Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жымиыңыз, нұрлансын әлем!

Жымиыңыз, нұрлансын әлем!

БІРЕУДІҢ шын жүректен жымиғаны сізге қалай әсер етеді? Сіз де оған жымиып, мәз болып қаларсыз. Иә, адамның нұр шашып тұрған жүзі, мейлі ол досымыз я бейтаныс кісі болсын, бізге әсер етпей қоймас. Мұндайда қай-қайсысымыз да жайнап сала беретініміз рас. Магдалена есімді әйел былай дейді: “Күйеуім Георг жылы жүзді адам еді. Біздің көздеріміз түйіскенде, көңілім тынышталып, жаным жай тапқандай болатын”.

Адамның жылы жүзі таң-тамаша болу, қуану және рақаттану сияқты жағымды сезімдерінің айнасы болып табылады. Психология ғылымы ассоциациясының бір онлайн журналында айтылғандай, жымию адамның табиғатына тән болса керек. Тіпті жаңа туған нәресте бет-әлпет қимылдарын тұп-тура ұға алады екен. Әлгі мақалада тағы былай делінген еді: “Басқалар адамның жымиғанына қарап қажетті мәлімет алып қана қоймайды, осы білгендеріне қарай әрекет етеді” (“Observer” журналы).

Құрама Штаттардағы Гарвард университетінің зерттеушілері бірнеше науқас қарт кісілерге күтушілердің бет-әлпет ишараттары қалай әсер ететінін зерттеген. Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, күтушілердің жүздерінен жылулық, қамқорлық пен мейірімділік сезілгенде, науқастардың көңілдері жадырап, тән саулықтары да, жан саулықтары да жақсара түскен. Ал күтушілердің жүздері салқын тартқанда, науқастардың жағдайы нашарлаған екен.

Жымию адамның өзі үшін де пайдалы. Жоғарыдағы зерттеу нәтижесі көрсеткендей, бұл адамның сенімділігі мен қуанышын арттырып, стресті азайтады. Ал қабақты түйіп жүру кері әсер ететін көрінеді.

“КҮЛІМСІРЕГЕН ЖҮЗДЕРІ МЕНІ ҚАЙРАДЫ”

Жоғарыда сөз етілген Магдалена Ехоба куәгері болған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік идеологияны қабыл алмағаны үшін оны басқа отбасы мүшелерімен бірге Германиядағы Равенсбрюк концлагеріне қамады. “Күзетшілер бізді басқа тұтқындармен сөйлестірмейтін,— деп есіне алды ол.— Бірақ олар біздің бет қимылдарымызды еш қадағалай алмайтын. Анам мен әпкемнің күлімсіреген жүздері мені қайрап, берік болуыма көмектесті”.

Бәлкім, өмірдің тауқыметі қабырғаңызды қайыстырып, жүзіңізге күлкі емес, мұң ұялатқан шығар. Десе де адамның сезімдері ойдан бастау алатынын есте ұстағайсыз (Нақыл сөздер 15:15; Філіпіліктерге 4:8, 9). Сондықтан қанша қиын болса да, мүмкіндігінше жарқын да жағымды жайттар жайлы ойлануға тырысыңыз *. Бұл орайда көп адамға Киелі кітапты оқып, Құдайға дұға еткендері көп көмегін тигізген (Матай 5:3; Філіпіліктерге 4:6, 7). Киелі кітапта “қуаныш” пен “бақыт” деген сөздер жүздеген рет кездеседі! Ендеше, неге күн сайын оның бір-екі бетін оқып тұрмасқа? Кім біледі, мүмкін содан кейін сіз де көбірек күлімдейтін боларсыз.

Басқалардың сізге қарап жымиғанын күтпеңіз. Өзіңіз бірінші болып күлімдеп, оларға жақсы көңіл күй сыйлаңыз. Иә, сіздің күлімдеген нұрлы жүзіңіз — өзіңізге де, айналаңыздағы адамдарға да қанат бітіретін Құдайдың тамаша сыйы. Осыны еш ұмытпағайсыз!

^ 8-абзац “Әр күніңіз той-думан ба?” деген мақаланы қараңыз (“Ояныңдар!” журналы (орыс тілінде), 2013 жыл, қараша).