БАҚЫТҚА БАСТАР ЖОЛ
Өмірдің мәнін табу
АДАМ БАЛАСЫН БАСҚА ЖАРАТЫЛЫСТАРДАН АЙРЫҚША ЕТЕТІН ЖАЙТТАР КӨП. МЫСАЛЫ, КІТАП ЖАЗУ, ӨНЕРМЕН АЙНАЛЫСУ, ЖАҢА НӘРСЕЛЕР ОЙЛАП ШЫҒАРУ. БІЗДІ ӨМІР ТУРАЛЫ ТЕРЕҢ СҰРАҚТАР ДА ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ. Олардың кейбірі мынандай: Ғалам не мақсатпен пайда болған? Адамдар қалай пайда болды? Өмірдің мәні неде? Болашағымыз қандай болмақ?
Бұл сұрақтардың түбіне жету мүмкін емес деп, кейбір адамдар жауабын табуға тырыспайды да. Өзгелері тіршілік эволюцияның, соқыр процестің, арқасында пайда болғандықтан, мұндай сұрақтар көтерудің еш мәні жоқ дейді. Тарих пен биология профессоры Уильям Провайнның айтуынша, ешқандай құдай жоқ, адамгершілік нормаларының бастамасы да, өмірдің мағынасы да жоқ.
Алайда кейбіреулер мұндай көзқарасты дұрыс деп санамайды. Олар ғаламның нақты математикалық заңдылықтарға бағынатынын түсінеді. Сонымен қатар табиғаттағы жаратылыстардың күрделілігі мен ғажайыптығына тамсанады. Тіпті табиғатқа қарап жаңа туындыларды ойлап шығаруға тырысады. Олар табиғаттың күрделілігіне үңілген сайын, оның артында кездейсоқ процесс емес, ақыл-сана иесі тұрғанына көз жеткізеді.
Осылай тұжырым жасағанның арқасында кейбір эволюционистер ойларын өзгертті. Қазір солардың екеуін қарастырайық.
НЕЙРОХИРУРГ АЛЕКСЕЙ МАРНОВ. “Мектеп мені атеизм мен эволюцияға үйретті. Құдайға сенген адам қараңғы, сауатсыз саналатын”,— дейді ол. Бірақ 1990 жылы оның көзқарасы өзгере бастады.
“Мен кез келген нәрсенің қисынын түсінуге тырысатынмын. Мені, әсіресе, адам миы қызықтыратын. Адамның бұл мүшесінің біз таныған ғаламдағы ең күрделі құрылым деп аталуы бекер емес. Бірақ осындай күрделі ми өмір бойы білім мен тәжірибе жинап, ал ақырында өлу үшін пайда болған ба? Бұлай болуы ақылға сыймайтын. Содан: — Біз не үшін дүниеге келдік? Өмірдің мәні неде?— деп ойлана бастадым. Көп ой жүгірте келе, Жаратушы бар деген тұжырымға келдім”.
Өмірдің мәнін іздеген Алексей Киелі кітапты зерттей бастайды. Оның адасып жүргенін дәлелдеу үшін әйелі де (ол да атеист әрі дәрігер болған) Киелі кітапты зерттеуге кіріседі. Қазір екеуі де Құдайдың барына нық сенеді және Жазбаларда түсіндірілгендей, оның адамзатты не мақсатпен жаратқанын біледі.
ПЛАЗМАНЫ ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМ ХУАБИ ИН. Хуаби Ин физика саласын меңгерген және көп жыл бойы плазманы зерттеген. Заттың төртінші күйі болып табылатын плазма, мысалы Күндегі плазма, сансыз көп электрондар мен оң иондардан тұрады.
Хуаби Ин былай дейді: “Табиғаттағы құбылыстарды зерттеген сайын ғалымдар олардың бәрінде зор тәртіп бар екенін көреді. Мұндай тәртіп нақты заңдылықтардың арқасында ғана бола алады. Мен: — Бұл заңдар қайдан пайда болды? Ошақтағы кішкентай оттың өзін қадағалап отыру қажет болса, ғаламат Күннің қуатын қадағалайтын заңдарды кім ойлап тапты?— деп ойланатынмын. Күндердің күнінде мен бұл сұрақтың қисынды жауабын Киелі кітаптың алғашқы сөздерінен таптым. Онда: — Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты,— делінген” (Мұсаның 1-жазбасы 1:1).
Шыны керек, ғылым “Қалай?” деген сұрақтардың көбісіне жауап беріп келеді. Мысалы: Ми жасушалары қалай жұмыс істейді? Күн жылу мен жарықты қалай бөледі? Бірақ Алексей мен Хуаби Киелі кітаптың бізді мазалайтын “Не үшін?” деген әлдеқайда маңызды сұрақтарға жауап беретінін байқады. Мысалға: Жер не үшін пайда болды? Не үшін заңдылықтарға бағынады? Біз не үшін дүниеге келдік?
Жер планетасына қатысты Киелі кітапта: “[Құдай] оны бекерден-бекер емес, мекендеу үшін жаратқан,— делінген (Ишая 45:18). Иә, Құдай жерді мақсат көздеп жаратқан. Келесі мақаладан біз жер бетіндегі болашағымызға қатысты үміт туралы білеміз.