Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Дертті жазу үшін, оның белгілерімен емес, көзімен күресу керек

ҚИЫНДЫҚ

Қиыншылықтардың түптамырын анықтау

Қиыншылықтардың түптамырын анықтау

Бізді тыныштығымыз бен қауіпсіздігімізден айырып, болашағымызды бұлыңғырлатып отырған қиыншылықтарды адам баласы шешеді деп сенесіз бе? Негізі, қиындықтарды түпкілікті шешу үшін, олардың салдарымен күреспей, түптамырына балта шабу керек.

Мұны келесі мысалдан көруге болады. Тимур * деген кісі қатты сырқаттанып, кейін қайтыс болады. Оның өліміне не себеп болды? Қайтыс боларының алдында оған қараған дәрігер былай деді: “Оның сырқатының алғашқы белгілері пайда болғанда, ешкім де аурудың көзін анықтауды ойламаған”. Тимурды емдеген бұрынғы дәрігерлер оған ауырсынуды басатын дәрі-дәрмектер беріп қана қойғанға ұқсайды.

Дертке шалдыққан осы дүниеге де адамдар дәл осылай қарайды. Мысалы, үкіметтер қылмыспен күресу үшін заңдар шығарып, бейнебақылаулар орнатады, полиция қызметін күшейтеді. Мұндай шаралар қандай да бір нәтиже бергенмен, мәселенің түптамырымен күреспейді. Адамдардың іс-әрекеті, негізінде, ішкі ой-ниеттері мен қалауларының жемісі.

Оңтүстік Америкадағы экономикасы кері кетіп жатқан бір елде тұратын Дэниел былай деп ой бөлісті: “Бір кездері біз қамсыз өмір сүрдік. Қарулы тонау дегенді білмеуші едік. Ал енді қала-ауыл демей, бәрінің тынышы кеткен. Экономиканың құлдырауы көп адамның шынайы бетпердесін ашты: олар ашкөз, біреудің өміріне, дүние-мүлкіне деген құрметтен жұрдай”.

Таяу Шығыста болған қақтығыстан қашып кетіп, кейін Киелі кітапты зерттеген Ильяс былай дейді: “Менің туған қаламда көптеген жастарды үй ішіндегілері, саясаткерлер мен діндар адамдар соғысқа қатысып, қаһарман атануға шақыратын. Бір қызығы, қарсылас жақ та тура осылай істейтін! Осыған қарап, билік басындағыларға сенім артуға болмайтынын түсіндім”.

Даналыққа тұнған көне кітаптағы келесі сөздер дөп айтылған:

  • “Адамның жүрегі бала кезден-ақ жамандыққа бейім” (Мұсаның 1-жазбасы 8:21).

  • “Адам жүрегі бәрінен де алдамшы әрі ештеңеден тайынбайды. Оны кім біле алады?” (Еремия 17:9).

  • “Жүректен жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, жалған куәлік, қорлық сөздер шығады” (Матай 15:19).

Адамдар бойларындағы теріс бейімділіктердің емін таба алмай отыр. Алдыңғы мақалада сөз етілген өзекті мәселелерге үңілсек, өзгеге кесірі тиіп отырған мұндай бейімділіктер барған сайын ушыға түскендей (Тімөтеге 2-хат 3:1—5). Бүгінде сансыз көп ақпарат көзі мен өзгелермен байланыс жүйесі қыруар болғанына қарамастан, жағымсыз бейімділіктерді еңсеру қиынға түсіп отыр. Ендеше, әлемді тыныш та қауіпсіз ету еш мүмкін емес пе? Сонда біз қолжетпеске ұмтылып жатқанымыз ба?

ҚОЛЖЕТПЕСКЕ ҰМТЫЛЫП ЖАТЫРМЫЗ БА?

Адамдардың жағымсыз мінез-құлқына керемет түрде ем табылғанның өзінде біз бүкіл әлемде тыныштық пен қауіпсіздік орната алмас едік. Бұған себеп — мүмкіндіктеріміздің шектеулілігі.

Киелі жазбаларда мынадай қарапайым шындық жазылған: “Адам тіпті өз қадамына бағыт бере алмайды” (Еремия 10:23). Иә, Құдай бізді өз-өзімізді басқаратындай етіп жаратпаған. Ғарышта я су астында өмір сүруге жаралмағанымыздай, адам баласына билік жүргізу үшін де жаралмағанбыз.

Су астында өмір сүруге жаралмағанымыздай, адам баласына билік жүргізу үшін де жаралмағанбыз

Ойлап көріңізші, біреу қалай өмір сүруді, қандай құндылықтарды ұстануды үйретіп жатса, бұл адамдарға ұнай ма? Түсік жасату, бала тәрбиесі сияқты мәселелерде біреудің өз ойын тықпыштағаны біреуге жаға ма? Бұл — адамдар арасында араздық тудыратын мәселелердің кейбірі ғана. Бізге мойындау қанша қиын болса да, Киелі жазбаларда айтылған сөздер ақиқат: біздің адамдардың үстінен билік етуге қабілетіміз де, құқымыз да жоқ. Олай болса, көмекті қайдан табамыз?

Бұл орайда Жаратушыға жүгінгеніміз қисынды болар еді. Өйткені біз оның жаратқан пенделеріміз ғой! Кейбір адамдар Құдай бізді ұмытып кетті деп ойлағанмен, шын мәнінде, олай емес. Ол біздің қамымызды ойлайтынын даналыққа тұнған Киелі жазбаларды, яғни Киелі кітапты, сыйлауымен көрсетті. Осы бірегей кітапты түсінсек, өз болмысымызды да жақсырақ түсінеміз. Сондай-ақ адамзат тарихының неге аянышты күйде екенін білеміз. Сол кезде бір неміс философының келесі сөздерді не үшін айтқаны бізге түсінікті болады: “Адамдар мен үкіметтер тарихтан еш тағылым алмады, одан бір түйін жасап, соған сай әрекет етпеді”.

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ДАНАЛЫҚ — БІЗ ҮШІН ҚОРҒАНЫШ

Бір данышпан кісі: “Даналық істерімен дәлелденеді”,— деген (Лұқа 7:35). Мұндай даналықтың бір мысалын келесі сөздерден көруге болады: “Өз игіліктерің үшін, жұмыр басты пендеге арқа сүйеуді доғарыңдар!” (Ишая 2:22). Осы дана кеңес бізді жалған үміт пен бос қиял-арманнан қорғайды. Солтүстік Американың зорлық-зомбылық жайлаған бір қаласында тұратын Кеннет былай дейді: “Биліктегілер бірінен соң бірі жағдайды жақсартамыз деп уәдені үйіп-төгеді, бірақ сөздерінде тұрмайды. Бұл Киелі кітапта жазылғандардың нағыз даналық екенін қайта-қайта айғақтайды”.

Жоғарыда аталып кеткен Дэниел былай деп айтты: “Адамдардың дұрыс басқара алмайтынына күн сайын көзім жетіп келеді... Банктегі есепшотың мен зейнетақы қорың алда өміріңнің орнықты болатынына еш кепілдік бере алмайды. Осыларға сенім артқан талай адамның артынан қатты көңілі қалғанын көрдім”.

Киелі кітап бізді бос нәрселерге үміттенуден қорғап қана қоймайды, ол бізге шынайы үміт сыйлайды. Бұл жөнінде алда білеміз.

^ Журналдағы кейбір есімдер өзгертілген.