Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

Денсаулықты күту және жағдайға бейімделу

Денсаулықты күту және жағдайға бейімделу

АЙЫҚПАС АУРУ МЕН МҮГЕДЕКТІК АДАМ ӨМІРІН ҚАТТЫ ҚИЫНДАТАДЫ. Кезінде тепсе темір үзетін Альф есімді ер адам бақытсыздыққа ұшырап, сал болып қалады. Ол былай дейді: “Мұндай күйге түскенім жанымды жегідей жеді. Әлім кетіп, жігерім таусылды. Осылай қирадым да қалдым”.

Альфпен болған жағдай ешқайсысымыз да денсаулығымызды толық сақтай алмайтынымызды көрсетеді. Десе де мүмкіндігінше аурудың алдын алу үшін қажетті шаралар қолдана аламыз. Ал денсаулығымыз бәрібір нашарлап бара жатса ше? Бұл қалған күніміздің бәрі енді бақытсыз өтеді деген сөз бе? Жоқ, әрине. Қазір денсаулықты жақсартуға көмектесетін бірер кеңеске тоқталып өтейік.

“БАРЛЫҚ ЖАҒЫНАН БАЙСАЛДЫ” БОЛЫҢЫЗ. (Тімөтеге 1-хат 3:2, 11). Қомағайлықпен ішіп-жеу қалтамызды жұқартып қана қоймай, денсаулығымызға көп кесірін тигізеді. “Шарап ішкіштердің арасында болма, етке тойымсыздардың қатарына қосылма. Маскүнемдік пен мешкейлік кедей қылар”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 23:20, 21).

АҒЗАҢЫЗДЫ ЛАСТАМАҢЫЗ. Киелі кітап: “Тәніміз бен рухымызды арамдайтын барлық нәрседен өзімізді тазартайық”,— деп шақырады (Қорынттықтарға 2-хат 7:1). Темекі, насыбай, ішімдік пен есірткі адам ағзасын арамдайды. АҚШ-тағы Ауруларды емдеу мен алдын алу орталығының мәлімдеуінше, темекі шегу ауру мен кемтарлыққа ұшыратады және дененің барлық дерлік мүшелерін зақымдайды.

АҒЗАҢЫЗ БЕН ӨМІРІҢІЗДІ БАҒАЛЫ СЫЙ ДЕП ҚАБЫЛДАҢЫЗ. “[Құдайдың] арқасында біз өмір сүріп, әрекет етіп, тірі жүрміз” (Елшілердің істері 17:28). Осы үшін Құдайға риза болсақ, жұмыс орнында, көлік айдағанда немесе көңіл көтергенде, тәуекелге бел байлап, өмірге қауіп төндіретін әрекеттерге бармаймыз. Бір сәттік өткір сезім үшін мүгедектер арбасына таңылып қалғымыз келмейді!

ЖАҒЫМСЫЗ СЕЗІМДЕРГЕ БОЙ АЛДЫРМАҢЫЗ. Біздің ойымыз бен денеміз бір-бірімен өте тығыз байланысты болғандықтан, бір-біріне айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан шектен тыс уайымға, ашу-ызаға, қызғаныш пен басқа да зиянды эмоцияларға берілмеңіз. Киелі кітапта: “Ашуланба, қаһарланба да”,— деген кеңес бар (Зәбүр 37:8). Онда тағы былай делінген: “Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар” (Матай 6:34).

САНАҢЫЗДА ЖАҚСЫ ОЙЛАР ЖҮРСІН. Нақыл сөздер 14:30-да: “Жүректегі тыныштық тәнге шипа болар”,— делінген. Ал Нақыл сөздер 17:22-де: “Қуанышты жүрек жақсы шипа болар”,— деген сөздер жазылған. Бұл сөздердің растығы ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Шотландиялық дәрігер Деррек Кокстың байқауынша, бақытты болып жүретін адам көңілсіз адамға қарағанда аз ауырады екен.

ЖАҒДАЙҒА ҚАРАЙ БЕЙІМДЕЛІҢІЗ. Бәлкім, сіздің де жоғарыда аталып өткен Альф деген кісі сияқты, айықпас дертіңізге төзуден басқа амалыңыз жоқ шығар. Әйтсе де осы уақытты қалай өткізетініңіз өз қолыңызда. Кейбіреулер мұңға батып, жағдайларын одан сайын қиындатып жатады. Киелі кітапта бұған қатысты былай делінген: “Қиын шақта сағың сынса, күш-жігерің таусылар” (Нақыл сөздер 24:10).

Басында шарасыздықтан түңілгенмен, кейін еңселерін көтерген адамдар бар. Олар жағдайларына бейімделіп, өмірлерін жеңілдетудің жолын тапқан. Мысалы, Альф Құдайға көп дұға айтып, Киелі кітапта жазылған ізгі хабар жайында ой жүгіртудің арқасында қолынан келмейтін емес, келетін нәрселерді көруді үйренді. Өмірлерінде үлкен қасірет көрген көп адам сияқты, Альф те жанашырлықтың қадірін түсінді. Бұл қасиет оны Киелі кітаптағы жұбанышқа толы хабарды басқаларға да айтуға талпындырады.

Өмірінде көп азап шеккен адамдардың тағы бірі — Стив. Ол 15 жасында апатқа ұшырап, мойнынан төмен қарай сал болып қалады. 18 жасында екі қолына жан кіріп қимылдай бастайды. Сосын ол университетке түседі де, есірткі мен ішімдікке салынып, зинақорлықпен айналысып кетеді. Өмірден әбден үміт үзген шағында Стив Киелі кітапты зерттей бастайды. Ол өмірге жаңа көзбен қарап, жаман әдеттерін тыяды. “Жылдар бойы қор болып келген өмірім енді мән-мағынаға толды,— дейді Стив.— Қазір мен бақыттымын, жүрегімде тыныштық пен қанағат бар”.

Стив пен Альфтің айтқандары Зәбүр 19:7, 8 тармақтарда айтылған мына сөздерді ойға салады: “Ехобаның заңы кемелді, қайтадан күш дарытады... Ехобаның нұсқаулары әділ, жүректі қуантады, Ехобаның бұйрықтары таза, көзіңді жайнатады”.