Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ЖЕР ПЛАНЕТАМЫЗ АМАН ҚАЛА МА?

Тұщы су

Тұщы су

СУСЫЗ, әсіресе тұщы сусыз, жер бетінде тіршілік болмас еді. Негізі, тірі нәрсенің басым бөлігі судан тұрады. Өзендер мен көлдердің, сулы батпақты жерлер мен жерасты суларының арқасында адамдар мен жануарлар су ішеді және егіндіктер суарылады.

Тұщы суға қауіп төніп тұр

Планетамыздың басым бөлігін су алып жатыр. Алайда Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның мәлімдеуінше, “жер бетіндегі судың тек 0,5 пайызы ғана тұтынуға жарамды әрі қолжетімді”. Тұщы судың бұл аз мөлшері жер бетіндегі тіршілік үшін жеткілікті. Алайда оның көп бөлігі ластануда, я болмаса сұраныстың артуынан және климаттың өзгеруінен мүлдем қолжетімсіз болып барады. Мамандардың пайымдауынша, 30 жылдың ішінде 5 миллиард адам ауызсуға зәру болып қалуы мүмкін.

Планетамыз өз-өзін емдей алады

Жер планетамыздағы табиғи процестер су көздерінің мүлдем жоқ болып кетуіне жол бермейді. Оның үстіне, топырақ, су астындағы тіршілік, тіпті күн сәулесі — бәрі бірігіп суды тазартып отырады. Қазір планетамыздың өз-өзін сақтай алатын құдіреті бар екенінің кейбір дәлелдерін қарастырайық.

  • Топырақ суды зиянды заттардан тазарта алады. Сулы-батпақты жерлерде өсетін кейбір өсімдіктер азотты, фосфорды және пестицидтерді өздеріне сіңіріп алады.

  • Ғалымдар табиғатта су өз-өзін қалай тазартатынын анықтады. Зиянды қалдықтар сумен бірге араласып кеткен соң, бактериялар оларды ыдыратып отырады.

  • Тұщы суда мекендейтін моллюскалар мен мидиялар бірнеше күннің ішінде-ақ суды химиялық улы заттардан тазарта алады. Тіпті мұны суды тазартатын нысандардан да күштірек істей алатын көрінеді.

  • Біздің планета үздіксіз жүретін су айналымының арқасында суды сақтай алады. Осы және табиғаттағы басқа да процестердің көмегімен су атмосферадан шығып та, мүлдем жоқ болып та кетпейді.

Жасалып жатқан шаралар

Көліктің май ағып тұрған жерін жөндесек және улы заттардан дұрыс жолмен арылсақ, тұщы су көздерін таза сақтаймыз

Мамандар суды қолдан келгенше үнемдеуге шақырып жатыр. Суды ластанудан сақтау үшін, олар көліктің май ағатын жерін бірден жөндеуге, дәрі-дәрмектерді дәретханаға тастамауға және улы заттарды құбырға ағызбауға кеңес береді.

Инженерлер тұзды суды тұздан тазартатын небір әдістер ойлап табуда. Сондағы мақсат — тұщы суды барынша көбейту.

Алайда бұл қам-қарекеттің бәрі жеткіліксіз. Өйткені тұзды суды тұздан тазартуға өте көп қаражат, өте көп энергия кетеді. Ауызсуды қорғауға қатысты 2021 жылғы есебінде БҰҰ былай деп мәлімдеді: “Ауызсуды қолжетімді ету үшін, бүкіл жер шары болып, бұрынғыдан екі есе көп күш жұмсауымыз қажет”.

Үміттенуге себеп бар. Киелі жазбалардың айтары

“Құдай. . . су тамшыларын жоғары көтереді, Олар сүзгіден өтіп, жаңбыр мен тұманға айналады. Ал бұлттар оларды жерге төгіп, Адамзаттың үстінен себелетеді” (Әйүп 36:26—28).

Жер планетамыздағы суды сақтау үшін Құдай табиғат айналымдарын жаратты (Уағыздаушы 1:7).

Ойланып көріңіз: Жаратушы Құдай планетамыздағы тұщы су тазарып тұратындай етіп жасаса, демек, адам қолымен ластанған суларды қалпына келтіруге оның қалауы да, қауқары да жетеді емес пе?! 15-беттегі “Құдай планетамыз аман қалады деп уәде етеді” деген мақаланы қараңыз.