ЖЕККӨРУШІЛІКТІҢ ШЕҢБЕРІНЕН ҚАЛАЙ ШЫҒУҒА БОЛАДЫ?
2 | Кек алуды ойламаңыз
Киелі кітаптың айтары:
“Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар... Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар... Өздерің үшін кек алмаңдар... Өйткені былай деп жазылған ғой: “Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын,— дейді Ехоба” (РИМДІКТЕРГЕ 12:17—19).
Бұл сөздің мәні:
Біреу бізге қиянат жасаса, бойымызды ашу-ыза кернейді. Мұндай сезім адам баласына тән. Бірақ Құдай Тағала біреуден кек алғанымызды құп көрмейді. Ол “сабыр сақта, бәрін менің еншіме тапсыр” деп отыр. Құдай жақында қиянат пен әділетсіздік дегенді атымен жояды (Зәбүр 37:7, 10).
Сізге тиер көмегі:
Күнәкар пенделер “бір-бірімізден өш аламыз” деп жеккөрушілікті одан бетер өршітіп жібереді. Біреу сізді ренжітсе я сізге қиянат жасаса, сол адамға кек қайтаруға асықпаңыз. Буырқанған ашуыңызды басып, бәрін бейбіт жолмен шешуге тырысыңыз. Кейбір жағдайларда бәрін ұмыта салған да дұрыс шығар (Нақыл сөздер 19:11). Бірақ кейде көз жұмып қарамайтын жағдайлар да болады. Ондайда мәселені айту керек адамдарға айтқан жөн. Мысалы, сіз қылмыскерлерден жәбір шексеңіз, онда бұл жайлы полицияға я басқа да құзырлы органдарға мәлімдесеңіз болады.
Біреуге өшіксең, өзіңе ор қазасың
Сіз мәселені бейбіт жолмен шешу үшін қолыңыздан келгеннің бәрін істедіңіз, бірақ сонда да шешілмей жатса ше? Ондай кезде де кек алмаңыз, өйткені артық қыламын деп, тыртық қылып аласыз. Оның орнына, жеккөрушіліктің шеңберінен шығуға тырысыңыз. Бұл үшін бәрін Құдайдың қолына тапсыруды үйреніңіз. Киелі кітапта бұл туралы: “Соған арқа сүйе, сонда ол сенің игілігің үшін әрекет етеді”,— деп жазылған (Зәбүр 37:3—5).