Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | РАБИҒА

“Иә, барамын”

“Иә, барамын”

БҰЛ кеш түсіп қалған мезгіл еді. Керуенмен келе жатқан Рабиға алдында жатқан жапан далаға көз тастады. Оның маң-маң басқан түйе үстінде отырғанына бірнеше апта болды. Алайда ырғалған бұл жануармен жол жүруге ол енді ғана үйренейін деді. Туып-өскен елі Харан солтүстік-шығыста жүздеген шақырым қашықтықта қалып кетті. Ол өзін аялап өсірген ата-анасы мен бауырларын енді ешқашан көрмеуі де мүмкін. Керуен Негевке жақындаған сайын Рабиғаның өз болашағына қатысты сұрақтары көбейіп, санасын түрлі ойлар жаулай бастады.

Қанахан елінің бірталай жерін жүріп өткен керуен енді табиғаты қатал Негев даласына келіп жетті (Мұсаның 1-жазбасы 24:62). Рабиға осында жайылып жүрген қойларды көрсе керек. Бұл аймақтың жері құрғақ әрі жабайы болғандықтан, мұнда отырықшылар кезікпеді. Дегенмен Негев малға жайылым бола алатындай шөпке бай жер еді. Керуенді бастап келе жатқан қарт кісі бұл өлкені бес саусақтай жақсы біледі. Ол қожайынына сүйінші хабарды, Рабиғаның оған тұрмысқа шығатынын, жеткізуге асық! Ал Рабиға болса бұл елде өмірі қандай болатынын елестетіп келеді. Қанша дегенмен ол Ысқақты ешқашан көрмеген ғой. Оның болашақ жары Ысқақ қандай адам екен? Рабиға оның көңілінен шыға ма? Ал Ысқақ ше? Ол Рабиғаның жүрегін жаулай ала ма?

Балаларына жарды ата-анасының таңдап беруі кейбір елдерде ерсі саналатын шығар. Ал өзге халықтар үшін бұл кәдімгі нәрсе. Қалай болған күнде де, Рабиға болашағы белгісіз жаққа бет алған еді. Осылайша ол зор батылдығы мен берік сенімін паш етті. Өмір ағымы бағытын өзгерткенде, қай-қайсысымызға да бұл екі қасиет аса қажет. Қазір Рабиғаның бойындағы басқа да асыл қасиеттер жайында сөз қозғайық.

“МЕН ТҮЙЕЛЕРІҢІЗДІ ДЕ СУАРЫП БЕРЕЙІН”

Өмірінің күрт өзгеретіні Рабиғаның үш ұйықтаса да түсіне кірмеген шығар. Оның балалық шағы Месопотамия өлкесіндегі Харан қаласының өзінде не маңында өтті. Рабиғаның ата-анасы Харандағы тұрғындардан ерекшеленетін. Харандықтар ай тәңірі Синге табынатын. Ал Рабиғаның ата-анасы Жаратушы Құдай Ехобаға ғибадат ететін (Мұсаның 1-жазбасы 24:50).

Рабиға бойжетіп, ай десе аузы бар, күн десе көзі бар аруға айналды. Бірақ оны әсіресе тартымды ететін оның жайдары мінезі еді, әрі ол пәк қыз болатын. Оның отбасы қызметшілер ұстайтындай бақуатты тұрса да, Рабиға ханшайым секілді қолын жылы суға малып отыратын ақсаусақ қыз емес-тін. Ол ауыр жұмыстан қашпай, өзге әйелдер секілді үй шаруасына кірісіп кететін. Мысалы, үйіне құдықтан су таситын. Күн ұясына еңкейе бергенде, ол құмырасын иығына қойып, бұлаққа қарай аяңдайтын (Мұсаның 1-жазбасы 24:11, 15, 16).

Бір күні кешке Рабиға құдықтан су алып келе жатқанда, алдынан бір қартаң кісі шығып: “Құмыраңнан бір ұрттам су берші”,— деді. Оның өтінішінен жылулық пен сыпайылық сезіліп тұрды. Рабиға оның алыс жолдан келгенін аңғарып, дереу иығындағы құмырасын қолына алды да, әлгі кісіге бір ұрттам емес, мөлдір таза судан шөлі қанғанша ішуді ұсынды. Қарт кісінің арғы жақта шөгіп жатқан он түйесі бар екен. Рабиға олардың әлі суарылмағанын байқады. Әлгі кісінің жүзінен көмекке мұқтаж екенін аңғарған ол қолынан келгенше оған көмектесуді шешті. Содан ол: “Мен түйелеріңізді де шөлдері қанғанша суарып берейін”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 24:17—19).

Рабиғаның түйелерге су беріп қана қоймай, оларды шөлдері қанғанша суарғысы келгенін байқадыңыз ба? Әбден шөлдеген бір түйе әдетте 95 литрден де көп су ішеді! Егер әлгі он түйенің бәрі де осылай шөлдеген болса, Рабиғаны бірнеше сағаттық ауыр жұмыс күтіп тұрды. Алайда бұл оқиғадан білетініміздей, қарт кісінің өркешті жануарлары мұншалықты шөліркегенге ұқсамайды *. Ал Рабиға мұны басында білді ме? Жоқ, білмеді. Сонда да ол әлгі жолаушыға барынша қонақжайлылық көрсетіп, бел жазбай еңбек етуге дайын болды. Ал қарт кісі оның көмегін қабыл алды да, жас қыздың әрі-бері зыр жүгіріп, құмырасымен су тасып жүргеніне сүйсіне қарап отырды (Мұсаның 1-жазбасы 24:20, 21).

Рабиға еңбекқор әрі қонақжай қыз болған

Рабиғаның әрекеті бізге таптырмас үлгі болып табылады. Өзімшілдік белең алып тұрған мына заманда адамдар Киелі жазбаларда айтылғандай, “тек қара басын ойлайтын” болып кеткен. Олар өзгелер үшін уақыты мен күшін ысырап еткілері келмейді (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Осындай бейімділікті жұқтырып алғысы келмейтін Құдайдың қызметшілеріне құдықтың басында әрі-бері жүгіріп жүрген осы бойжеткен керемет үлгі қалдырды.

Рабиға әлгі кісінің мұқият бақылап отырғанын байқады. Ол кісі таңырқай, тамсана әрі риза болып қарап отырған еді. Рабиға түйелерді суарып болғанда, қарт кісі оған өте қымбат әшекейлер сыйлады. Сосын одан: “Айтшы, сен кімнің қызысың? Әкеңнің үйінде бізге түнеп шығатын орын табыла ма?”— деп сұрады. Қыздың әке-шешесі кім екенін білгенде, қарт кісі қатты қуанып кетті. Рабиға бар көңілімен: “Бізде сабан да, мол жем де бар, түнейтін орын да табылады”,— деп қосты. Бұл қарт кісінің өзіне де, онымен еріп келген басқа жолаушыларға да көрсетілген қонақжайлылық еді. Сөйтіп, Рабиға болған жайтты анасына айту үшін олардың алдына түсіп, үйіне қарай жүгіре жөнелді (Мұсаның 1-жазбасы 24:22—28, 32).

Қонақжайлылық Рабиғаның қанына сіңген қасиет болатын. Бүгінде бұл қасиет адамдардың бойынан жоғалып бара жатыр. Жүрегі мейірімге толы осы бойжеткеннің сеніміне еліктер болсақ, біздің де есігіміз қонақтарға әрдайым ашық болады. Бұл үшін бізде Құдайға деген сенім болу қажет. Ехоба Құдайдың өзі барлық адамға бірдей жомарт, қолы ашық, әрі ол қызметшілерінің де сондай болғанын қалайды. Жасаған жақсылығымыз тіпті ешқашан қайтпаса да, қонақжайлылық танытқанымыз Жаратқан Иеміздің жүрегін зор қуанышқа бөлейді (Матай 5:44—46; Петірдің 1-хаты 4:9).

“ҰЛЫМ ЫСҚАҚҚА ҚАЛЫҢДЫҚ ӘКЕЛЕСІҢ”

Құдықтың басында кездескен әлгі қарт кісі кім болды екен? Ол Рабиғаның атасының бауыры Ыбырайымның қызметшісі болатын. Сондықтан оны Рабиғаның әкесі Бетуел құшақ жая қарсы алды. Бұл кісі Елиезер болса керек *. Үй иелері дастарқан жайып, алдына ас қойғанда, Елиезер шаруасын айтпайынша нәр татудан бас тартты (Мұсаның 1-жазбасы 24:31—33). Ол жаңа ғана Құдайы Ехобаның оған жар болып, жолы қалай оңғарылғанын ауыз толтырып айтып беріп жатыр.

Елиезер мән-жайды айтып жатқанда, Рабиғаның әкесі Бетуел мен ағасы Лабан оны бар ынталарымен тыңдап отырды. Елиезер Ехобаның Қанахан жерінде Ыбырайымды молынан жарылқағанын айтып берді. Сондай-ақ қартайған шағында әйелі Сара Ысқақты дүниеге әкелгенін және бар мал-мүлкіне ұлының иелік ететінін де баяндап берді. Ыбырайым қызметшісі Елиезерге өте маңызды іс тапсырған болатын. Ол Ыбырайымның Харандағы бауырларының бір қызын Ысқаққа қалыңдық ретінде әкелу керек еді (Мұсаның 1-жазбасы 24:34—38).

Ыбырайым ұлына қанахандықтардың арасынан қыз алып бермеуді бұйырып, Елиезерге ант ішкізген еді. Неліктен? Өйткені қанахандықтар Ехоба Құдайға сиынбайтын, тіпті құрметтемейтін де. Бұған қоса, Ыбырайым уақыты келгенде Ехобаның бұл халықты зұлымдығы үшін жазалайтынын білген. Ол сүйікті ұлының сол адамдармен қоян-қолтық араласып, олардың өнегесіз істеріне ортақтас болғанын қаламаған. Сонымен қатар ол Құдайдың уәделерінің орындалуында ұлының маңызды орны бар екенін білетін (Мұсаның 1-жазбасы 15:16; 17:19; 24:2—4).

Елиезер әрі қарай әңгімесін жалғастырып, Харандағы құдықтың басында болған оқиғаны өрбітті. Ол Ехобаға дұға етіп, Ысқаққа жар болатын қызды таңдап беруін өтініпті. Елиезер: “Құмыраңды еңкейтші, су ішіп алайын,— дегенде, [қыз]: —Ішіңіз, түйелеріңізді де суарып берейін,— десе, онда қызметшің Ысқаққа таңдаған қалыңдығың сол болсыншы”,— деген екен (Мұсаның 1-жазбасы 24:12—14). Сол кезде құдық басына келіп, бұл өтінішті орындаған қыз кім дейсіз ғой? Рабиға! Егер Рабиға Елиезердің үй ішіндегілерге айтып беріп жатқан осы әңгімесін естіп тұрған болса, бойын қандай сезімдер биледі екен?

Елиезердің әңгімесінен Бетуел мен Лабан қатты толқып кетті. Олар: “Бұл Ехобаның ісі екен”,— деді. Сөйтіп, жергілікті әдет-ғұрыпқа сай, олар Рабиғаны Ысқаққа атастырды (Мұсаның 1-жазбасы 24:50—54). Сонда олар қыздың өзінен ештеңе сұрамай, бәрін өздері шеше салғаны ма?

Бірнеше апта бұрын Елиезер жолға шықпай тұрып, осы мәселені Ыбырайымның алдында көтерген еді. Ол: “Егер қалыңдық менімен келгісі келмесе, не істейін?”— деді. Сонда Ыбырайым: “Онда берген антыңнан босайсың”,— деп жауап берді (Мұсаның 1-жазбасы 24:39, 41). Бетуелдің отбасында да жас қыздардың ойы ескерілетін. Өзіне жүктелген мәселе ойдағыдай шешіліп жатқанына қуанған Елиезер ертесіне-ақ таңертең Рабиғаны алып Қанаханға оралмақ болды. Алайда Рабиғаның үй ішіндегілер оның өздерімен бірге он күндей болғанын қалады. Сөйтіп, олар “қызды шақырып, өзінен сұрайық” деген тоқтамға келді (Мұсаның 1-жазбасы 24:57).

Рабиға бейне бір жолайрықта тұрғандай болды. Ол не дер екен? Жат жұртқа барудан қашып, үйден кетпеудің амалын іздей ме? Әлде ол Ехоба басшылық етіп отырған жайттардың бөлігі болуды мәртебе санай ма? Оның жауабы осы бір аяқастынан орын алған әрі өмірін күрт өзгертетін жайтқа қатысты ойын анық көрсетті. Ол: “Иә, барамын”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 24:58).

Рабиғаның ой-өрісі неткен кең еді! Біздің некелесуге қатысты салтымыз мүлдем басқа шығар, десе де Рабиғадан үйренеріміз аз емес. Ол өз мүддесін емес, Ехоба Құдайдың еркін орындауды маңызды санаған. Ал некелесуге келер болсақ, Құдай Сөзі жар таңдауда және жақсы әйел не күйеу болуда ең керемет басшылықтың көзі болып табылады (Қорынттықтарға 2-хат 6:14, 15; Ефестіктерге 5:28—33). Біз де Рабиғаны үлгі ете отырып, Құдайға ұнамды әрекет етуге асық болайық!

“АНА КІСІ КІМ?”

Бетуел сүйікті қызы Рабиғаға батасын беріп шығарып салды. Содан Рабиға, оның сүтанасы Дебора және бірнеше қызметші қыз Елиезер мен оның қасындағыларға еріп жолға шықты (Мұсаның 1-жазбасы 24:59—61; 35:8). Көп ұзамай Харан жері де көзден таса болды. Олар Негевке дейін үш апталық жерді, яғни 800-дей шақырымды, жүріп өтулері керек еді. Мұндай сапардың түйе үстіндегі жолаушыға оңай болмағаны анық. Рабиға өскен елде түйелер көп болған. Бірақ ол керуенмен жол жүріп көрмеген еді. Киелі кітаптың сипаттауынша, оның отбасы керуенмен жүретін саудагерлер емес, қой бағатын адамдар болған (Мұсаның 1-жазбасы 29:10). Әдетте түйенің үстіне алғаш рет отырған адам, тіпті қысқа жол жүргеннің өзінде, жайсыздық сезінеді.

Рабиға жолдың жайсыздығын елемей, Елиезерден Ысқақ пен оның отбасы туралы мүмкіндігінше көп мәлімет алуға тырысып келеді. Кеш түскенде қарт қызметші оттың алдында отырып, Рабиғаға Ехоба Құдайдың досы Ыбырайымға берген уәдесі жайлы айтып беретін. Құдай Ыбырайымның ұрпағынан шыққан адам арқылы бүкіл адамзатқа батасын төкпек еді. Сонда Рабиға болашақ жары Ысқақ және өзі арқылы Ехобаның уәдесі орындалғалы жатқанын ұғып, төбесі көкке жетсе керек (Мұсаның 1-жазбасы 22:15—18).

Рабиға бүгінде таптырмайтын асыл қасиет — қонақжайлылық танытты

Содан мақаланың басында баяндалған күн де келіп жетті. Керуен Негев даласына кіргенде, ымырт түсіп, қас қарая бастады. Рабиға өздеріне қарай аяңдап келе жатқан бір адамды көрді. Ол кісі терең ойға батып, толғаныс-тебіреніс күйге түсіп кетіпті. Рабиға түйе шөкпей жатып-ақ одан тез түсті де, Елиезерден: “Далада бізге қарсы жүріп келе жатқан ана кісі кім?”— деп сұрады. Ол кісінің Ысқақ екенін білгенде, Рабиға орамалын алып, басын жапты (Мұсаның 1-жазбасы 24:62—65). Осылайша ол болашақ жарына құрмет көрсетті. Мұндай құрмет көрсету дәстүрін кейбіреулер ескірген деп қарастыруы мүмкін. Алайда Рабиғаның кішіпейілділігі бүгінде кім-кімге де үлгі болып табылады.

Ысқақ — қырық жастағы ер кісі. Ол осыдан үш жылдай бұрын көз жұмған анасы Сараны әлі де жоқтап жүр. Бұдан оның жүрегі жұмсақ, жаны нәзік адам екенін білеміз. Мұндай жанға еңбекқор, кішіпейіл де қонақжай Рабиғаның жар болуы Құдайдың батасы емес пе?! Сонымен олар екі жарты бір бүтін болып кетті ме? Киелі кітап былай дейді: “Ысқақ оны қатты ұнатты” (Мұсаның 1-жазбасы 24:67; 26:8).

Рабиға осыдан 39 ғасырдай уақыт бұрын өмір сүрген адам болса да, ол туралы оқып-білген адамдар оны ұнатып жатады. Оның батылдығы, еңбекқорлығы, қонақжайлылығы мен кішіпейілділігі қай-қайсысымызды да бейжай қалдырмайды. Рабиғаның сенімі жас-кәріміз, әйел-еркек, неке құрған-құрмағанымыз бар — бәрімізге де үлгі!

^ 10-абзац Бұл қас қарайып қалған кез болатын. Киелі кітапта Рабиғаның құдық басында сағаттап жүргені айтылмайды. Бұған қоса ол оралғанда, үй іші ұйқыда жатпаған болатын әрі Рабиға неге жоғалып кетті екен деп артынан ешкім іздеп келмеген.

^ 15-абзац Киелі кітаптың бұл тарауында Елиезер деген есім кездеспейді. Әйтсе де бұл кісі Ыбырайымның қызметшісі Елиезер болса керек. Ыбырайым мүлкіне ие болатын мұрагері болмағандықтан, кезінде бар жиған-тергенін осы қызметшісіне қалдыруды ойлаған еді. Соған қарағанда, Елиезер қызметшілердің ішіндегі ең үлкені әрі ең сенімдісі болғанға ұқсайды. Рабиғамен болған оқиғадан байқайтынымыздай, ол шынында да сенім артуға тұрарлық адам болған (Мұсаның 1-жазбасы 15:2; 24:2—4).