Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ КЕРЕМЕТ СЫЙ ҚАНДАЙ?

Ең жақсы сыйлықты табу

Ең жақсы сыйлықты табу

Біреудің көңілінен шығатын сыйлық табу — оңай шаруа емес. Себебі сыйлықтың қаншалықты бағалы екенін оны алған адам анықтайды. Біреуге баға жетпестей қымбат көрінген сыйлық басқа біреу үшін ондай болмауы мүмкін.

Мысалы, жасөспірім бала үшін заманауи электронды құрылғыдан артық сый жоқ шығар. Ал ересек адам ата-әжесінің көзі саналатын сыйлықты қатты бағалауы мүмкін. Кей мәдениеттің адамдары жас-кәрі деп бөліп жатпай, бәріне ақшалай сыйлық жасауды жөн көреді, сонда олар қажет заттарын өздері ала алады.

Десе де біреулер бағалы жандарына бағалы сыйлық сыйлағысы келеді. Оны табу оңай бола бермейді. Дегенмен адамның көңілінен шығатын сыйлықты табуға көмектесетін жайттар бар. Қазір солардың төртеуіне назар аударайық.

Ол не қалайды? Солтүстік Ирландияның Белфаст қаласында тұратын бір кісі 10-11 жасында алған велосипеді ең керемет сыйлық болғанын айтады. “Өйткені мен велосипед алуды қатты қалап жүрген едім”,— дейді ол. Осыдан көретініміздей, адамға қалап жүрген нәрсесін сыйласақ, одан асқан бағалы сыйлық болмайды. Сонымен, алдымен сыйлық бергіңіз келетін адам жайында ойланыңыз. Ол үшін не бағалы екенін анықтаңыз, себебі адам нені бағаласа, соны қатты қалайды. Мысалы, ата-әжелер бүкіл отбасы болып жиналып, бірге уақыт өткізгенді бағалайды. Өйткені балалары мен немерелерін жиі көріп тұруды қалайды. Сондықтан олар үшін бүкіл отбасы болып демалысқа шығып, бірге бас қосудан асқан сыйлық жоқ.

Адамның не қалайтынын білудің кілті — оны мұқият тыңдау. Киелі жазбалар “тыңдауға жүйрік, сөйлеуге баяу болуға” шақырады (Жақып 1:19). Туыстарыңызбен, достарыңызбен әңгімелесу барысында олардың нені ұнатып, нені ұнатпайтынын байқаңыз. Сонда олардың ойынан шығатын сыйлықты таңдай аласыз.

Ол нені қажет етеді? Берген сыйлығыңыз адамның кішкентай да болса жыртығын жамаса, мұндай сыйлық жоғары бағаланады. Бірақ адамға не қажет екенін қалай білуге болады?

Мұның ең оңай жолы адамның өзінен сұрау деп ойлайтын шығармыз. Бірақ көбіміз адамға дәл керегін беріп, тосын сый жасау қуанышын сезінгіміз келеді. Оның үстіне, біреулері не ұнатып, не ұнатпайтынын тартынбай айта бергенмен, басқалары не қажет ететіндерін ашық айта алмайды.

Сондықтан бізге адамның қандай жағдайда екенін аңғарып, байқампаздық таныту керек болар. Ол жас па, қарт кісі ме, салтбасты ма, әлде үйленген бе, ажырасқан ба, жалғызбасты ма, жұмыс істей ме, әлде зейнеткер ме? Қандай сыйлық оның керегіне жарайтыны жайында ойланып көріңіз.

Сыйлығыңыз адамның кәдесіне жарайтынына сенімді болу үшін, оның жағдайына ұқсас жағдайда болған адамдармен кеңесіп көріңіз. Олар сізге көпшілікке айта бермейтін ерекше қажеттіліктері жайлы айтып беруі мүмкін. Осының арқасында адамның ешкімнің ойына да кіріп шықпаған мұқтаждығын біліп, лайықты сыйлық бере аласыз.

Уақытында беру. Киелі жазбаларда: “Уақытында айтылған сөз қандай жақсы!”— делінген (Нақыл сөздер 15:23). Расында да, дәл уақытында тауып айтқан сөзіміздің маңызы зор. Іс-әрекет жайында да осылай деуге болады. Уақытында айтылған сөз адамға майдай жағатынындай, уақытында немесе ерекше оқиға кезінде берілген сый да адамды марқайтып тастайды.

Досымыздың үйленуі, жасөспірімнің мектеп бітіруі, ерлі-зайыптылардың балалы болуы сияқты оқиғаларда жиі сыйлықтар сыйланып жатады. Кейбіреулер алдағы жылда болатын осындай ерекше оқиғалардың тізімін жасап қоюды жөн көреді. Осылай олар кімге қандай сыйлық беретіндерін алдын ала ойластыра алады *.

Әрине, сыйлықты тек ерекше оқиғаларда ғана берумен шектелудің қажеті жоқ. Біреуге сыйлық сыйлаудың қуанышын кез келген уақытта сезінуге болады. Дегенмен абай болу керек жайттар бар. Мысалы, ер адам келелі себепсіз бір әйелге сыйлық беретін болса, ол оны өзімен жақынырақ танысқысы келеді екен деп түсініп қалуы мүмкін. Егер ер адамның ойында ештеңе болмаған болса, әлгі сыйлық біраз қиындық пен түсініспеушілік тудыруы мүмкін. Осы мәселеден келесі жайтқа, яғни сыйлық берушінің ниетіне тоқталып өтейік.

Ниетім қандай? Алдыңғы мысалдан көргеніміздей, сыйлықты алушы ниетімізді бұрыс түсініп қалмай ма деп ойланып көруіміз қажет. Бұған қоса, өз ниетіміздің дұрыстығына да көз жеткізіп алғанымыз жөн. Адамдардың көбісі сыйлықты үнемі таза ниетпен беретіндеріне сенімді. Әйтсе де басқалары жылдың белгілі бір күндерінде сыйлық беруге мәжбүр болатындарын айтады. Тағы біреулері болса өзгенің ықыласына ие болу үшін немесе есесіне бір нәрсе алу үшін сыйлық сыйлап жатады.

Сыйлықты дұрыс ниетпен беріп жатқаныңызды қалай біле аласыз? Киелі жазбалар: “Бәрін сүйіспеншілікпен істеңдер”,— деп кеңес береді (Қорынттықтарға 1-хат 16:14). Адамның шын жүректен қамын ойлап, шынайы сүйіспеншілікпен берген сыйлығыңыз оны зор қуанышқа бөлейді, әрі өзіңіз де көрсеткен жомарттығыңыздан мол бақытқа кенелесіз. Ал ең бастысы, бұған көктегі Жаратушымыз қуанады. Елші Пауыл ежелгі Қорынт қаласындағы мәсіхшілерді Яһудеядағы бауырластарына жомарттықпен әрі қуана көмек көрсеткендері үшін мақтаған. Пауыл оларға: “Құдай қуанышпен беретіндерді жақсы көреді”,— деді (Қорынттықтарға 2-хат 9:7).

Осы айтылып өткен жайттар басқаларды шын қуантатын сыйлықтар таңдауға жәрдем бола алады. Осы және тағы басқа жайттар Құдайдың бүкіл адамзат үшін ең қымбат сыйлық жасауына негіз болған. Бұл қандай сыйлық екенін білу үшін сізді келесі мақаланы оқуға шақырамыз.

^ 13-абзац Көптеген адамдар туған күн не басқа мейрамдарда сыйлық сыйлайды. Бірақ бұл мерекелерде көбінесе Киелі кітаптың ілімдеріне қайшы әрекеттер орын алып жатады. Осы журналдағы “Оқырман сауалдары: Рождество мәсіхшілердің мейрамы ма?” деген мақаланы оқысаңыз болады.