Сіз білгенсіз бе?
Жүсіптің әкесі кім болған?
Назарет қаласындағы ағаш ұстасы Жүсіп Иса пайғамбардың өгей әкесі болған. Ал Жүсіптің әкесі кім болған? Матай жазған ізгі хабарда оның әкесі Жақып делінсе, Лұқа өз кітабында Жүсіпті “Елінің ұлы” деп атаған. Бұл мәліметтер бір-біріне қайшы келе ме? (Лұқа 3:23; Матай 1:16).
Матайдың мәлімдемесіне сай, “Жақыптан Жүсіп туылған”. Бұл жерде қолданылған түпнұсқадағы грек сөздерінен Жүсіптің туған әкесі Жақып болғаны анық көрінеді. Сонымен Матай Жүсіптің Дәуіт патшаның ұрпағынан шыққанын көрсететін шежіресін келтірген. Осылайша ол Жүсіптің өгей ұлы Исаның патша тағына отыруға заңды құқығы бар екеніне нұсқаған.
Киелі кітаптың басқа жерінде Лұқа деген жазушы “Жүсіп Елінің ұлы” деп жазған. Киелі жазбалардағы пәленшенің “ұлы” деген сөзді оның “күйеу баласы” деп те түсінуге болады. Мысалы, Лұқа 3:27-дегі жазбада Салател “Нерейдің ұлы” деп аталған, ал негізінде оның әкесі Ехония болған (Шежірелер 1-жазба 3:17; Матай 1:12). Соған қарағанда, Салател Нерейдің қызына үйленген болса керек. Осылайша ол күйеу баласы ретінде оның “ұлы” деп аталды. Жүсіп те Елінің қызы Мәриямға үйленгендіктен оның “ұлы” болды. Демек, Лұқа адам ретінде туылған Исаның туған анасы Мәриямның шежіресін атап өткен (Римдіктерге 1:3). Сонымен Киелі жазбалардан Исаның шығу тегіне байланысты бұлтартпас екі шежіресін таба аламыз.
Киелі кітап жазылып жатқан заманда қандай маталар болған және оларды қалай бояған?
Ежелгі Таяу Шығыста қойдың, ешкі мен түйенің жүні тоқымада кең қолданылған. Сондықтан қой бағу, қой қырқу мен олардың жүнінен жасалған киімдер жайлы деректер Киелі кітапта баршылық (Самуилдің 1-жазбасы 25:2; Патшалар 2-жазба 3:4; Әйүп 31:20). Мысыр мен Исраил жерінде зығыр да өсетін (Мұсаның 1-жазбасы 41:42; Ешуа 2:6). Ежелгі исраилдіктер мақта өсірмегенге ұқсайды, бірақ Киелі жазбаларда Персия жерінде мақта болғаны жайлы сөз етілген (Естер 1:6). Ал жібек матаның құны өте қымбат болған. Бәлкім, оны тек сонау Қиыр Шығыс саудагерлері ғана әкелгендіктен болар (Аян 18:11, 12).
Бір кітапта: “Жүннің қардай аппақ түстен қою қоңыр түске дейін әртүрлі табиғи өңі болған”,— деп айтылған (“Иса және оның әлемі”). Бірақ жиі оларға жасанды жолмен де түс беретін. Ең қымбат деп есептелген күлгін түсті бояу алу үшін, ұлудың белгілі бір түрлері қолданылатын. Ал сары, қызыл, көк және қара сияқты түстерді түрлі өсімдіктерді, өсімдік тамырлары мен жапырақтарды, сондай-ақ жәндіктерді қолдану арқылы шығаратын.