Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жасушаны қайта бағдарламалау ұзақ ғұмырдың құпиясы ма?

Қысқа ғұмырды ұзартам деп шарқ ұрғандар

Қысқа ғұмырды ұзартам деп шарқ ұрғандар

“[Құдай] бәрін өз уақытында тамаша етіп жаратты. Ол тіпті адамның жүрегіне мәңгілікті салды” (Уағыздаушы 3:11).

ЕЖЕЛДЕ өмір сүрген Сүлеймен патшаның бұл дана сөздері адамдардың жүрек қалауын дөп суреттейді. Ғұмырлары қамшының сабындай қысқа әрі өлімнің алдында шарасыз болғандықтан ба, әйтеуір адамдар қашан да ұзақ ғұмырды аңсаған. Тарихта ұзақ ғұмырдың сырын іздеп шарқ ұрғандардың аңыз-оқиғалары жетіп артылады.

Мысалы, Шумер елінің патшасы Гильгамеш. Оның өмірі жайында талай тым әспеттелген аңыз-әңгімелер бар. “Гильгамеш туралы жыр” атты еңбекте ол өлімнен қашып құтылудың жолын іздеп, қауіпті сапарға аттанатыны баяндалады. Бірақ ол іздегенін сол күйі таппайды.

Зертханада отырған орта ғасырдағы алхимик

Б. з.б. IV ғасырда Қытайдағы алхимиктер мәңгілік өмірге жеткізеді-ау деген сиқырлы сусын жасамақ болған. Олар бұл сусынның құрамына аздап сынап пен күшән (мышьяк) қосқан. Кейбір Қытай императорлары осы сусыннан уланып көз жұмған деседі. Ал орта ғасырдағы Еуропада кейбір алхимиктер алтын шірімейтін металл болғандықтан, ол адамдардың ғұмырын ұзарта алады деп ойлаған. Сондықтан алтынды адам ішіп-жеп, қорыта алатындай күйге жеткізуге тырысқан.

Бүгінде кейбір ғалымдар қартаюдың жұмбағын шеше алмай әлек болуда. Қанша ғасыр өтсе де өмірге деген құштарлық адамдарда бәсеңдеген жоқ. Ғалымдар қартаймаудың және өлмеудің жолын табуға әлі де үмітті. Бірақ бұл үміт ақталып жатыр ма?

ҚҰДАЙ “АДАМНЫҢ ЖҮРЕГІНЕ МӘҢГІЛІКТІ САЛДЫ” (УАҒЫЗДАУШЫ 3:11).

ҚАРТТЫҚТЫҢ СЕБЕБІН ІЗДЕУ ЖОЛЫНДА

Адам жасушасын зерттейтін ғалымдар қартаю мен өлімнің 300-ден аса түрлі себебін келтіреді. Соңғы жылдары ғалымдар зертханада жануар мен адам жасушаларының өмірін ұзарта алған. Бұл жетістікті білген кейбір бай адамдар ғалымдарға қаржылай қолдау көрсетіп, өлімнің себебін анықтауларына жағдай жасаған. Бұл зерттеулер қандай нәтиже әкелді?

Қарттықты кері қайтару. Кейбір ғалымдар қарттықтың басты себебі хромосоманың ұшындағы қалпақшаларда, яғни теломерлерде жатыр деп пайымдайды. Жасушалар бөлінген кезде теломерлер ондағы генетикалық ақпаратты сақтап қалады. Бірақ жасушалар бөлінген сайын теломер қысқара түседі. Ал ақырында жасушалар бөлінуін доғарып, сол кезде адамды кәрілік меңдей бастайды.

2009 жылғы Нобель сыйлығының иегері Элизабет Блэкбёрн мен оның зерттеу тобы теломерлердің қысқаруын, ал соның нәтижесінде жасушаның қартаюын да тежейтін энзимнің бар екенін анықтады. Десе де олар өмірдің ұзақтығы теломерлерге байланысты емес екенін мойындауға мәжбүр болды.

Жасушаны қайта бағдарламалау. Бұл — кәрілікті кідіртудің тағы бір жолы. Жасушалар әбден қартайып, бөлінуін тоқтатқан кезде, олар қасындағы иммундық жасушаларға қате белгілер (сигнал) жіберуі мүмкін. Нәтижесінде бұл қабынуға, асқынуға не ауыр дертке әкеп соғады. Таяуда француз ғалымдары өте қарт адамдардың жасушаларын алып, қайта бағдарламалап көрген. Сонда жасушалар қайтадан бөліне бастаған. Осы зерттеу тобының жетекшісі, профессор Жан-Марк Леметрдің айтуынша, бұл зерттеу жұмысы қартаюды кері шегіндіруге болатынын көрсетті.

ҒАЛЫМДАР ӨМІРДІ ҰЗАРТА АЛА МА?

Кәрілікті баяулататын әдістер адамның өмірін әдеттегіден ұзарта алады деген тұжырыммен барлық ғалымдар келісе бермейді. Рас, ХІХ ғасырға қарағанда қазір адамдар ұзағырақ өмір сүреді. Бірақ бұл көп жағдайда гигиенаның, жұқпалы аурулардың алдын алу шараларының және антибиотик пен вакциналардың арқасында мүмкін болып отыр. Кейбір ғалымдар адам табиғат өлшеп берген ғұмырдан ұзақ жасай алмайтынын айтады.

Шамамен 3500 жыл бұрын Мұса пайғамбар: “Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, Қауқарымыз мол болса, сексенге барар, Әйтсе де қайғы-қасірет бар көреріміз; Өмір зымырап өтеді де, ғайып боламыз”,— деп жазып кеткен (Зәбүр 90:10). Адамдар өмірді ұзартуға қанша әлек болмасын, өмір Мұса пайғамбар айтып кеткен өлшемнен аса алмайды.

Бірақ адамның шолақ ғұмырының қасында кейбір жаратылыстардың ғұмыры әлдеқайда ұзақ. Мысал үшін, қызыл теңіз кірпісі мен қос жармалы ұлудың бір түрі 200 жылдан өмір сүреді. Ал алып секвойя ағашының ғұмыры мыңдаған жылдарға жалғасады. Осы өміршең табиғат туындыларына қарап, “адамның өмірі неге сонша келте?” деп еріксіз ойланасың.