СТРЕСТІ ЖЕҢЕ БІЛІҢІЗ
Стресс деген не?
Стресс дегеніміз — ағзаның қиын жағдайға қайтаратын жауабы. Бұл кезде адамның миы бүкіл ағзаға өте көп мөлшерде гормон бөліп, нәтижесінде жүрек қатты соға бастайды, қан қысымы жоғарылайды, тыныс алу жиілейді, бұлшық еттер жиырылып қалады. Не болып жатқанын сіз өзіңіз толық сезінбей жатқанда-ақ, ағзаңыз қауіппен күресуге дайын тұрады. Стрестік жағдай аяқталған соң, ағзаңыз “дабыл қағатын” күйден қалыпты күйге түседі.
ПАЙДАЛЫ ЖӘНЕ ЗИЯНДЫ СТРЕСС
Стресс — қиын немесе қауіпті жағдаймен күресуге көмектесетін табиғи реакция. Ол мида басталады. Пайдалы стресс сізге бірден әрекет етуге көмектеседі. Белгілі бір шамадағы стрестің арқасында сіз мақсаттарыңызға жете аласыз, емтихан тапсырғанда, жұмысқа тұру үшін сұхбатқа барғанда я спорттық жарысқа қатысқанда жақсы нәтиже көрсете аласыз.
Дегенмен ұзаққа созылған, шектен тыс, созылмалы стрестің зияны бар. Ағзаңыз қайта-қайта не толассыз “дабыл қағу” күйінде жүрсе, бұл тәндік және эмоциялық саулығыңызға кері әсерін тигізіп, ақыл-естің бұзылуына әкеп соғуы ықтимал. Мінез-құлқыңыз құбылып, адамдармен қарым-қатынасыңыз да өзгеруі мүмкін. Созылмалы стрестің кесірінен кейбірі ішімдікке я нашақорлыққа салынады, дәрі-дәрмекті мөлшерден тыс қабылдайды, темекі шегеді, мешкейлікке я басқа да зиянды әдеттерге салынады. Түбінде бұл депрессияға, қажып-тозуға я тіпті өз өміріне қол жұмсау жайлы ойларға әкеп соғуы мүмкін.
Стрестен бәрі бірдей зардап көрмесе де, ол сан түрлі ауруларға себепші болады. Сондай-ақ ағзаның әрбір мүшесіне ықпалын тигізуі мүмкін.