Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Кәрілік пен өлімнің түп себебі

Кәрілік пен өлімнің түп себебі

ҚҰДАЙ адамзатты өлу үшін жаратпаған. Адам ата мен Хауа ананы ол ой жағынан да, тән жағынан да мінсіз де кемел етіп жаратқан. Олар арамызда әліге дейін тірі жүрер еді. Бұны Құдайдың Адам атаға пейіш бағындағы бір ағаш туралы айтқан сөзінен анық аңғарамыз.

Құдай Адам атаға: “[Ағаштан] жеген күні өлесің”,— деп ескертті (Мұсаның 1-жазбасы 2:17). Адам ата түбінде қартайып, бәрібір өлетін болса, бұл бұйрықтың мәні болар ма еді?! Адам атаның өзі де сол ағаштан жемесе, өлмейтінін жақсы білген.

ҚҰДАЙ АДАМЗАТТЫ ӨЛУ ҮШІН ЖАРАТПАҒАН

Адам ата мен Хауа ананың күні сол ағашқа қарап қалған ба еді? Әрине, жоқ. Бақта жеміс беретін ағаштар толып тұрған еді (Мұсаның 1-жазбасы 2:9). Құдайдың айтқанын екі етпей орындаса, ол екеуі өмір берген Жаратушыларына мойынсұнатынын көрсетпек еді. Сондай-ақ Құдай не істеп, не істемеу керектігін айтып отыруға құқылы екенін мойындар еді.

АДАМ АТА МЕН ХАУА АНА НЕГЕ ӨЛДІ?

Алғашқы жұптың не үшін өлгенін түсіну үшін тарихта болған бір жағдайға назар аударайық. Бір өкініштісі — оның кесірі бүкіл адамзатқа тиді! Шайтан Ібіліс жыланды пайдаланып, зымиян оймен өтірік сөйледі. Киелі кітап былай дейді: “Ехоба Құдай жаратқан жабайы хайуанаттардың ішіндегі ең сағы жылан еді. Ол әйелге: “Құдай сендерге бақтағы ешбір ағаштың жемісін жемеңдер деп шынымен айтты ма?”— деді” (Мұсаның 1-жазбасы 3:1).

Бұған Хауа ана былай деп жауап берді: “Бақтағы ағаштардың жемісін жей аламыз. Бірақ бақтың ортасындағы ағаштың жемісі жайлы Құдай: — Одан жемеңдер, тіпті оған тимеңдер, әйтпесе өлесіңдер,— деген”. Сонда жылан әйелге: “Жоқ, өлмейсіңдер. Оны жеген күні көздерің ашылып, ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп, Құдай сияқты болатындарыңды ол біледі”,— деді. Шайтанның көздегені Ехоба Құдайды өтірікші етіп көрсетіп, адамдардан бір игі нәрсені бүгіп қалды дегенге иландыру еді (Мұсаның 1-жазбасы 3:2—5).

Шайтанның айтқан әрбір сөзіне сеніп қалған Хауа ана сол бір ағашқа көз алмай қарады. Ағаштың жемістері көз тартып, менмұндалап тұрды! Сөйтіп, Хауа ана жемісті үзіп, жей бастады. “Кейін күйеуі қасында болғанда, жемісті оған берді, ол да жеді” (Мұсаның 1-жазбасы 3:6).

Құдай Адам атаға: “Одан жеген күні өлесің”,— деді (МҰСАНЫҢ 1-ЖАЗБАСЫ 2:17).

Көктен бақылап тұрған Құдай сүйіп жаратқан балалары оның әміріне әдейі мойынсұнбағанын көргенде, жүрегі қатты ауырғанында сөз жоқ! Ехоба Құдай сонда Адам атаға: “Өзің жаратылған жердің қойнына қайтып кіресің... Сен топырақтан жаратылдың, қайтадан топыраққа айналасың”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 3:17—19). Сондықтан да “Адам ата барлығы 930 жыл жасап, қайтыс болды” (Мұсаның 1-жазбасы 5:5). Ол өлгеннен кейін көкке кеткен жоқ, басқа жерге де барып тіршілігін жалғастырмады. Ехоба Құдай топырақтан жаратқанға дейін Адам ата еш жерде өмір сүрмеген. Демек, ол қайтыс болғаннан кейін де қайта топыраққа айналып, тіршілігін тоқтатты. Неткен өкінішті!

КҮНӘКАРДЫҢ КЕБІН НЕГЕ КИДІК?

Адам ата мен Хауа ана Құдайдың әміріне әдейі мойынсұнбағандықтан, мінсіздіктерінен айырылып, күнәкар болды, мәңгілік өмір сүру мүмкіндігін де жоғалтты. Мінсіз жаратылған тәндері азып-тозды, өздері күнәкар адамға айналды, сондай-ақ келер ұрпақтарының бәрі күнәкар болып туылатын болды. Киелі кітапта: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады”,— делінген (Римдіктерге 5:12).

Киелі кітап күнә мен өлімді “барлық халықтарды жауып тұрған жамылғы, күллі ұлттарды бүркеп тұрған жабу” деп суреттейді (Ишая 25:7). Бұл жамылғы көк түтін сияқты адамзатты тұмшалап тұр. Одан ешкім де қашып құтыла алмайды. Иә, “Адам атамен байланыстағылардың бәрі өледі” (Қорынттықтарға 1-хат 15:22). Осы жерде “өлімге жетелейтін осы тәннен кім құтқарады?” деген сұрақ туындайды. Шынымен де, құтқаратын біреу бар ма? (Римдіктерге 7:24).