Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жақсы заманда жасау үшін не істеу керек?

Жақсы заманда жасау үшін не істеу керек?

Алдыңғы мақалаларда біз Алла Тағаланың имансыздарды және олардың құрған жүйесін жойып, жер бетіндегі барлық қиыншылықтарды шешетінін білдік. Бұның орындалатынына еш күмәнданбасақ болады. Өйткені Киелі жазбаларда келесідей уәде жазылған:

“Осы дүние... өтеді де кетеді” (ЖОХАННЫҢ 1-ХАТЫ 2:17).

Осы дүние жойылғанда аман қалатындар да болады. Бұл жайлы да Киелі жазбаларда айтылған:

“Құдайдың еркін орындаушы мәңгі өмір сүреді”

Демек, аман қалу үшін Құдайдың еркін, қалауын орындау керек. Ал оның қалауын білу үшін, алдымен Алла Тағаланың өзін танып-білуіміз қажет.

АЛЛАНЫ ТАНЫП-БІЛІҢІЗ

Иса пайғамбар: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды... танып-білу керек”,— деген (Жохан 17:3). Осы заманның соңы келгенде аман қалып, мәңгі ғұмыр кешкіміз келсе, Алла Тағаланы танып-білуіміз керек. Әрине, оны тану үшін “төбемізде бір Құдай бар” деп қоя салу я ол туралы аз-кем білу жеткіліксіз. Біз Алланың досы болуымыз қажет. Өмірде біреумен жақын дос болу үшін уақытымыз бен күшімізді аямаймыз ғой. Құдаймен де дос болу үшін солай істеу керек. Қазір Алламен достасуға және сол достықты жоғалтып алмауға көмектесетін Киелі кітаптағы кейбір маңызды шындықтарды қарастырайық.

ҚҰДАЙ СӨЗІН КҮНДЕ ОҚЫҢЫЗ

Құдайға дұға қылып, көмек сұрасаңыз және оның айтқанын орындасаңыз, дүниенің соңы келгенде аман қаласыз

Тамақсыз адам өмір сүре алмайды. Бірақ Иса пайғамбар: “Адам нанмен ғана емес, Ехобаның аузынан шыққан әрбір сөзімен де өмір сүруі тиіс”,— деп айтқан (Матай 4:4).

Ехоба Құдайдың Сөзін Киелі кітап беттерінен оқи аламыз. Бұл қасиетті кітапты оқысаңыз, Құдай адамзат үшін ежелде не істегенін, қазір не істеп жатқанын және болашақта не істейтінін білесіз.

ҚҰДАЙҒА ДҰҒА ҚЫЛЫП, КӨМЕК СҰРАҢЫЗ

Құдайдың айтқанымен жүргіңіз-ақ келетін шығар. Бірақ ол айыптайтын бір қылықты қою сізге қиын болса ше? Құдайды жақынырақ танығаныңыз сізге көп көмектеседі.

Мысалы, Азияда тұратын бір әйел азғын өмір кешкен екен. Бір күні ол Киелі жазбалармен оқып-танысады. Оқып жүріп, Құдайдың “азғындықтан аулақ болыңдар” деген бұйрығын көреді (Қорынттықтарға 1-хат 6:18). Ол Құдайға жалбарынып, осы жаман қылығын тастауға күш беруін сұрайды. Осының көмегімен өз қылығын қоя алды. Бірақ кейде оған жаман ойлар келіп тұрады. Ол былай дейді: “Басыма ұятсыз ойлар келе бастағанда, мен бірден Ехобаға дұға етіп, бәрін ашық айтамын. Өйткені осы ойлармен күресуге өзімнің шамам жетпейді. Мен мұны жақсы білемін. Дұғаның құдіретін көргенде, Ехобаға жақындай түстім”. Бұл — бір ғана әйелдің оқиғасы. Ал бүкіл дүниежүзінде бұндай оқиғалар миллиондап саналады. Бұл адамдардың бәрі Құдайды жақсырақ танып, оның күшін сезініп жүр. Осының арқасында олар өмірлерін ретке келтіріп, Құдайдың мейір-шапағатына бөленуде (Філіпіліктерге 4:13).

Сіз Құдай Тағаланы жақсырақ танысаңыз, ол да сізді біліп, асыл досым деп есептейді (Ғалаттықтарға 4:9; Зәбүр 25:14). Құдайдың достары болса жаңа заманда өмір кешеді. Ал жаңа заманда өмір қандай болады? Келесі мақалада осы тақырып тарқатылады.

a Ехоба — Киелі кітапқа сай, Құдайдың адамзатқа ашқан есімі.