Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖЕР ПЛАНЕТАМЫЗ АМАН ҚАЛА МА?

Ауа

Ауа

АУА бізге тыныстау үшін ғана қажет емес. Ол планетамызды күннің зиянды әсерінен қорғап тұрады. Ауа болмағанда, бүкіл жер бетіндегі температура нөлден төмен болар еді.

Ауаға қауіп төніп тұр

Ауаның ластануы жердегі тіршілікке үлкен қауіп төндіріп тұр. Денсаулық сақтау ұйымы орнатқан нормаға сай келетін таза ауамен тыныстап жүргендер дүниежүзі бойынша тек 1 пайызды ғана құрайды.

Ластанған ауа тыныс алу жолдарымен байланысты аурулар, жүрек-қантамыр аурулары мен өкпе ісігі сияқты түрлі дертке себепші болып отыр. Жыл сайын ауаның ластануынан 7 000 000-ға жуық адам мезгілсіз көз жұмып жатыр.

Планетамыз өз-өзін емдей алады

Жер планетасы күллі тіршілікке үздіксіз таза ауа беріп тұратындай етіп жаратылған. Адамдар осыған кедергі жасамай, ауаны қатты ластамаса ғана табиғат бұл процесті тиімді атқарады. Кейбір мысалдарды қарастырайық.

  • Ормандар көмірқышқыл газын сіңіріп алатыны бәрімізге мәлім. Алайда біз біле бермейтін бір жайт — мангр ағаштары өсетін теңіз жағалауындағы сулы-батпақты жерлер бұл жұмысты әлдеқайда күштірек атқарады. Мангр ағаштары ауадағы көмірқышқыл газын тропикалық ормандарға қарағанда бес есе көп жұтады.

  • Жақында болған бір зерттеу көрсеткендей, ламинария сияқты ірі балдырлар ауадағы көмірқышқыл газын сіңіріп қана қоймай, оны “көміп” тастайды. Ламинарияның жапырақтарында ауаға толы көпіршіктер болады, соның арқасында балдырлар ұзақ қашықтыққа қалқып бара алады. Жағадан алыс кеткен соң көпіршіктер жарылып, балдырлар теңіз түбіне батады да, өзімен бірге көмірқышқыл газын да ала кетеді. Сол жерде көмірқышқыл газы ғасырлар бойы “көмулі” жатады.

  • Ластанған ауаның тазара алатын қасиеті бар екені COVID-19 кезіндегі карантинде көрінді. 2020 жылы әлемдегі зауыттар мен көліктер зиянды заттарды бөлуін тоқтатқанда, ауа тез арада тазарды. 2020 жылғы Әлемдік ауа сапасының есебіне сай, зерттеуге қатысқан елдердің 80 пайыздан астамы карантиннен кейін көп ұзамай-ақ ауаның тазарғанын мәлімдеді.

Жасалып жатқан шаралар

Велосипедпен жүру ауаның ластануын азайтады

Ауаның ластануын азайту үшін үкімет өндіріс орындарына қайта-қайта нұсқаулар береді. Бұдан бөлек, ғалымдар ластанудың салдарын кері қайтаратын жаңа әдістер ашып жатыр. Сондай әдістің бірі — ластанған заттарды микробтардың көмегімен зиянсыз заттарға айналдыру. Сондай-ақ мамандар адамдарға көліктің орнына жаяу не велосипедпен жүруге, үйлерінде қуат көзін азырақ пайдаланудың амалдарын табуға кеңес береді.

Ауа ластанбау үшін кей үкіметтер азаматтарын заманауи пештермен қамтамасыз етеді, десе де ондай мүмкіндік бәрінде жоқ

Алайда халықаралық ұйымдардың, соның ішінде Денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік банктің 2022 жылғы есебіне қарасақ, бұл шаралар жеткіліксіз.

Бір есепке сай, 2020 жылы дүниежүзіндегі халықтың шамамен үштен бір бөлігі тамақ дайындағанда ауаны ластайтын отындар мен құрылғыларды қолданған. Көп аймақтарда пештерін жаңартуға және зиянсыз отын түрлерін қолдануға бәрінің мүмкіндігі болып жатқан жоқ.

Үміттенуге себеп бар. Киелі жазбалардың айтары

“Көкті жаратып. . . Жерді қалыптастырып, өнім бергізген, Адам баласына тіршілік лебін үрлеген, Шынайы Құдай Ехоба” (Ишая 42:5).

Біз тыныстап жүрген ауаны және ауаны тазартатын табиғаттағы айналымдарды Құдай жаратқан. Оның құдіреті шексіз, әрі ол адамзатты сүйеді. Сондықтан Құдай ластанған ауаны тазартатынына нық сенімді болсақ болады. “Құдай планетамыз аман қалады деп уәде етеді” деген мақаланы қараңыз.