Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Қауіпсіздігімізге төнген қауіп

Қауіпсіздігімізге төнген қауіп

“Бүгінгі буын ғылым, техника мен қаржы саласында бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетуде... Сөйткенмен де дәл осы буын әлемдегі (саяси, экономикалық және экологиялық) жүйелерді құрдымға кетіретін алғашқы буын болатынға ұқсайды”. (“Жаһандық қауіптер туралы есеп, 2018”. Дүниежүзілік экономикалық форум)

НЕГЕ КӨЗІ АШЫҚ КӨПТЕГЕН АДАМДАРДЫ БІЗДІҢ ЖӘНЕ ЖЕР ШАРЫМЫЗДЫҢ КЕЛЕШЕГІ АЛАҢДАТЫП ОТЫР? БІЗГЕ ТӨНІП ТҰРҒАН ҚАУІП-ҚАТЕРДІҢ КЕЙБІРІН АТАП ӨТЕЙІК.

  • КИБЕРҚЫЛМЫС: “Интернетті пайдалану күннен-күнге қауіпті болып барады. Ол педофилдердің, бопсалаушылардың, алауыздық тудырушылар мен хакерлердің ордасына айналған. Жеке бастың мәліметін ұрлау бүкіл әлемде қарыштап дамып жатқан қылмыстың түрі болып отыр... Ғаламтор адам баласына залымдық пен жауыздық секілді ең сорақы мінез танытуға жол ашуда”,— деп жазылған бір газетте (“The Australian”).

  • ӘЛЕУМЕТТІК ТЕҢСІЗДІК: Оксфам халықаралық қайырымдылық ұйымының жаңа есебі бойынша, әлемдегі ең бай сегіз адамның қолындағы қаржы 3,6 миллиард қарапайым халықтың қаржысын құрайды. “Аса дәулетті адамдар кедейлердің жағдайының нашарлауы есебінен байып отыр. Бұл әлем экономикасының құлдырағанын білдіреді”,— деп мәлімдейді Оксфам ұйымы. Байлар мен кедейлер арасының күн санап алшақтап жатқаны әлеуметтік сілкіністер туғызбай қоймайды деп үрейленетіндер бар.

  • ҚАҚТЫҒЫСТАР МЕН ҚУҒЫН-СҮРГІН: Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар ісі жөніндегі агенттігінің 2018 жылғы есебінде: “Біз бүгінде босқындар саны ең жоғарғы көрсеткішке жеткеніне куә болудамыз”,— делінген. 68 миллионнан аса адам көбіне қақтығыстар мен қуғындалудың кесірінен үй-жайын тастап, босып кеткен. Аталмыш агенттіктің мәлімдеуінше, “әрбір 2 секунд сайын 1 адам басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр”.

  • ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ТӨНГЕН ҚАУІП: “Бүгінде өсімдік пен жануарлардың көп түрі жаппай жойылып барады. Ал ауа мен теңіз суларының ластануы адам денсаулығына тигізер қаупі дендеп келеді”,— делінген “Жаһандық қауіптер туралы есепте”. Сондай-ақ кей елдерде өсімдіктерді тозаңдандыратын жәндіктердің саны да күрт төмендеп отыр. Ғалымдар бұл жайт “экологиялық апатқа” әкеп соқтыруы мүмкін деп дабыл қағуда. Маржан жартастарының да күйі мәз емес. Ғалымдардың есептеуінше, соңғы 30 жылда әлемдегі маржан жартастарының жартысына жуығы жойылған.

Әлемді әлдеқайда қауіпсіз әрі тыныш ету біздің қолымыздан келе ме? Кейбіреулер мұның шешімі білімде жатыр деген пікірде. Олай болса, адамдардың ойы мен жүріс-тұрысын түзейтін білім бар ма? Бұл жайында алдағы мақалаларда сөз етіледі.