Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖАРАТЫЛЫС ҒАЖАЙЫПТАРЫ

Түсін өзгерте алатын басаяқты ұлу

Түсін өзгерте алатын басаяқты ұлу

БАСАЯҚТЫ ҰЛУ (каракатица) түсін өзгертіп, адам байқай алмайтындай түрге ене алады. Бір дерекке сай, басаяқты ұлудың “терісінің өрнегі түрлі болып келеді және ол көзді ашып жұмғанша өрнегін өзгерте алады”. Оның осы өнерінің сыры неде?

Сырын білейік. Басаяқты ұлудың терісінің астында хроматофор деген ерекше жасуша түрлері бар. Хроматофор жасушаларында түрлі-түсті бояуға толы, титтей бұлшық еттермен қоршалған қапшықтар болады. Басаяқты ұлу түсін өзгерткісі келгенде, ми әлгі кішкентай бұлшық еттерге белгі береді де, олар жиырылып қалады. Сонда бояуға толы қапшықтар үлкейіп, басаяқты ұлудың түсі де, өрнегі де лезде өзгеріп шыға келеді. Ол осы көз байлаушылық қабілетін қорғану не қорек аулау мақсатында ғана емес, шағылысу кезеңінде бір-бірінің көзіне түсу үшін де пайдаланады. Сондай-ақ ол мұндай қасиетін өзге ұлулармен байланысу үшін де қолданатын көрінеді.

Англиядағы Бристол университетінің инженерлері басаяқты ұлудың жасанды терісін ойлап тапты. Олар қара резеңкеден жасалған түйіршіктердің арасына бұлшық еттің рөлін атқаратын кішкентай құрылғылар орнатты. Зертханашылар осы жасанды теріге тоқ жібергенде, құрылғылар жалпақтанып, қара түйіршіктер үлкейіп кетті. Содан жасанды тері қарайып, түсін өзгертті.

Инженер Жонатан Розитэн былай дейді: “Әсем жаратылған басаяқты ұлудың жұмсақ бұлшық еттерін зерттей келе, бір секундтан да аз уақыттың ішінде түсі өзгеретін киім жасау ойға келіп отыр. Адамдар мұндай киімді жасырыну үшін не сән үшін кие алады”.

Сіз қалай ойлайсыз? Түсін өзгерте алатын қабілеті бар басаяқты ұлу өздігінен пайда болған ба, әлде бұл Жаратушының туындысы ма?