Болашағыңыз өз қолыңызда!
БОЛАШАҒЫМЫЗҒА ӘСЕР ЕТЕ АЛАМЫЗ БА? Кейбіреулер адамның өміріне қабылдаған шешімдері емес, маңдайына жазылғаны әсер етеді деп сенеді. Қандай да бір сәтсіздікке ұшыраса, олар “жазмыштан озмыш жоқ” деп, бәрін тағдырға жаба салады.
Басқалары дүниедегі қатыгездік пен әділетсіздіктен қашып құтыла алмайтынын түсінгенде, жігерлері құм болады. Олар өмірлерін жақсартуға тырысып баққанмен, соғыс, қылмыс, табиғи апаттар мен ауру-сырқау сияқты бақытсыздықтар олардың бар арман-мақсаттарын күл-талқан етеді. Содан олар “Ендеше, талпынып не керек?!” деп қолдарын бір сілтейді.
Өмірдегі кездейсоқ жағдайлар арман-мақсатымыздың орындалу-орындалмауына әсер ететіні рас (Уағыздаушы 9:11). Бірақ бізді күтіп тұрған мәңгілік болашағымыз өз қолымызда. Киелі кітап болашағымыз жасаған таңдауларымызға байланысты деп үйретеді. Қазір онда не делінгенін көрейік.
Ежелгі Исраил халқының көсемі болған Мұса пайғамбар Құдай уәде еткен жерге кіргелі жатқан халыққа былай деген: “Сендерге өмір мен өлім, бата мен қарғыс ұсынып тұрмын. Өздерің де, ұрпақтарың да ұзақ ғұмыр кешу үшін, өмірді таңдаңдар. Ехоба Құдайларыңды сүйіп, айтқандарына құлақ асып, оған адал болып жүріңдер” (Мұсаның 5-жазбасы 30:15, 19, 20).
“Сендерге өмір мен өлім, бата мен қарғыс ұсынып тұрмын. Өздерің де, ұрпақтарың да ұзақ ғұмыр кешу үшін, өмірді таңдаңдар” (Мұсаның 5-жазбасы 30:19).
Құдай Исраил халқын Мысырдағы құлдықтан босатып, Уәде етілген жерде бақытты да азат ел болып өмір сүруді ұсынды. Бірақ бұл өздігінен болмайтын еді. Мұндай баталарға ие болу үшін, олар “өмірді таңдауы”, яғни “Құдайларын сүйіп, айтқандарына құлақ асып, оған адал болып жүрулері” керек еді.
Сізде де дәл осындай таңдау бар және жасайтын таңдауыңыз болашағыңызға тікелей әсер етеді. Құдайды сүйіп, оның айтқандарына құлақ асып, оған адал болсаңыз, бұл — өмірді, яғни жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруді, таңдағаныңыз. Ендеше, осы үш талапқа не кіретінін көрейік.
ҚҰДАЙДЫ СҮЮ
Сүйіспеншілік — Құдайдың ең негізгі қасиеті. Елші Жохан Құдай рухының жетелеуімен “Құдай — сүйіспеншілік” деп жазған (Жоханның 1-хаты 4:8). Иса пайғамбар да “Ең басты заң қайсысы?” деген сұраққа: “Ехоба Құдайыңды бар жүрегіңмен, бүкіл жан-тәніңмен, барлық ақыл-ойыңмен сүй!”— деп жауап берген (Матай 22:37). Бұдан көрінетіндей, Ехоба Құдайға құлшылық етуімізге қорқыныш не құр парыз сезімі емес, оған деген сүйіспеншілік себеп болуы керек. Ал Құдайды сүюге қандай себеп бар?
Құдайдың адам баласына деген сүйіспеншілігі ата-ананың баласына деген махаббатына ұқсайды. Мінсіз болмаса да, қамқор ата-ана баласының бақытты да табысты болуы үшін оған тәлім-тәрбие беріп, қолдап, қажет кезде түзетіп жатады. Осылай махаббатына бөлеген ата-ана баласынан не күтеді? Баласы да оларды жақсы
көрсе екен, оның игілігі үшін айтқан ақылдарына құлақ асса екен дейді. Олай болса, ешбір міні жоқ көктегі Әкеміз жасаған бар жақсылығына біздің де ризашылықпен жауап беріп, оны сүйгенімізді қалайды емес пе?!ҚҰДАЙҒА ҚҰЛАҚ АСУ
Құдайға құлақ асу үшін оның бізден нені талап ететінін оқып-үйренуіміз керек. Бірақ Құдай бізге тікелей өзі келіп айтпайды. Сондықтан оған құлақ асқымыз келсе, оның Сөзі Киелі кітапты оқып, білгендерімізді өмірде қолдануымыз керек (Жоханның 1-хаты 5:3).
Бірде Иса пайғамбар Құдайға құлақ асудың маңыздылығына нұсқап: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деген (Матай 4:4). Ас-ауқаттың адам тіршілігі үшін қажет екеніндей, Құдай туралы білім де біз үшін аса маңызды. Өйткені дана патша Сүлеймен: “Ақша адамды қорғайтындай, даналық та оны қорғайды. Бірақ даналық пен білімнің артықшылығы — өз иесінің өмірін сақтайды”,— деп жазған (Уағыздаушы 7:12). Иә, Құдайдан келетін білім мен даналық бүгінде біз үшін қорғаныш бола алады, сондай-ақ болашақтағы мәңгі өмірге бастайтын таңдау жасауға көмектеседі.
ҚҰДАЙҒА АДАЛ БОЛУ
Алдыңғы мақалада айтылған Исаның мына сөздерін еске алайықшы: “Өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Оны табатындар аз” (Матай 7:13, 14). Мысалы, діттеген жерімізге жеткіміз келсе, жолбасшының ізінен қалмай, оған етене жақын жүргеніміз абзал. Мәңгі өмірге апаратын жолда да дәл солай: бізге Құдайға етене жақын жүріп, оған адал болу керек (Зәбүр 16:8). Мұны қалай істей аламыз?
Біздің күнделікті істейтін тірлігіміз бастан асады. Осындай күйбің тірліктен қолымыз босамай, Құдайды ойлауға мұршамыз да келмеуі мүмкін. Бірақ Киелі кітапта: “Ақылсыз емес, дана болып, уақыттарыңды барынша тиімді пайдаланыңдар, өйткені қазіргі күндер зұлымдыққа толы”,— делінген (Ефестіктерге 5:15, 16). Демек, Құдайға етене жақын болғымыз келсе, онымен қарым-қатынасымыз өмірімізде ең маңызды орында тұруы керек (Матай 6:33).
ТАҢДАУ ӨЗ ЕРКІҢІЗДЕ
“Болары болып, бояуы сіңді” демекші, өткенді өзгерте алмайтын шығармыз. Бірақ өзіміз әрі отбасымыз үшін жарқын болашақты таңдай аламыз. Киелі кітаптан көктегі Әкеміз Ехобаның бізді қатты жақсы көретінін және біздің не істегенімізді қалайтынын біле аламыз. Осы орайда бір пайғамбардың не дегеніне көңіл бөлейікші:
“Уа, адам, ол саған ненің жақсы екенін айтты ғой. Ехоба сенен нені талап етеді? Әділ әрекет еткеніңді, адалдықты жоғары бағалағаныңды, Құдайыңның жолында қарапайым болып жүргеніңді ғана емес пе?!” (Миха 6:8).
Ехобаның жолымен жүруді таңдап, оның осы жолымен жүретіндерге дайындап қойған баталарына кенелгіңіз келе ме? Таңдау өз еркіңізде.