Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚИЫНДЫҚТЫ ШЕШЕТІН ҮКІМЕТ

“Мәңгілік бойы тыныштық орнайды”

“Мәңгілік бойы тыныштық орнайды”

Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінде “жаһандық азаматтық” деген ұғымды алға тартуда. Олардың көздегені — дүниежүзіндегі адамдардың бәрін өзара қызметтестікке, адам құқығын құрметтеуге және жер шарын қорғауға шақыру. Бұған не себеп? “Климаттың өзгеруі, ұйымдасқан қылмыс, әділетсіздіктің өршуі, шешімін таппаған қақтығыстар, босқындардың жаппай көбеюі, жаһандық лаңкестік пен індеттер сияқты басқа да қауіптерге шегара шек қоя алмай отыр”,— деп мәлімдеді Махир Насир “БҰҰ-ның хабары” журналында.

Ал біреулер болса тіпті дүниежүзі бойынша бір үкімет құруды алға тартқан. Солардың ішінде итальян философы, ақын әрі мемлекет қайраткері Данте (1265—1321) мен физик Альберт Эйнштейн (1879—1955) де бар. Данте саяси жік-жікке бөлінген әлемде тыныштық ұзаққа бармайды деп есептеген. Ол Иса пайғамбардың сөзін келтіріп: “Жікке бөлінген әрбір патшалық күйрейді”,— деген (Лұқа 11:17).

Екі атомдық бомбаның куәсі болған Екінші дүниежүзілік соғыстың артынша Альберт Эйнштейн Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясына ашық мәлімдеме жасады. “Біріккен Ұлттар Ұйымы шұғыл түрде халықаралық қауіпсіздік орнатуға жағдайлар жасап, дүниежүзілік бір үкіметтің негізін қалауға кірісу керек”,— деді ол.

Алайда осындай мықты үкіметті басқаратындардың еш бұзылмайтынына, дәрменсіздік танытпайтынына, қатыгездікке бой алдырып қоймайтынына кім кепіл?! Олардың әділетсіз билеушілердің ізімен кетпейтініне ше? Осы ретте ағылшын тарихшысы лорд Актонның мына сөзі еріксіз ойға оралады: “Билік адамды бұзады, ал шексіз билік адамды шексіз бұзады”.

Дүниежүзі бойынша бір үкімет орнаған күнде де, адам баласы нағыз тыныштық пен бейбітшілікке жету үшін араларында бірлік болу қажет. Бірақ бұған қалай қол жеткізуге болады? Бұл мүмкін бе, өзі? Құдай Сөзінде бұның әбден мүмкін екені айтылған. Бірақ мұндай бірлік жемқор саяси басшылардан құралған дүниежүзілік үкіметтің емес, Құдай орнататын үкіметтің қолымен жүзеге аспақ. Бұл үкімет Құдайдың ғана өз жаратылыстарына билік етуге құқылы екенін паш етеді. Бұл қандай үкімет? Киелі кітапта тіпті оның аты аталған. Ол — “Құдай Патшалығы” (Лұқа 4:43).

“СЕНІҢ ПАТШАЛЫҒЫҢ КЕЛСІН!”

Иса пайғамбар ізбасарларына: “Сенің Патшалығың келсін! Сенің еркің... жер бетінде орындалсын!”— деп дұға етуді үйреткенде, Құдай Патшалығын ойда тұтқан болатын (Матай 6:9, 10). Иә, Құдай Патшалығы жер бетінде билік көксеген өзімшіл адамдардың емес, Құдай еркінің, яғни оның ой-мақсатының орындалуын қамдайды.

Құдай Патшалығы Киелі кітапта “Көк патшалығы” деп те аталған (Матай 5:3). Себебі бұл үкімет жерден емес, көктен билік етеді. Ол билігін бүкіл жер бетіне жүргізеді. Демек, осы дүниежүзілік үкіметті салық төлеп демеп отырудың қажеті болмайды. Оның қол астындағы азаматтар үшін бұл неткен жеңілдік!

“Патшалық” деген сөзден көрініп тұрғандай, Құдай Патшалығы — патша басқаратын үкімет. Оның Патшасы — Иса Мәсіх. Оған билікті Құдайдың өзі берген. Иса Мәсіх жөнінде Киелі кітапта былай деп жазылған:

  • “Оның мойнына билік құру міндеті жүктеледі... Билігі кең жайылады, Сонда мәңгілік бойы тыныштық орнайды” (Ишая 9:6, 7).

  • “Оған халықтар, ұлттар мен әртүрлі тілдің адамдары қызмет ету үшін, қолына билік, даңқ пен патшалық берілді. Оның билігі — еш бітпейтін мәңгілік билік” (Даниял 7:14).

  • “Дүниенің үстінен патшалық ету билігі енді Иемізге [Құдайға] және Мәсіхке тиесілі” (Аян 11:15).

Иса пайғамбардың жоғарыдағы дұғасына сай, Патшалық жер бетінде Құдайдың еркін толық жүзеге асырады. Осы үкіметтің қол астында адамзат азып-тозған жер бесігін күтіп-баптауды үйренеді. Сонда жер қайта құлпырып, тіршілікке лық толады.

Ең маңыздысы, Құдай Патшалығы өз азаматтарына білім береді. Бүкіл адамзат бірдей заң-талаптармен өмір сүруді үйренеді. Алауыздық, бөлінушілік деген атымен болмайды. “Еш қиянат жасалмайды, Ештеңе қиратылмайды. Өйткені теңіздің суға толы болатынындай, Жер беті Ехоба туралы білімге толады” (Ишая 11:9).

Сол уақытта жер тұрғындары бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымы қол жеткізе алмай отырған мақсатқа жетеді: олар бейбітсүйгіш жаһандық азаматтарға айналады. Киелі кітапта айтылғандай, олар “керемет тыныштық орнағанын көріп, шаттыққа кенеледі” (Зәбүр 37:11). Уақыт өте келе сөздік қорымыздан “қылмыс”, “ластану”, “кедейлік”, “соғыс” деген сөздер ғайып болады. Бірақ бұл қашан болады? Құдай Патшалығы жер бетіне билік етуін қашан бастайды? Ол билікті қалай қолға алады? Осы биліктің сізге әкелер игілігі қандай? Енді осыларға тоқталып өтейік.