Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Мәңгілік өмірге жол ашқан Құдайдың төлемі — әлемдегі ең керемет сый

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ КЕРЕМЕТ СЫЙ ҚАНДАЙ?

Әлемдегі ең керемет сый қандай?

Әлемдегі ең керемет сый қандай?

“Игі де кемелді сыйдың бәрі көктен, аспан шырақтарын жаратқан Әкеден келеді” (Жақып 1:17). Бұл сөздер көктегі Жаратушымыз Ехоба Құдайдың жомарттығына нұсқайды. Бірақ Құдайдың адамзат үшін берген сыйларының ішінде бәрінен артық тұрған бір сый бар. Киелі жазбаларда былай делінген: “Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, өзінің жалғыз Ұлын * құрбан етті. Енді оған сенген әркім жойылмай, мәңгілік өмірге ие бола алады” (Жохан 3:16).

Құдай біз үшін жалғыз Ұлын сыйға берген. Әлемде біз ала алатын бұдан асқан қымбат сый жоқ. Өйткені соның арқасында біз күнәнің, кәрілік пен өлімнің құлдығынан босай аламыз (Зәбүр 51:5; Жохан 8:34). Өз күшімізбен бұл құлдықтан ешқашан да азат бола алмас едік. Бірақ сүйіспеншілігі мол Құдай мұның қамын жасады. Өзінің жалғыз Ұлы Иса Мәсіхті төлем ретінде беріп, Ехоба Құдай тілалғыш адамдарға мәңгілік өмір сүру үмітін сыйлады. Ал төлем деген не? Ол не үшін қажет? Оның пайдасын көру үшін не істеу керек?

Төлем дегеніміз — айырылып қалған нәрсені қайта сатып алу үшін немесе біреуді құлдықтан босату үшін төленетін құн. Киелі кітапта түпкі ата-анамыз Адам мен Хауаның бейкүнә болып жаратылғаны айтылған. Олар болашақ ұрпақтарымен бірге жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүрулері керек еді (Мұсаның 1-жазбасы 1:26—28). Өкінішке қарай, олар әдейі Құдайдың тілін алмай, күнәкарларға айналды. Сөйтіп, бақытқа толы өмірден құралақан қалды. Мұның ақыры неге әкеліп соқты? Киелі кітапта былай деп жазылған: “Бір адам арқылы дүниеге күнә, ал күнә арқылы өлім келді, осылайша адамдардың бәрі өлетін болды, себебі бәрі күнә жасады” (Римдіктерге 5:12). Адам ата келер ұрпақтарына кемелді өмірді мұра қылып берудің орнына, оларды күнәға және күнәдан туатын өлімге душар етті.

Төленетін құн өтеп алынатын нәрсенің құнына тең болуы тиіс. Адам ата біле тұра Құдайға мойынсұнбауымен күнә жасады, нәтижесінде өзінің кемелді өмірінен айырылды. Киелі кітапта жазылғандай, осының кесірінен Адамның ұрпақтары да күнә мен өлімге құл болды. Енді, осы құлдықтан босату үшін басқа бір кемелді адамның, яғни Иса Мәсіхтің, өмірі құрбандыққа берілу қажет еді (Римдіктерге 5:19; Ефестіктерге 1:7). Құдай сүйіспеншілікпен осындай төлем бермегенде, біз Адам мен Хауа айырылып қалған өмірге, жер бетіндегі жұмақта мәңгі өмір сүруге, үміттене алмас едік (Аян 21:3—5).

Құдайдың берген төлемі мәңгілік өмірге қайта жол ашатындықтан, ол ең керемет сый болып табылады. Бұл сый алдыңғы мақалада айтылған ең жақсы сыйлықты табуға көмектесетін төрт жайтқа толық сай келеді. Осы төрт жайт төлемнің қаншалықты бағалы екенін түсінуге көмектеседі.

Қалауымызды қанағаттандырады. Бәріміз де өмірге құштармыз, ешкімнің өлгісі келмейді (Уағыздаушы 3:11). Бұл қалауды жүзеге асыруға ешқайсысымыздың шамамыз келмегенмен, бұған төлемнің арқасында қол жеткізе аламыз. Киелі кітапта былай делінген: “Күнәнің беретіні — өлім, ал Құдайдың сыйы — Иеміз Мәсіх Иса арқылы берілетін мәңгілік өмір” (Римдіктерге 6:23).

Мұқтаждығымызды өтейді. Адам баласы өзі үшін төлем бере алмайды. Киелі кітап мұны былай деп түсіндіреді: “Адамның жаны үшін берілетін төлемнің құны тым жоғары, пенде атаулы оны ешқашан төлей алмайды” (Зәбүр 49:8). Күнә мен өлімнің құлдығынан босатылу үшін адамзат Құдайдың көмегіне зәру еді. Ал Құдай бізді “Иса Мәсіх төлеген құнның негізінде азат етіп,” үлкен мұқтаждығымызды өтеді (Римдіктерге 3:23, 24).

Дәл уақытында берілді. Құдай Сөзінде: “Әлі де күнәкар болып жүрген біздер үшін Мәсіх өмірін қиды”,— делінген (Римдіктерге 5:8). Төлемнің “әлі де күнәкар болып жүрген” кезімізде берілгенінен Құдайдың бізді күнәкарлығымызға қарамастан қатты жақсы көретінін білеміз. Бұл күнәнің зардабын тартып жүрсек те, алдымыздағы жарқын болашаққа көз тігуге күш береді.

Жанқиярлықпен әрі жомарттықпен берілді. Құдай өз Ұлын құрбандыққа қандай ниетпен бергені туралы Киелі кітапта былай делінген: “Құдай бізге деген сүйіспеншілігін былай көрсетті: жалғыз Ұлын осы дүниеге жіберді. Осылайша сол арқылы өмірге ие болуымызға жол ашты. Бұл сүйіспеншіліктің мәні мынада: Құдайды сүйген біз емес, қайта, ол бізді сүйді” (Жоханның 1-хаты 4:9, 10).

Әлемдегі ең керемет сый — төлемді бағалайтынымызды қалай көрсете аламыз? Киелі кітапта айтылғандай, Иса Мәсіхке “сенген әркім жойылмай” аман қалады (Жохан 3:16). Ал “сенім дегеніміз — үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену” (Еврейлерге 11:1). Бұндай сенімге ие болу үшін тура білім алу қажет. Сол себептен сізді осы ең керемет сыйлықты берген Ехоба Құдай туралы оқып-білуге және Исаның төлем құрбандығы жол ашқан мәңгі өмірге жету үшін не істей алатыныңызды білуге шақырамыз.

Бұл жайында Киелі жазбаларға негізделген мәліметті www.pr418.com сайтынан біле аласыз. Бұл ретте Ехоба куәгерлері сізге көмектесуге қуанышты болады. Ең керемет сый — төлем жайлы және оның пайдасы жайлы білгенде, ризашылыққа толы жүрегіңіз: “Иеміз Иса Мәсіх арқылы мені құтқарып алатын Құдайға рақмет!”— деуге талпындыратынына сенімдіміз (Римдіктерге 7:25).

^ 3-абзац Құдай жаратылыстардың ішінде Иса Мәсіхті ғана жалғыз өзі жаратқан. Сондықтан ол орынды түрде Құдайдың жалғыз Ұлы деп аталады. Бұл жайында көбірек мәлімет алу үшін jw.org сайтымыздағы “Неліктен Иса Мәсіх Құдайдың Ұлы деп аталады?” деген мақаланы оқып көріңіз (КИЕЛІ КІТАП ТӘЛІМДЕРІ / КИЕЛІ КІТАП. СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР деген жерді қараңыз.).