НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП
Оң көзқарас өмірді көркейтеді!
Бақытыңыз мына жайттардың қайсысына байланысты?
-
Жағдайыңызға
-
Шыққан тегіңізге
-
Көзқарасыңызға
КЕЙБІРЕУЛЕР жоғарыдағы сұраққа “жағдайыма байланысты” деп жауап берер. Олар егер . . .
-
ақшам көп болса
-
жақсы жұбайым болса
-
денсаулығым мықты болса
. . . бақытты болар едім деуі мүмкін.
Шындығына келгенде, адамның бақытты болуына оның жағдайы мен шыққан тегі емес, көзқарасы әсер етеді. Бұлай болғаны өте жақсы. Себебі жағдайыңызды өзгерте алмауыңыз не шыққан тегіңізге еш әсер ете алмауыңыз мүмкін. Алайда өмірге қатысты көзқарасыңыздың оң не теріс болуы өз қолыңызда.
“ЖАҚСЫ ШИПА”
Киелі кітапта: “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар, күйреген рух сүйекті қуратар”,— делінген (Нақыл сөздер 17:22). Басқа сөзбен айтқанда, кез келген адам көзқарасын өзгерту арқылы өмірін көркейте алады! Сіз алдыңызға қойған мұрат-мақсатыңызға жетесіз бе, жоқ па? Басыңызға қасірет түскенде, бұл сіздің адами қасиетіңізді шыңдай түсе ме, әлде одан айыра ма? Мұның бәрі көзқарасыңызға байланысты.
Бұл оймен келіспейтін адамдар табылатын шығар. Олар былай деуі мүмкін:
-
“Неге мен азабымды жасырып, сырты бүтін, іші түтін болып жүруім керек?”
-
“Қанша жерден оң көзқарас танытпайын, бәрібір жағдайым жақсармайды”.
-
“Мен өзімді алдағаннан гөрі өмірдің шындығына тура қарауды жөн көремін”.
Жоғарыдағы сөздердің жаны бар деп ойлайтын шығармыз. Десе де оң көзқарас танытудың пайдасы көп. Қазір келесі беттегі мысалдарды қарастырып көрейік.
Алтынбек пен Бағлан бір мекемеде әртүрлі жобамен жұмыс істейді. Екеуі жобаларын аяқтаған соң, оны бастықтары тексеріп шығып, қандай қате жібергендерін айтады.
-
Алтынбек: “Мен бұл жобаға қанша күш пен уақыт жұмсадым. Ал бастығым болса әлі де қателерімді табуда. Бұл жобаны мен істей алмаймын. Қанша тер төкпейін, бәрібір қолымнан келмейді. Одан әрі тырысып-бағудың қажетін көріп тұрған жоқпын”.
-
Бағлан: “Бастығым жұмысымның жақсы орындалған жақтарын айтып өтті. Бірақ үлкен қате жіберген жерлерім де болыпты. Енді жұмысымды қалай жақсарту керектігін білемін”.
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?
-
Жарты жылдан кейін осы екі жігіттің қайсысынан қабілетті жұмысшы шығады, Алтынбектен бе, Бағланнан ба?
-
Егер сіз жұмыс беруші болсаңыз, осы екеуінің қайсысын жұмысқа алар едіңіз?
-
Сәтсіздікке кезіксеңіз, осы екі жігіттің қайсысы сияқты әрекет етесіз?
Ажар мен Бағила жалғыздықтан жабырқап жүрген жандар. Бұл жағдаймен әрқайсысы әртүрлі күресіп жүр.
-
Ажар — көбінесе өзін ғана ойлайтын адам. Ол басқалардан көп нәрсе күтеді, бірақ өзі бірінші болып қол ұшын бергісі келмейді. Ажар “келіп-кетер пайдасы жоқ адамдарға уақытымды сарп етудің қажеті қанша?” деп ойлайды.
-
Бағила басқалар ризашылық білдірсін-білдірмесін бәріне мейіріммен қарап, көмектесудің жолын іздейді. Ол “басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер” деген тамаша ережемен өмір сүреді (Лұқа 6:31). Бағила “істеген жақсылығым Құдайдан қайтады” деп ойлайды.
ҚАЛАЙ ЖАУАП БЕРЕР ЕДІҢІЗ?
-
Сіз кіммен дос болар едіңіз, Ажармен бе, әлде Бағиламен бе?
-
Сіздің ойыңызша, бұл екеуінің қайсысы адамдармен жақсы қарым-қатынаста бола алады?
-
Жалғыздық жаныңызға батып жүрсе, қандай көзқарас танытқыңыз келеді? Ажардікіндей ме, әлде Бағиланікіндей ме?
Бағлан мен Бағила сияқты адамдарды білетін шығарсыз. Тіпті сіздің де көзқарасыңыз солардікіндей болар. Олай болса, оң көзқарастың өміріңізді көркейтетін күші бар екеніне көзіңіз жеткенінде күмән жоқ. Ал егер Алтынбек пен Ажар сияқты болсаңыз ше? Өмірдің тауқыметімен бетпе-бет келгенде, оң көзқарас танытуға Киелі кітаптың қалай көмектесе алатынын көрейік.
1. ТҮҢІЛМЕҢІЗ
КИЕЛІ КІТАП БЫЛАЙ ДЕЙДІ: “Қиын шақта сағың сынса, күш-жігерің таусылар” (Нақыл сөздер 24:10).
БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ? Түңілу қиындықпен күресуге не жағдайды оңалтуға қажетті күш-жігерден айырады.
МЫСАЛЫ, Жулиза бақытты балалық шақтың не екенін білмей өсті. Оның отбасы тақыр кедей еді және әкесі үйге күнде ішіп келетін. Олар жиі көшіп-қонып жүретін. Алғашында Жулиза өз өміріне налып, түңілетін. Бірақ кейіннен бәрі өзгерді. Ол былай дейді: “Әке-шешем қиындықтарын жеңбей тұрып-ақ, мен Киелі кітаптың көмегімен көзқарасымды түзей алдым. Осы күнге дейін Киелі кітаптағы сөздер мені өмірден түңіліп кетпеуге көмектесіп келеді. Кейде адамдар маған ұнамайтын қылық жасап жатады. Мұндайда олардың неге солай әрекет етіп жатқанын түсінуге тырысамын”.
Жулиза Киелі жазбалардың таптырмас кеңестерге толы кітап екеніне көз жеткізді. Бұл кеңестер сізге де еңсеңізді түсіретін жағдайларда жасымауға көмектесе алады. Солардың бірі ой-санамызды жаңартуға талпындырады (Ефестіктерге 4:23).
Байқағанымыздай, ой-санамыз не көзқарасымыз өзгертуге келмейтін нәрсе емес. Сіз ойыңызды жаңарта аласыз. Алайда бұлай етуге күнде күш салу қажет.
2. ЖАДЫҢЫЗДА ЖАҚСЫ ОЙЛАР ЖҮРСІН
КИЕЛІ КІТАП БЫЛАЙ ДЕЙДІ: “Мұңшыл адамның барлық күні қайғылы, көңілді жанның әр күні той-думан” (Нақыл сөздер 15:15).
БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ? Тек жағымсыз жайттарға назар аудара берсеңіз, мұңға батып, әр күніңіз түнекке айналады. Ал егер жақсы жайттарды ойда тұтсаңыз, көңіліңіз көтеріліп, тіпті қуанышқа кенелесіз. Таңдау жасау өз еркіңізде.
МЫСАЛЫ, Янконы алайық. Миындағы қатерлі ісікке бірнеше рет ота жасалғаннан кейін оның жүріп-тұруы мен сөйлеуі қиындап кетті. Бұл оның өмірлік мақсаттарына өз кесірін тигізіп, Янко жылдар бойы қайғыдан еңсесін көтере алмады. Кейін ол өзгерді. Янко былай дейді: “Мен жағдайымның қаншалықты мүшкіл екенін ойлай бермей, қайта ойымды барынша жағымды жайттармен толтыруды үйрендім”.
Янко бұған Киелі кітапты оқудың арқасында қол жеткізді. Ол былай дейді: “Бұл мені жағымсыз ойлардың тұңғиығына түсіп кетуден сақтайды. Мен өмірлік мақсаттарымды толығымен шетке ысырып тастаған жоқпын. Дегенмен қазір қол жеткізе алатын кішігірім мақсаттарым бар. Егер жігерімді құм қылатын ойлар келе бастаса, бақытты болуыма көп себеп бар екені жайлы ойланамын”.
Сіз де жағымсыз ойларыңызды жеңіп, санаңызды жақсы ойлармен толтыра аласыз. Егер жағдайыңыз ауыр болса, мысалы Янко сияқты ауырып жүрсеңіз, мына сұрақтар жайлы ойланып көріңізші: “Менің жағдайым соншалықты нашар ма? Осымен бәрі бітті ме, әлде бұл өмір жолында кездесетін қиындық қана ма?” Жаныңызға шипа болатын жайттарға көз тігуді әдетке айналдырсаңыз, жаман ойлардан арыласыз.
3. БАСҚАЛАРДЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҢЫЗ
КИЕЛІ КІТАП БЫЛАЙ ДЕЙДІ: “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35).
БҰЛ НЕНІ БІЛДІРЕДІ? Өзгеге риясыздықпен жақсылық жасайтын адам зор қанағат сезінеді. Өйткені адам өзінің ғана емес, басқалардың да қамын ойлай алатындай етіп жаратылған (Філіпіліктерге 2:3, 4; Жоханның 1-хаты 4:11). Егер өзгелермен қолда барымызбен бөліссек, бұл бізді қуанышқа бөлейді. Ал қуаныш, өз кезегінде, басымызға түскен ауыр жағдаймен күресуге күш береді.
МЫСАЛЫ, Хосе омыртқа жырығы дертіне шалдыққан. Ол жиі қатты ауырып жаны қиналады. Бірақ ол өзге адамдарға қол ұшын беруімен өмірін көркейтіп жүр. Хосе былай дейді: “Қолымнан ештеңе келмейді дегеннен гөрі күнделікті өмірде адамдарға қалай көмектессем екен деп ойланамын. Сөйтіп, жолын тауып, өзгелерге көмектескенім өміріме өң беріп, мені бақытты етеді”.
СІЗ НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ?
Өзгелерге қол ұшын берудің орайын іздеңіз. Мысалы, ауырып қалған көршіңізге тамақ әзірлей аларсыз. Немесе өзіңіз танитын қарт кісіге үй тірліктерінде қолғабыс етерсіз.
Оң қөзқарас әсем баққа ұқсайды. Сондықтан оны арам шөптерден, яғни өмірден түңілушілік пен жаман ойлардан тазалап тұрыңыз. Сондай-ақ санаңызға жақсы ойлардың дәнін сеуіп, оны жаныңызды жадырататын істер арқылы тыңайтып отырыңыз. Уақыт өте мұның өміріңізді көркейтетін жемісін көресіз. Сонда оң көзқарастың өмірді өзгерте алатынына көзіңіз жетеді!
Кейбіреулер денсаулықтары үшін тамақтың кей түрлерінен бас тартып жатады. Сол сияқты сіз де кертартпа ойларға жол бермеңіз