не істейді дейсіздер ғой? Ештеңе. Бар болғаны теледидар көремін не жай демалып жатамын. Істерді кейінге қалдыра беру, негізінде, өте зиянды. Өйткені адам бұдан стреске түседі, әрі жұмысының сапасы нашарлайды”. Изабеллаға Киелі кітаптағы: “Құдай алдында оған ұнамды болу және... еш ұятқа қалмайтын жұмысшы болу үшін қолыңнан келгеннің бәрін істе”,— деген қағида қатты әсер еткен (Тімөтеге 2-хат 2:15). Изабелла: “Істерімді кейінге қалдырғаныма бола Ехобаның жұмысыма көңілі толмай, мен үшін ұялғанын қаламаймын”,— дейді. Ол жақсы жаққа өзгере алды.

Келси деген қыз да былай дейді: “Менің жүктелген жұмысты бірден істемей, соңғы секундқа дейін созып жүретін әдетім болатын. Тақалғанда, уайымдап, ұйықтай алмай, жылап жүретінмін. Содан әбден діңкелеп кеттім”. Келси Нақыл сөздер 13:16-дағы: “Парасатты біліммен әрекет етер, ал надан өз надандығын жария етер”,— деген сөздерден жақсы ой түйді. Ол былай дейді: “Тиянақты болу және алдын ала жоспарлай білу — ақылды адамның ісі. Қазір менде жұмыстарымның тізімін жазып жүретін дәптерім бар. Бұл маған уақытымды жоспарлап, істерді соңғы минутқа дейін соза бермеуге көмектеседі”.

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

“Күйеуім мені шиттей төрт баламмен тастап кетті”,— дейді Кирстэн есімді әйел. Осындай өмір өткелінен ол қалай өтті? Ол Нақыл сөздер 17:17-дегі: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер”,— деген сөздердің растығына көз жеткізді. Кирстэн Ехоба Құдайға қызмет ететін достарына жүгінді. Ол былай дейді: “Достарым жан-жақтан көмектерін аямай, маған демеу болды. Есігімнің алдына азық-түлік пен гүл шоғырын қойып кеткен кездері де болған. Олар бір топ болып ұйымдасып, бала-шағаммен көшіп-қонуға үш рет көмектесті. Ал біреуі жұмыс табуыма жәрдемдесті. Осылайша достарым қай кезде де жанымнан табылды”.

Алдында аталып кеткен София да жалғыздық күйін кешкен. Барынан айырылған кезін есіне алып: “Жан-жағымдағы адамдардың бір-бірімен шүйіркелесіп жүргенін көргенде, жалғыздықтан жарыла жаздайтынмын”,— дейді ол. Оған Зәбүр 68:6-дағы: “Құдай жалғыздарға тұратын үй береді”,— деген сөздер жұбаныш берді. София былай дейді: “Әрине, бұл тура мағынада баспанам болады деген сөз емес. Бірақ Құдай рухани пана береді. Ол жерде Ехобаны жақсы көретін адамдармен араласып, шынайы бауырмалдықты сезінесің және сүйіспеншілікке толы қарым-қатынасқа ие боласың. Бірақ бұған қол жеткізу үшін алдымен Ехобаға жақындай түсу қажет екенін түсіндім. Маған Зәбүр 37:4-тегі: “Ехобадан зор қуаныш тап, сонда ол жүрек қалауыңды орындайды”,— деген сөздер көмекке келді”.

София сөзін былай деп жалғады: “Мен Ехобадан бұрынғыдан да мықтап ұстауым керектігін түсіндім. Ол — әлемдегі ең жақсы Дос. Сондай-ақ мен Ехобаны сүйетін адамдармен бірге атқаруыма болатын іс-шаралар тізімін жасап алдым. Осы істердің арқасында олармен жақын дос болып кеттім. Олардың жақсы жақтарын ғана көріп, кемшіліктеріне мән бермеуді үйрендім”.

Құдайға қызмет етсе де, адамдар жұмыр басты пенде болып қала береді. Барлық адамдар сияқты Ехоба куәгерлері де қиындықтарға кезігеді. Бірақ Киелі кітап оларды мейлінше басқаларға қол ұшын беруге талпындырады. Біздің осындай адамдармен дос болғанымыз дұрыс. Ал созылмалы ауру не жақын адамнан айырылу сияқты өзгертуге келмейтін қиындықтарда Киелі кітап көмектесе ала ма?

Киелі кітаптың ақыл-кеңестеріне құлақ асу адал достар табуға көмектеседі