Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ

Қанағат пен жомарттық

Қанағат пен жомарттық

КӨП АДАМ БАҚЫТ ПЕН ТАБЫСҚА ЖЕТУДІҢ СЫРЫ БАЙЛЫҚТА ДЕП ЖАТАДЫ. Осындай пікірдің жетегінде жүрген миллиондаған адам көбірек ақша табу үшін бар уақыттарын сарп етеді. Бірақ байлықтан туатын бақыт сезімі ұзаққа созыла ма? Өмірдегі жағдайлар нені аян етеді?

Бақыт жайлы бір журналда адамға ішер ас, киер киім мен баспана сияқты негізгі нәрселерден артық ештеңе керек емес болғандықтан, ақшаны көптеп тапқаны адамды бақыттырақ етпейтіні айтылады (“Journal of Happiness Studies”). Өйткені бақыт көп кірісте емес. Бір еңбекте айтылғандай, ақшаның соңынан қуу, қайта, бақытсыздыққа душар етеді (“Monitor on Psychology”). Бұл сөздер Киелі кітаптағы шамамен екі мың жыл бұрын жазылып кеткен мына сөздерді еске салады: “Ақшақұмарлық — бар жамандықтың түптамыры. Кейбіреулер соған беріліп,.. көптеген қайғы-қасіретке ұшырады” (Тімөтеге 1-хат 6:9, 10). Мұнда қайғы-қасірет деп не туралы айтылып тұр?

ДҮНИЕ-МҮЛКІН ҚОРҒАЙМЫН ДЕП АДАМ ҰЙҚЫДАН ҚАЛЫП, УАЙЫМҒА ТҮСЕДІ. “Аз жесе де, көп жесе де, еңбектенушінің ұйқысы тәтті. Ал байдың мол дәулеті оған ұйқы бермейді” (Уағыздаушы 5:12).

КҮТКЕН БАҚЫТЫ КЕЛМЕГЕНДЕ, АДАМ АЛДАНҒАНДАЙ БОЛЫП, КӨҢІЛІ ҚАЛАДЫ. Себебі ақшаға деген құмарлықты қанағаттандыру мүмкін емес. “Күмісті жақсы көретін күміске тоймас, байлықты жақсы көретін кіріске тоймас” (Уағыздаушы 5:10). Байлық құмартқан адам нағыз бақытқа бастайтын маңызды нәрселерді құрбан етуі мүмкін. Мысалы, отбасымен не достарымен өткізетін бағалы уақытын немесе Құдайға құлшылық етумен байланысты істерін.

АҚША ҚҰНСЫЗДАНЫП, АЙНАЛЫМДАҒЫ ҚАРЖЫСЫ КҮЙГЕНДЕ, АДАМ ҚАЙҒЫҒА БАТЫП, БЕРЕКЕСІ КЕТЕДІ. “Байлық жинаймын деп зорықпа, сәл кідіріп, ақылға сал. Байлыққа көз салсаң, лезде ғайып болар, қанат бітіп, бүркіттей ұшып кетер” (Нақыл сөздер 23:4, 5).

БАҚЫТҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАСИЕТТЕР

ҚАНАҒАТШЫЛДЫҚ. “Біз бұл дүниеге ештеңе әкелген жоқпыз, ештеңе алып та кете алмаймыз. Ендеше ішер ас, киер киім және баспана болса, соны қанағат етейік” (Тімөтеге 1-хат 6:7, 8). Қанағатшыл адам наразылық білдіріп, шағымданудан аулақ. Осының арқасында оның бойында қызғанышқа орын жоқ. Қалтасы көтермейтін дүниені көксемегендіктен, ол еш пайдасы жоқ стресс пен уайымның құрбаны болмайды.

ЖОМАРТТЫҚ. “Алғаннан гөрі берген бақытты” (Елшілердің істері 20:35). Жомарт адам өзгелерді бақытты етуден бақыт табады. Тіпті кішкене уақыты мен күшін жұмсағанның өзі оны қуанышқа бөлейді. Нәтижесінде мұндай адам ақшаға сатып алынбайтын игіліктерге қол жеткізеді. Мысалы, сүйіспеншілікке, құрметке және өзіне де жомарттық танытатын адал достарға (Лұқа 6:38).

АДАМДАРДЫ ДҮНИЕ-МҮЛІКТЕН ЖОҒАРЫ ҚОЮ. “Жеккөрушілік бар жерде семіз бұқа етін жегенше, сүйіспеншілік бар жерде көкөніс жеген артық” (Нақыл сөздер 15:17). Бұл сөздердің мәні неде? Адамдармен жақсы қарым-қатынас байлықтан әлдеқайда бағалы. Сүйіспеншіліктің бақытқа жетудегі рөлі жайында алда әлі сөз етіледі.

Оңтүстік Америкада тұратын Сабина деген әйел Киелі кітап қағидаларының қаншалықты құнды екеніне көз жеткізген. Күйеуі тастап кеткеннен кейін, оған екі қызын асырау оңайға соқпады. Екі жерде жұмыс істегендіктен, ол күнде таңғы төртте тұратын. Осылай шаршап-шалдығып жүрсе де, Киелі кітапты оқып-білуге бекінеді.

Сабинаның тұрмыстық жағдайы аса өзгерген жоқ. Бірақ өмірге деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Ол рухани қажеттілігін қанағаттандырып, бақытқа кенелді (Матай 5:3). Құдайға сенетін адамдардың арасынан адал достар тапты. Киелі кітаптан білгендері жайлы өзгелерге айту да Сабинаны қуанышқа бөлейді.

Киелі кітапта: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— делінген (Матай 11:19). Қанағатшылдық пен жомарттық және адамдарды дүние-мүліктен жоғары қою да өз нәтижелерімен дәлелденетін даналыққа жатады.