Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мәңгілік үшін жаралғанбыз

Мәңгілік үшін жаралғанбыз

ШІРКІН, өмір жалғаса берсе, бақытқа толы болса... Мұны кім аңсамайды?! Ауру-сырқау мен қайғы-қасіреттен ада мәңгілік өмірді елестетіп көріңізші. Уақытқа тәуелді болмай, жақын адамдармен араласасыз, аяқ баспаған жерге саяхаттайсыз, жаныңыз қалайтын істерді меңгеріп аласыз.

Адамдар неліктен мәңгілікке құштар? Өмір сүруге деген құштарлықты Киелі жазбаларда Алла Тағала дарытқан дейді (Уағыздаушы 3:11). Бұл кітапта “Құдай — сүйіспеншілік” деп те айтылған (Жоханның 1-хаты 4:8). Болмысы сүйіспеншілікке тұнған Алла Тағала адамзатты өмірге құштар қылып жаратып, бірақ қысқа ғұмырмен шектесе, бұл қисынға мүлдем сыймас еді, солай емес пе?!

Рас, өлім ешкімге жолдас бола алмайды. Киелі кітап оны қас жаумен салыстырады (Қорынттықтарға 1-хат 15:26). Біреу ерте, біреу кеш, әйтеуір бір күні бәрі өмірден өтеді. Сондықтан көп адам өлім десе тітіркеніп, жан ұшыра қорқады. Өлім деген қас жаудан құтылар күн бар ма?

ҮМІТІМІЗДІҢ БЕРІК ҚАЗЫҒЫ

Адамзатты өлімге қию Алланың мақсатына ешқашан кірмеген десек, таң қалар ма едіңіз? Мұса пайғамбардың 1-жазбасына қарасақ, Құдай адамзатты мәңгілік үшін жаратқанына көзіміз жетеді. Ехоба * Құдай жер бетін көзді қуантатындай көрікті, жанды жадырататындай жайлы етіп жаратты. Адамның бақытты ғұмыр кешуіне бар жағдайды жасады. Содан кейін барып саналы жаратылыстың түп атасы — Адам атаны жаратты. Оны алдын ала дайындап қойған пейіш бағына қоныстандырды. Сосын “Құдай өзінің жасағандарының бәріне қарап, өте жақсы екенін көрді” (Мұсаның 1-жазбасы 1:26, 31).

Құдай Адам атаны ешбір кінәрат-кемшіліксіз, барлық жағынан кемел етіп жаратқан (Мұсаның 5-жазбасы 32:4). Адам атаның әйелі Хауа ана да ой жағынан да, тән жағынан да мінсіз болды. Ехоба Құдай оларға: “Өсіп-өніп көбейіңдер, ұрпақтарың жайылып, жер бетін толтырыңдар, әрі оны өңдеңдер. Теңіздегі балықтарға, аспандағы құстарға және жер бетіндегі барлық жануарларға иелік етіңдер!”— деп тапсырма берді (Мұсаның 1-жазбасы 1:28).

Адам ата мен Хауа анаға жер бетін ұрпақтарына толтыру үшін талай уақыт қажет еді. Алдымен екеуінің балалары, одан кейін немерелері, шөберелері, шөпшектері туылу керек еді. Сөйтіп, Құдайдың ой-ниетіне сай жер беті толғанша осылай жалғаса беру керек-тін (Ишая 45:18). Құдай Адам мен Хауаға тек бала-шағасын, әрі кетсе немерелерін ғана көретіндей, ғұмыр өлшеп беріп, жердің толған-толмағанын білмей кетсе, осындай тапсырманы берер ме еді?

Жануарларға иелік етіңдер деген тапсырма жайлы да ой жүгіртіп көрейікші. Адам атаға жануарларға ат қою тапсырылған. Бұны орындап біту үшін көп уақыт кетпек еді (Мұсаның 1-жазбасы 2:19). Бірақ жануарларға иелік ету үшін Адам ата әр жануардың ерекшелігін зерттеп, оларға қалай күтім жасау керектігін түсіну керек еді. Бұған одан да көп уақыт кетер еді.

Құдайдың жер бетін ұрпақтарыңа толтырыңдар және жануарларға иелік етіңдер деген тапсырмасына қарап, алғашқы жұп ұзақ уақыт өмір сүруге жаралғанын түсінуге болады. Негізі, Адам ата ұзақ өмір сүрді де.

ҚҰДАЙ АДАМЗАТТЫҢ ЖЕРДЕГІ ЖҰМАҚТА МӘҢГІ ЖАСАҒАНЫН МАҚСАТ ЕТКЕН

ҰЗАҚ ҒҰМЫР КЕШКЕНДЕР

Адам ата 930 жыл

Мәтусала 969 жыл

Нұх пайғамбар 950 жыл

Бүгінгі адамдар 70-80 жыл

Киелі кітапта бізден гөрі анағұрлым ұзақ өмір кешкен адамдардың болғаны жазылған. Мысалы, Адам атаның жасы туралы: “Адам ата барлығы 930 жыл жасады”,— делінген. Сондай-ақ 900 жылдан артық өмір сүрген 6 ер адамның аты аталады. Олар — Сет, Енос, Қайнан, Иәрет, Мәтусала және Нұх пайғамбар. Бұл адамдардың бәрі Нұх пайғамбардың тұсындағы Топан суға дейін өмір сүрді, Нұх пайғамбар да Топан суға дейін шамамен 600 жыл өмір сүрген (Мұсаның 1-жазбасы 5:5—27; 7:6; 9:29). Бұл адамдардың ұзақ жасауының сыры неде?

Бұл адамдар Адам ата мен Хауа ана күнә жасағаннан кейін көп ұзамай, яғни олар әлі де мінсіздікке, кемелділікке жақын кезде туылған. Олардың ұзақ жасауының сыры осыда болса керек. Сонда күнәсіздік өмірдің ұзақтығына әсер ете ме? Өлім өмір алдында тізе бүгетін күн туа ма? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін алдымен қартаюымыздың және өлетініміздің себебіне үңілейік.

^ 6-абзац Ехоба — Киелі кітапта жазылған Құдайдың есімі.