НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ПЕРІШТЕЛЕР. ОЛАР ТУРАЛЫ БІЛУ НЕГЕ МАҢЫЗДЫ?
Періштелер туралы шындық
Сіз періштелердің кімдер екені, қалай пайда болғаны және қандай қызмет атқаратыны туралы шындықты білгіңіз келе ме? Бұл орайда ең сенімді мағлұматты Құдай рухының жетелеуімен жазылған Киелі кітаптан таба аласыз (Тімөтеге 2-хат 3:16). Бұл кітапта періштелер жайлы не айтылған?
-
Құдайдың рух екені сияқты, періштелер де көзге көрінбейтін рухтар. Оларда “ет пен сүйек болмайды”. Адал періштелер аспан әлемінде өмір сүреді, әрі Құдайдың алдына емін-еркін бара алады (Лұқа 24:39; Матай 18:10; Жохан 4:24).
-
Періштелер Құдайдың бұйрығын орындау үшін жер бетіне адами тәнмен келген жағдайлар да болған. Жердегі қызметін атқарып болған соң, олар қайтадан рухани қалыптарына оралған (Билер 6:11—23; 13:15—20).
-
Киелі кітапта періштелер еркек тұлға ретінде сипатталған және жер бетіне олар үнемі ер адам кейпінде келген. Десе де періштелер жынысқа бөлінбейді. Олар үйленбейді, ұрпақ та жалғастырмайды. Олар сәбилердің не ересек адамдардың өлгеннен кейін көкке кеткен рухтары емес. Періштелерді Ехоба Құдай жаратқан, сол үшін олар Киелі кітапта “Құдай ұлдары” деп аталады (Әйүп 1:6; Зәбүр 148:2, 5).
-
Киелі кітап рухани жаратылыстардың өз тілі мен сөйлесу жолы бар екеніне меңзейді. Құдай адамдармен сөйлесу үшін періштелерді қолданғанмен, оларға табынуға және дұға айтуға тыйым салады (Қорынттықтарға 1-хат 13:1; Аян 22:8, 9).
-
Аспан әлемінде жүз миллиондаған періште бар. Олардың саны тіпті миллиардтаған болуы мүмкін (Даниял 7:10; Аян 5:11 сілтеме).
-
Періштелердің “құдіреті зор”, ақыл-саналары мен күштері адамдікінен әлдеқайда жоғары. Біздің физикалық әлеміміздің заңдылықтары оларға жүрмейтіндіктен, олар ғаламат жылдамдықпен қозғала алса керек (Зәбүр 103:20; Даниял 9:20—23).
-
Рухани және ақыл-ой қабілеттілігі жоғары болса да, періштелерге шектеулер қойылған және оларға беймәлім нәрселер де бар (Матай 24:36; Петірдің 1-хаты 1:12).
-
Әр періште өзіндік болмысымен, Құдайға тән қасиеттерімен және ерік бостандығымен жаратылған. Сондықтан адамдар сияқты олар да жақсы не жаманды таңдауға ерікті. Өкінішке қарай, кейбір періштелер тура жолдан тайып, Құдайға қарсы шықты (Яһуда 6).