Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Бүгіннен бақытты болыңыз

Бүгіннен бақытты болыңыз

АЛДА бәрімізді ауру-сырқау, кәрілік, өлім дегенді ұмытатын кез тосып тұр. Десе де бүгінгі өмір қиындықтардан көз аштырмайды. Осындай өмірде бақытты болу мүмкін бе? Әлбетте! Киелі кітаптағы ақыл-кеңестердің арқасында өміріңіз бақытты, мән-мағынаға толы болады. Өмірдегі қиындықтардың кейбіріне тоқталып, Киелі кітаптың соны шешуге қатысты берер ақыл-кеңесін қарастырып көрейік.

ҚАНАҒАТ ТАБУ

Киелі кітаптың ақыл-кеңесі: “Ақшақұмар болмай өмір сүріп, қолда барды қанағат тұтыңдар. Өйткені Құдай: “Мен сені ешқашан қалдырмаймын, ешқашан тастамаймын”,— деген” (Еврейлерге 13:5).

Бүгінгі әлем “алмасаңыз болмайды” деген сан түрлі тауарларды жан-жақтан ұсынып жатыр. Бірақ Киелі кітапта “қолда барды қанағат тұтуға” болатынын айтады. Қалай?

Ақшақұмар болмаңыз. Адамдар ақша табу жолында денсаулықтарын, отбасыларын, достарын, қадір-қасиетін құрбан етіп жатады (Тімөтеге 1-хат 6:10). Алайда бұл соған тұрмайды! Өйткені байлықты қуғандар ешқашан тойдым демейді (Уағыздаушы 5:10).

Затты емес, адамды бағалаңыз. Рас, материалдық заттардың өзіндік пайдасы бар. Алайда заттар бізді жақсы көрмейді, рақметін де айтпайды. Тек тірі адамдар ғана мұны істей алады. Заттар емес, достар ғана өмірімізді мағыналы етеді (Нақыл сөздер 17:17).

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ АҚЫЛ-КЕҢЕСТЕРІ ӨМІРІМІЗДІ БАҚЫТТЫ ЕТЕДІ

АУРУМЕН КҮРЕСУ

Киелі кітаптың ақыл-кеңесі: “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар” (Нақыл сөздер 17:22).

Қуанышты болсақ, ауруға төзу әлдеқайда оңай болады. Алайда аурудан жаның қиналғанда қуанышты болу мүмкін бе?

Ризашыл болыңыз. Өз қиындықтарымызды ойлай берсек, “барлық күніміз қайғылы” болады (Нақыл сөздер 15:15). Киелі кітапта “әрдайым алғыс білдіріңдер” деген кеңес бар (Қолостықтарға 3:15). Өмірдегі тіпті кішігірім нәрселер үшін алғыс айтуды үйреніңіз. Қызарып батқан күн, бетіңізден сипап өткен самал жел, жақын адамыңыздың күлкісі — осының бәрі өміріңізді көркейтеді.

Өзгелерге жақсылық жасаңыз. Тіпті денсаулығыңыз жоқ болса да, “алғаннан гөрі берген бақытты” екенін сезіне аласыз (Елшілердің істері 20:35). Өзгелер ісімізді елеп, рақметін жаудырғанда, көңіліміз тоқ болып, өз қиындығымызды ұмытамыз. Өзгелердің өмірін жақсылыққа толтырамыз деп жүргенде өз өміріміздің де жақсара түскенін байқамай қаламыз.

НЕКЕНІ НЫҒАЙТУ

Киелі кітаптың ақыл-кеңесі: “Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңіз” (Філіпіліктерге 1:10).

Бір-бірімен аз уақыт өткізетін ерлі-зайыпты бір-бірінен алыстап кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ерлі-зайыптылар өз некелерін өмірлеріндегі маңызды нәрсенің бірі деп санау керек.

Жұмыла істеңіз. Сізге ұнайтын істі жалғыз істегенше, қандай да бір ортақ істі неге бірге істемеске? Киелі кітапта: “Жалғыз болғаннан екеу болған жақсы”,— делінген (Уағыздаушы 4:9). Екеуіңіз бірге тамақ дайындаңыз, бірге спортпен шұғылданыңыз, бірге қыдырыңыз.

Махаббатыңызды білдіріңіз. Құдай Сөзі ерлі-зайыптыны бір-бірін сүйіп, құрметтеуге шақырады (Ефестіктерге 5:28, 33). Жылулықпен езу тарту, нәзіктікпен құшақтау, кішігірім сыйлық беру — осының бәрі некенің іргесін берік етеді. Жыныстық жақындасу тек ерлі-зайыптының арасында ғана болу керек (Еврейлерге 13:4).