СТРЕСТІ ЖЕҢЕ БІЛІҢІЗ
Стреспен күрес
Стреспен күресе білу үшін сізге алдымен өз денсаулығыңызға, өзгелермен қарым-қатынасыңызға және өмірдегі мақсаттарыңыз бен нені басты орынға қоятыныңызға мән беру қажет. Осы мақалада стреспен күресуге, тіпті оны азайтуға қатысты тиімді кеңестер талқыланатын болады.
Бүгіннің уайымымен шектеліңіз
“Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар” (МАТАЙ 6:34).
Сөз мәні: Күнделікті уайым — өмірдің бөлінбес бөлшегі. Бірақ ертеңгі күнді ойлап, бүгінгі уайымға уайым қосудың қажеті бар ма? Тек бір күннің уайымымен күресіңіз.
-
Стрестен уайым пайда болады. Ендеше былай істеп көріңіз: біріншіден, кейбір стрестерден қашып құтыла алмайтынымызды мойындаңыз. Сіз өзгерте алмайтын жайттарды ойлай берсеңіз, стресіңіз күшейе береді. Екіншіден, біздің сонша уайымдағанымыз көп жағдайда болмай жататынын түсініңіз.
Шектен тыс талаптар қоймаңыз
“Сендердің есті екендеріңді жұрттың бәрі көретін болсын” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 4:5).
Сөз мәні: Мінсіз болуға ұмтылмаңыз. Өзіңізден де, өзгелерден де көп нәрсе күтпеңіз.
-
Қарапайым болып, өзіңіздің және өзгелердің мүмкіндіктерін ескеріңіз, ақылға қонымсыз талаптар қоймаңыз. Сонда бәрінің стресі азайып, жақсы нәтижеге қол жеткізу оңайға түседі. Әзілдеуді де ұмытпаңыз. Бір нәрсе ойдағыдай болмай қалғанда да, күле білсеңіз, жеңілдеп қаласыз, көңіл-күйіңіз де көтеріледі.
Стрестің себепшілерін анықтаңыз
“Парықты сабыр сақтар” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:27).
Сөз мәні: Жағымсыз сезімдердің кесірінен адам дұрыс ойлана алмай қалады. Сондықтан сабыр сақтауға тырысыңыз.
-
Неден стреске түсетініңізді анықтап, сол кезде қалай әрекет ететініңізді байқап көріңіз. Мысалы, стреске ұшырағанда не ойлап, не сезінетініңізге, өзіңізді қалай ұстайтыныңызға назар аударыңыз, тіпті жазып алсаңыз болады. Стресті қалай қабылдайтыныңызды біліп алсаңыз, онымен жақсырақ күресе аласыз. Сондай-ақ стресс тудыратын нәрселерден арылудың жолдарын ойластырыңыз. Егер бұл мүмкін болмаса, олардың ықпалын азайтуға тырысыңыз. Бәлкім, бұл үшін сізге тапсырылған істі орындаудың басқа жолын табу керек шығар немесе уақытты дұрыс жоспарлау керек болар.
-
Мәселеге басқа қырынан қарап көріңіз. Сізді стреске салған жайт біреу үшін мүлде стресс тудырмауы мүмкін. Бұл әркімнің көзқарасына байланысты. Мына үш кеңестің сізге көмегі тиеді:
-
Бірден жаман ойлауға асықпаңыз. Кезекте тұрғанда бір адам алдыңызға шығып кетті делік. Мұнысы әдепсіздік қой десеңіз, көңіліңіз түсіп кетуі мүмкін. Оның келелі себебі болған шығар деп неге пайымдамасқа? Солай болуы да мүмкін ғой.
-
Жағдайдың жақсы жағын көріңіз. Ауруханада я әуежайда ұзақ күтіп отырғанда, уақытты қысқарту үшін кітап оқуға немесе электронды хаттарды оқып, жауап беруге я қандай да бір жұмысыңызды бітіруге болады.
-
Жағдайды толықтай көре біліңіз. “Бұл мәселе ертең я бір аптадан соң соншалықты қиын бола ма?” деп ойланып көріңіз. Ненің болмашы әрі уақытша мәселе екенін, ал ненің маңызды мәселе екенін ажырата біліңіз.
-
Бәрін тәртіппен істеуге тырысыңыз
“Барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын!” (ҚОРЫНТТЫҚТАРҒА 1-ХАТ 14:40).
Сөз мәні: Өміріңізде бәрін өз ретімен істеуге тырысыңыз.
-
Өмірінде белгілі бір шамада тәртіптің болғанын кім-кім де қалайды. Тәртіптің бұзылуына, ал түбінде стреске әкелетін бірден бір нәрсе — істерді ылғи кейінге ысыра беру. Осының кесірінен аяқсыз қалған істердің қатары көбеймесе, азаймайды. Мұны болдырмау үшін мына екі амалды істеп көрсеңіз болады.
-
Ақылға қонымды жоспар құрып, соны ұстаныңыз.
-
Істерді уақытында істемеуіңізге қандай бұрыс көзқарас түрткі болатынын анықтап, оны түзеңіз.
-
Байсалды өмір салтын ұстаныңыз
“Тынымсыз еңбектеніп, желдің соңынан қуғанша, азырақ тынығып алған артық” (УАҒЫЗДАУШЫ 4:6).
Сөз мәні: Жұмысбасты болып кеткен адам “тынымсыз еңбегінің” рақатын көре алмай қалады. Өйткені еңбегінің жемісін көріп, масаттануға уақыты да, күші де қалмай жатады.
-
Жұмыс пен ақшаның орнын дұрыс бағалай біліңіз. Ақшамыз көбейгеннен біз бақыттырақ болып кетпейміз, стресіміз де азайып қалмайды. Шынтуайтында, бәрі керісінше болып шығады. Уағыздаушы 5:12-де айтылғандай, “байдың мол дәулеті оған ұйқы бермейді”. Сондықтан қалтаңызға қарай көсілуге тырысыңыз.
-
Тынығып, босаңсуға уақыт бөліңіз. Сүйікті ісіңізбен айналысқанда, стресті сейілте аласыз. Бірақ теледидар қарау сияқты қимылсыз демалыс түрлері көмектеспеуі мүмкін.
-
Электронды құрылғыны өз орнымен пайдаланыңыз. Әлеуметтік желіні не электронды хаттар мен хабарламаларды қайта-қайта тексере бермеңіз. Қажет болмаса, жұмыстан тыс кезде жұмысқа байланысты хаттарды қарамаңыз.
Денсаулығыңызды күтіңіз
“Денені жаттықтырудың пайдасы” (ТІМӨТЕГЕ 1-ХАТ 4:8).
Сөз мәні: Жүйелі түрде денені шынықтырғанда, денсаулығымыз жақсара түседі.
-
Денсаулыққа пайдалы әдеттерге дағдыланыңыз. Денені жаттықтырғанда көңіл күйіңіз көтеріліп, ағзаңыз стреспен жақсырақ күресетін болады. Нәрлі тағамдар жеңіз, уақытылы тамақтанып жүріңіз. Жеткілікті мөлшерде тынығыңыз.
-
Стрестен “құтылудың” зиянды жолдарын іздемеңіз. Мысалы, бұған шылым шегу, есірткі қабылдау не дәрі-дәрмектерді теріс пайдалану және ішімдікке салыну жатады. Түбінде бұлардың денсаулығыңызға кесірі тиеді әрі маңдай теріңізбен тапқан ақшадан қағыласыз, осылайша стресіңізге стресс қосасыз.
-
Стрестен бас көтере алмай қалсаңыз, дәрігерге көрініңіз. Мамандардың көмегіне жүгінудің еш ұяттығы жоқ.
Маңызды істерді анықтаңыз
“Ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіңдер” (ФІЛІПІЛІКТЕРГЕ 1:10).
Сөз мәні: Қандай істердің сіз үшін басты орында екенін саралап-салмақтаңыз.
-
Бітіру керек істеріңізді маңыздылығына қарай жазып шығыңыз. Бұл сізге қандай жұмыстың маңыздырақ екенін, ал қандай істерді кейінге шегеруге болатынын, қайсысын басқа біреуге тапсыруға не тіпті істемей-ақ қоюға болатынын анықтауға көмектеседі.
-
Бір апта бойы уақытыңыздың қайда кетіп жатқанын жазып отырыңыз. Сосын уақытты тиімдірек жұмсаудың жолдарын ойластырып көріңіз. Уақытыңызды қалай жұмсап жатқаныңызды қадағалап отырсаңыз, уайымыңыз азаяды.
-
Тынығуға уақыт бөліңіз. Қысқа уақыт демалып алғаныңыздың өзі бойыңызға қуат бітіріп, стресіңізді азайтады.
Көмекке жүгініңіз
“Сарыуайым жүректі күйзелтеді, Жақсы сөз оны шаттыққа толтырады” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 12:25).
Сөз мәні: Өзгелердің жылы да жұмсақ сөздері еңсеңізді көтереді.
-
Жағдайыңыз туралы түсінігі мол адаммен сөйлессеңіз болады. Сырлас адамыңыз сізге жағдайыңызға басқаша қарауға немесе мәселенің сіз байқамаған шешімін табуға көмектесе алады. Жай ғана ішіңіздегіні айтып шығарып алғанның өзінен жеңілдеп қаласыз.
-
Көмек сұраңыз. Қандай да бір істі біреуге тапсыруға не біреумен бөлісіп істеуге болатын шығар.
-
Егер әріптесіңіз стреске түсуіңізге себеп болып жатса, жағдайды жақсартудың жолдарын іздеңіз. Мәселен, оның іс-әрекеті сізге қалай әсер ететінін ілтипатпен әрі жұмсақ түрде айтып көре аласыз ба? (Нақыл сөздер 17:27). Егер бұдан түк шықпаса, сол адаммен өткізетін уақытты қысқарта алар ма едіңіз?
Құдайдан көмек іздеңіз
“Құдайды танып-білгісі келетіндер бақытты” (МАТАЙ 5:3).
Сөз мәні: Адам баласының тек тамақ, баспана мен киімнен басқа да мұқтаждығы бар. Ол — Құдайды тану. Осы мұқтаждығымызды мойындап, қанағаттандырсақ қана шын бақытты бола аламыз.
-
Құдайға дұға етудің көмегі көп. Құдай Сөзінде: “Бар уайымдарыңды оған артыңдар, себебі ол қамдарыңды ойлайды”,— делінген (Петірдің 1-хаты 5:7). Дұға айтып, еңсені көтеретін ойлар жайлы толғанғанда, терең жантыныштығын сезінесіз (Філіпіліктерге 4:6, 7).
-
Құдайға жақындататын мәліметтерді оқыңыз. Осы журналда тілге тиек етілген ақыл-кеңестер Киелі жазбалардан алынған. Ол біздің Құдайды тануға деген мұқтаждығымызды қанағаттандыру үшін жазылған. Сондай-ақ бұл ақыл-кеңестер “даналық пен саналылыққа” баулиды (Нақыл сөздер 3:21). Неге Киелі кітапты оқып шығуды a мақсат етпеске? Алдымен, “Нақыл сөздер” кітабынан бастасаңыз болады.
a Киелі кітапты www.pr418.com сайтынан онлайн оқи аласыз.