Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Олардың сүйіспеншілігі жүрегімізді елжіретіп жіберді”

“Олардың сүйіспеншілігі жүрегімізді елжіретіп жіберді”

2015 жылдың 25 сәуірінде, сенбі күні, Үндістанның солтүстігіндегі таулы Непал елінде 7,8 балдық жерсілкінісі болды. Зілзала ошағы ел астанасы Катмандудан солтүстік-батысқа қарай шамамен 80 шақырым жерде екені анықталды. Жарты миллионнан көп үйді жермен-жексен етіп, 8500-ден аса адамды өмірінен айырған бұл жерсілкінісі Непал тарихындағы ең жойқын зілзала ретінде тіркелді. Непалда 2200 Ехоба куәгері бар және олардың көбісі жер сілкінген аймақта тұратын болып шықты. Өкінішке орай, бір Ехоба куәгері мен оның екі баласы қаза тапты.

Мишель есімді Куәгер былай дейді: “Зілзаладан қатты жапа шеккен аймақта тұратын мәсіхшілердің барлығы дерлік аман қалды. Өйткені бұл уақытта олар қауым кездесуінде отырған болатын. Олар үйлерінде болған жағдайда, зардап шеккендердің саны көп болар еді”. Патшалық сарайы * оларға қалай қорған болды?

“ЖАҚСЫ НӘТИЖЕСІН КӨРІП ОТЫРМЫЗ!”

Непалдағы соңғы Патшалық сарайлары жерсілкінісіне төзімді етіп салынды. Кезінде осы ғимараттардың құрылысына қатысқан Ман Баһадур есімді бір кісі былай дейді: “Кішігірім ғимараттардың іргесін сонша берік етіп қалаудың не қажеті бар?” деп сұрағандар көп болды. Ал енді мұның жақсы нәтижесін көріп отырмыз!” Патшалық сарайлары зілзаладан жапа шеккендерге уақытша пана болды. Сол жерде Ехоба куәгерлері мен олардың көршілері зілзаладан кейін болған жер дүмпулерінен жан сақтады.

Ехоба куәгерлері мен олардың көршілері Патшалық сарайын паналады

Ехоба куәгерлері қауымының ақсақалдары хабар бермеген Куәгерлерді шұғыл түрде іздестіре бастады. “Ақсақалдар қауымдағылардың мүддесін өздерінікінен жоғары қойды,— дейді Бабита есімді әйел.— Олардың сүйіспеншілігі жүрегімізді елжіретіп жіберді”. Жерсілкінісінен кейін ертесіне Ехоба Куәгерлерінің аралаушы бақылаушылары мен ұйымның Непалдағы ісін қадағалайтын комитеттің үш мүшесі қауымдарға барып, сондағылардың қажетін қамдады және жергілікті ақсақалдарға қолдау көрсетті.

Ехоба куәгерлерінің Құрама Штаттардағы дүниежүзілік бас басқармасынан келген Гэри Бро жапа шеккендерге қолдау көрсетті

Жерсілкінісінен кейін алты күн өткен соң, Куәгерлердің Құрама Штаттардағы дүниежүзілік бас басқармасынан Гэри Бро әйелі Рубимен бірге Непалға келді. “Катмандуда орын алған аласапыран мен кейінгі жер дүмпулеріне қарап, Бро бауырласымыз келе алар ма екен деп күмәндандық,— дейді жоғарыда аталған комитет мүшесі Рубен.— Бірақ ол осында келуге сөз берді әрі сол сөзінде тұрды! Мұндағы Куәгерлер олардың келгеніне дән риза болды”.

“БҰРЫНҒЫДАН БЕТЕР БАУЫР БАСЫП КЕТТІК”

Ехоба куәгерлерінің Непалдағы діни орталығында істейтін Силас былай дейді: “Телефон байланысы реттеле салысымен, елдер күн-түн демей қоңырау шалумен болды! Жердің түкпір-түкпіріндегі Куәгер бауырластарымыз біз үшін біраз алаңдады. Олардың кейбірі біз түсінбейтін тілдерде сөйлегенмен, біз олардың сүйіспеншіліктері мен көмектесуге деген ыстық ықыластарын сездік”.

Ехоба куәгерлерінен тұратын Еуропадан келген дәрігерлер жапа шеккендерге көмектесті

Жерсілкінісінен кейін жергілікті Куәгерлер көмекке мұқтаж жандарға бірнеше күн бойы Патшалық сарайларына азық-түлік әкеліп жүрді. Бұған қоса, Төтенше жағдайлар комитеті құрылып, көп ұзамай қажетті заттар жан-жақтан ағылып келе бастады. Олардың көп бөлігі Бангладеш, Үндістан мен Жапониядан жеткізілді. Бірер күннің ішінде-ақ Ехоба куәгерлерінен тұратын Еуропадан келген дәрігерлер тобы Патшалық сарайларының біріне орналасып, бірден іске кірісті. Олар жапа шеккендердің денсаулығын тексеріп қана қоймай, оларға өз-өздеріне келіп, көңілдерін орнықтыруға көмектесті.

Көпшіліктің атынан жылы лебізін білдірген Утара есімді әйел былай дейді: “Жерсілкінісі үрейімізді ұшырды. Бірақ кейіннен біз рухани бауырластарымызға бұрынғыдан бетер бауыр басып кеттік”. Шынымен де, бұл зілзала Ехоба куәгерлерінің өздері қызмет ететін Ехоба Құдайға және бір-біріне деген сүйіспеншілігін одан сайын нығайтпаса, еш әлсіретпеді.

^ 3-абзац Бұл − Ехоба куәгерлері жиналатын ғибадат орны.