Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Киелі кітаптағы орындалатын уәделер

Киелі кітаптағы орындалатын уәделер

Иса пайғамбар алдын ала айтқандай, Құдайдың Патшалығы туралы ізгі хабар бүкіл жер бетінде уағыздалып жатыр (Матай 24:14). Даниял пайғамбардың жазбасынан Құдайдың осы үкіметі жайлы білеміз. Сондай-ақ бұл жазбаның 2-тарауында бірінен кейін бірі пайда болатын Бабылдан бастап біздің күнімізге дейінгі патшалықтар мен ірі мемлекеттер жайлы айтылған. Ал ақыр соңында не болатыны туралы сол тараудың 44-тармағында жазылған:

“Сол патшалардың күндерінде көктегі Құдай ешқашан жойылмайтын патшалық орнатады. Бұл патшалық басқа халықтың қолына өтпейді. Ол сол патшалықтардың бәрін қиратып, өзі мәңгі тұрады”.

Осы және Киелі кітаптың басқа да пайғамбарлықтарынан Құдайдың Патшалығы адамдардың барлық үкіметтерінің орнын басатынын және жерді ретке келтіріп, тұрақтылық орнататынын көреміз. Осы Патшалықтың тұсында өміріміз қандай болады? Қазір Құдайдың жуырда орындайтын керемет уәделері жайлы білейік.

  • СОҒЫС БОЛМАЙДЫ

    Зәбүр 46:9: “[Құдай] күллі жержүзіндегі соғыстарды тоқтатады, садақты сындырып, найзаны да быт-шыт қылады, соғыс арбаларын отқа жағып құртады”.

    Қару-жарақ шығаруға жұмсалатын күш пен қыруар қаражат адамдарды өлтіру үшін емес, олардың игілігі үшін қолданылса, дүниедегі жағдай әлдеқайда жақсарар еді ғой, солай емес пе?! Мұндай дүниежүзілік бейбітшілікті Құдай Патшалығы ғана орнатады.

  • АУРУ БОЛМАЙДЫ

    Ишая 33:24: “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады”.

    Адамдар жүрек ауруы, қатерлі ісік не безгек сияқты дерттен жапа шекпейтін, ауруханалар мен дәрі-дәрмектер атымен болмайтын кезді елестетіп көріңізші. Болашақта дәл осындай заман орнап, ешбір адам ауру дегенді білмейтін болады.

  • АШТЫҚ БОЛМАЙДЫ

    Зәбүр 72:16: “Жер бетіне астық мол шығады, таулардың басында да ағыл-тегіл болады”.

    Жер адамдардың барлығына жететіндей өнім береді, әрбір адамда ас-ауқат жеткілікті болады. Азық-түлік тапшылығы мен аштық мүлдем ұмытылады.

  • ҚАЙҒЫ-МҰҢ МЕН ӨЛІМ БОЛМАЙДЫ

    Аян 21:4: “Құдай олардың көзіндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды”.

    Адамдар кемелді болып, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүреді. Сүйіспеншілігі мол Жаратушымыз Ехоба бізге дәл осындай болашақты уәде етіп отыр.

ҚҰДАЙ ӨТІРІК АЙТА АЛМАЙДЫ

Жоғарыда айтылған уәделер орындалмас армандай көріне ме? Киелі кітапта суреттелген жарқын болашақ басым көпшіліктің аңсары болғанмен, олар мәңгі өмір сүру дегенді ақылға сыйдыра алмай жатады. Бұлай болуы түсінікті де, себебі адамзат тарихында ешкім мәңгі өмір сүріп көрген емес.

Адам баласы күнә мен өлімнің құлы болғандықтан, көз ашқалы бері ауру, қасірет пен бақытсыздықтың ащылығын көріп келеді. Сондықтан мұндай өмірді олар табиғат заңдылығы деп пайымдайды. Бірақ Жаратушымыз Ехоба әуел баста адамзаттың мүлде басқаша өмір сүргенін ниет еткен еді.

Құдай өз уәделерін міндетті түрде жүзеге асыратынына бізді иландыру үшін былай деген: “Менің аузымнан шыққан сөзім... нәтиже берместен өзіме қайта оралмайды. Қайта, міндетті түрде еркімді орындайды, не үшін жіберген болсам, соны жүзеге асырады” (Ишая 55:11).

Киелі кітапта Ехоба “өтірік айта алмайтын Құдай” делінген (Титке 1:2). Ол болашақта тамаша жайттардың орын алатынын уәде еткендіктен, біздің мына сұрақтар жөнінде ойланғанымыз дұрыс: Адамдардың жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруі мүмкін бе? Құдайдың уәделері жүзеге асқанын өз көзімізбен көру үшін не істеуіміз керек? Келесі мақалалардан біз осы сұрақтарға жауап аламыз.