Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай Патшалығы қандай істер атқаратын болады?

Құдай Патшалығы қандай істер атқаратын болады?

Иса пайғамбар шәкірттеріне Құдайға дұға етуді үйреткенде, “Патшалығың келсін!” деп сұрауды айтқан. Ол жер бетінде болып жатқан сұмдық жағдайлар Құдайдың қалауы емес екенін, әрі адамдардың проблемаларын шеше алатын жалғыз үкімет — Құдай Патшалығы екенін жақсы білген. Бұл Патшалық қандай істер атқаратын болады?

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ ІСТЕРДІ АТҚАРЫП ҚОЙДЫ?

Алдыңғы мақалада біз Иса пайғамбар айтып кеткен белгі жайлы қарастырдық. Осы белгі Құдай Патшалығының көкте орнағанының және Иса Мәсіхтің Патша болғанының бұлтартпас дәлелі болып табылады.

Киелі кітапта Иса таққа отырғаннан кейін Шайтан мен оның жын-перілерін көктен қуатыны айтылған. Шайтан мен жын-перілер қазір тек жер бетінде болып жатқан жағдайларға ғана әсер ете алады. Сондықтан да 1914 жылдан бері әлемдегі жағдай нашарлап кетті (Аян 12:7, 9).

Әлемдегі жағдайдың ушығып кеткеніне қарамастан, Құдай Патшалығының Патшасы Иса Мәсіх адамдарға көмектесіп келеді. Ол Киелі кітаптан білім беру ісі дүниежүзі бойынша жүргізілетінін айтып кеткен. Осы істің арқасында көптеген адам Киелі кітаптың ақыл-кеңестерін біліп, олардың пайдасын күнделікті өмірде көріп жүр (Ишая 2:2—4). Мысалы, миллиондаған адам жұмысқа байыппен қарауды, отбасылық өмірді жақсартуды, ақша мен дүние-мүлікке құл болмай-ақ, олардың игілігін көруді үйренуде. Бұл адамдар қазірдің өзінде пайдалы нәрселерді үйреніп, Құдай Патшалығының азаматтары ретінде Құдайға ұнамды өмір сүріп жүр.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ТАҒЫ ҚАНДАЙ ІСТЕР АТҚАРМАҚ?

Иса Мәсіх қазір көкте билік етіп отырғанмен, жер бетінде әлі де адамдар билік етіп жатыр. Алайда Құдай Исаға: “Жауларыңның арасында билік ет!”— деген (Зәбүр 110:2). Жақын арада Иса барлық қарсыластарын жойып, Құдайға мойынсұнатын адамдарды қиындық атаулыдан арылтады.

Сол уақытта Құдай Патшалығы:

  • Жалған діндерді жояды. Құдай жайлы жалған ілімдер таратып, адамдардың өмірлерін қиындатқан діндер жоқ болады. Киелі кітапта жалған діндер жезөкшеге теңелген. Олардың жойылуы көпшілік үшін күтпеген жайт болады (Аян 17:15, 16).

  • Адами үкіметтердің билігін тоқтатады. Құдай Патшалығы барлық адами үкіметтердің билігін талқандайды (Аян 19:15, 17, 18).

  • Зұлым адамдарды жоқ қылады. Жамандық жасаудан таймайтын әрі Құдайға мойынсұнудан бас тартатын адамдармен не болмақ? “Зұлымдар жер бетінен құрып жоқ болады” (Нақыл сөздер 2:22).

  • Шайтан мен жын-перілердің көзін құртады. Шайтан мен жын-перілер бұдан былай “халықтарды алдай алмайды” (Аян 20:3, 10).

Ал өз азаматтары үшін Құдай Патшалығы не істейді?

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ АДАМЗАТ ҮШІН НЕ ІСТЕЙДІ?

Иса көктен билік ететін Патша болғандықтан, жердегі ешбір билеуші істей алмайтын нәрселерді істейді. Оның адамдар арасынан таңдап алынған және онымен бірге билік ететін 144 000 көмекшісі болады (Аян 5:9, 10; 14:1, 3). Иса жер бетінде Құдайдың еркі орындалуын қамдайды. Ендеше, жерде өмір сүретін адамдар үшін Құдай Патшалығы не істейді?

  • Ауру мен өлімнің тамырына балта шабады. “Ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады” және “енді қайтып өлім... болмайды” (Ишая 33:24; Аян 21:4).

  • Нағыз бейбітшілік пен қауіпсіздік орнатады. “Балаларыңның... тыныштығы ұшан-теңіз болады”, сондай-ақ “әркім өз жүзім бұтасы мен інжір ағашының түбінде отырады, Ешкім де оларды қорқытпайды” (Ишая 54:13; Миха 4:4).

  • Қанағат әкелетін жұмыспен қамтамасыз етеді. “Таңдаулыларым еңбектерінің рақатын көреді. Олардың бейнеттері желге кетпейді” (Ишая 65:22, 23).

  • Қоршаған ортаның проблемаларын шешеді. “Шөл мен құла түз шаттыққа кенеледі, Шөл дала қуанып, бәйшешектей жайнайды” (Ишая 35:1).

  • Мәңгі өмір сүру үшін не істеу керектігін үйретеді. “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек” (Жохан 17:3).

Жаратушымыз осындай керемет өмірдің рақатын сіз де көрсе екен дейді (Ишая 48:18). Болашақтағы сол өмірге жету үшін қазір не істей аласыз? Бұл туралы келесі мақалада сөз етіледі.