КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ
Жүз сүрініп барып еңсемді көтердім
-
ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1953
-
ТУҒАН ЖЕРІ: АВСТРАЛИЯ
-
ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ПОРНОГРАФИЯҒА ӘУЕС БОЛҒАН
ӨМІРБАЯНЫМ:
1949 жылы әкем Германиядан Австралияға көшіп келді. Ол тау-кен және электр қуатын өндіру өнеркәсібінде жұмыс іздеп, шет жақтағы Виктория штатына келіп қоныстанды. Сол жерде ол үйленген соң, 1953 жылы мен дүниеге келдім.
Бірнеше жылдан кейін анам Ехоба куәгерлерімен Киелі кітапты зерттей бастады. Сондықтан да Киелі кітап тәлімдері балалық шақтан қалған естелігімнің бір бөлігіне айналды. Алайда әкем дін атаулыны жек көретін. Ол жұдырығын ала жүгіретін қатыгез адам болып кеткендіктен, анам одан қорқатын. Анам Киелі кітапты жасырын түрде зерттеп жүрді. Оқып-білгендері оның көңілін баурап алды. Әкем үйде болмаған кездері анам сол білімін қарындасым екеуміздің құлағымызға құйып отыратын. Ол болашақта жерде жұмақ орнайтыны жайлы және Киелі кітаптағы талаптарға құлақ ассақ, біздің бақытты болатынымызды айтатын (Зәбүр 37:10, 29; Ишая 48:17).
18 жасымда әкемнің әлімжеттігіне одан әрі шыдай алмай, үйден кетіп қалдым. Анам үйреткен нәрселерге сенгенмен, олардың қадірін түсінбедім. Сондықтан да өз дегеніммен жүрдім. Мен көмір шахтасында электрик болып жұмыс істедім. 20 жасымда үйлендім. Үш жылдан кейін тұңғыш қызымыз дүниеге келген соң, өмірімде не нәрсе маңызды екенін түсіне бастадым. Киелі кітаптың отбасыма көп пайдасы тиерін білгендіктен, Ехоба куәгерлерімен зерттеу сабағын өтуді шештім. Бірақ әйелім бұған қатты қарсы болды. Куәгерлердің қауым кездесуіне барғаннан кейін, ол маған “я Киелі кітапты зерттеуді қоясың, я үйден кетесің” деген шарт қойды. Мен амалсыздан оның айтқанына көніп, Ехоба куәгерлерімен бар байланысымды үздім. Бірақ кейіннен дұрыс екенін біле тұра сол жолда қалмағаныма өкіндім.
Бір күні жұмыстағы әріптестерім маған порнография көрсетті. Бұл маған бір жағынан қызықты, екінші жағынан жеркенішті көрінді. Содан ар-ұятым мазалады. Мұндай істі Киелі кітап құптамайтынын білгендіктен, енді Құдайдың қаһарына ұшыраймын деп ойладым. Алайда анайы бейнелерді барған сайын көп көргендіктен, порнографияға етім үйреніп кетті. Уақыт өте келе мен оған әбден әуестеніп алдым.
Келесі 20 жылдың ішінде анам жүрегіме ұялатуға тырысқан ақыл-кеңестер ұмыт болды. Санамды улаған арсыз ойлар жүріс-тұрысыма әсер етті. Дөрекі сөйлеп, ұятсыз қалжыңдарды айтатынмын. Жыныстық қатынасқа деген көзқарасым да дұрыс болмады. Әйелім бар болса да, басқа әйелдермен көңілдес болдым. Содан бір күні айнаға қарап тұрып, өз-өзімнен қатты жеркеніп кеттім.
Ақырында некем ойран болып, өмірімнің астан-кестені шықты. Содан Ехоба Құдайға бар жүрегіммен сиындым. Арада жиырма жыл өтсе де, Киелі кітапты қайтадан зерттеуді шештім. Сол уақыттары әкем қайтыс болған еді. Анам Ехоба куәгері болғанының белгісі ретінде шомылдыру рәсімінен өтті.
КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:
Киелі кітаптың асқақ талаптары мен өмір салтымның арасындағы айырмашылық жер мен көктей еді. Бірақ осы жолы Киелі кітапта уәде етілген жантыныштығына қол жеткізбейінше тыншымауға бел будым. Жаман сөздер айтпауға әрі ашу-ызамды тізгіндеуге күш салдым. Жүгенсіз өмір сүруді қойып, құмар ойындар ойнамауды, ішкілікке салынбауды және жұмыста ұрлық жасамауды шештім.
Әріптестерім осындай үлкен өзгерістерді не үшін жасағым келетінін түсінбей, үш жыл қатарынан мені түртпектей берді. Олар бір кішкентай қателік жасасам, мысалы ашуымды ұстай алмай қалсам не аузымнан жаман сөз шығып кетсе болды: “О-о, баяғы Йозеф оралды!”— деп қуанып кететін. Мұндай сөздер жаныма батып, жігерімді жасытатын.
Жұмыста барлығы дерлік қағаз бетінде не электронды түрде болсын, порнографияны көп көретін. Олар арсыз бейнелерді бір-бірінің компьютеріне жиі жіберетін. Бұрын мен де солай істегенмін. Жаман әдетімнен арылуға бар күшімді салдым, бірақ олар қайта-қайта аяғымнан шалуға тырысып бақты. Содан менімен Киелі кітап сабағын өтетін адамға көмек сұрап бардым. Мен оған көңілімдегінің бәрін ақтарып айттым. Ал ол мені мұқият тыңдады. Киелі кітаптағы нақты маған қатысты тармақтарды көрсетіп, жаман әдетіммен қалай күресуге болатынын түсіндірді. Ол мені Ехоба Құдайға қайта-қайта дұға етіп, көмек сұрауға талпындырды (Зәбүр 119:37).
Бір күні әріптестерімнің басын қостым. Арамызда маскүнемдікпен күресіп жүрген екі кісі бар еді. Әріптестерімнен сол екеуіне сыра беруді өтіндім. Сонда олар: “Қой, оларды қинап қайтеміз?!”— деп қарсылық білдірді. Сонда мен: “Жақсы, онда мені де қинамаңдар. Мен де күресіп жүрмін”,— дедім. Сонда олар ішкі арпалысымды түсініп, сол күннен бастап қысым көрсетпейтін болды.
Уақыт өте келе Ехобаның зор көмегінің арқасында порнографияның құрсауынан босай алдым. Содан 1999 жылы шомылдыру рәсімінен өтіп, Ехоба куәгері болдым. Өнегелі де бақытты өмір кешуге тағы бір мүмкіндік алғаныма мен өте ризамын.
Қазір мен ұзақ уақыт бойы құмартып келген нәрселерді Ехобаның неге жек көретінін жақсы түсінемін. Ол қамқор Әке болғандықтан, мені порнографияның уытынан қорғағысы келген екен. Нақыл сөздер 3:5, 6-да былай айтылған: “Ехобаға бар жүрегіңмен сенім арт, өз ақылыңа сүйеніп жүрме. Барлық ісіңде оны ескер, сонда ол жолыңды тегістер”. Бұл қаншалықты дәл айтылған десеңіздерші! Киелі кітаптың заң-талаптары адамды қорғап қана қоймайды, оны түбінде өрге жетелейді! (Зәбүр 1:1—3).
ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:
Бұрында өз-өзімді жек көретінмін, ал енді өз қадірімді білемін әрі жаным жай тапты. Қазір әдепті өмір сүремін және Ехобаның кешірімі мен қолдауына ие болып жүргенімді сеземін. 2000 жылы Ехобаны мен сияқты қатты жақсы көретін Каролин деген Куәгерге үйленіп, берекелі отбасын құрдым. Қамқор, өнегелі дүниежүзілік мәсіхшілер қауымының мүшесі болу — біз үшін зор мәртебе!