Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ҚИЫНДЫҚТЫҢ БІРЖОЛАТА ШЕШІЛЕТІН КЕЗІ

Құдай Патшалығы тұсында “шартарапта тыныштық болады”

Құдай Патшалығы тұсында “шартарапта тыныштық болады”

Көп адам күтіп жүрген Құдай Патшалығы, яғни Құдай құрған үкімет жуырда жер бетінде жаһандық тыныштық пен ынтымақтастық орнатады. Құдай Сөзінде: “Шартарапта тыныштық болады”,— деп уәде етілген (Зәбүр 72:7). Алайда Құдай Патшалығы жер бетіне билік етуін қашан бастайды? Ол билікті қалай қолға алады? Осы биліктің сізге әкелер игілігі қандай?

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ ЖЕРГЕ БИЛІК ЕТУІН ҚАШАН БАСТАЙДЫ?

Киелі жазбаларда алдын ала айтылғандай, Құдай Патшалығының жерге билік ететін кезі жақындағанда, бірқатар елеулі оқиғалар орын алу керек. Мысалы, жер-жерлерде соғыстар, ашаршылық, індеттер мен жер сілкіністері болады, заңсыздық көбейеді. Осы оқиғалардың бәрі — Патшалықтың таяп қалғанының белгісі (Матай 24:3, 7, 12; Лұқа 21:11; Аян 6:2—8).

Киелі жазбаларда тағы былай деп пайғамбарлық етілген: “Соңғы күндері ерекше қиын уақыт болатынын біліп қой: адамдар тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар,.. ата-анасына мойынсұнбайтын, алғысты білмейтін, опасыз, бауырмалдықтан жұрдай, ымыраға келмейтін, жалақор, ұстамсыз, бұзақы, жақсылықты жек көретін,.. өркөкірек, Құдайдан гөрі ләззат-ермекті артық көретін болады” (Тімөтеге 2-хат 3:1—4). Әрине, мұндай мінез-құлық танытатын адамдар қашанда болған. Бірақ қазір екінің бірі сондай болып барады.

Күнібұрын айтылған осы жайттар 1914 жылдан бері орындала бастады. Расында да, тарихшылар, саясаткерлер мен жазушылар сол жылдан бастап заманның өзгергенін атап өткен. Мәселен, дат тарихшысы Петер Мунх былай деп жазған: “1914 жылы бұрқ еткен соғыс адамзат тарихын күрт өзгертті. Біз дүркіреп тұрған жарқын дәуірден... апаттар, жантүршігерлік жайттар, жеккөрушілік пен қауіп-қатер жайлаған дәуірге аяқ бастық”.

Алайда дауылды нөсерден кейін міндетті түрде жайдарлы күн шығатыны сияқты, бұл оқиғалардың артында да бір жақсылық бар. Олар — Құдай Патшалығының бүкіл жер бетіне билік ететін уақыты таяп қалғанының жаршысы. Иса ақыр заманның белгісін айтқанда, осы жақсы хабарды да атап өтіп: “Патшалық жайлы осы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалады. Содан кейін осы заманның соңы келеді”,— деген (Матай 24:14).

Патшалық жайлы ізгі хабар — Ехоба куәгерлері айтып жүрген басты тақырып. Олардың негізгі әдебиеті “Күзет мұнарасы Ехоба Құдайдың Патшалығын жариялайды” деп аталады. Онда Құдай Патшалығы адамзат пен жер шары үшін қандай тамаша игіліктер жасайтыны үзбей талқыланып тұрады.

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫ БИЛІКТІ ҚАЛАЙ ҚОЛҒА АЛАДЫ?

Бұл сұраққа маңызды төрт жайт жауап береді:

  1. Құдай Патшалығы өз билігін жүргізу үшін бүгінгі әлемнің саяси басшыларын қолданбайды.

  2. Билік тізгінінен ажырағысы келмейтін саяси басшылар Құдай Патшалығына қарсы бас көтеріп, ақымақтық жасайды (Зәбүр 2:2—9).

  3. Құдай Патшалығы адамзатты әрі қарай да билеп-төстегісі келетін саяси үкіметтерді жоюға мәжбүр болады (Даниял 2:44; Аян 19:17—21). Бұл ақырғы жаһандық қақтығыс Армагеддон деп аталады (Аян 16:14, 16).

  4. Құдай Патшалығына шын жүректен бағынатындар Армагеддоннан аман өтіп, жаңа бейбіт өмірге аяқ басады. Бұл адамдар Киелі кітапта “ұлы жамағат” деп аталған. Олардың саны миллиондаған адамды құрауы мүмкін (Аян 7:9, 10, 13, 14).

ҚҰДАЙ ПАТШАЛЫҒЫНЫҢ СІЗГЕ ӘКЕЛЕР ИГІЛІГІ ҚАНДАЙ?

Құдай Патшалығының азаматы болу үшін жасалатын алғашқы қадам — білім алу. Иса пайғамбар Құдайға былай деп дұға еткен: “Мәңгілік өмірге ие болу үшін сені, жалғыз шынайы Құдайды, және өзің жіберген Иса Мәсіхті танып-білу керек” (Жохан 17:3).

Адамдар Ехоба Құдайды жақыннан танып-білсе, мұның көп игілігін көреді. Солардың екеуін қарастырып көрейік. Біріншіден, олар Құдайға деген берік сенім дамытады. Дәлелдерге негізделген мұндай сенімнің арқасында Құдай Патшалығының шынайы екеніне әрі оның жақын арада билік ететініне көздері жетеді (Еврейлерге 11:1). Екіншіден, Құдайға және адамдарға деген махаббаты артады. Құдайға деген сүйіспеншілік оларды оған шын жүректен мойынсұнуға талпындырады. Ал адамдарға деген сүйіспеншілік Иса пайғамбардың сөздеріне сай әрекет етуге қозғау салады. Ол: “Басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер”,— деген (Лұқа 6:31).

Балаларына тек жақсылық тілейтін әке сияқты, Жаратушымыз да бізге бар жақсыны тілейді. Ол біздің Киелі кітапта “шынайы өмір” деп аталатын өмірге қол жеткізгенімізді қалайды (Тімөтеге 1-хат 6:19). Бүгінгі өмірді “шынайы өмір” деп айта алмайсың. Миллиондаған адамның өмірі күйкі тіршіліктен ары аспайды. “Шынайы өмірдің” қандай болатынын елестете алу үшін Құдай Патшалығы өз азаматтарына сыйлайтын кейбір игіліктерге тоқталайық.

Құдай Патшалығы тұсында адамзат алаңсыз да қауіпсіз өмір кешіп, аста-төк молшылықтың рақатын көреді