Сіз білгенсіз бе?
Иса пайғамбардың алапес адамдарға қалай қарағаны несімен ерекше еді?
Ежелде яһудилер алапес ауруының кең тараған бір түрінен жанұшыра қорқатын. Бұл ауыр дерт жүйке ұштарына әсер етіп, ағзаны мәңгіге зақымдауы және оны ұсқынсыз етуі мүмкін. Ол заманда алапес ауруының емі жоқ болатын. Одан зардап шеккендер оқшау жүріп, алапеспен ауыратындарын жұртқа ескертіп жүрулері керек-тін (Мұсаның 3-жазбасы 13:45, 46).
Яһуди дінбасылары Киелі жазбалардағы алапес ауруына қатысты айтылғандарға қосымша ережелер ойлап тауып, науқастардың онсыз да қиын өмірлерін одан сайын қиындатып жіберді. Мысалы, раввиндердің ережесі бойынша адамдар алапес кісіден 2 метр қашық жүру керек болған. Ал далада жел соғып тұрса, одан 45 метр алшақ жүру керек еді. Талмудты (яһудилердің діни түсініктемелер жинағы) ұстанушылардың кейбірі Киелі жазбалардағы “алапеспен ауыратын адам қостың сыртында өмір сүруі керек” дегенді қала дуалынан тысқары тұрулары керек деп түсіндіреді. Егер бір раввин алапес кісінің қала ішінде жүргенін көрсе, оған тас лақтырып: “Кет бұл жерден! Басқаларды арамдама!”— деп айқайлайтын болған.
Иса пайғамбар оларға мүлдем ұқсамаған. Ол алапеспен ауырғандарды басқалар сияқты қуып тастамай, қайта оларға қолын тигізіп сауықтырған (Матай 8:3).
Яһуди дінбасылары не себепті ажырасуға рұқсат берген?
Б.з. I ғасырында дінбасылар ажырасуға қатысты әртүрлі көзқарас ұстанатын. Сондықтан да бірде Иса пайғамбарды сынамақ болған кейбір парызшылдар оған “Күйеуінің әйелімен кез келген себеппен ажырасқаны дұрыс па?” деген сұрақ қойған еді (Матай 19:3).
Мұса Заңында ер адам “әйелінің қандай да бір ұнамсыз қылығын көрсе”, онымен ажыраса алатыны айтылған (Мұсаның 5-жазбасы 24:1). Иса пайғамбардың кезінде бұл заңды екі діни ағым екі түрлі түсіндіретін. Заңдарды қатаң ұстанатын Шаммай ағымы зинақорлық ажырасуға жалғыз себеп бола алады деп үйреткен. Ал Гиллель ағымының үйретуі бойынша, ер адам некеде туындаған үлкенді-кішілі кез келген мәселені себеп қылып әйелімен ажыраса алатын. Мысалы, одан әдемірек әйелді кездестірсе немесе ол тамақты дұрыс дайындамаса, ер адам онымен ажырасып кете алатын.
Иса парызшылдардың әлгі сұрағына қалай жауап берді? Ол: “Кім әйелімен азғындықтан басқа себеппен ажырасып, өзге біреуге үйленсе, неке адалдығын бұзады”,— деп осы мәселенің басын ашып берді (Матай 19:6, 9).