Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

КИЕЛІ КІТАП АДАМНЫҢ ӨМІРІН ӨЗГЕРТЕДІ

Мен әбден қатуланып кеткен едім

Мен әбден қатуланып кеткен едім
  • ТУЫЛҒАН ЖЫЛЫ: 1974

  • ТУҒАН ЖЕРІ: МЕКСИКА

  • ҚЫСҚАША МАҒЛҰМАТ: ЖАСӨСПІРІМ КЕЗІНДЕ ҚАТЫГЕЗ КӨШЕ БҰЗАҚЫСЫ БОЛҒАН

ӨМІРБАЯНЫМ:

Мен Мексиканың Тамаулипас штатының Сьюдад-Манте деген әдемі қаласында дүниеге келдім. Жалпы, қала халқы жомарт әрі мейірімді келеді. Бірақ бір өкініштісі, ұйымдасқан қылмыстық топ көп болғандықтан, бұл жер тұруға өте қауіпті еді.

Мен төрт ұл баланың екіншісі болдым. Ата-анам мені католик шіркеуінде шомылдыру рәсімінен өткізді. Кейіннен мен шіркеу хорында ән айтатын болдым. Құдайдың қаһарына ұшырап, мәңгі бақи тозақта жанамын деп қатты қорыққандықтан, оны разы қылғым келетін.

Бес жасымда әкеміз бізді тастап кетті. Менің көңілім құлазып, терең мұңға баттым. Біз оны қатты жақсы көрген едік, сондықтан да оның неге кетіп қалғанын еш түсіне алмадым. Төрт ұлды асырау үшін анама күн ұзақ жұмыс істеуге тура келді.

Осы жағдайды пайдаланған мен сабақтан қашып, жасы үлкендеу балалармен араласатынмын. Мен олардан балағаттап сөйлеуді, темекі шегуді, ұрлауды және төбелесуді үйрендім. Басқаларға күш көрсетуді ұнатқандықтан, бокс, күрес пен түрлі төбелес тәсілдерін үйреніп алып, қатыгез болып кеттім. Жиі атыстарға қатысып, кейде үсті-басым қан-жоса болатын. Байғұс анам мені көшеде өлімші күйде жатқан жерімнен тауып алып, ауруханаға алып-ұшып апаратын.

16 жасымда бала кезімдегі Хорхе есімді досым үйге келді. Ол өзінің Ехоба куәгері екенін және бізбен бір маңызды хабармен бөліскісі келетінін айтты. Содан, наным-сенімдерін Киелі кітаптан көрсетіп, түсіндіре бастады. Мен Киелі кітапты бұрын-соңды оқып көрмеген едім, сондықтан Құдайдың есімі мен ниеті жайлы білгенде, қатты таңырқадым. Хорхе бізге Киелі кітапты зерттеуді ұсынды, ал біз келістік.

КИЕЛІ КІТАП ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ:

Тозақ оты жайлы ілім Киелі кітапта жоқ екенін білгенімде, көңілім жай тапқандай болды (Зәбүр 146:4; Уағыздаушы 9:5). Осыдан кейін мен Құдайдан жанұшыра қорықпайтын болдым. Енді оны өз балаларына бар жақсылықты тілейтін сүйіспеншілігі мол Әке ретінде тани бастадым.

Киелі кітапты зерттей келе, болмысымды өзгертуім керектігін түсіндім. Маған жұдырық ала жүгіруді қойып, кішіпейіл болуды үйрену керек еді. Бұл орайда Қорынттықтарға 1-хат 15:33-тегі “жаман орта жақсы әдеттен айырады” деген кеңес көп көмектесті. Иә, жақсы адам болу үшін жамандыққа еліктіріп, аяғымнан тартатын адамдармен араласпауым керектігін түсіндім. Содан, бұрынғы достарымды білек күшіне емес, Киелі кітап кеңестеріне жүгінетін Құдайдың адал қызметшілерімен алмастырдым.

Маған қатты әсер еткен тағы бір жазба Римдіктерге 12:17—19 болды. Онда былай делінген: “Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар... Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар. Өздерің үшін кек алмаңдар... Өйткені былай деп жазылған ғой: —Кек алу — менің ісім, есесін мен қайтарамын,— дейді Ехоба”. Мен бұдан Ехобаның әділетсіздікті өз уағында және өзі жөн көрген жолмен жоятынын түсіндім. Содан, бірте-бірте әлімжеттікке басуды қойдым.

Бірде үйге қайтып бара жатқан күні болған оқиға әлі есімнен кетпейді. Ол кезде бұрынғы бұзақы достарым маған тап берген еді. Олардың жетекшісі арқамнан бір ұрып: “Не қып тұрсың, қорғанбайсың ба?!”— деп айғайлады. Сонда мен Ехоба Құдайға ішімнен дұға айтып, сабырлық беруді сұрадым. Оған есесін қайтарғым келіп, өз-өзімді әрең ұстасам да, сол жерден кетіп қалуға жігерім жетті. Келесі күні сол жігітті оңашада кездестірдім. Қаным қайнап тұрса да, Ехобаға іштей жалбарынып, ұстамды болуға көмектесуін сұрадым. Бір қызығы, сол жігіт қасыма келіп: “Кешегі ісім үшін кешір. Шынымды айтсам, мен сен сияқты болғым келеді, Киелі кітапты білгім келеді”,— деді. Сол кезде мен ашуымды жүгендей алғаныма қалай қуандым десеңіздерші! Осының арқасында әлгі жігітпен Киелі кітап сабақтарын өте бастадым.

Өкінішке орай, сол уақыттары үй ішіндегілер Киелі кітапты зерттеуді доғарған еді. Бірақ мен ешкімге және еш нәрсеге қарамай зерттей беруге бекіндім. Мен Құдай халқымен тығыз аралассам, жан жарам жазылып, отбасымның ойсыраған орны толатынын білген едім. Содан нық қадам баса отырып, 1991 жылы Ехоба куәгерлерінің бірі ретінде шомылдыру рәсімінен өттім.

ТИГІЗГЕН ПАЙДАСЫ:

Мен күш көрсеткенді жақсы көретін, әбден қатуланып кеткен бұзақы болатынмын. Бірақ Құдай Сөзі мені түбегейлі өзгертті. Қазір мен Киелі кітаптағы татулық хабарын құлақ салған әрбір адамға айтуға тырысамын. Менің соңғы 23 жыл бойы Құдайға арнайы қызмет атқаруға керемет мүмкіндігім болды.

Бір кездері Ехоба куәгерлерінің Мексикадағы филиалында ерікті қызмет атқарған болатынмын. Сол уақыттары бойынан жігері тасып тұрған Клаудия есімді жас Ехоба куәгерімен танысып, 1999 жылы екеуміз отау құрдық. Ехоба Құдайдың маған осындай адал жар сыйлағанына алғысым шексіз!

Клаудия екеуміз мексикан ым тіліндегі қауымда қызмет етіп, құлағы естімейтін адамдарға Ехоба Құдайды танып білуге көмектесіп жүрдік. Кейіннен бізге Белиз еліндегі адамдарға Киелі кітапты үйрету үшін сонда көшіп баруға ұсыныс жасалды. Бұл жерде біз әлдеқайда қарапайым өмір кешеміз, әйтсе де бізде қажеттінің бәрі бар. Мұндағы өмірді біз ештеңемен алмастырмас едік.

Уақыт өте келе анам Киелі кітапты зерттеуді жалғастырып, кейіннен шомылдыру рәсімінен өтті. Сондай-ақ ағамның бүкіл отбасы Ехоба куәгерлері болды. Кезінде менен Киелі кітап хабарын естіген бұрынғы достарымның ішінен де Ехоба Құдайға қызмет етуді шешкендері болды.

Өкінішке орай, қызба мінездерін тыя алмаған кейбір жақындарым жамандыққа ұрынып, қайтыс болды. Кезінде сол жолдан қайтпағанымда, кім біледі, мен де өміріммен қош айтысар ма едім? Ехоба Құдайдың мені өзіне жақындатқаны үшін және маған Киелі кітап кеңестерін қолдануды шыдаммен әрі мейіріммен үйреткен қызметшілерімен таныстырғаны үшін оған мың да бір рақмет айтамын.