Неге кейбір дұғалар қабыл болмайды?
Көктің иесі Ехоба Құдай жүрегімізді жарып шыққан дұғамызды сүйсіне тыңдауға асық. Алайда дұға-тілектеріміздің қабыл болуына тосқауылдар бар. Ол не қылған тосқауылдар? Дұға қылғанда не нәрсеге мұқият болуымыз керек? Мұны Киелі кітап айтсын.
“Дұға еткенде... бір нәрсені қайталай бермеңдер” (Матай 6:7).
Ехоба біздің бір дұғаны жаттап алып, оны қайталай бергенімізді немесе оны дұғалар жинағынан оқып бергенімізді қаламайды. Қайта, әр айтқан дұғамыз жүректі жарып шықса екен дейді. Мысалы, досыңыз күнде-күнде бір әңгімені қайталап айта берсе, өзіңізді жайсыз сезініп қалар едіңіз ғой. Нағыз достардың әңгімесі жүректен шығады, әрі шынайы болады. Дұғаны жаттанды емес, өз сөзімізбен айтар болсақ, Құдайды дос тұтатынымызды көрсетеміз.
“Сұрасаңдар да, алмайсыңдар, өйткені құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін арам ниетпен сұрайсыңдар” (Жақып 4:3).
Құдайға ұнамайтынын біле тұра сол нәрсені дұғада сұрасақ, дұғамыз қабыл болмайтынын біз түсінуіміз керек. Мысалы, құмар ойыншы “бағым жанып, ақша ұтайыншы” деп сұраса, оның бұл дұғасы қабыл бола ма? Қабыл болады деп ойлау еш қисынға келмейді. Өйткені Құдай ашкөз болмаңдар, бағым ашылсын деп Құдайға емес, баққа сеніп кетпеңдер деп ескерткен (Ишая 65:11; Лұқа 12:15). Дұғамыз қабыл болсын десек, өтінішіміз Құдайдың Киелі кітаптағы заңдарына қайшы болмау керек.
“Заңға құлақ асқысы келмейтіннің тіпті дұғасы да жеркенішті” (
Ежелде Құдайдың әділ заңдарын менсінбейтіндердің дұғалары ешқашан Құдайдың құлағына шалынбайтын (Ишая 1:15, 16). Ғасырлар өтсе де, Құдай еш өзгермейді (Малахи 3:6). Дұғамыз Құдайдың құлағына жетсін десек, біз оның заңдарын тыңдап өмір сүруіміз керек. Ал біз кезінде Құдайға ұнамсыз істер жасаған болсақ ше? Құдай енді бізді ешқашан тыңдамай ма? Әрине, олай емес. Біз істеген ісімізге өкініп, оны қайталамауға бекінсек, Құдай бізді дарқан көңілмен кешіреді (Елшілердің істері 3:19).